Қолөнер – ұлттық қазына

Жобаның сыры

Керемет жоба жайлы осыдан он жыл бұрын Шы­ғыс Қазақстан облыстық газетте жұмыс істеп жүрген кезімде естігенмін. Онда да оны маған басқа емес, республикаға танымал педагог, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Қазақтың Қанипасы» атанған ұлағатты ұстаз Қанипа Бітібаева: «2002 жылдың көктемінде Астана қаласында «ХХІ ғасырдағы орта білім беру жайлы және даму болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Алматы облысының мұғалімі ұсынған мектеп жобасы менің көкейімнен шықты. Оған тіпті шетелден келген ғалымдар да қызығып, назар аударып еді. Бірақ ондай жаңалықты бірден қолдап кетуге келгенде, біздегі шенеуніктердің барынша кедергі келтіруге тырысатын жаман әдеттері бар ғой. Егер сол жоба бойынша мектептер салынса, бүгінгі таңдағы білім саласындағы көптеген проблемалар күн тәртібінен өз-өзінен-ақ түсіп қалған болар еді» деп айтқаны есімде. Сол әңгіме кейіпкерімен арада он жыл өткен соң, ойда-жоқта Қапшағай қаласында жолықтырамын деп ойламаған едім. №4 орта мектептің технология пәнінің мұғалімі Серікхан Мәдіғалиевпен ішкі істер органының ардагері, запастағы полковник Қалижан Алпысбаев ораза айы кезінде ауызашарға шақырған кеште танысқанмын. Бұл кездесу мен үшін аспаннан сұрағаным жерден табылдының кері болды. «Күншуақ» жобасы іске асты ма?» деп төрде отырған Серікхан Қожаханұлына сауалымның шетін шығарғанмын.
– Е, айтып отырғаныңыз жөргегінде тұншық­қан жоба жайлы болар. Иә, ол жобадағы мектеп ғимараты білім жүйесін ұйымдастыру тұрғысынан осы күнгі жұмыс істеп жатқан мектептерден көп өзгешелігі бар еді. Жоба бойынша мектеп тек балаларға сапалы білім беріп қана қоятын оқу орны емес, оқу-тәрбие жұмыстары ерекшеленген, үш сатылы тереңдете білім беру ұйымдастырылған, бүгінгі күннің талаптарына жауап беретін, әр оқушының тереңдете білім-тәрбие алуына толық жағдай жасалған ғимарат болатын.
– Менің естуімше, бұл жобаны сол кезде Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі жүзеге асырамыз дегендей сыңай танытыпты.
– Халықаралық конференцияда болашақ­тың жобасын ғалымдар мен сала маман­дарының алдында қорғап шықтым. Олар лайықты бағаларын берді. Қысқасы, бір­ауыздан қабылданды. «ХХІ ғасыр мектебі: бағ­дары «Күншуақ – болашақ мектебі» деп аталатын мектеп жобасы тұжырымдамасының түсініктемесі санаткерлік меншік нысаны сақтаулы екенін растап, 2002 жылдың 17 мамырында №98 санды санаткерлік меншіктің барлығы құқығы тек менің иелігіме жататындығы жөнінде Қазақстан авторлар қоғамының төрағасы М.Ысқабай қол қойған куәлік те берілді.
Кейіннен министрлікке хабарласқанымда, олардан тұшымды жауап ести алмадым. Одан кейін білім саласындағы министрлер жыл сайын ауысып жатқандықтан кімнен сұрай­тынымды білмедім. Ал білетінім, Қазақстанда көптеп салынып жатқан жаңа мектептер, соның ішінде Қапшағай қала­сындағы орта мектеп-гимназия құрылысы менің жасаған жобама өте ұқсас, бірақ өкінішке орай, көп бөлмелері және қосалқы білім беру ғимараттары алынып тасталған. Содан жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырып, бұл тақырыпқа қайта айналып соққан емеспін.

Ең үздік шығармашыл
мұғалім

Кейіпкерім Серікхан Қожаханұлы Мәдіғалиев саналы ғұмырын жас ұрпақты білім нәрімен тәрбиелеп келе жатқан білімді де, білікті ұстаз.
Kolonershi«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей, оның тәрбиелеп жүрген шәкірттері де осал емес. №2 мектеп-гимназияда өз өнерімен көзге түскен шәкірті Диана Мылтықбаева халықаралық «Бөбек» қорының ұйымдастыруымен Алматыда өткен «Әлем балалары сурет салады – 2000» (600-ге тарта талантты суретші оқушылар қатысқан) байқауда «Республикам менің» сулы бояу суреті үшін бірінші орынды иеленген еді. Диана қазір Т.Жүргенов атындағы көркемөнер академиясында оқытушы болып еңбек етеді. Өткенді айтпағанда соңғы бес жылдан бері дәстүрлі республикалық «Дельфилік ойындар» байқауларында Серікхан Қожаханұлының шәкірттері жыл сайын жүлделі орындардан көрініп жүр. 8-сынып оқушысы Абылай Мақсұтов «Ұлттық шеберлік – қолданбалы өнер» аталымы бойынша екінші орын иеленіп, рес­публика бойынша күміс медальді кеудесіне тақса, 8-сынып оқушысы Кирилл Шербак қатарынан үш мәрте облыстық байқаудың жеңімпазы атанды. Оның республикалық «Мектептегі технология» журналының 2015 жылғы №1 санында жарияланған «Металды көркемдеп өңдеу» ғылыми еңбегіне Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті, педагогика ғылымының кандидаты, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Раушан Қанапиянова жоғары баға беруі де ұлттық қолданбалы өнерге ден қойған балғын шебердің болашағынан көп үміт күттірсе керек. 7,8-сынып оқушылары Александр ­Голубев пен Дамир Зарипов сүйекті көркемдеп өңдеу бойынша ұсынған еңбектері сала мамандарының назарын аударып, жоғары бағасын алды. Екеуі де байқау жеңімпазы деп танылды.
Қолданбалы өнерді шәкірттеріне жалықпай үйретіп жүрген ұстазбен жолыққанымда «Атакә­сіпті кең зерттеп, қайтадан оны жоғары сатыда жаңғырту, халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерін, атакәсібін халқымызға қайта ұсыну үшін қандай талаптар қажет?» деп сұрадым. Ол өз әңгімесін былай деп тарқатты.
– Біріншіден, баланың кеңістікте ойлау қабілетін, қасиетін дамыту, арттыру деп білемін. Ол үшін сурет салдырып, бояудың қыр-сырын меңгерту керек және музыкаға бейімдеп, нотаны үйрету қажет. Көзбен көріп, құлақпен естігенді көкірек көзің екшейді, санада талдау үдерісі жүреді. Яғни кеңістікте ойлау қасиеті дамиды. Осы үш сала, үш қасиет сурет салу, ән айту, музыкалық шеберлік және әдеби тілде өз ойын жинақтап жеткізу баланы келесі сатыға жетелейді. Не нәрсені болсын нағыз шебердің, ісмердің істегені көзге өте әдемі көрініп тұрады. Ал оның жасалу жолдарын, қиындығын, қызығын тек оны жасап көрген адам ғана терең ұғынып, түсіне алады.
Ерте заманда асқан шеберлер алтыннан, күмістен, қоладан, мыстан, болаттан, жезден адам баласы таңғаларлық ғажайып дүниелер, туындылар жасады емес пе? Тіпті бір еуропалық жиһангер «қазақ деген халық оюға шомылып жүрген халық екен» деп тамсана жазған халық ұрпағы біз емес пе? Неге осының бәрін мектеп бағдарламасына енгізбейміз?
Серікхан Қожаханұлының айтуы бойынша, әр пәнді оқыту барысында Отан тарихы, өлке табиғаты, салт-дәстүрлері, ұлттық ойындары, ауыз әдебиетінің әсем де нәрлі қуаты кезігіп отырса, ондай тәрбиенің мәні зор. Осы салада мектеп ішінің көркі, әр сыныптың іші тегіс ұлттық нақышта әрленіп, өрнектеліп, өңделгені әр баланың өз ұлтына деген мақтаныш сезімін оятары сөзсіз.
Айтса айтқандай, Серікханның шәкірттері өз қолымен жасаған бұйымдарын қолымызбен ұстап көргенімізде, көздің жауын алғандай тамаша туындылар оқушылардың еңбек үдерісі барысында әсемдікті терең сезініп, сырына қанығып, қолдарының едәуір жаттығып қал­ған­дығын байқадық. Сезіну, ойлау, саралау, іздену қабілеттерінің күннен-күнге дамып келе жатқандығын аңғартқандай. Қандай бұйымды жасамасын олардың өз беттерінше шапшаң және дұрыс шешім қабылдауға төселгенін пайымдадық.
– Мамандығым бейнелеу өнері болғандықтан, көп жылдардан бері қазақтар балаларын бесікке неге бөлейді деген ой мені толғандыратын. Содан кейін ағаштан әр алуан бесіктер жасап, балаларға үйретіп жүрдім. Өзім де қолы шебер көп ақсақалдардың алдынан өттім. Газет-журналдардан, кітаптардан бесік жайлы мақалалар қарап іздендім. Уақыт өте келе оның шешіміне жеткен сияқтымын. Келешекте бесік жайлы зерттеулерімді жинақтап, кітап етіп шығарсам деген ойым бар,-деп Секең бесіктің пайдасы жайында көл-көсір әңгіменің сүрлеміне түсіп, біздің білеміз деп жүр­генімізден білмейтін тұстарымыздың мол екендігін қарапайым мысалдармен-ақ дәлелдеп берді.
Серікхан Мәдіғалиевтің «Күн­шуақ – болашақ мектебі» бағдарламалы кешен жобасында бейнелеу өнері, қол өнері, ұсталық өнері, қыздар шеберханасын түгел мектеп ауласына орналастыратыны бар. Ондағы ойы мектеп айналасында, мектептен тыс мекемелерде тәрбие жұмыстарын этнопедагогика негіздеріне сүйене отырып, ғылыми жаңалықтардың соңғы жетістіктерімен жабдықтай отырып ұйымдастыру. Пән сабақтарының, қосалқы қызмет түрлерінің пәрменділігін ұлтымыздың талай ғасырдан қалыптасқан үздік үлгілерін пайдаланып, халықтық педагогиканы бетке ұстай отырып жүзеге асыру. Бұл – Серікхан Қожаханұлының ұстанған темірқазық бағыты. Ұлағатты ұстаздың ұлттық мектептердің өрлеу кезеңі алда деп білетіні сондықтан. Ұлттық идеямен, ұлттық дәстүрмен, ұлттық тәрбиемен сусындаған оқушының санасы сергек, жады алғыр, ал білім сапасы анағұрлым көш ілгері болатындығына сенімді. Тіл, діл, дін – ұлтты ұйыстыратын үштаған. Атакәсіпті бойына молынан сіңірген ұстаз байламы осы.

Технология пәнінің
төрт құбыласы түгел ме?

Солайы солай-ау. Алайда Қа­зақ­стан­дағы білім саласындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу реформасы­ның тасасында сурет салу, сызу, технология, тағы басқа пәндер қалып қойып жатқаны және өтірік емес. Мектеп басшылары ертеңгі күні ҰБТ-дан төменгі баға алып, рейтингінің төменгі сатысынан көрінбеу үшін оқу бағдарламасында негізгі пәндерді баса назарда ұстап келе жатқаны ақиқат. Егер сызу, сурет салу, технология пәндеріне Қазақ­стан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен оқу бағдарламасы бойынша сурет сабағы 5-сыныпта аптасына 1 рет қана жүргізілсе, сызу пәні 9-сыныпта жыл бойы бар-жоғы 34 сағат қана оқытылады, ал технология пәні де 5-10-сыныптар аралығына аптасына 1 рет өткізіледі.
Бұл – Қазақстан келешекте өзінің ауыр және жеңіл өнеркәсіп мамандарын, теміржолшыларын, конструкторларын, ұшқыштарын, сәулетшілерін, кеме жасаушыларын, машина, станок, жиһаз құрастырушыларын мектеп қабырғасынан дайындауды мүлдем ұмыт қалдырып келе жатыр деген сөз. Сурет салуды білмеген оқушыдан ертеңгі күні қандай дизайнер шығуы мүмкін немесе мектепте сызу пәнін дұрыс оқымаған студент шетелдің беделді оқу орнын тәмамдаса да оның білікті конструктор, құрылыс саласының жетік маманы, ой-қиялы жүйрік сәулетші болып қалып­тасуы екіталай. Қарапайым мысалмен айтқанда, мек­теп­тің шеберханасында жаттықпаған бала ше­гені қа­лай қағып, балтаны қолға қалай ұстауды білмейді.
Кеңес Одағы тұсындағы түрлі техникалық үйірмелер мен оқу-тәжірибе комбинаттары бүгінгі таңда күн тәртібіне өздері-ақ сұранып тұр. Компьютер заманы дегенімізбен, еліміздің сан алуан саласына мамандарды мектеп қабырғасында бағыттап дайындамаса, ендігі алдағы он жылда техника саласына қатысты мамандарды түгелдей дерлік шетелдерден шақыртатын боламыз. Білім саласындағы реформа соған алып келе жатыр.
Бұл – жеке менің ғана емес, сызу, сурет салу, технология пәндері мұғалімдерінің пікірі. Керек десе жанайғайы. Әзірше оған құлақ асып жатқан бір пенде жоқ.
Жапония мен Израиль сияқты мемле­кеттердің басқалардан көш ілгері озық кетуі, сайып келгенде балабақшадан, одан соң бастауыш сыныптан оқушының қабілет-қарымына қарай ұлттық дүниетанымына сай білім беріп, бағыт-бағдар көрсетуінде жатыр. Қазақ елінің білім саласы сол көшке ілеспейінше айы оңынан тумайды. Түптеп келгенде «Мәңгілік Ел» идеясының негізі осыған тұжы­рымдалуы керек.

Зарықан ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.