Тәуелсіздік және зиялы қауым

1991 жылы біздің халқымыздың тағдырында айрықша жағдай орын алды, біз тәуелсіздігімізді алдық. Біз үшін тәуелсіздіктің мәні зор, оның маңыздылығын  сөзбен жеткізу мүмкін емес. Тәуелсіздігімізге жету ел халқының тағдырын түбегейлі өзгертті. Соның арқасында демократиялық мемлекет құруға мүмкіншілік алдық. Халқымыздың лайықты өмір сүруіне жол ашылды. Осы егемендігіміз арқасында өзіміздің тағдырымыз бен өмірімізге иелік етіп отырмыз. 

Дербестік халқымыздың тари­хын­да мәңгілік қалатынына күмәніміз жоқ. Тәуелсіздігіміз біздің құндылықтарымыздың, тіліміздің, ар-намыс, қадыр-қасиетіміздің қайта жаңғыруына мүмкіндік туғызды.
Өз кезегінде бұл жаңа ­тарихи жағдайлар халқымыздың талабына сай мемлекет құруға алып келді. Біз халықаралық қауымдастықта мойындалған мемлекет болдық, біздің өз Байрағымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз бар. Алдағы басты міндетіміз – тұрақты түрде дамып, өсіп-өркендеп отыратын мемлекет қалыптастыру, өйткені біз кейінгі ұрпағымызға өркениетті Қазақстанды қалдыруымыз керек. Егеменді мемлекетіміздің күшейіп, өркендеуіне, әсіресе, зиялы қауым өкілдері бар күш-жігерлерін жұмсауы қажет. Қоғамымызда зиялы қауымның рөлі өте жоғары. Зиялы қауым – халқымыздың ар-ұяты. Зиялы қауым елімізді даму және өркениет жолына алып келетін күш.
Мемлекет тәуелсіздігі – бұл өте үлкен жауап­кершілік. Еліміздің болашағы үшін жауапкершілік. Ал еліміздің ертеңі жастарымыздың қолында, осыны зиялы қауым өкілдері жақсы түсі­неді деп ойлаймын. Сондықтан олар өздерінің шығармаларында пат­риот­тық құндылықтарды насихаттап, жастарға бағыттап, үлгі көрсетуі керек. Біздің ақын-жазушы­ларымыздың шығармаларында, режиссерлеріміздің туынды­ларында Отанға деген сүйіс­пеншілік, отаншылдық, патриотизм алдыңғы қатарда тұруы керек. Ақын – жазу­шыларымыздың шығармалары жас­­тарымызды елімізге деген сүйіс­пен­шілікке, Отанға деген шексіз махаббатқа баулып, ұлт құндылықтарына, тілі­мізді құрметтеуге, тәуелсіз мемлеке­тімізге адал еңбек етуге тәрбиелеу керек деп білемін. Тек қана ақылды, сауатты, өркениетті жастар ғана еліміздің лайықты болашағын қамтамасыз ете алады, сондықтан ең басты міндетіміз осындай жастарды тәрбиелеу болып табылады.
Менің ойымша, зиялы қауым өкілдеріне тек қана ақын-жазушылар емес, оларға ғалымдар мен ұстаздар да жатады. Отансүйгіш, жан-жақты дамыған жастарды тәрбиелеу ұстаздардың мойнына жүктелген үлкен міндет. Біздің ұстаздарымыз оқу үдерісін жақсы ұйымдастырып, оқу-тәрбиелік жұмыстары жас ұрпақты патриоттыққа, еңбекке, ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуге бағытталуы тиіс.
Қазіргі жоғары технологиялар әлемінде сапалы білімсіз жетістікке жету өте қиын. Бұл жерде педагогтардың рөлі өте маңызды, сондықтан мұғалімдер оқушылардың білімін, ойлау қабілетін, жан-жақтылығын арттыру арқылы білім сапасын көтерулері қажет-ақ. Осы жағдайда ғана біз білімді, білікті ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Қазіргі әлемде жетістікке жетудің тағы бір жолы – инновация мен ғылым жолы. Бұл салада, менің ойымша ғалым­дар­ көп іс тындыра алады. Отандық ғалымдар зерттеулерімен, өнер­тап­қыш­тарымен, ғылыми жаңалық­тарымен отандық өндіріске көмекте­скені абзал. Мен мысалы эконо­мист ретінде индус­трия мен иннова­ция арқылы ұлттық экономикамызды дамытуды ұсын­дым, ұлттық төлем жүйесін жасау, ин­дикативтік жоспарлау жүйесін енгізу қажеттілігі туралы айтып жүрмін, ауыл­шаруа­шылығымызды дамыту жолын көрсеттім, егеменді қаржы саясатын жүргізу, энергетикалық инфра­құры­лым­ды жаңарту керектігін жаздым. Бұл Оңтүстік Корея мен Жапония тәжіри­бесінен алынған нәрселер, бірақ осы­ның бәрін жүзеге асыру үшін білім керек. Өздерін зиялы қауым өкілдері санайтындар осылайша іс-қимыл танытып, өнеге көрсетсе деймін.

Рүстем ДОСЫМҚҰЛОВ
Астана

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.