Самғатқан сан қыранды алтын ұя

Ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері, елінің болашағы үшін бар күш-жігерін арнаған Ахмет Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназияда білім алып жатқанымды мақтаныш санаймын. Биылғы жыл біздер үшін ең қуанышты жыл болды. Себебі мектеп-гимназияның құрылғанына 25 толып отыр. Осы айтулы мерекеге орай мектепте «самғатқан сан қыранды алтын ұя» атты үлкен іс-шара ұйымдастырылды. Сазгер, әнші ағамыз Марат Ілиясов қонақта болып, ұстаздар мен оқушыларға ән-жырдан шашу шашты. Мектеп оқушылары да Ахмет Байтұрсыновтың шығармаларын оқып, қазақтың қара домбырасымен күмбірлетіп күй шертіп, мың бұрала би билеп, асқақтата ән шырқады. Іс-шараны өткізуге директордың тәрбие ісі жұмыстары жөніндегі орынбасары Бақтыбай Мангутов, вокал үйірмесінің жетекшісі Болат Нұрсұлтан, музыка пәні мұғалімі Патима Шамшаевалар зор үлестерін қосты.
Осы мерейтой сәтін пайдаланып, мектеп-гимназия директоры Ерік Нұрғұмарұлы Қуатбековпен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Ерік Нұрғұмарұлы, мектептің тарихына тоқталып өтсеңіз.
– «Өткенді білмей, қазіргінің мәнін, болашақтың мақсатын білу мүмкін емес» дейді М.Горький. Біздің мектеп-гимназия 1990 жылы шәкірттерге есігін айқара ашқан болатын. 1991 жылы Қазақстан Рес­публикасы Министрлер кабинетінің қаулысы бойынша қазақтың ұлы тұлғаларының бірі Ахмет Байтұр­сынов аты берілді. 1997 жылы 7 қарашада Алматы қаласы экология және биоресурстар басқармасының коллегиялар қаулысы бойынша экологиялық тірек мектебі болып бекітілді. Тарих беттерін парақтап ашып қарайтын болсақ, 25 жыл уақыт ішінде атқарылған жұмыстар баршылық.
Мектептің алғашқы ұстаздары Фарида Қабылбекова,Элиза Искакова, Нұрбану Кенжебаева, Назикен Мұхатаева, Гүлсара Байеділова, Назым Өмірбекова, Аида ­Карменова, Марха Керімбековалар жаңа мектептің қалыптасу барысында өз қолтаңбаларын қалдырды. Әйгілі педагог Сухомлинский балаға нағыз тәрбиеші болу үшін, оған жүрегіңді беру керек деген. Осы кезеңді мектептің «шығармашылық шарықтау» кезеңі деуге болады.
Мектептің ұзақ жолы – өшпес тарих. «Кеме капитансыз болмайды» демекші, мектеп тарихында әр кезеңдегі директорлар есімі алтын әріппен сақталған. 1990-1993 жылдары Сәуле Бекжанова, 1993-1997 жылдары тарих ғы­лымының докторы, профессор Тұрған­жан Төлебаев, 1997-2009 жылдары педа­­гогика ғылымының кандидаты, доцент Райхан Мұратханова, 2009-2012 жылдары Рая Хариқызы қызмет атқарған.
– Шәкірттерді тәрбиелеп, қияға қанат қақтырған ұстаздар көп. Олар­дың еңбектері туралы не айтасыз?
– Әр адамның өмірінде мәңгілік есінде қалатын бір қастерлі сөз бар. Ол – алтын ұя мектеп. Алғаш мектеп табалдырығын имене аттаған жас бүлдіршінге білім нәрін сеуіп, өмірден өз орнын табуға септігін тигізген ардагер ұстаздарымызды, әрине, құрмет тұтамыз. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері, үздік методист Латипа Әуешова, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары ­Тлеу­зия Ақтоқашқызы, математика пәні мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орын­басары, марқұм Дәлелхан Қасенов, бастауыш сынып мұғалімдері Қанымхан Дүйсебаева, Роза Балпақова, Гүлнар Жамалбекова, Қанымқыз Алтекова, орыс тілі пәні мұғалімі Роза ­Бекжанова, география пәні мұғалімі Гүлжақан Атамбекова, ағылшын тілі пәні мұғалімі Урик Күдербаева, дене шынықтыру пәні мұғалімі Зоя Даулетовалардың мектеп шәкірттерін тәрбиелеуге қосқан үлестері ұмытылмақ емес. Үлкен өмірге жол сілтеуші мұғалімдер, әкімшілік мүшелері мектеп тарихының әр жылында сақталған. Бүгінде мектеп басшысы қызметін атқарып отырған Бота Әбеу­бекова, Гүлсара Байеділова, Әлия Еламанова осы мектептің ұстаздары. Олардың есімдерін мақтанышпен айта аламыз.
– Мен әрқашан мектептің ауласындағы жасыл шыршалар мен биік ағаштарға қызыға қараймын. Олардың өн бойында тұнып тұрған тарих бар секілді көрінеді.
– 1998 жылы Ахмет Байтұрсынов­тың туғанына 125 жыл толу ­ме­рей­тойына орай мектеп маңына 125 шырша отырғызылған. Бүгінде жасыл шыршалар мен ағаштар мәуелей өсіп,тарихтың бір бетінен сыр шерткендей болып тұр. ­Ахмет атаға арналған мұражай да осы жылы ашылып, жыл сайын экспонаттармен толықтырылып келеді. «Гүлдер біздер үшін» атты шығармашылық топ жұмыс істеп, оған биология ғылымының кандидаты Тамара Байбекова басшылық жасаған.
– 25 жыл ішінде мектеп ұжымының білім мен тәрбие саласында жеткен жетістіктері жайлы айтып өтсеңіз.
– 2001 жылы қалалық кітапхана бай­қауына қатысып, кітапхана мең­ге­рушісі М.Керімбекова І орынды жеңіп алды. Шәкірттер тәрбиелеу мен білім беруде үлкен жауапкершілік жүгін арқалаған мектеп ұжымы айтарлықтай табыстарға қол жеткізген. «Жыл мектебі – 2000» байқауына қатысып, бас жүлдені иеленіп, қала әкімінің 500 мың теңгелік бәйгесін жеңіп алған. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша мектеп ұжымы қала бойынша белсенділік танытқаны үшін сол кездегі мектеп директоры Р.Мұратханова мен 7-сынып оқушысы Дастан Алипов Анталия қаласында өткен семинарға қатысып қайтқан. Израиль мемлекеті тарапынан экологиялық бағытта ғылыми семинар өткізіліп, мектеп-гимназияға тамшылы суландырғыш қондырғы сыйға тартылған. Мектеп-гимназия Түркия мемлекетіндегі Спарта қаласындағы Мұстафа Кашыкөч атындағы Анадолы лицейімен бауырлас мектеп бағдарламасын жүзеге асырды. 1997 жылдан бері Түркия мемлекетімен туыстық қарым-қатынас орнатуда мектеп-гимназия өз үлесін қосты. Түркия мемлекеті тарапынан екі кабинет жабдықталып, 2001-2007 жылдары түрік тілі оқытылды. Ш.Аманқұлова, Ж.Ақбаевалар Түркия мемлекетінде өткен халықаралық бір айлық семинарға қатысып, білімдерін көтеріп, сертификат алды.
«Бауырлас мектеп» бағдарламасы негізінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ш.Аманқұлованың жетекшілік жасауымен мектеп ұстаздары мен оқушылары Түркия елінің мектептерінде болып қайтты. Сондай-ақ, ол елдің ұстаздары, оқушылары да біздің елде қонақта болып, мектеп өмірімен, салт-дәстүрімізбен танысты. Қазіргі Назарбаев мектебінің шәкірті, біздің бұрынғы оқушымыз Амангелді Алтынай өз шығармашылығы бойын­ша Халықаралық «Дарабоз» әдеби сыйлығының екі дүркін лауреаты атанып, Көкшетаудағы «Балдәурен» демалу-сауықтыру орталығына жолдамамен барып қайтты. Мектеп ұжымы Алматы қаласы мәслихатының депутаты С.А.Козловтың «Град-Наград» сыйлығын жыл сайын иеленіп келеді.image005
Мектеп түлектері спорт, өнер, білім саласында жоғары жетістіктерге жетіп келеді. Атап айтар болсақ, шы­ғыс жекпе-жегінің таэквондодан бірнеше дүркін Қазақстан бірін­ші­лігін жеңіп алған түлектеріміз Исатай Кабековтың жетекшілігімен Оңтүс­тік Корея мемлекетіне барып, шебер­ліктерін жетілдіріп қайтты. Оқу­шылардан құралған «Домбыра Дас­тан» оркестрі (жетекшісі Жүсіпәлі Мақсат), «Жауқазын» әншілер тобы (жетекшісі Кан Лилия) аудандық, қалалық, республикалық байқаулардың жеңімпазы болып, дип­ломдармен марапатталған.
– Бақыт жолы біліммен табылады дейді. Мектеп түлектері жайлы не айтар едіңіз?
– Осы жылдар ішінде мектеп бітіруші түлектер арасында «Алтын белгі» төсбелгісіне ие болған оқушыларымыз көптеп саналады. Айгүл Тазабекова, Назерке Толқынбек, Айнұр Абдрахман, Айнұр Серік, Айдана Мұқанбетжанова, Сұлтан Қажымов, Айтоты Сағдатова, Айнұр Шайқып, т.б. Ал 40 оқушы «Үздік аттестат» иегері аталған. Осы түлектеріміздің алды қолдарына қызыл дипломдарын алып, еңбек майданына араласып та кетті. Аяулы ұстаздар өз шәкірттерін үнемі еске алып, кейінгілерге үлгі-өнеге етіп отырады.
Көптеген мұғалімдеріміз дидак­тикалық материалдардың, пән оқулықтарының авторлары. Оларды да, әрине, мақтаныш тұтамыз. Мектебімізде ҚР білім беру ісінің үздіктері, Ы.Алтынсарин төсбелгісі­нің иегерлері бар. 2013-2015 жыл аралығында білім беру саласындағы жоғары жетістіктері үшін 12 ұстаз қала әкімінің 50 пайыздық үстемеақысына ие болды.
Мектептің педагогикалық ұжымы уақыт ағымына сай заманауи әдістерді, технологияларды сабақ үдерісінде пайдалана отырып, ілгері жылжып келеді. Бұл – мектептің қысқаша өмірбаяны, бірақ мектеп тарихы әрбір ұстаз бен оқушыда өз жалғасын таба берері сөзсіз. ҰБТ қорытындысы бойынша мектеп ұжымы жыл сайын жоғары көрсеткішке жетуде. Тәртіп бар жерде сапалы білім болады. Жалынды жеткіншектер қатары артып, ұлағатты ұстаздар еңбегі жана берсін дегім келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Айдана Еркін,
А.Байтұрсынов атындағы
№139 мектеп-гимназияның
6-сынып оқушысы
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.