Оқу ордасының мерейтойы

Жуырда еліміздегі ауылшаруашылық саласына білікті мамандар даярлайтын бірден-бір оқу орны Қазақ ұлттық аграрлық университеті өзінің 85 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейтой аясында өткізілген алқалы жиынға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және өзге де құрметті меймандар қатысты. 

Министр Асылжан Мамытбеков оқу орнын мерейтойымен құттықтай келіп, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Құттықтау хатын оқып берді.
– Қазақ ұлттық аграрлық университеті – еліміздегі ауыл шаруашылығы өндірісіне арнап білікті мамандар даярлайтын ең іргелі оқу орны. Осы жылдар ішінде оны мыңдаған студенттер бітіріп шығып, Отанымыздың агроөнеркәсіп саласының өсіп-өркендеуіне мол үлес қосып келеді, – деді А.Мамытбеков.
Алматы қаласының әкімі өз сөзінде оқу орны еліміздің ауыл шаруа-шылығына елеулі үлес қосып, білікті мамандар даярлауда инновациялық бағытта білім беріп келе жатқанына тоқталды. Шаһар басшысы қаланы дамыту барысында жақында қолға алынған басты бағдарлама жайында да айта келіп, бүгінде көпшіліктің назарын аударып, жан-жақты талқыланып жатқан «Алматы – 2020» даму бағдарламасындағы 7 бағыттың алдағы бес жылда қаламызға айтарлықтай өзгерістер алып келетінін де тілге тиек етті.
«Оқу ордасында еңбек етіп келе жатқан 17 академик пен 800-ге жуық ғылым докторлары мен кандидаттардан тұратын жоғары білікті профессор, оқытушылар құрамы жаңа заман талаптарына сай, сапалы білім беру арқылы студенттерді техникалық сұранысқа ие мамандықтарға оқытуда да бәсекелестікке қабілетті көрсеткіштерге ие бола береді деп сенемін» деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.
Аграрлық университеттің бүгінде ауылшаруашылық мамандарын даярлаудағы еңбегі ерен екені белгілі. Аталған саланың абыройлы кадрларын даярлайтын білім ордасын жыл сайын 2 мыңға жуық маман бітіреді. Жақында инновациялық орталық ашылды. Сонымен қатар ауылшаруашылығын дамытуға, ел экономикасындағы аграрлық саланың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және тағам қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік беретін қаулы қабылданды. Бүгінде университет әлемдегі беделді 308 оқу орнының ішінде 68-орынға тұрақтапты.
Конференция барысында қала әкімі бастаған қонақтар оқу орнының бас ғимарат фойесінде ұйымдастырылған ғылыми жетістіктер көрмесімен танысып, отандық өнімдер жәрмеңкесін тамашалады.
Конференция бағдарламасы аясында университеттің құрметті атақтары мен марапаттары беріліп, Республика сарайында «Білімді жастар – Ұлы дала елінің тірегі» атты Тұңғыш Президент күніне арналған жастар фестивалі өтті. ТМД қатысушы-елдерінің жетекші аграрлық жоғары оқу орындары ректорлары кеңесінің отырысы болып, ауыл шаруашылығы экономикасының қазіргі таңдағы проблемалық сұрақтары бойын­ша магистранттар мен докторанттарға дәріс оқылды. Сонымен қатар, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Жиында университет ректоры, ҰҒА академигі Тілектес Есполов оқу орнының алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісіп, осы жылдар аралығында жеткен жетістіктерін тілге тиек етті.
– Осы жылы біз QS World University Rankings Дамыған Еуропа мен Орталық Азияның 308 университеті арасынан 67-орынға тұрақтадық. Алайда, ұжы­мымыз бұл жеткен жетістікпен тоқтап қал­мақ емес. Барлық ұжым болып Елбасы­мыз­дың аграрлық ғылым, білім, өндірісті дамытуға негізделген талаптарын, алдымызға қойылған биік мақсаттарды жүзеге асыруға күш жұмылдырмақпыз, – деді ректор.

Ұ.ЛЕСБЕКОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.