Арабтанушы ғалым

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  оқытушысы, филология ғылымының докторы, профессор, белгілі арабтанушы Гүлнар Ермұратқызы ­Надирова бүгінде асқаралы алпысқа келіп отыр. Халқымыздың білім ордалары ішіндегі қарашаңырағы атанған ұлттық университетке сол кездегі Ленинград  мемлекеттік университетінің шығыстану факультетін бітіре сала жолдамамен келіп, өзі таңдаған ұстаздық мамандығының алғашқы қадамын аттаған Гүлнар Ермұратқызы уыздай жап-жас еді. Бұл сонау өткен  ғасырдың 1978 жылы болатын. Бүгінгі асқар тау алпыстың биігінен өткеніне бір сәт көз жіберсе қызығы да, машақаты да мол еңбек жолы артта қалыпты.

Аталған қарашаңырақ ҚазҰУ-да 37 жыл бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан білікті ұстаз ассистенттен бастап оқытушы, аға оқытушы, доцент дәрежесіне дейінгі қызметтерді атқарды. Қазір жас мамандар мен әріптестерінің құрметіне ие профессор. Филология факультеті жанынан араб бөлімінің ашылуына, кейіннен араб бөлімі негізінде отандық шығыстану білімі мен ғылымының негізі болған Азия және Африка елдері тарихы мен жеті шығыс тілі оқытылатын шығыстану факультетінің ашылуына тікелей араласты. Шығыстану мамандығы бойынша бакалавр, магистратура, PhD докторантураның негізгі құжаттарын дайындауға жетекшілік жасап келеді. Факультет магистратура, докторантура деңгейлерінде мамандар дайындауға да Г.Надированың арқасында қол жеткізді.
Мәскеу шығыстану институтының аспирантурасын бітіріп, профессор С.В.Прожогинаның жетекшілігімен 1990 жылы «Эволюция творчества сов­ременного арабо-язычного писа­теля Абдельхамида Бенхаддуги» (Алжир, ХХ век)» атты кандидаттық диссертациясын Мәскеуде қорғады. Гүлнар Ермұратқызы Надированың ғылыми-зерттеу жұмысы қазіргі заманғы араб әдебиетінің өзекті мәселелеріне арналған.
2006 жылы Ташкенттің шығыстану институтында тунис әдебиетіндегі роман жанрын зерттеуге арналған «Тунисский арабо-язычный роман ХХ века (проблема становления и эволюции художественного сознания)» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Г.Е.Надированың аспиранттары Египет, Тунис, Марокко және Сауд Арабиясының қазіргі әдебиетін зерттеумен айналысатындықтан елімізде дербес шығыстану ғылыми мектебі қалыптасты деуге болады.
1997-2011 жылдар аралығында арабтану кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған профессор Гүлнар Ермұратқызы – қазақстандық арабтану мектебінің негізін қалаған ғалымдардың бірі.Ол 2011 жылдан бері кафедра жанынан ашылған ғылыми бағытта жұмыс істейтін Арабтану орталығының директоры қызметін атқарып келеді. Монография, мақала, оқу құралы сияқты алпыстан аса ғылыми еңбектері бар. Бірнеше ғылыми мақалалары Нидерланды, АҚШ, Иран, Ресей, Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Түркия, Әзербайжан сияқты шетел басылымдарында жарық көрген. Араб филологиясына қоса соңғы жылдары Қазақстандағы ислам мәселесі бойынша да ғылыми жұмыстармен айналысып келеді. «Қазіргі Қазақстандағы ислам: мәні мен діни жаңарудың нәтижелері» (2012-2014 ж.), «Өзгермелі әлемде діни білім беру: инновациялық Қазақстан және ойшыл ұлт» (2015-2017 ж.) атты ғылыми жобалардың авторы. Ғылыммен қатар әдістемелік салада да көптеген еңбектер атқаруда, шығыстану мамандығы бойынша барлық мемлекеттік білім беру стандарттарын құрастыруға және осы мамандық бойынша бүкіл типтік бағдарламаларды дайындауға қатысқан. Ғалымның ұтқыр ұйымдас­тырушылығының арқасында кафедра ірі ғылыми жетістіктерге қол жеткізді. Бірнеше ғылым кандидаты, PhD докторын дайындап шығарды және PhD докторанттарға жетекшілік етуде. Әр жылдары Сорос Қорының, Оксфорд ислам орталығының гранттарына ие болған, Гумбольдт университетінің (Берлин, Германия) «Қазақстандағы араб-мұсылман ұйымдары: қоғамның ислами жаңаруына сыртқы әсер мәселелері» атты біріккен жобасына қатысқан. ҚР Білім және ғылым министрлігінің орта мектептерге оқулық жазу жобасы бойынша араб тілі оқулығын жазды. Бакалавр, магистратура, PhD докторан­тура деңгейіндегі білімгерлерге араб, ағылшын тілдерінде дәріс оқып келеді. 2007 жылы ҚР ЖОО «Үздік оқытушысы» грантын иеленді.
Гүлнар Ермұратқызы басқарған кафедра оқытушыларынан білім алған түлектердің бір тобы, атап айтқанда, Қайрат Лама Шариф, Азамат Бердібай, Ержан Қалекенов, Ержан Мұқашев, Арман Исағалиев, Берік Арынов, Шалданбай Талғат, Расул Жұмалы, Алмат Өмірзақов, т.б. ҚР Сыртқы істер министрлігіне қызметке шақырылып, қазақ дипломатиясын әлемдік деңгейге жеткізуде елеулі үлестерін қосып келеді. Кафедра түлектерінің бір шоғыры Қазақстанның әртүрлі жоғары оқу орындарында абыроймен ұстаздық етіп келеді. Сонымен қатар еліміздің Парламент департаменттерінде, Сенатта, Қазақстанның араб елдеріндегі және араб елдерінің Қазақстан­дағы елшіліктерінде, мемлекетіміз­дің әртүрлі министрліктерінде, әкімшіліктерде, ҚР Орталық мұра­жайында қызмет етіп жүргендер қаншама.
Гүлнар Ермұратқызы сондай-ақ отбасында да өзгелер үлгі тұтарлықтай салиқалы ана. Жары Әли екеуі Олжас, Махамбет, Рамазан есімді азаматтарды тәрбиелеп өсіріп, олардан төрт немере сүйіп отырған құрметті ата мен әже.

Ұлбала АЛЖАНБАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
шығыстану факультеті Түрксой
кафедрасының профессоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.