«Математика пәнінің қиындығы жоқ»

Елбасы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады.  Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда» деп атап өткен болатын. Осы тұрғыдан келгенде заман талабына сай техника мамандықтар игеру жастарымыз үшін өте қажет болып отырғаны сөзсіз. Мысалы, бүгінде Алматы облысында индустриялдық-инновациялық бағдарлама бойынша бірқатар нақты жобалар іске асырылып келеді. Демек, нақты бағыттар бойынша мамандар келешекте өте қажет болады. Ал енді өзіміз әңгіме арқауына айналдырып отырған техника мамандықтарының негізінде – математика пәнін жетік меңгеру мәселесі жатыр. Біз бұл орайда математика пәні бойынша оқушыларды ҰБТ-ға дайындаушы Абылай Ахметқалимен әңгімелескен едік.

– Абылай мырза, әдетте оқушылар мек­тепте көбінесе математика пәнінен қи­налып жатады. Осының себебі неде деп ойлайсың?
– Мұның бірнеше себептері бар. Біріншіден, математика пәні оқушыдан жүйелі түрде білім алуды талап етеді. Бір-екі сабаққа қатыспай қалған оқушы бір тақырыпты түсінбей қалса, әрі қарайғы тақырыптарды түсінуі қиындай береді. Содан кейін оның санасында: «Мен математикаға жоқпын, қабілетім гуманитарлық пәндерге жақын» деген түсінік қалыптаса бастайды. Оқушының бойында белгілі бір себептерге байланысты математика пәніне деген қорқыныш сезімі туындайды. Математика міндетті пәндер қатарында болғандықтан, ҰБТ-да ол пәннен ұпай жинай алмай қаламын деген оймен сабақты дұрыстап меңгерудің орнына шпаргалка қолдануға бейімделе бас­тайды. Екіншіден, пәнді оқытатын мұғалімдерге де көп нәрсе байланыс­ты. Кейбір мұғалімдер математиканы қызықты, көрнекі құралдарды, оңай әдістерді пайдаланып оқытса, кейбір мұғалімдер қиын әдістермен түсіндіреді. Ал жалпы айтқанда, көп нәрсе оқушының өзіне де байланысты. Сабақты жүйелі оқып дайындалса, математика пәнін меңгеріп алу қиын емес.
– Өзің оқушыларды ҰБТ-ға қалай дайын­дайсың? Белгілі бір қолданатын әдіс-тәсілдерің бар ма?
– Белгілі бір пәнде мақсат пен оған жетудің жолдары болады. Көбісі мақсат пен оған жетудің жолдарын шатастырады. Мысалы, артық ақпаратты көп үйренеді, пәнге қажеті бола қоймайтын нәрселерді бүге-шігесіне дейін оқып, жаттап жүреді. Ал менің қолданатын әдіс-тәсілім – күрделі нәрселерді қарапайым тұрғыда үйрету. Мысалы, кейбір мұғалімдер оқушыны ҰБТ-ға дайындаймын деп төменгі сыныптардан бастап бүкіл бағдарламаны қайталатып, үйретеді. Ал бірақ ол үйреткендерінің 20 пайызы ғана ҰБТ-ға қатысты болуы мүмкін. Демек, нені оқу керек, қалай оқу керек деген мәселені анықтап алу керек. Мен оқушыларды шынайы жағдайда, ешқандай шпаргалканы қолданбай, өзі ойланып есеп шығаруға көбірек үйретемін. Жауабын табудың бірнеше жолдарын көрсетемін. Мәселен, бір жолмен, бір әдіспен шешілмесе, екінші әдіспен шешуге болады. Сол кезде оқушылардың бойында өз-өзіне деген сенімділік пайда бола бастайды.
– Оқушыларды дайындыққа қалай қабылдайсыңдар? Белгілі бір қоятын талаптарың бар ма? Белгілі бір оқу орталықтарың бар ма?
– Ең алдымен пәннен жинаған ұпай сандарына қараймын. Егер 1 немесе 2 балл болса, ондай оқушыны қабылдау қиын, өйткені оны дайындауға көп уақыт кетеді. Қосу, алу, көбейту сияқты қарапайым амалдарды білмейтін оқушыны дайындау көп уақыт алатын болғандықтан, ондай оқушыны үйретуден бас тартамыз. Ал 4-5 баллдық көрсеткіші бар оқушының әрі қарай жоғары нәтижелерге қол жеткізуге деген үміті көбірек. Ғаламтор желісі арқылы оқытып, дайындаймыз. Басында оқу орталығын ашқанбыз.«Ютуб» желісінде 2700 оқушы, «В контакте» желісінде 10 мың оқушымыз тіркелген.
– Қазақ тілінде дайындайсыңдар ма, әлде орыс тілінде ме?
– Екі тілде де дайындай бере­міз. Бірақ соңғы жылдары қазақ тілін­де оқығысы келетін оқушылар­дың саны едәуір арта түсті. Сондықтан қазақ тілінде оқытуға көбірек көңіл бөлудеміз.
– Қазақ тіліндегі математика пәнінің оқулықтарына деген көзқарасың қандай?
– Терминдердің аударма мәселесі туралы айтар едім. Мысалы, кейбір халықаралық математикалық термин­дерді аударғанда олардың мағыналарын түсіну оқушылар үшін оңайға соқпай жатады. Түбірлес емес сөздер түбірлес болып кетеді. Мәселен, шекті, шексіз, шенеулі, шенеусіз деген сөздерден оқушылар шатасып қалады. Осыны ескере келгенде математикалық терминдерді аударуға аса сақтықпен, жан-жақты ойластырып қараған жөн деп ойлаймын. Өйткені ол пәнді игеруді, түсінуді қиындатып жібереді. Бұл орайда оқушының қабылдау дәрежесін де ескеруіміз керек.
– Жалпы, математика пәні мектепте қай сыныптан бастап қиындай бастайды?
– Көбінесе 9-сыныпта қиындай бастайды. Геометриядан, содан кейін логорифм, интеграл, логикалық есептерден қиналады. ҰБТ-да геометриядан 5-6 немесе 7-8 есеп беріледі.
– Оқушыларды ҰБТ-ға психоло­гия­лық жағынан дайындау туралы не айтар едің?
– 11-сыныпты бітіру уақыты жақындай бастаған кезде оқушылар ата-анасы мен мұғалімдері тарапынан психологиялық қысымға ұшырай бастайды. Ата-анасы: «ҰБТ-дан өте алмасаң, ауылға барып қой бағасың» дейді. Мұғалімдері мектептің рейтингісін ойлап, жақсы нәтиже көрсетуің керек деп тағы қысымға ала бастайды. Мұндай кезде оқушы өз-өзіне деген сенімді жоғалтып алуы мүмкін.
– Сұхбатымыздың соңында өзің туралы айта кетсең. Қайда білім алдың, ұстаздарың кім болды дегендей…
– Мен Алматы қаласындағы Жәутіков атындағы физика-математика мектебін тәмамдадым. Мектепте Ербол Баеков, Манат Мұстафа сынды білікті мұғалімдер сабақ берді. Мектепті тәмамдаған соң, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің математика факультетіне оқуға түсіп, академик Асқар Жұмаділдаевтан, профессор Балтабек Қанғожин сияқты ғалымдардан дәріс алдым. Қазіргі таңда магистратурада білім алып жүрмін.
– Әңгімеңе рақмет!

Әңгімелескен
Дәуіржан Төлебаев

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Abby

    Оте керемет мугалим 🙂

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.