Ызғырықтағы жылу

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жұртты ұлардай шулатып, намыстыларды тулатқан 1986 жылғы 16 желтоқсандағы бар-жоғы 18-ақ минутта сол кездегі Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың тағдырын шешкен Пленумы жүріп жатқанда біз Алматыдағы Ленин даңғылы (қазіргі «Достық» даңғылы) мен Абай даңғылының  қиылысындағы (төменгі жағы) Саясат үйінің үлкен залында Республикалық кітапқұмарлар қоғамының жиналысында отырғанбыз. Сағат он жарым шамасында төралқа столында отырғандар бір-бірімен сыбырласып, дабырласып, қозғалақтасты да кетті. 

Залдағылардың арасынан:
– Бұларыңыз не құпия, бізді де құлақтандырыңыздаршы! – деген дауыстары естілді. Аз-кем кідірістен соң Республикалық Кітапқұмарлар қоғамының төрағасы Жекен Қалиев орнынан көтеріліп, қазір ғана Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің кезектен тыс Пленумы өткенін, онда Д.Қонаевты орнынан босатып, Орталық Комитеттің бірінші хатшысы қызметіне Г.В.Колбин сайланғанын хабарлады. Лық толы зал ішіндегілер орыс-қазағы (орыстары басымдау) гуілдесе қозғалақтасып барып, орталарынан бірен-сараны қол көтеріп: бұл жиынның енді мәні бола қоймайтынын айтып, мәжілісті таратсақ деген талап-тілек қойды. Жиын тоқтатылып, біз екі-үш адам Л.Брежнев алаңына қарай (қазіргі Республика алаңы) аяңдадық. Алаңдағы Трибунаның арғы жақ, бергі жағына қара-құрасы мол тобыр-тобыр адамдар жиналып қалыпты. Бір тобырдың ортасында дауыс күшейткіш құралмен:
– Әр ұлттың өз басшысы, өз көсемі болуы керек. Оны кезінде күн көсеміміз Лениннің өзі де айтып кеткен. КОКП Орталық Комитетінен барлығымыз жабылып, соны талап етуіміз қажет. Барлығымыз бір адамдай жұмылайық! – деп малақайын баса киіп ұрандап тұрған сол кездегі заңгер жас жігіт, қазіргі Қазақстан Республикасы Мәжілісінің ­депутаты Нұртай Сабильяновты байқап қалдым.
Алаңға қайтып оралдық. Қа­сымда құда балам Бағдолла ­Сма­ғұлов бар. Адамдар бағанағыдан да көп жиналыпты. Орталық Комитет ғимараты жақтағылардың арасынан өнер қайраткерлері Әзірбайжан Мәмбетов пен Тұңғышбай Жаман­құловтарды көзіміз шалып қалды. Ана тұс, мына тұстан жастар ағылып келіп жатыр. «Лениндік ұлт саясаты жасасын!» деген ұранды әлсін-әлсін айғайлаушылар да, қызыл матаға үлкен ғып жазып алып бірнеше адам керіп ұстап жүргендер де бар.
Бұл кезде рәзіңке шоқпар ұс­таған милициялар да алаңда көбейе бастаған. Күн суықта қашан­ғы жүреміз. Үйге қайттық. Дегенмен, көңілімізде сол жұртшылық жи­нал­ған жаққа алаңдау басым. Сағат кешкі ондар шамасында тағы бардық. Алаң адамдарға толған. Әр бұрышқа үлкен-үлкен прожекторлар орнатылып тастапты. Басқа жарықтар да айқыш-ұйқыш тіл­гілейді. Ақын-жазушылар да, өнер саңлақтары да жүр. Бәрінің айтатыны:
– Қонаев халыққа не жамандық істеп еді? Оны орнынан себептен себепсіз неге босатты? Ал жарайды, оны орнынан бостқанның өзінде Қазақстанды басқаратын басқа қазақ табылмағаны ма? Со-о-нау Ресейдің бір бұрышынан алып келген ­Колбин деген кім? Мына саясат қазақ ұлтын көзбе-көз басыну ғой. КОКП Орталық Комитетінің бұл шешімі ұлтымыздың сүйегіне таңба ғой.
– Қазақ тіліне бұғау салып, қазақ мектептерін көбейтуге мүм­кіндік бермей отырғандары аз бол­ғандай, ұлттық кадрларға ауыз салғандары не масқара? Ел басқаратын ағаларымыз да, жастарымыз баршылық қой. Бұл – қазақты басыну. Оған көнбеуіміз керек, – дейді анау бір шаштарын желкелеріне түйіп алған қыздар. Сөйтіп ерсілі-қарсылы жүргенімізде ботасынан айырылған інгендей аңырай боздап, самай шаштары басына байлаған орамалынан жалбырап шығып кеткен бір апа келді. Жастар қоршап алды. «Әр ұлттың өз көсемі болуы керек» деп айғайлаған баласын милициялар ұстап алып, соққылап өлтіріп, үйлеріне кіре беріске апарып тастапты.
– Баламды қыршынынан қиятындай оның не жазығы бар? Енді қайттім-ау!.. – деп аңырайды сай-сүйекті сырқыратып. Жастар орталық мінберге көтеріп шығарды. Қолына дыбыс күшейткіш берді.
– Жазықсыз баламның өліміне кім жауап береді? Мыналардан сақтаныңдар, қарақтарым. Мал екеш малдың да сұрауы болмаушы ма еді… Қайттім-ау, қайтейін!..
Алаңды кесіп өтпек болған жеңіл машиналарды жігіттер жағы «тәртіпке» келтіріп жатты. Тоңған соң қайттық.
Ертеңінде жұмысқа ­баруын барғанмен, байыз тауып отыра алмадым. Ақыры кеттім. Алаңды милициялар қоршап алыпты. Ана жақтан, мына жақтан ағылып келіп құйылып жатқан қыз-жігіттерде сан жоқ. Көше-көшелердің бойында милициялардың бақылауларымен сап түзеп жүргендер де мол. Қол­дарында ұран.
– Бойларыңда қазақтық намыс­тарың бар болса, алаңға жина­лыңдар. Қазақстанды басқаруға қа­зақ басшысын қоюды талап етеміз, – деп айғайлады жас қыздар.
Алаң адамға лық толған. Сыртынан қарасаң бейне бір толқыған теңіз дерсіз. Біз де соған келіп «сүңгідік». Орталық Комитетінің ғимаратына әртүрлі талап-тілектермен барамыз деген көптеген қайраткерлерді, зиялы қауым өкілдерінің милициялар жолын кесіпті. Жұрт арасында жастардың көкейіндегі ойларын жеткізуге бармақшы болған Кеңестер Одағының Халық артисі, көрнекті режиссер, Әзірбайжан Мәмбетов пен Республика халық артисі Тұңғышбай Жаманқұловты милициялар бастарын жарып, соқ­қыға жығыпты деген дақпырт бұрынғы «коммунизм елесіндей» алаңдағыларды кезіп жүр. Милициялар қол ұстасып шынжыр (цеп) жасауға көшкен. Қабақтарынан қар жауады, жақындап кетсең, ауыз­дарында бейпіл сөз. Қысқасы… саяси билік пен халық – жи­налған жастар арасына жік түсіп қана қоймай, жарқабақ пайда болғандай. Орталық мінберге шығып, жиналғандарды «ақыл» айтып, беттерінен қайтарғысы келгендер болған екен, оларды биліктегілерге өз сөздерін тыңдата алмай ашынғандар мінберден тас лақтырып қуалап шығыпты. Рәзіңке шоқпарлылар қарсыласқандарды қолдарындағыларымен аямай салып қалады. Алаңға жақын маңдағы Ауылшаруашылығы институты мен Зоотехникалық институтының жатақханаларындағы студенттерді есік, терезелерінен шығармай, қамап тастапты. Жатақхана кіреберіс­теріне декандары бастаған ұстаздардан кезекшілік қойылған. Сол күні кешкісін милициялардың қозғалмалы пункт машиналары мен тағы да басқа жабық, брезент қорапты машиналар алаңның шетқақпайындағы, соған жақындау көшелер бойындағы қыз-жігіттерді ұстап, тиеп алып, «тәртіп бұзды» деген сылтаумен милиция пункттеріне апарып қамай бастаған.
Ертеңінде таңертең қызмет орнына басымды бір көрсетіп қойып, тағы да Брежнев алаңына тарттым. Абай даңғылымен автобуспен келіп, Күләш Байсейітова көшесімен жоғары көтерілгеннен-ақ құлаққа айқай-шу етілді. Бір-біріне ұқсас, ансамбль құрып тұрған он алты қабатты биік екі ғимараттың қақ ортасымен келіп, Фурманов көшесі жағындағы ғимараттың алдында болып жатқан апай-топай шайқастың үстінен шықтым. Кешегі милициялар шебін мұздай қаруланған, қолдарында темір қалқандары, бас­тарында темір каскалары бар солдаттар ауыстырыпты. Одан ары БТР әскери машиналары ұңғыларын халық жүрген жаққа қаратып, үрей шашып, қаз-қатар тізілген. Біз келердің алдында алаңдағы жастарға су тасымалдайтын машинаның шлангасымен су шашып кетіпті. Қыз-жігіттердің үстеріндегі киімдері мұзқұрсауланып, шаштары сүңгілене қатып қалған. Жер беті көк мұз. Биік ғимараттың қабырғаларындағы граниттерді жұлып-жұлып алады да көк мұзды тағандарға ұрып-ұрып сындырып, сынықтарын солдаттарға жапа-тармағай атады. Олар шегіне қашады да, таспен ату саябырсығанда ұл-қыздарға қарай қол шоқпарларымен лап қояды. Су тасушы машиналардың бір-екеуі алаңның әр тұсында өртеніп жатыр. Палаткалы машиналар мен қозғалмалы милиция машиналары қара маскалы, қара киімді солдаттардың көмегімен жолдарында кездескендерді ұрып-соғып тиеп алуға ашық кіріскен. Алаңда композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әндерін шырқай жүріп:
– Біз қазақтың қыздарымыз. Қазақстанды қазақ басқаруы керек. Ұлтымыз үшін, ұлтымыздың Рухы үшін жанымыз пида! – деп қайрат көрсетіп жүргендердің басым көпшілігі – он сегіз бен жиырма үш жас аралығындағы қыздар. Алған беттерінен қайтпайтын қайсар, тұла бойларын мұз құрсап, қатал аяз сорып жүрсе де олардың тартынбайтын сіріжанды екендерін бірінші рет көруім. Сүйсіндім де, екінші жағынан аядым. Бәрі де сөз тыңдаудан қалған. Тек ішкі жан-дүниелеріндегі бұлқыныстарын орындамай тынбауға бекінген. Қол жетер биіктіктегі гранит тақталарды жұлып, сындыруға мен де кірісіп кеттім. Арамызда өзге ұлттың өкілдері де жүр.
– Жігіттер, безбүйректік танытсаңдар, өздеріңді де таптап кетеміз, – деп айғайлады қыздар. Қо­лым­да көнетоздау бес саусақты қолғабым бар еді, беті, қолы домбығып кеткен бір бойжеткенге бердім. Шайқасымыз біраз уақытқа жалғасты. Түске таяу қайта-қайта тексеру жүргізіп жатқан қызмет орныма бас көрсетіп қайтуға асықтым. Қайта келсем, қыз-жігіттерді қара маскалы қара киімділер соққыға жығуды бастапты.
Түстікке қайттым… Кабинетте де көңіл-күйіміз аласапыран. Аралас ұлтты болғандікі ме, бір-бірімізге күдіктене қарайтын секілдіміз. Қазақтар бір-бірімізбен сөйлесе бастасақ, орыстар байқатпай құлақ түреді. Бұл ортаға да жік түскен. Бәріміз де кешкі сағат алтыны тағатсыздана күтудеміз.
Қызметтен шыға сала алаңға келсем, жақындатар емес. Ойбайлап, құлын да құлыны шыға шыңғырған қыз-жігіттердің даусы. Оған абалаған қасқыр иттердің дауысы қосылған. Алаң айналасы қып-қызыл қан. Бірінің соңынан бірі қатарласқан брезент бүркеулі машиналардың үстінде де соғыс. Қасымдағы құда балам Бағдолла екеуміз Абай даңғылын жоғарылай қаштық. Тұра қуған милициялар өздері бір-бірлерімен соғылысып, тайғанап жығылмағанда, күніміздің не боларын бір Құдайымның өзі білсін. Сейфуллин даңғылы болуы керек, бір көшемен тағы Сәтбаев көшесіне жақындап едік, алдыңғы жағы әйнекті азық-түлік магазині қиратылған екен. Оның арғы жағындағы көшемен тағы Сәтбаев көшесіне шықсақ, жан сауғалап тым-тырақай қашып жүргендер баршылық екен. Кімнің иектегенін білмеймін, Сәтбаев көшесімен құлдилай жан ұшыра безектедік. Төңкеріліп жанып жатқан бір-екі жеңіл машинаның жанынан өттік. Жоғарыдан келіп тоқтай қалған жабық машиналар артқы есіктерін ашып, қасқыр иттерді тағы жіберді. Жанымыз зәр түбіне жетті. Сәтбаев пен Мир көшесінің қиылысындағы телевидениенің ескі ғимаратының жоғарғы жағындағы алып ағаштың түбіне құшақтаса құладық. Жүрегім аузыма тығылды. Зар еңіреп, сүрініп, қабынғандардың дауыс­тары қорқынышқа қорқыныш қосады. Тасыр-тұсыр аяқтар дыбысы, шынжырларын сүйреткен ит арсылы тым-тым жақындап қалған. Қос борбайдан жұлқи сүйрелер абалағандар да жетті, міне. Үніміз өшіп, көзден жас қана парлайды. Әншейінде қадірін білмейтін қу жан қандай ғана тәтті едің!.. Көз алдындағыларды өкшелесе керек, ит арсылы тал түбінен жанап өтті. Құшақтасып құлап жатқан біздерде қимыл да жоқ… Абалағандар алыс­тай берді. Аяқтар тасыры да солармен ілесіп барады. Көзімді сығырайта қимылсыз ашсам, қардың үсті қан. Қанның үстінде біз. Қорқыныштан денем қалшылдап барады. Көз жасым одан әрмен парлады. Дәрмен жоқ… Сәлден соң ес жиғандай болдық. Құда баламыз екеуміз Мир көшесімен төмен қарай аяғымыз аяғымызға тимей зымырай жөнелдік. Көшенің оң жақ жол үстінде бір ақ «Волга», бір «Жигули» машинасы төңкеріліп жатыр. Құдай оңдағанда тәртіп сақшыларынан ешкім қарсы жолыға қоймады.
Пәтерге бас сұққаным сол еді, Ауылшаруашылығы институтының (СХИ) дайындық курсында оқитын екі інім Бауыржан Смағұлов пен Қайрат Кіршібаев қамалып қалыпты деген «суық хабар» алдымнан қарсы шықты. Такси ұстап Фрунзе аудандық милиция бөліміне тарттым. Зар жылап біраз адамдар жүр. Милициядағылар танауларын көкке көтеріп, жауап берер емес. Жалынып-жалбарынуға тура келді. Іздеген бауырларымды таптым. Декандары доцент Қайырбек Сабантайұлы Жаңабаев та солармен бірге болып шықты. Ол кісінің партиялық билеті қалтасында екен. Сол партбилеттің «шапағаты­мен», тағы басқа да қолдан келген әрекеттерді жасай жүріп, түнгі сағат үштерде екеуін де қамаудан шығарып алдық.
Жағдай былай болған екен.
СХИ-дың жатаханалары кө­теріліс болып жатқан орталық Брежнев алаңына тым жақын орна­ласқан. Қара киімділер мен қара маскалылар жатақханалардағы күзетші мұғалімдерге күш берместен басып кіріп, балаларды зәбірлеп, қыздарға тиісе бергендіктен инс­ти­тут әкімшілігі ақылдаса келіп, барлық жатақханаларға есік, терезелеріңді мықтап бекітіп алың­дар да, бөлмелеріңдегі электро­шайнектеріңді токқа қосып, қай­натып қойып, бұзақылық көрсеткен қаракиімділерге аямай шаша беріңдер деген астыртын кеңес беріпті. Сол «қамауда» екі күн шы­даған студенттер үшінші күні ашыға бастайды. Оларды аштықтан құтқарудың жолын ойлаған Қайыр­бек Сабантайұлы іштеріндегі ересек деген Бауыржан мен Қайратты ертіп алып, Абай даңғылы мен Ленин даңғылы қиылысына жақын «Самал» гастрономынан екі қап нан сатып алып, оны екеуіне арқалатып қайтып жатақханаға жақындай бергенде жабық машинамен жүрген милициялар үшеуін де ұстап, шоқпарларымен ұрып-ұрып машиналарына тиеп алып, милиция бөліміндегі бұзақыларға қосып, қамап тастаған. Қай­рекең партбилетін қолтықтап, пар­тия комитетіндегілерге ағынан жа­рыла арызданып жүріп өзін-өзі құт­қарды. Екі студентті оқудан шығарды.
Арада екі күн өткен соң Ауыл­ша­руа­шылығы институтының сол кездегі ректоры Б.П.Шахқа бардым. Қасымда, әрине, Қайырбек Жаңабаев бар. Өтініш-арызымды көңіл қоя тыңдады. Қайсыбір тұстарын Қайрекеңнен де қайталап сұрады. Көтерілісшілер арасында өзімнің де болғанымды жасырмадым. Қоғам тарапынан болған, өз көзіммен көрген әділетсіздіктерді де жасырмай айттым. Басын шайқап отырып тыңдады. Хатшы қызына дәліздегі «Хабарландыру» тақтасында ілулі тұрған студенттер Қайрат Кіршібаев пен Бауыржан Смағұловты «бұзақылықтары» үшін оқудан шығарған бұйрығын алдырып, көз алдымда қақ бөле жыртып, оқудан заңсыз шығарылғанын айтып, ертеңнен бастап оқуға қайта қабылданғаны туралы бұйрық жазып әкелуін көмекшісіне тапсырды. Екі бауырым оқуларын қайта жалғастырды. Қазір екеуі де жұртшылық құрметіне бөленген қызметкерлер.
Ректор Б.П.Шах бір айдың ішінде институт бойынша қазақтың он екі қыз-жігітін «бұзақылықтарынан» ақтап, оқуға қайта қабылдағанын інішектерім айтты.
Сөйтіп, Б.П.Шах Желтоқсан ызғырығы кезінде қазақ жастарына азды-көпті жылу берген еді.
…Мені студенттік кездің екінші курсынан бастап «шырмап» жүретін үш әріптің (КГБ) адамдары болатын. Әрі өздері бір жарым, екі жыл сайын ауысып, келесілеріне табыстап кетеді. Бір қызығы олар менің қай жерде, қай уақытта (сағат, минутына дейін) кіммен не деп сөйлескенімді, біліп тұрады. Шіркін-ай, деп жүретін жақсы бір жерлерге апарып «құрметтеп» отырғызып қойып, әдебиеттің, мәдениеттің, өнердің, тарихтың не бір мықты майталмандары туралы жағымсыз арыздар жазуға итермелейді. Бас тартамын. Байқап жүруім қажеттігін ескертіп, сақтандырады. Егер олармен келісімге келіп, дегендеріне көнсем, «алтын балық» қолымда болады екен. Ақысыз, пұлсыз, еш кедергісіз барып, қайсыбір шетелдегі әдебиет, мәдениет өкілдері туралы да «жазуы­ма» жол ашылатын көрінеді.
Тағы да сол «қамқоршыла­рым­ның» қолына мықтап түстім. Алаңда түсірілген фотосуреттер «сөйлейді». Мен соларды жазып беруге тиіс екенмін. Қасымдағылардың «бұзақылықтарын» айғақтауым қажет. Бұл әрекет менің «адалды­ғымды» дәріптейді. Осы «тәрбие» мені 1991 жылға дейін «әлпештеген» еді.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.