Сабырлы да салиқалы Сембай еді…

Сембай дегенде менің есіме қимас та, қызығы көп студенттік күндер көз алдыма келеді. Оның басқаларымыздан айырмашылығы сабырлы да ұстамды болатын. Сабақ айтқанда да асықпай, баппен сөйлейтін. Кейбіреулер сияқты оза шауып, көзге түсуге тырыспайтын. Оқытушы сұраса айтады. Сұрамаса үндемей отыра береді. Сонысымен ол ұстаздарға ұнады. Курстастар арасында беделді болды.
Соңғы курстарда біз өте жақын жүрдік. Өйткені Сембай, Серік Сексенов, Әбдіразақ Оспанов және мен төртеуміз бір үйдің балаларындай жатақханада бір бөлмеде бірге тұрдық. Сабақтан келген соң, кешкілік студенттік жұпынылау дастарқанда шүйіркелесе отырып шай ішеміз, ертеңгі сабаққа дайындаламыз. Содан біразға дейін әңгіме соғып жатамыз.
Енді ойлап қарасақ, соның бәрі жастық шақтың балаң әңгімелері екен.

Орайы солай келіп, бесінші ­курс­ты бітірерде 1976 жылдың күзінде 7 қа­рашаға байланысты үш-төрт күн де­малыстың реті келіп, төртеуміз Ташкентке бардық. Сембай бұрыннан «Ташкентте милицияда қызмет жасайтын ағам бар. Соған бір барсам» деп айтып жүретін. Әуелі сол кісінің үйіне тоқтап, ағамызбен танысып, жеңгейдің қолынан дәм таттық. Екеуі де адам жаттырқамайтын, қонақжай кісілер болып шықты. Ол үйден шығып, қаланың іргесінде тұратын Әбдіразақтың үйіне тарттық. Әке-шешесіне сәлем беріп, үй-ішімен таныстық. Әкесі Қарабай ағамыз соғысқа қатынасқан майдангер, өте бір әңгімешіл кісі екен. Әңгімесін: «Мен екі ай соғыста болғанда…» деп бастайды. Біз күліп жіберіп едік. «Әй, қарақтарым-ай! Екі ай емес, екі күн, тіпті екі сағат жаңбырша жауған оқ пен оттың арасында болып көріңдерші!» деді күлгенімізді жақтырмай. «Жоға-а сізге күліп жатқан жоқпыз» дейміз біз ақталып, Қарабай ағамыздың сөзінен ұққанымыз, расында да, қан майданда екі ай болып, ауыр жарақат алған соң елге қайтарылыпты. Содан бері өзі тұратын ауылдағы орта мектепте сабақ береді. Әбдіразақтың ағасы Тағай да солай, мұғалім көрінеді. Шешесі, қарындастары, жеңгесі бар. Бәрі «Әбдіразақтың Алматыдан бірге оқитын жолдастары келді» деп барын алдымызға тосып, бәйек болды да қалды.
Келесі күні қайта Ташкентке келдік. Біз барған уақыт 7 қарашаның қарсаңы, яғни ол күндері бүкіл Кеңес Одағы Октябрь революциясының кезекті пәленбай жылдығын атап өтуге дайындалып жататын. Өзбекстан астанасының сондай мейрамға қызу дайындықтың үстінде екені байқалып тұрды. Орталық алаңға қызылды-жасылды ұрандар, әдеттегідей СОКП Саяси бюросының мүшелері мен мүшелікке кандидаттардың кісі бойындай үлкен фотосуреттері ілінген. Қызық болғанда, біз суретшілердің Дінмұхаммед Қонаевтың портретіне кезекті Еңбек Ерінің алтын жұлдызын салып жатқандарының үстінен түстік. Төртеуміз төменде көз алмай қарап тұрмыз. Көңілімізде: «Саяси бюроның мүшесі біздің Қонаевымыз кеудесіне екінші жұлдызды тағы отыр!» дегендей, мақтаныш сезімі билеп тұр. Көтергіш кранмен шығып, сурет салып жатқандар бізге:
– Вой, нимага турипсизлар? – дейді.
– Мына Дінмұхамед Қонаев ағамыздың суретін тамашалап тұрмыз, – дейміз біз.
– Обо-о, қозоқлар-ей?! – деп аналар басын шайқайды. Не керек, ол жерден Димекеңнің алтын жұлдызын салғанын аяқтап, бір-ақ кеттік. Ол кезде екі дүркін Социалистік Еңбек Ері атану үлкен мәртебе ғой. Қос жұлдызы қатар салынғанда жарасып-ақ кетті. Бір-бірімізге қарап мәзбіз.
Ташкентті біраз араладық. Қала­ның қай бұрышына барсаң да өзбек­ше сөйлеген бір адам. Тіпті жер­гілікті орыстардың өзі солай шүлдірлейді. Бұрыннан көз көріп, құлақ үйренген Әбдіразақ екеумізге бұл таңсық емес. Бірақ Сембай мен Серік өзбектердің тіліне, діліне, салт-дәстүріне берік­тігіне тәнті болып, таңғалды.
Қыдырыстап жүргенімізде түс қайтып, бесін жақындап қалды. Енді әрі қарай біздің ауылға қарай жүруіміз керек. Ол Ташкенттен жетпіс шақырым. Оған көршілес жатқан Келестің орталығы Абай арқылы немесе Ташкент облысына қарайтын Шыназ ауданы арқылы да баруға болады. Жақыны әрі төтелеу болғандықтан біз екінші жолды таңдадық. Түнделетіп салып ұрып жетіп барғанымызда үйдегілер таңғалып қалды.
– Ау, қайдан келе жатсыңдар? Алдын ала хабар бермейсіңдер ме? Күтіп алатын едік қой, – деп жатыр. Төрт бірдей студенттің сонау мың шақырым жердегі елдің астанасы Алматыдан қыдырып келгені ауылдағыларға да қызық көрінді. Ағайын-туыстар бірінен соң бірі шақырып, сый-құрмет көрсетті. Әр үйге қонақ болып, таң атқанша қыдырыстап, әндетіп жүрдік. Сол бір күндері дастарқан басында үлкендердің, әсіресе ақ жаулықты әжелерімізден қоңыр дауыспен сызылта салған әндері Сембайды ерекше толқытты.
– Апырай-ә, біздің қазақта осындай да ғажап әндер бар екен-ау?! – деп көңілі босады. Мен сонда:
– Ой, Секе, сенің діннің қатты ма, десем. Шоқан сияқты жаның нәзік екен ғой?! – дедім.
– Қалайша? – деді ол.
Мен оған:
– Атақты Шыңғыс төренің алты қанат ақ үйінде Айғаным бәйбішенің балаларды жинап, ақын-жырауларға қисса-дастандар, өлең-жырлар айтқызатын болған. Бір жолы Жанақ ақын «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» эпосын жырлағанда жеті жастағы Шо­қанның солқылдап жылап жіберіпті. Мұны көрген Жанақ ақын Айғанымға:
– Бәйбіше, мына баланың жаны нәзік, мейірімді екен. Осыдан келекшекте жақсы азамат шығады, – депті,– дегенді әңгімелеп бердім. Сембай:
– Әй, сенің де оқымайтының жоқ, – деп басын шайқады.
…Диплом қорғардың ­алдында біз газет-журнал редакцияларына не телевизия мен радиоға барып, екі ай өндірістік тәжірибеден өтуге тиіс болдық. Қызық болсын әрі ел-жер көрейік деп екеуміз жолдаманы Маңғыстаудың облыстық «Коммунистік жол» газетіне алдық. Ол уақытта облыстың орталығы Шевченко қаласы деп аталады. Шевченкоға Сембай Гурьевтен келді. Мен Ташкент арқылы бардым. Басында «қалай болар екен?» деп кішкене тосырқап барып едік. Редакциядағылар жатырқамай жақсы қарсы алды. Газеттің редакторы Рысхан Мусин деген кісі екен. Рысхан ағамыз бірден екеумізді ең бір тәуір «Ақтау» қонақүйіне орналастыруға тапсырма берді. Сембайды ауылшаруашылығы бөліміне, мені өнеркәсіп бөліміне жіберді. Оған жетекшілікке Мұстахым Суханбердиевті, ал маған Сәдуақас Байтауов дейтін тәжірибелі журналистерді белгіледі. Жаңадан барған шикіөкпеміз ғой. Көп нәрсе білмейміз. Сембай маған қарағанда тәуірлеу. Өйткені ол университетке оқуға түскенге дейін аудандық газетте жұмыс істеп, біршама ысылған.
Сол жылы маған қыс қатты болған сияқты көрінді. 1976-ның 1977 жылға қараған қысы болатын. Бір жолы Сембайды іссапармен шопандардың мал қыстату жайын жазу үшін Бейнеу ауданына жіберді. Ол облыстағы ең шалғай аудандардың бірі. Көлік қатынасынан тек пойыз ғана бар.
Кешкі алтыларлың шамасы Мен оны Маңғышлақ стансасының басында шығарып салып тұрмын. Бет қаратпайтын жел, үскірік аяз. Түкірігің жерге түспейді.
– Секе, ауа райының түрі мынау! Шопандар қыстау-қорасына жеткенше үсіп өлесің. Сәл күн райы қайтқанда барсаң қайтеді? – деймін.
– Ұят қой. Сеніп тапсырған соң орындау керек, – деп көнбейді.
Айтқандай-ақ, Сембай шопандар ауылына жеткенімен қайтарда жолдың қиындығынан екі-үш күнге кідіріп қалды. Есесіне малшы ауылдың қыс кезіндегі ауыртпалықты тыныс-тіршілігінен жұрт оқитындай мазмұнды материалдар жазып, онысы редакцияның лездемесінде жоғары бағаланды.
Әйтеуір, екеуміз редакцияның берген тапсырмаларын уақтылы әрі мүлтіксіз орындап, шамамыз келгенінше жақсы жұмыс істеуге тырыстық. Сөйтіп жүргенде екі айлық практикамыздың мерзімі зу етіп өте шықты. Редакциядағылармен бауыр басып қалыппыз. Қимай қоштастық.
«Жақсының жақсылығын айту – парыз». Облыстық газеттің редакторы Рысхан Мусиннен бастап, бәрі де қамқорлықтарына алып, қолдан келер көмектерін аяған жоқ. Кемшілігімізді түзеп, жетпей жатқан тұстарымызды толықтырып, кәсіптік шеберлігімізді шыңдауға қол ұштарын беріп отырды.
Үлкен үміт пен сенім артқандары шығар. Қайтар кезімізде Рысхан ағай Сембай екеумізбен оңаша сөйлесіп:
– Сендер туралы редакциядағы­лардың пікірі жақсы. Жазған мақа­лаларыңнан өзім де байқадым. Егер оқу бітірген соң осында келіп, қызмет істеймін деген ниеттерің болса, есігіміз ашық. Университетке шақырту қағазын жіберуге дайынмын, – деді. Біз:
– Ойланып көрейік,– деп ол кісінің ықылас-пейіліне рақметімізді айттық.
Жастық және балаң аңғалдық па екен? Сол кезде облыстық газеттің редак­торының өзі қамқорлық жасап, шақырып отырғанының бағасы мен байыбына жете қоймаппыз.
Сол жолы мен Сембаймен бірге Атыраудың (ол кезде Гурьев) іргесін­дегі Балықшыға, олардың үйлеріне барып, Лизама апамыздың қолынан дәм таттым. Ахметжан аға, Жаңылхан жең­гемен таныстым. Апа-жездесі Мәриям апай мен Жолдасқали ағамыздың үйін­де қонақта болып, бір-екі күн қыдырыстадық.
Енді қарап ойлап отырсам, ол да бір студенттік жастық шақтың қимас күндері екен…
1997 жылы Алматыда университетті бітіргеніміздің 20 жылдығын атап өттік. Жан-жақтан Қазақстанның әр түкпірінен курстастар жиналып, мәре-сәре болдық. Сонда мен баяғы бозбала Сембайды емес, сөзі де өзі де байыпты, ақыл-парасаты қалыптасқан азаматты көрдім.
Иә, белгілі журналист, ғалым Сембай Қисымовтың да қайтыс болғанына бір жылға жуық уақыт болып қалған екен. Ол үстіміздегі жылдың ақпан айында 61 жасында өмірден озған еді. 1954 жылы 6-ақпанда Атырау облысы, Исатай ауданы, Тұщықұдық селосында дү­ниеге келген Сембай Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мем­лекеттік университетінің журналис­тика факультетін үздік тәмамдады. Балықшы аудандық «Каспий таңы» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, Алматы жоғары партия мектебінің журналис­тика бөлімін бітіргеннен кейін «Кас­пий таңы» газетінің бас редакторы, Атырау қалалық, Атырау облыстық партия комитеттерінде нұсқаушы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры, 1999 жылдан Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінде журналистика кафедрасының аға оқытушысы, доценті қызметтерін абыройлы атқарды. «Қазақ публицистикасының шығармашылық ерекшеліктері» тақырыбында диссертация қорғап, филология ғылымының кандидаты атанды. Қай жерде де ол өзінің білімділігімен, іскерлігі және бойына біткен дара қасиеті байсалдылығы, ұстамдылығымен құрметке бөленді.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,
республикалық ғылыми-көпшілік
«Зерде» журналының
бас редакторы,
Қазақстанның Құрметті
журналисі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.