Ақ туын ұстап еді адалдықтың

Профессор, академик, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да бір жылы кем тура 60 жыл жемісті еңбек еткен Мүштай аға Батырбекұлы тірі болғанда 8 желтоқсанда 90 жасын тойлар еді. Тірі жанның талай көз жасына куә, қойны қашанда қазаға тоймайтын қара жердің қатал өз заңдылығы шеңберінде шыр айналған мына жалған дүниеден Мүштай аға да 2009 жылдың 30 сәуірінде 84 жасында мәңгілікке кете барған.  Тіпті оған да сегіз ай жетпеді.  Өзі Ұлы Отан соғысындағы қан майданға қатысқан 9 Мамыр Жеңіс күніне де 9 күн жетпегені өкінішті. Өмір мектебінен, шыңдаған талай сынақтан өткен Мүштай Батырбекұлы Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы еді. Бір орында тапжылмай 60 жылдай уақыт қызмет ету аз мерзім емес. Ең бастысы біз білетін М.Батырбеков бейнесі көмескі емес, жарқын да айқын. Тау тұлғалы азаматтың ақжарқын жүзі, кескін-келбеті, жұмсақ жымия күлгендегі ажарлы өңі, биязы мінезі үйлесім тапқан тартымды еді.

Батыл айтарымыз – Мүштай аға «Бетегеден биік, жусан­нан аласа» болып өмір сүрді, қа­шанда қарапайымдылығынан жаңыл­мады. Жүрегі үлкен, кеңпейіл, кішіге аға, үлкенге сенімді серік бола білді. Адалдықтың ақ туын жықпай, өмір бақи жоғары ұстады.
Өмір тақтайдай тегіс емес қой. Әкесінен жастай жетім қалып, анасы Жібек пен артынан ерген жалғыз қарын­дасының қамын жеп, буыны қатпай жатып еңбекке ерте араласты. Олардың қамқоршысы болған Мүштай ағаны өмір маңдайынан сипа­ған жоқ. Кездескен әр қиындықты табандылықпен, бар күш-қайратын жұмсай жеңе білді. Ол қазіргі «Медеу» мұз айдынына есімі берілген шапырашты Медеу Пұсырмановтың туған кіші бауыры Батырбектен қалған жалғыз тұяқ болатын. Қазақстанға, Алматыға, «Медеу» мұз айдынына келген былайғы жұрт Медеу Пұсырмановтың кім және қандай жан болғанын білсін деп, «Медеу» мұз шатқалына кіре беріс жерге ол туралы қысқаша мағлұмат-дерек ілінуін қалады. Сол үшін талай шенеуніктің есігін қақты. Алайда одан ештеңе өндіре алмады. Кісіге жақсылық жасауға және жақсы атаулыға қашанда жаны жақын болды. Нағыз адал дос және жолдас болуды Мүштай ағадан көп үйренуге болар еді.
Соғыс туралы айтқанын ешқашан естіген емеспін. Көлгірсіп мақтануды да ұнатпайтын. Ал сұрай қалсаң сырғытпа жауап қайтарумен құтылатын. Оның себебін де онша ұғынқырамай, кей сәтте небір дүдәмәл ойлардың төңірегінде тосыңқырап қалатынымды жасырып қайтейін. Сөйтетінім де: «Е-е, Аға сөзіне берік жан еді ғой, соғыс туралы ешқашан біреуге тіс жарып айтпауға уәде, ант берген ғой!» деп, өзіме өзім жұбату да айтатынмын. Сөйтсем, Ағаның «Өмір, жылдар, кездесулер…» атты («Жизнь, годы, встречи…») 2000 жылы Алматыдағы «РОНД» баспасынан шыққан автобиографиялық очеркін оқып отырсам ағайын-туғандары, бейбіт өмірде, соғыста, кейін жоғары оқу орнында, Министрлікте қызмет істеген, өзі жақсы танып, біліп араласқан азаматтар туралы, өзінің отбасы жайлы және басқа да жайттардан көп мағлұматтар, жақсы ойлар, пікірлер, ой-толғамдар айтып, соңына өшпестей естелік қалдырып кетіпті. Көбісіне жақсы мінездемелер береді. Тіпті «анау анадай еді, мынадай еді» деген секілді бір оғаш пікірді кездестірмейсің. Адалдықтың, ақжүректіктің бір дәлелі осы.
Сексен бес жасына орай «Медеудің туысы еді Мүштай аға» деген тақырып­пен республикалық газеттердің бірінде көлемді материалым да жарық көрген болатын. Жаңағы кітабын бас алмай оқып шығып, М.Батырбекұлы туралы көп ешкім біле бермейтін және оның өмірінің беймәлім жаңа қырлары туралы қанық болып, қайран қалдым. Соның бірі ол кісінің соғыстан кейін Кремльде күзетте болуы еді. Бірақ ол жөнінде тіс жарып айтпаушы еді.
«Висла өзені жағасында біздің әскерлер бес ай уақыт аялдады, — деп жазады тағы Мүштай аға естелігінде. – Арғы бетке өту 1945 жылдың қаңтар айынд­а басталды. 1944 жылдың желтоқсан айында мені біздің әскери бөлімшенің саяси бөліміне ойда жоқта әңгімелесуге шақырды. Әскери училищеге оқуға баруымды ұсынды. Мұндай ұсынысты осыменен екінші рет айтып тұр. Біріншісінде де барғым келмегенін жеткізгем».
Жинақы, ұқыпты, тындырымды, тапсырылған істі асқан жауапкершілікпен атқаратын Мүштай Батырбекұлындай жауынгерлерді әскербасылары да көріп, біліп, байқап жүрген ғой. Ақыры амалсыз көніп, әскери киімдерін тез жиыс­тырып, жауынгер әріптестерімен хош айтысқан Мүштай аға көп кешікпей тауар таситын поезбен Брест қаласына оқуға, жаңа құрылып жатқан бөлімше құрамына жол тартқан еді. Оқу базасы 31-қосалқы атқыштар дивизиясының 45-қосалқы артиллериялық полкында Брест қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан екен. Алайда бір күні мұнда жан-жақтан училищеге оқуға жіберілген жауынгерлер қағылған дабылмен тұрғызылып, Брест шекарасына бет алып келе жатқан бендеровшылармен бетпе-бет ұрыс жүргізуіне тура келеді. Осы шайқаста оларға тойтарыс беріліп, әйтсе де болашақ 20 курсант оққа ұшыпты. Мұнда тыныштық болмасын білді ме, бір аптадан кейін әскери басшылық бұларды Тула қаласына оқуға жөнелтіпті.
Оқуды бітіргендері туралы бұйрық­ты күтіп жүргенде курсанттардың барлығына үйлеріне барып қайтуға демалыс беріліпті. Мүштай аға да Алматыға келіп анасын, тума-жақындарын көріп, мауқын басып, қайтып оралғанда, Жоғары командованиеден ол училищені тарату жөніндегі жаңа бұйрықтың келгенін, бітірген курсанттарға сержант шені беріліп, әскери бөлімшелерге қызметке жіберілетінін, ал оқуын ары қарай жалғастырамын дейтіндер болса, екі жылдық училищеге баратынын естиді. Оқу үлгерімі өте жақсы, спорттық жаттығуларда да үнемі көзге түскен Мүштай Батырбекұлын басшылық өзі қалап, Москва әскери округіне алып қалады. Сөйтіп, Мүштай аға Москвада арнайы тапсырма орындайтын арнайы полкта қызмет істей бастайды. Оған мықты әскери даярлығына қоса, бойшаң, кіл өзгеден озғандар іріктелініп алынған еді. Қойылатын барлық талапқа Мүштай аға Батырбекұлы осылайша толық сай келіп, күтпеген жерден Кремльді күзететін, онда күзетте тұратын әскери қызметкер болып шыға келеді. Тағдыр ғой. Кремльді күзеткен алматылық қазақ Мүштай Батырбекұлының өзгелер сияқты атқаратын міндетіне сонымен қатар Москвадағы әртүрлі ведомстволық мекемелер мен онда қызмет ететіндердің үйлерін күзету қоса тапсырылады. Сыптай тартылған офицер киіміндегі Кремль күзетшісі Мүштай аға арнайы автокөлікпен күнде тиісті жеріне өте қатаң бақылаудағы тәртіппен жеткізіліп, әріптесін ауыстырып тұруы қалыпты жағдайға айналған еді. Осы қызметінде жүріп И.В.Сталиннің баласы Василийді неше мәрте көрді. «Полковник шеніндегі жас жігіт округтегі әскери әуе күштеріне басшылық жасаушы еді, – дейді Мүштай аға. – Әйтсе де, ол туралы кейін айтылып жүрген түрлі қауесет әңгімелердің көпшілігінің ойдан шығарылғанына менің еш күмәнім жоқ».
Кремльдегі қызметінен кейін Калинин қаласын­дағы №17316 әскери бөлімшеде взвод командирінің көмекшісі, рота старшинасы, арнайы кадрлар взводының командирі ретінде 1950 жылға шейін міндетін өтеген Мүштай аға талай әскери марапатқа ие болды. Оқу үздігі ретінде, жауынгерлік, саяси және спорттағы даярлықта үнемі алғы шептен табылғаны үшін. Турникте неше түрлі жаттығуларды қиналмай-ақ орындайтын Мүштай Батырбекұлына әріптестерінің бәрі де қызығатын. Үздік командир ретінде суреті сан мәрте әскери бөлімшенің Құрмет тақтасына ілінді.
…Қайтсем де жоғары білім алуым керек деп ойлаған М.Батырбеков С.М.Киров атындағы ҚазГУ-дің тарих факультетінде сырттай оқып, ҚазТКМИ-ге, қазіргі ҚазҰТЗУ-ға туысы Жақып­бек Жайшыбектың арқасында (Медеудің немересі) қатардағы жұмысшы болып орналасады. Сырттай оқуын бітірген соң осында Ғылыми кеңестің хатшысы, саяси экономика кафедрасының меңгерушісі, 1962 жылы жалпы техникалық факультеттің деканы, институттың жергілікті кәсіподақ комитетінің төрағасы, партия ұйымының хатшысы, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы сияқты міндеттерді абыройлы атқарды.
Еңбек ете жүріп ғылым жолын ұштас­тыра жалғастырды. ҚР Жоғары мектеп ғылым академиясының Құрметті академигі, Халықаралық Ақпарат­тандыру академиясының академигі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері болды. Төрт орден мен 30-дан астам медальдің иегері. Соның ішінде Ресейдің «Ұлы Жеңіс» орденінің орны бөлек. Университетіміздің өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі үшін Қ.И.Сәтбаев атындағы медальді де өңіріне тақты.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы кезінде әрі майдангер-ардагер ретінде жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу ісіне үлкен ден қойды. Талай танымал тұлғалармен, соның қатарында Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов және Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевпен, т.б. майдангерлермен кездесулер өткізді. Бұл кісілермен әріптес ретінде сыйлас әрі дос болды. ҚазҰТЗУ-дегі Тарихи музейді ашуға мұрындық болғанын, оны ұйымдастыруға бел шеше араласқанын да айтқан ләзім.
Республика Жоғары оқу орындары министр­лігі алқасының мүшесі және жеті жыл Жоғары оқу орындары басқармасының бастығы болды. Қазақтың бірталай жастарының Ресейдің озық университеттерінде оқуына талай шапағаты тиді. ҚазПТИ-дің Қазақстанның жеті қаласында филиалдарының ашылуына тікелей мұрындық болды. Сол еңбегі үшін респуб­лика көлеміндегі жеті университеттің Құрметті профессоры болып құрметтелді.
Жасының ұлғайғанына қарамастан жемісті еңбек етуін үзбей жалғас­тырғанын айтсаңызшы. Қараңызшы, Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында ғана 9 кітап жариялады. Солардың ішінде «Высшая школа Казахстана в лицах» деген қалың 4-томдық кітабының маңызы ерекше. Оған көз майын тауы­сып көп күш жұмсады. Республика көлемінен соншама дерек, мәлімет жинау оңай шаруа емес еді.Осы елеулі еңбегі мемлекеттік наградаға лайықты-ақ еді. Әйтсе де, еленбей қалуы өкінішті. Мүштай аға жалпы 18 кітаптың, 320-дан астам ғылыми мақалалардың авторы.
Мүштай Батырбеков артына өшпестей із қалдырды. Өзі абыроймен ие болған нағыз Азамат деген ардақты аты еш аласармайтыны сөзсіз. Тау алыстаған сайын биіктейді ғой. Сағынышпен еске аламыз. Өмірі текке өткен жоқ. Күмісай Жақсығалиевадай өмірлік жары, серігі болды. Оны қатты аялап, сыйлады, сүйді. Екеуі ұрпақ өргізді. Ізін жалғастыратын ізбасар азаматтар бар. М.Батырбеков аға сонысымен бақытты.
Ақ туын ұстап адалдықтың,
Жақсыға жақын жүрдіңіз,
Жолын кесіп арамдықтың,
Кісі қадірін білдіңіз.
Өмір мектебінен шыңдалып,
Еңбек дәмін жастай ұқтың,
Азамат дейміз Сізді алып,
Жеңіске жеттің – ұттың! — деп, академик, профессор Мүштай аға туралы ойымызды осымен әзірше тәмамдаймыз.

Марат ӘБДІХАЛЫҚ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
ҚР Мәдениет қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.