Ұлт ұйытқысы – туған тіл

Алматыда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы төралқасының кеңейтілген мәжілісі өтті. Мәжіліске Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық, қалалық, аудандық филиалдары төрағалары мен төралқа мүшелері, шетелдік және өңірлік өкілдіктер жетекшілері, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер, ғалымдар, жазушылар мен БАҚ өкілдері, тіл жанашырлары қатысты.
Басқосуды Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы ашты. Аталған жиынға қатысқан тіл жанашырларының сөйлеген сөздерін ықшамдап беруді жөн көрдік.

 

Өмірзақ Айтбайұлы,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Президенті, академик:

– 2016 жылы – Қоғамның VI Құ­рыл­тайын өткізуіміз керек. Келер жыл Тәуелсіз елде өмір сүріп, Жаңа Қазақ Елін құрудың, қалыптастырудың, дамытудың ширек ғасырлық жасампаз жолын жүріп өтуімізді қорытындылайтын жыл. Сонымен қатар 1916-жылғы ұлт-азаттық көтерілістің де 100 жылдығы. Одан кейін 2017 жылы Алаш Орданың 100 жылдығы болады. Бұлардың барлығы да еліміз үшін ерекше маңызға ие атаулы күндер. Бұл шаралардан, әрине, қоғам да тыс қала алмайды.
Сонымен бірге әлемді қамтыған дағдарысты жағдайлар бізге де өз сал­қынын тигізіп отыр. Еліміздің мемлекеттік тіл саясатында да өзгерістер бар. Елбасымыз «Қазақстан жаңа жаһан­дық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында алдымызға қойған тапсырмаларына сәйкес, осындай алмағайып сәтте Қоғамның ендігі бет алысы қандай болмақ, заман сұранысына сай жұмысымызды қалай ұйымдастырамыз, алға қойған мақсат-мұраттарымызға қандай өзгерістер енгіземіз деген секілді күрделі сауалдарға жауап іздеу өте өзекті болып отыр. Сондықтан бүгінгі басқосуда баршамызға ортақ осынау өзекті мәселелерді шешудің жол­дарын бірлесе қарастырсақ, өзімізді тол­ғандырып жүрген ойларымызды ортаға салсақ, сөйтіп ортақ тұжырым, бәтуалы шешімге келсек деген ниетіміз бар.

_MG_4704

Ерден Қажыбек,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Вице-президенті, филология
ғылымының докторы:

– Келесі жылдан бастап «Қазақ тілі» қоғамының сайтын ашып, шетелдердегі қазақтармен байланыс орнатамыз. Сайт арқылы кез келген мәселені талқылап, шешуімізге үлкен жол ашылады.
«Қазақ тілін үйрету орталықтары желісін құру» атты бағдарламамызды 2016 жылдан бастап қолға алмақшымыз. Бес жылда 50 орталық құрамыз деген үлкен межеміз бар. Бағдарламаны мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар тарапынан ұжымдасып, іске асыру көзделуде. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы осындай баға жетпес рухани, мәдени құндылықтарымызды зерделеп, саралап шығару үшін еліміздің барша облыстарымен, ірі қалалармен, шетелдердегі ұлтымыз үшін тарихи маңызды болып табылатын өңірлерімен бағдарлама аясында келіссөздер жүргізу ісін бастады. Бүгінде төрт-бес ірі облыс басшыларымен ісіміз сәтті басталғанын атап өтуге болады. Келесі жылы қалған өңірлер де қамтылады. Бұл іске отандық және шетелдік ­инвесторлар, жекеменшік компаниялар, қоғамдық қорлар, түрлі қауымдастықтар, ЖОО және басқа ұйымдар мен мекемелер, жеке және заңды тұлғалар тартылады.
Екінші мәселе – ұлттық брендті қалыптастыру. Қазақтың атын әлемге таныстыратын рухани дүниелерді танытуымыз қажет. Осы ретте біз жыраулық өнерді, ұлы тұлғаларымызды насихаттауды қолға алдық. Мұндағы үшінші мәселе, Елбасының Үкіметке берген тапсырмасы бойынша, «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасын 2017 жылдан бастап іске асыру көзделіп отыр. Демек, алдағы жылдары кәсіби-техникалық білім мен қазақ тілінің арасындағы байланысты нығайтуға жол ашылады деген сөз. Бұл орайда әр сала бойынша кемінде 10-20 мың термин қалыптастыруымыз қажет. Мұндағы негізгі мәселе ол қазақ тіліне аса қажетті терминдерді қалыптастыру. Мәселен, тау-кен саласы бойынша қазақ тілінің терминдері қалыптасқан. Тіпті ағылшын тілінде бірнеше сөзбен беретін ұғымдарды біз бір сөзді ұғымға сыйғызып айта аламыз. Қазақ тілінің осындай ерекшеліктерін дамытып, терминологияға ерекше көңіл бөлгеніміз жөн. Сосын өзіміз қалыптастырған терминдер міндетті түрде халықаралық деңгейде болуы керек. Өйткені түркі тілдеріндегі сөздерде ешқандай айырмашылық жоқ. Сондықтан ұлттық терминдер өте қажет. «Қазақ тілі» қоғамының мүшелеріне берілетін мүшелік билеттерді жасауды қолға алуымыз керек. Биылғы 2015 жыл біздер үшін, тіл жанашырлары үшін – ерекше жыл. Биылғы жыл – тарихымызда алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы мінберінен қазақ тілінде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде баяндама жасалған жыл. Бұл қазақ тілін күллі дүниежүзіне мойындатқан Мемлекет басшысының ерен ерлігі деп ашып айтқан дұрыс деп есептеймін.

Ғарифолла ӘНЕС,
Халықаралық «Қазақ тілі»
қоғамының Вице-президенті, филология ғылымының докторы:

– «Қазақ тілі» қоғамының порталын құру жаңа мүмкіндіктер ашып, шалғай аудандармен байланыс орнатуға өз септігін тигізетіні сөзсіз. Қазіргі таңда жүйелі түрде ақпарат алмасып, туындаған мәселелерді бірлесе талқылап, тізе қосып жұмыс істеуіміз керек. Сонда бірлескен ісімізде нәтиже болады.
Үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс­тары заң арқылы реттелетіні белгілі. Бұл орайда мемлекет тарапынан қа­былданған заңдарды тиімді қолдануы­мыз керек. Қаржы көздерін табу, олар­­ды қолданып, нақты жобаларды іске асыруға заңдарымызда көптеген мүм­кін­діктер қарастырылған. Мысал ретінде айтатын болсам, ақпаратқа қол жеткізу мәселесінде тиісті заңға бір­қатар өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, бүгінде қажетті ақпараттардың қолжетімді бола бастағаны қуантарлық жайт.
Заңда жасалып отырған осы мүмкін­діктерді пайдалана отырып, еліміздегі әрбір облыстар мен аудандардағы мектептер мен балабақшалар саны туралы мәлімет алуымыз керек. Мәселен, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының кейбір ауылдарында бірде-бір өзге ұлт өкілдері жоқ. Ал орыс мектептері әлі бар. Әрбір қазақ отбасы өз балаларын қазақ мектебіне беруі керек. Ал бізде кейде керісінше болып жатады. Сонда балаларын қазақ мектебіне бермеген отбасылар Қазақстанның Тәуелсіз ел екеніне сенбей ме?! Бұл орайда шенеуніктер, лауазымды тұлғалар, облыстың білдей басшылары өз балаларын қай мектепте оқытады деген мәселені де көтеруіміз керек.
Тағы бір айта кетерлігі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы еліміздегі «Көші-қон туралы» Заңына ұсыныс жасап, бірқатар өзгерістердің жасалуына бас­тамашы болды. Сырттағы қандас бауыр­ларымыз Атамекеніне көшіп келуде. Қысқаша айтқанда, тарихи Отанына оралып жатқан ағайындар ұлтымыздың санын көбейтіп, тіліміздің де өркендеуіне өздерінің сүбелі үлестерін қосатыны анық.
Әлімхан Жүнісбек,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Төралқа мүшесі, филология ғылымының докторы:

– «Қазақ тілі» қоғамы сонау 90-жыл­дардың басында латын әліпби мәселесін көтерген. Бізде ұлттық әліпби болуы керек. Ол ұлттық әліпбидің өзінің белгілері, теориясы мен практикасы болады. Алғаш қазақ әліпбиінде реформа жасаған Ахмет Байтұрсынов. Осыдан біраз жыл бұрын түркі мемлекеттері бас қосып, 34 таңбадан тұратын ортақ әліпби ұсынған. Ондағы мақсат егер латын әліпбиіне көшсек, осы таңбаларды пайдалансын деген ұсыныс. Түркі халықтарының сөздерінің айтылуы өзгеше болғанымен, жазу, әліпби тұрғысында бірдей болып шығады. Қазіргі қазақтың ұлттық төл әліпбиімен сол әліпбиді беттестіретін болсақ, біздің дыбыс­тарымыз оп-оңай оқылатынын аңғарамыз. Мәңгілік Ел болуы үшін оның мәңгілік тілі болуы керек. Мәңгілік тілі болуы үшін мәңгілік жазуы болуы керек. Ал ол үшін мәңгілік әліпбиі болуы керек.

Жаңғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы
Ақтөбе облыстық ұйымы төрағасының орынбасары:

– 2014 жылы 4 желтоқсанда Ақтобе қаласында «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» Заңының қабылданғанына 25 жыл толуына орай республикалық ғылы­ми-практикалық ­конференция өткізілді. Конференцияға Қоғам президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы бастаған көрнекті ғалымдар қатысып, елімізде мемлекеттік тіл саясатын жүргізу жолында атқарылған істерге жан-жақты талдау жасады, алдағы міндеттерді белгіледі. Осы басқосуда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының атқарған қызметіне баға берілді.
Қоғамның Ақтөбе облыстық ұйымы өткен ғасырдың 90-жылдарының басында құрылды. Сонан бергі кезеңде ұйымға мемлекеттік тіл саясатын жүргізудің көрнекті өкілдері, белгілі ғалымдар Мұхтар Арын, Нұхы Қартбайұлы, Кемейдулла Төлеубай, Ғалымжан Нұрышев бірінен соң бірі басшылық жасады. 2012 жылғы 11 қазаннан бергі уақытта Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Кенжеғали Кенжебаев төрағалық етіп келеді.
Қазіргі күнде облысымыздың ау­мағында 629 бастауыш ұйымда 123 мыңнан астам мүше есепте тұрады. Оның 61350-і Ақтөбе қаласында және оған қарасты бес селолық округтегі 128 бастауыш ұйым есебінде. Айта кету керек, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы төралқасының қаулысымен Ақтөбе қалалық ұйым қаржылық есепті тікелей Алматы қаласындағы басшылыққа береді. Ал он екі селолық аудандағы ұйымдар облыстық ұйым төралқасымен тікелей байланыста жұмыс істеп, қаржылық есебін береді, нұсқау-кеңестер алады.
Ал енді негізгі айтар ұсыныстарға тоқталсақ, облыстық Тілдерді дамыту басқармасы құрамында ономастика бөлімі негізінде Тіл инспекциясын құру қажет. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың таяу уақыттағы халыққа Жолдауын насихаттап, ұғындыру жұмыстарына қоғамның Ақтөбе облысындағы белсенділері де жұмылдырылуда. 2016 жылы ел егемен­дігінің 25 жылдығы кең көлемде аталып өтіледі. Бұл мемлекеттік тіл саясатын жүргізудегі іскерлікті, белсенділікті қажет етеді. Осы межеден шығу жолында Ақтөбе облыстық ұйымы да тиянақты жұмыс істейді деген сенімдеміз.

Жиын барысында жазушы, «Өлке» баспасының директоры Мереке Құлкенов, «Қазақстан Zaman» ЖШС-ның бас редакторы Ертай Айғалиұлы, Ақмола облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамының төрағасы Мейрамбек Қиықов, Халықаралық «Қаза тілі» қоғамының вице-президенті – Шығыс Қазақстан облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Орал Шәріпбаев, Қызылорда облыстық «Қазақ тілі» қоғамы филиалының төрағасы, «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы Аңсат Сәдуақас, тіл жанашыры Асылы Осман және т.б. сөз сөйлеп, өз ұсыныстарымен бөлісті. «Қазақ тілі» қоғамының жергілікті жердегі филиалдарының жетекшілері атқарып жатқан жұмыстары жөнінде есеп берді. Айтылған ұсыныс-пікірлер негізінде қаулы қабылданды. Бұл басқосу кешке Ғалымдар ордасында жалғасты. Онда Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты «Елім деп соғар жүрегім» тақырыбымен салтанатты жиын өтті. Жиында Қазақ хандығының тілі болған қазақ тілінің рух берер күші жөнінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы баяндама жасады. Баяндаманың толық мәтіні газетіміздің келесі нөмірінде жарияланады.
Жиын барысында бір топ тіл жанашырларына «Қазақ тілі» қоғамының Алғыс хаты мен сертификаты тапсырылды. Белгілі өнер иелері кешке қатысушыларға күмбірлеген күй, әсем ән сыйлады.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

5 Пікір

  1. Боран

    Неге біз алдымен қазіргі әліпбиімізді қайта құрмасқа! Осындай құр жиын ашып, латын қарпі деп бекер уақыт өткізгенше кирилл таңбамыздағы артық әріптерді неге тазаламасқа, Қазіргі әліпбиіміз Қазақ тілінің заңды таңбасы болып, тарихымызда жазылып қалатын болады. Сол үшін де тарихқа 42 әріп күйінде қалдырмауымыз керек, Анау Щ Ц ЬЪ ЮЭЯ сінді 8 сегіз әріпті қысқартсақ, Латынсызда 34 әріптік үлгіге жетуге болады.

  2. Боран

    Жалып айтарым биліктен әліпбиімізді қысқартуды қатаң талап ету керек!

    мысалға Қазақтағы ашшы-түшшы деген сөзде ғана Щ әрбін пайдаланып, Щ таңбасы Қазіргі заманның қаламы болып саналатын перне тақтада бекер -ақ орын алып тұр!

  3. Дауыл

    Боран-әй,Юран-ай,(юпитерді сонда үпитір немес иупитер дейміз сірә) япыр-ай, ащы, тұщы,қой-э. Сонда керек емесі-ц мен айыру,жіңішкелік белгілері ғана.Оны алғанда не ұтамыз, нан сұрамайды,төбелесіп қалмайды.

  4. мен ғой

    осы қазақ тілінің қамын күйттеген ағалардың «тірлігін» әшкерелейтін уақыт баяғыда жетті ме деген ойға қаламын. Айтатындары латын мен термин.
    Латын деген не? Баланың ермегі — кирилица мен латиница бір ағаштың екі бұтағы емес пе? Айырмашылығы 4-5 әріп болар-болмасын құдай білетін әліпбиге бола көтерем тілді жаһаннамға жібереміз бе? Одан да төтені насихаттау керек, жұрт білсін біздің де төл әліпбиіміз болғанын.
    Термин деген не? Ол — атау. Бұл да бір жап-жақсы ермек болып алды, информация — ақпарат, процент — пайыз, право — құқық (неге хақ емес?), т.с.с. 10-20 мың сөздік қашан дайын болады екен деп отыру керек пе істі қаңтарып қойып?
    Сіздерге мынаны айтқым келеді. Қазақ тілінің көгеруі үшін термин мен латынды қоя тұрыңыз. Қазіргі басты айналысатын нәрсе: қазақ тілді бюрократия қалыптастыру (ол үшін тіпті тілдік талаптарды саналы түрде девальвациялау керек, қазақ тілінің әлеуметтік базасын кеңейту керек), салалық сөздіктер, қазақша-шетелше сөздіктер құрастыру, шет тілдерінен қазақшаға не керісінше аударуды ғылыми жолға қою. Қарап отырса мәселе көп, ал бұлар келіп алады дағы баяғы әуеніне басады…

  5. Дауыл

    Хақ деген анық, ақиқат дегенді білдіріп жүр.Хақ деген -Құдай емес пе. Сондықтан право Құдай бола алмайды, құқық болады.Ахаңның төте жазуы жақсы нұсқа. Ал меніңше, кириллицада қала беру тіл үйренуге кедергі емес. Сылтауды өздерің ойлап табасыңдар осы.Әліпби ауыстыру мол қаржыны талап етеді. Ал қазір оған ондай жағдай жоқ. Сосын білім нәрімен сусындаған Әдебиет атты әз әлемге жол бастаған көп-көрім, таңғы шықтай тұнық, кәусар, таза дүниелерден сусындау, рухани нәр алу деген мүмкін болмай қалады. Ал керім дүниелер кириллицамен жазылған. Қыруар еңбегінің күл боларын осы қазіргі том-том кітабы бар, өзі түгіл балаларының болашағына жол ашқан жазушылар мен ақындар неге күйттемейді екен. Менің бір кітабым болса жаным мұрнымынң ұшына келер еді. Жә,өзіңді сыйламасаң ешкім сыйламас, ал жақыныңды жаттай сыйлау болса да бар. Еггер ауцстыру кеерк болса әуелі орыстанған Саналарыңды ауыстырыңдар әуелі. Сосын елдің әл ауқатын жақсартыңдар, адамды тұрмыс билейлді. Аш -жалаңаштар әліпбиді қайтсін. Бір күн аштан қырық күн ақыл сұрама. Сондықтан мұндай кесапатқа әкелетін керітарпа, бүлікшіл пиғылдың кеергі жоқ. Мүйізі қарағайдайларыдң өздері алжыса басқасын айтпадым.Сөз-күшті, жаны бар, материалдық дүниеге айнала алады, сиқырлы, құдіретті қуаты бар. Оның құдіреті сол — жылатады, күлдіреді, өлтіреді, тіпті жазылмас дерттен айықтырады(әсірелеу емес,өмірде шынайы деректер бар)адам тағдырын шешеді,сол сыры белгісіз сөздің айтары қырық жылдан соң ашяылып жатқанда жаға ұстайсыздар.Бір сөзден-ақ қылмысты ашуға болады.Сол себепті,терең ойлы кісілер артына соңғы күшін жиып үш-төрт әріптен тұратын не бір сөз не бір аббревиатура қалдырып кеткен.Кітап деп мен жақсы кітапты ғана атар едім. Қалғаны кітап емес-рәсуа болған орман мен еңбек.Яғни жарамсыз нәр.Кітапты қадірлеу-сөзді қадірлеу. Өткенді қадірлеу-кісілік.Өткенді білу-міндет, онсыз ешбір сабақтастық та, бай тәжірибе алу, өмір мектебінен сауат ашу да зерттеулер жасау да бос сөз.Өз басым сол бір кітап, газет-журнал мен атлас, глобус иісі аңқыған мектеп кітапханасын да, ауылдық кәітапхананы да ешқашан ұмытпақ емеспін. Ондағы асқан талғаммен жабдықталған әр бұрыш, эстетика мен биік талғам, бай мұралар, өңімде көңіл түкпірінде қатталып тұрса, түсімде алып-ұшып жыл құсындай талып жетіп,оянғанымда бұл өмрдің өзі көрген түстей екеніне көзім жетіп ой түбіне батамын. Неге сонша асқақтайды мына билік, мына қоқаңдаған жынды қоғам?Немене бала болмап па едіңдер, немене аштық пен тауқіметті көрген ата-әже, ел қорғаған бабаларды ұмыттық па?Латынға ауыстыру арқылы орыстар бізге кіріптар болып асқақтаймыз, жаппай ана тілімізді үйренеміз деген идеяның авторы кім?Бәрін бүлдірген соң ғана өкінеміз, бұған дейін де ең ірі қателіктер осылай иә, бәсе деумен басталған.Зиялы қалды ма.Мен үшін кім болса да көреген пікір айтса,мейлі аулашы, мейлі аспаз болсын сол зиялы.Сондықтан, аз ғана топ тұтас елдің өмірі мен болашағын ойыншық ете алмайды!Халықтың дауысқа салуы, ұсынысын,пікірін білдіруі қажет.Олар неге үндемейді?айтып отырмын ғой халық қазір кредит пен күнкөріс, жұмыс табу үшін ит әуре болып жүр.Мұндай қысылтаяң кезде ойға келгенді істеу, өмірді басқа арнаға бұра салу-ақылсыздық болады.Қазақ -дана халық болған.Өткен шақта.Қазіргі кейпіне қарап олай дей алдмайсың, алжып бара жатыр.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.