Сарбаздар ант қабылдады

Алматыдағы «Астана» алаңында Мемлекеттік күзет қызметінің «Күз – 2015» мау­сымы бойынша әскери борышын өтеуге шақырылған, республикамыздың әр өңірінен іріктеліп алынған сарбаздардың салтанатты ант беру рәсімі өтті.

Салтанатты ант қабылдау рәсіміне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің басшылығы мен Алматы қаласының әкімі Б.Байбек, қоғам қайраткерлері мен сарбаздардың туған-туыстары қатысты. Қала әкімі Б.Байбек жас сарбаздардың Отан қорғауда алға қойылған міндеті туралы айтып өтті. «Біз бүгін өз тағдырын Отан қорғаумен байланыстырған азаматтардың мемлекеттік күзет қатарына алынуына байланысты жиналып тұрмыз. Енді сарбаздар Отан алдындағы конституциялық борышын өтеу үшін ант қабылдап, элиталық қорғау қызметіне кірісетін болады. Бүгінгі шара айрықша мән мен мағынаға ие. Мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткелі бері Елбасы саясаты арқасында қауіпсіздік күштері нығайтылу үстінде. Азаматтардың әскери міндетін орындауына барынша жағдай жасалған. Оларды әлеуметтік қамсыздандыруға, баспанамен қамтып, еңбекақы, зейнетақыны көтеру мәселесі оң шешімін табуда. ҚР Қарулы Күштері заманауи техникамен қару-жарақпен қамтылып, жоғары материалдық-техникалық базасы қалыптасты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, армия әрдайым сақадай-сай болуы тиіс. Бұл – мемлекет қойып отырған міндет. Сарбаздар лайықты отан қорғаушылар болады деп сенемін» деді қала әкімі.
ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, генерал майор Амантай Күреңбаев жас сарбаздар өздеріне жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқарып, аға ұрпақтың салып кеткен сара жолы мен дәстүрін жалғастыратындығына сенім білдірді. Ол үшін батылдық пен қырағылық, әскери антқа адалдық пен тәртіп қажет екендігін ерекше атап өтті. Шара барысында жиналған қауым назарына президенттік оркестр мен «Айбын» құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері арнайы плац-концертін ұсынды.

Нұрлан ҚҰМАР
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.