«Балатайдың» базарлықтары

Дана халқымыз төрт түліктің қадір-қасиетін ерекше бағалаған және олардан алынатын барлық өнімді кәдесіне жарата білген. Күнделікті тұрмысында малдың етін, сүтін азық етсе, ал терісі мен жүнін киім-кешек тігуге, үй жабдықтарын жасауға пайдаланған. Бұл тарих парақтарынан мәлім және бала күнімізде шет-жағасын өзіміз де көрген едік. Кейіннен заман ағымына ілесіп, қоғамда бұл құнды дүниелер аздап ұмыт қала бастағаны да рас. Алайда қазіргі таңда осы табиғи таза өнімдердің артықшылығын әспеттеп, қайта жаң­ғыр­тып, жаңа қырынан байқатып, бүгінгі уақыт талабымен байланыстырып, ұлттық салт-дәс­түрі­міздің ұмыт қалмауына барын салып, қазақы қолөнерді дамытуға күш салып жүрген жан­дардың қатары артып келе жатқаны қуантады. Солардың бірі ғана емес, бірегейі ретінде ауданы­мыз­дағы «Балатай» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күлән Жанғұттыны ерекше атаған орынды.

Бұл кісі 2001 жылдан бастап аталған ұйымды құрып, қойдың жүнінен қаншама керемет дүние жасауға болатынын сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеп жүрген қазақ өнерінің жанашыры. Оның қолынан шыққан сан түрлі дүниелерге, шиге басылған киізге, оюланып, өрнектелген киімдерге, әр алуан пішіндегі сыйкәделерге қарап тамсанбау және таңғалмау мүмкін емес! Себебі олар нағыз табиғи таза өнім және қаншама уақытты алатын қол еңбегінің жемісі. Бірақ бұл туралы сәл кейінірек, алдымен Күлән апайдың өзі жайында аздап ақпарат бере кетейік.5a3e2c73c6614ef1c1b7a74ddb7f6012_big
Күлән Жанғұтты 1950 жылы Мойынқұм ауданында туып-өсіпті. Орта мектепті тәмамдаған соң 1969-1974 жылдары Ураинадағы халық қолөнер техникумын бітірген. Кейіннен, Жамбыл пединститутында сырттай оқып, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алып шыққан. Еңбек жолын Тараздағы Мұғалімдер үйінде қолөнер үйірмесін жүргізуден бастаған.
Жалпы, қазіргі ісіне деген қызығушылығы сонау бала кезден басталған. Оған бүгінде есімін өзі ашқан қоғамдық бірлестікке айдар қылған әжесі Балатай да үлкен ықпал еткен. Ол өзі тұрған өңірде ісмерлігімен, шеберлігімен кеңінен танылған адам екен. Әжесінің қолынан шыққан әсем дүниелерге сүйіспеншілігі ерекше немересі қасында жүріп олардың жасалу жолдарын да байқап, байыптап, санасына сіңіре беріпті. Әрине, ол кезде балауса қыз есейгенде өмірін өнердің осы түрімен өретінін мүлдем сезбеген де шығар…
1980 жылы шебер отбасылық жағдайымен қасиетті Қарасай ауданының Райымбек ауылына қоныс аударып, осындағы К.Әзірбаев атындағы орта мектепке технология пәні мұғалімі болып орналасты. Мұнда да бар білгенін өскелең ұрпақтың бойына дарытып, әсіресе, қолөнерге құмартқан қыз балаларды қойдың жүнін іске жаратудың қыр-сырына қанықтырудан жалықпай, олардың жасаған әрбір бұйымына өз еңбегінің жемісіндей қарап, оқушыларының құлшынысы мен талабын одан сайын шыңдап, жігерлендіріп, әртүрлі жарыстарға, жәрмеңкелерге қатыстыруды қолға алған. Ауданда, облыста ерекше көзге түсе бастаған дүниелерін біртіндеп халықаралық көрмелерге де шығарды. Алғашында, сондай көрмелердің бірінде Күлән апай қырғыз ағайындарымыз жайып қойған бұйымдарды көріп қатты таң­ға­лыпты. Бір жағынан бұл оған қамшы болып тигендей әсер беріп, өзгелер осындай жақсы заттарды жасағанда, маған неге бұданда асырып жасамасқа дегендей ой түйіп оралыпты. Әріптестерімен тәжірибе алмаса жүріп, уақыт өте келе осы мақсатын да жүзеге асырды. Көптеген байқауларға барын сала дайын­далып, білімі мен білігін, ұшқыр қиялы мен төзімділігін ұштастыра отырып жасаған жақсы дүниелерін жарқыратып тұрып ұсынып жеңіс тұғырынан көріне де бас­тады. Оған дәлел болатын диплом, грамота, сертификаттарының өзі бір құшақ. Мысалға, 2008 жылы «Қазақстандағы қолөнер кәсібінің дамуы және жандануы» атты халықаралық конференция аясындағы жәрмеңкенің жеңімпазы, «Шебер – 2010» екінші қазақстандық байқауының жеңімпазы, осылай тізбектеліп жүре береді. Тек өз елімізде ғана емес, шетелдердегі жиын, жарыс, басқосулардан ол ешқашан бас тартып қалып көрген емес. Керісінше, олардың әрқайсысына жаңашыл идеялармен, үлкен ықыласпен аттанады. Күлән апай, әсіресе, өзінің 2008 жылы Қытай еліндегі Хуанжоу қаласында өткен халықаралық Ассамблея жиынына қатысқанын үлкен мақтанышпен әңгімелейді. Ол кезде мұнда төрткүл дүниеден қолөнердің хас шеберлері жиналыпты. Сонда алған әсері әлі есінде және сол жерде білген-түйгені бүгінде керегіне жарап жатыр. Мұнан кейін Өзбекстан, Түркия, Үндістан, Малайзия, Франция сияқты елдерде де бір емес, бірнеше реттен көрмелерге қатысып, қазақ елінің атын шығарып, салт-дәстүрін, тарихын, қолдан жасалған бұйымдарын кеңінен насихаттап жүр. Осы орайда, бұның барлығына Күлән апай мүшелікке қабылданған Қазақстан қолөнер шеберлерінің одағы үлкен қолдау әрі себепкер болып отырғанын да айтқан орынды. Оның ықпалымен қазір ел нарығында «Balatai» деген жаңа бренд те жарқырай шықты. Одақтың негізгі мақсаты да сол – елімізде және шетелде қолөнер шеберлерінің дәрежесін көтеру, бәсекеге қабілеттілігін арттыру, болашақ жас буын үшін ұлттық рухани және мәдени құндылықтарымызды сақтау мен дамыту. 3-2
Жоғарыда айтқанымыздай, қол жеткізгенін қанағат қылып, бір орында тұрып қалу кейіпкерімізге тән қасиет емес. Керісінше, шеберханасындағы істің тоқтаусыз жалғаса бергенін жаны қалайды. Шеберхана демекші, Күлән апай 2009 жылы Жамбыл ауданының Үңгіртас елді мекенінде жүнді өңдеп, одан түрлі бұйымдар жасайтын арнайы орын ашқан. Жергілікті алты әйелді жұмысқа қабылдап, алдымен оларға істің мән-жайын түсіндірді. Қыр сыры көп жіңішке істі бірден дөңгелетіп әкету де оңай емес әрине, оған ең алдымен төзім, ептілік, шыдамдылық керек.
– Қойдың жүні деген керемет дүние ғой, – дейді өнер иесі бізбен әңгімесінде. Оны өңдеген сайын түрленіп, құлпырып сала береді. Біздің осы жүннен жасаған бұйымдарымыз экологиялық тұрғыда өте таза, өйткені ол табиғи шикізаттан жасалады. Қой жүнін осындағы мал­шылардан сатып аламыз, оны жуып, тазалап әртүрлі түске бояймыз. Бұл үшін химиялық бояу­­ларды қолданбаймыз да. Өйткені кәдімгі пияз, анар сияқты жеміс-жидектердің қабығын, далада өсетін ермен, адыраспан, рауғашты пайдаланып жүнді ерекше түске енгізіп аламыз. Сол себептен де біз жасаған киімдердің адам денесіне ешқандай зияны жоқ, керісінше, қой жүнінің қасиеті сақталып, жылы әрі денсаулыққа пайдалы болады.
Ол өз кәсібі жайында сондай сүйіспеншілік­пен әңгімелейді. Өйткені шын жүрекпен істеген жұмыс қана сәтті шыға­тынына сенімді. Ал сәтті шыққан әр бұйымы оған шек­сіз қуаныш сыйлап, көңілін көкке көтеріп тұрады. Айтпақшы, оларды арнайы тапсырыс беріп жасатып, іздеп келіп қолқа салатын тұтыну­шылар да бар. Бұдан бөлек, кейбір туристік компаниялар да қызығушылық танытып, туристерін алып келіп дәстүрлі киіз басу үрдісін тамашалайды екен. Бұл кездері қазақ салтының қаймағын қалқи білетін апайымыз барын салып, ұлттық өнерді насихаттап ала жөнелетін көрінеді.
Міне, соңғы екі жыл қатарынан Күлән Жанғұтты Алматы облысы әкімінің грантына ие болып келеді. Бұл бір жағынан үлкен қуаныш, екінші жағынан жүгі үлкен жауапкершілік те. Сондықтан да артылған сенімге селкеу түсірмей үнемі тынымсыз тіршілік үстінде жүреді. Аудандағы оқу орындарына барып семинарлар өткізіп жас буынды жаңарып жандана түскен атакәсіпке баулиды, ауыл әйелдерінің де басын қосып киіз басуды, жүнді пайдаланып бас киімнен бастап аяқ киімге дейін тігуді үйретеді. Әрине, бір нәрсені біліп, көкейге түйген ешқашан артық етпесі анық қой. Оларды жасап сатып пайда көрмесе де бір-бір үйдің аналары отбасы мүшелерін қалпақ, бөкебай, күртеше, шәркеймен қамтамасыз етсе де, тіпті артық қалып жатса сыйлық ретінде ұсынса да әбестігі болмас. Мысалы, Күлән апай солай етеді, немерелері әжелерінің өз қолымен сәндеп, тігіп берген киімдерін тастамай киеді, ал сыйлас адамдары үшін өзгелерге ұқсамайтын қонақкәдесі әрдайым дайын.
Бір таңғаларлығы, апайдың жолдасы Темір Бегімбет те нағыз шебер адам екен. Ағаштан ойып тұрып жасаған туындылары мен үй жабдықтары көздің жауын алады. Сондықтан да бұл кісілердің шаңырағына енгенде бір мұражайға тап болғандай әсерге бөленесіз. Ал екеуінің тәрбиелеп өсірген екі қызы да заңгер, отбасылы. Ұлы Бектемір келіні Үмітпен бірге ата-анасының қолында тұрады. Ұрпақтарынан өрбіген сегіз немере ата-әжесінің көз қуаныштары.
Жақында Күлән Жанғұтты Ақтөбе қаласында өтетін ауқымды көрмеге шақырту алыпты. Бүгінде соған қарқынды дайындық үстінде. Әсіресе, жібек пен жүнді үйлестіре отырып түрлі киім үлгісін ойластырып, шеберлігін шыңдауда. Сондай-ақ ол қазір бар күш-жігерін, уақытының көпшілігін ерекше бір өнер ордасын ашуға жұмсап жүр. Іргелі ауылынан алған жер теліміне үлкен қылып бір ғимарат тұрғызбақшы. Сол жерде көрме залын, шеберхана және балаларды икеміне қарай әртүрлі өнерге баулитын үйірме ашуды армандайды. Жақсылап ойлас­тырып, жобасын да сызып қойған, қажетті құжаттарын жинақтауға кірісіп те кеткен. Барлығы ойдағыдай жүзеге асатын болса бұл бір тамаша бастама болары сөзсіз.
Күлән Құсайынқызы бүкіл әлемнің назары ауып отырған «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне қатысудан да үмітті.
– «ЭКСПО – 2017» – мемле­ке­тіміздің мығымдығын, еліміздің еңселілігін, ойымыздың тереңдігін, халқымыздың қонақжайлылығын, айналып келгенде ұлттың ұлылығын көрсететін тұс екені анық, – дейді дарын иесі. – Егер оған қатысу мүмкіндігі бұйырса, бұл мен үшін үлкен мәртебе болар еді. Қазір Қазақстан қолөнер шеберлері одағына іріктеу жүргізуде. Қой жүнін өңдеп, іске жаратып, тың дүние жасап жатқандар бар болғанымен, онша көп емес қой. Сондықтан да осы әлемдік көрмеге қатысудан үміттімін және дайындалып жүрмін. Жалпы, мақсатым да сол, халықаралық нарыққа шығу. Жақында Елбасымыздың күш салуымен мемлекетіміз дүниежүзілік сауда ұйымына кірді ғой. Бәлкім, бұл кәсіпкерліктің өзге түрімен айналысушылар үшін қиындық туғызатын шығар, ал біз сияқты өнер адамдары үшін керісінше талабымызды ұштап, шеберлігімізді арттыра түсуге қамшы болады. Өйткені қолөнер шеберлеріне шаршау, жалығу, бірсарындылық тән емес.
Тағы бір назар аударатын жайт, кейбір ғалымдардың айтуынша, көне түрікшеден аударғанда «Балатай» сөзі «жетіле беруге ұмтылу» деген мағына береді екен. Сондықтан да болар, бір орында тұрмай алға қарай талпынып, үнемі ізденіс үстінде жүру қазір Күлән Жанғұттының басты ұстанымына айналған.

Клара Көпбаева
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.