Өтеді өмір. Ағады өзен…

(Қазақтың көрнекті ақыны Ибрагим Исаның рухына)

Өмір – өзен. Адам – қайық. Ағамыз.
Қызылордада қара суық. Қара күз.
Жыл құсындай сағындырып жетуші ед,
Бұл шаһарға Ибрагим ағамыз.

Беттен нұры тұрушы еді төгіліп,
Сыр елі – бұл, жыр елі – бұл. Жері құт.
Бір айдан соң келем дедің. Қайтпадың,
Алматыда қалдырып ең нені ұмыт?

Жел өтінде тұрған шырақ жанбай ма?
Озмыш-жазмыш тағдырыңды алдай ма?
– Көкем-ау сол. Айналайын! – деп тұрар,
Енді маған қамқор көңіл жан қайда?!

Жүрек тыншып, үзілді ақын тынысы,
Несібеге толмай кеткен уысы.
Ұлықбек пен Есенғали деуші еді:
– Бұл Бақытжан Ибрагим інісі…

Ал ол кезде байлық та жоқ, күй де жоқ,
Қайсар ақын – сабырлы әрі күйгелек.
Арман қуып барған бізді ауылдан,
Жүруші еді жетектеп ап, сүйрелеп.

Әлі есімде: күлімсіреп келеді,
Сиқыр қыздай еліктіріп өлеңі.
Қызметке алмай мені бір дөкей,
Жұмекенге ертіп барған сол еді.

Сексенінші жылдар. Басы дастанның,
Жыр сапары Аға үйінен басталды.
Қандай бақыт Алматыда тіркелу,
Пәтерінде Сүлейменов Асқардың!

Сағынушы ед Тартоғайын. Дарияны,
Махаббатын барша әлемге жария ғып.
Түн ауғанда жаңа жырын аяқтап,
Оятушы ед асыл жары Әнияны.

Қызық еді-ау сол бір кезде Алматы,
Күтіп тұрар сонда бізді алда кім?
Ағам бар деп арқа сүйеп жүруші ек,
Болмайтұғын одан басқа – ең жақын.

Өтті. Кетті. Бұған енді не дерсің?
Оның рухы Муза болып келер шын.
Сыр елінде – қонақүй боп, бекет боп,
Жүруші еді жан жолдасы Елеусін.

Бір жыл ақты. Сәл мұңайып қалдым ба,
Қысқа болды ғұмыры ардақ жанның да.
Қандай жақсы іні болып еркелеу,
Қандай жақсы болғаны ағаң алдыңда.

Ол күндер жоқ. Жатыр дүние астасып,
Кеткендей ме жанардан да жас қашып.
Қайта-қайта елге қимай оралып,
Жүріпті ол туған жермен қоштасып…

Бақытжан АБЫЗОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.