Жастардың жанашыры

Ел ішінде ұлт қамын ойлап, еңбек еткен ерлеріміз жетерлік. Қартайса да, қабілеті қарымды, тірлігі шалымды адамдар болады. Ондай азаматтардың ісі үнемі халықтың есінде. Шаруашылықты өрге сүйреп, оның түйткілін шешіп, жұмысын алға бастаған азаматтар көпшілікке ардақты. Сондай нар тұлғалы жандардың бірі, өлкенің өркендеуіне өз үлесін қосуға бар өмірін арнаған белгілі еңбек ардагері Бекболат Тұрысжанов биыл 80 жасқа толды. Бекболат ақсақалдың мәдениеттілігі, үлкенмен де, кішімен де сыйластығы, баршаға үлгі-өнеге. Ол – кеңпейілді қазақтың ардақты ақсақалы.

Әкесі Тұрысжан Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылының тумасы. Қызметіне байланысты Жамбыл облысы, Шу ауданына қоныс аударады. 1935 жылы сол өлкеде ұлы Бекболат дүниеге келеді. Тұрысжан Жамбыл, Алматы облысында жауапты қызметтерде жұмыс істеген. Бұл турасында Бекболат аға ауыр күрсініп, былай деді: «Ол 1937 жылы «жапон елінің тыңшысы» деген жалған айып­пен ұсталып, 1938 жылы «халық жауы» ретінде атылған. Әкем абақтыда жат­қанда анам кездесуге барды. Ол: «Бүгінгі түннен қалмай елге қарай көшіңдер. Қасымда жатқан жігіттердің отбасын ойрандап жатыр» дейді. Белгілі ­мемлекет қайраткері Ораз Жандосов әкеммен абақтыда бірге отырып, бірге атылды. Сол кезде 3 жаста едім, қарындасым 1 жасар, анам Дашан, атам Ақшал төртеуміз әкемнің артында зар илеп қала бердік. Әрине, ол кезде сарыауыз балапан едім. Бірақ бала жүрегім отбасында болып жатқан бір сұмдықтың ызғарлы лебін сезді. Әкемнің өтінішін жерге тастамай, анам ауылға қарай көшудің жолын қарастырды. «Жыртық үйдің де құдайы бар» демекші, Бекбосын деген туысымыз қол ұшын берді. Оның жалғыз ат жегілген арбасымен күндіз тығылып, түнде ғана жүріп, Қарақыстаққа 10-15 күнде жеттік».
Елге келген соң жақын ағайынының бір бөлмелі үйіне кіреді. Ішерге ас, киерге киім жоқ қиын жылдар. Жоқшылықтан қажыған халық – таңғы нәсіп Тәңірден деп тақұл-тұқыл аз ауқатқа қанағат етуден басқа еш амалы жоқ. Сол қиын-қыстау кезеңнен отбасын аман алып шығару үшін Дашан ана өкпе ауруына шалдыққан науқастарды емдейтін ауруханаға жұмысқа орналасады. Бірақ көп ұзамай-ақ, «халық жауының» әйелі екені жария болып, жұмыстан шығарып жібереді. Содан кейін «Октябрь» колхозының темекі алқабына жұмысқа шығады. Бала Бекболат 7-8 жасынан бастап, онжылдықты бітіргенше, анасына көмектеседі. Үлкендермен иық тірестіре жұмыс істейді. Сол бір сұрапыл уақытта
ананың басты арманы екі балаға білім мен өнегелі тәрбие беру еді. Дашан ананың асқақ арманы орындалады. Ұлы мен қызы жоғары білім алды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды.
Бекболат Тұрысжанов 1958 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірді. Атақоныстың орны бөлек қой. Жоғары оқу орнын бітірген соң еңбек жолын Ұзынағаштағы №23 Қастек училищесінде ұстаздық қызметтен бас­тайды. Бір жылдан кейін Аққайнардағы «Жаңа өмір» колхозында инженер-механик болып қызмет атқарады. Ол кезде өз қызметінде іскерлігіммен көзге түскен жігерлі жігіттерді партия қадағалап отыратын. Сөйтіп, сыннан өткізіп барып, жауапты міндеттер жүктейтін. Қашанда іскерлік пен мәселенің түйінін таба білетін алғырлық алға жетелейді ғой. Жұмыстың барлығы аудандағы басшылықтың көңілінен шығып жатты. Бекболат аға аудан өмірінің ыстық-суығына көніп, совхозды алға сүйреді.
– Жас кезімнен жаңалыққа жаным құмар еді. Өнертапқыштық қабілетімнің арқасында астықтың сабанын жинайтын «волокушка» ойлап таптым. Сонымен қатар сиырды УДС-1 маркалы аппаратпен саууды жолға қойдым. Алғашында сол аппаратты әкелгенімде сиыр фермасының бастығы Әбіке Үмбетов: «Ойбу, сиырлар үркеді ғой» деп қолданудан бас тартқан еді. Ақыры, пайдаланып көрейік деп оны көндірдім. Олар 5 күннің ішінде сол аппаратты меңгеріп алды. Бір айдан кейін аппарат бұзылып қалды, әйелдер қолмен саумаймыз деп жатыр, жөндетіп берші, мүмкін болса аппарат санын көбейтейік, деп Әбекең өтініш білдірді. Бір күні колхоздың төрағасы Алмабек Ақшаловқа жолықтым.
– Аға, балмаскарад өткізейік, маған қаржылай қолдау көрсетіңізші,– дедім.
– Балмаскарад деген не?–деді. Мен бүге-шігесіне дейін түсіндірдім. Ол келісіп, 800 сом ақша берді. Алматыдан шырша, жаңажылдық ойыншықтар мен сыйлықтар сатып алдық. Аққайнардағы ескі клубты тазалап, жылытып, безен­дірдік. Кезекші сайладым. Бір қызығы, ауылдың өңшең тентек балаларына осы міндетті артып қойдым. Олар өз тапсыр­масын мүлтіксіз орындап шықты. Ауыл адамдары мұндай мерекені алғаш көрген еді. Әрі зор ынтасымен көңілді кешті қыздыра түсті, – дейді Бекболат аға. Содан 1959 жылы Бекболат Ақшаұлы партияға өтіп, Алматы облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы болып жоғарылайды. Нәтижелі еңбек етуінің, тапсырылған міндетті тиянақты атқарғандығы­ның арқасында, қызметі өсе берді. Ол Алматы облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Амангелді атындағы колхозда бас инженер, Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас инженері, обкомда нұсқаушы, одан кейін сонда ауыл шаруашылығы бөлімінің орынбасары болып қызмет атқарады. 1969 жылы Талғар аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына ұсынылады. Осында үш жыл бойы қызмет атқарады. 1972 жылы Бекболат Тұрысжанов жаңадан құрылған Күрті аудандық партия комитетіне бірінші хатшы болып барады. Оның өміріндегі ең бір жарқын кезең осы сәттен басталды десе болғандай. Ол аудан экономикасын нығайтып, шаруашылық қарқынының артуына сүбелі үлесін, жастық жігерін қоса білді. Аудандағы мал басының көбеюіне, аудан тарихында болмаған астықтың жиналуына тікелей мұрындық болды. Бекболат Тұрысжанов бірінші хатшы болып қызмет атқарған төрт жыл ішінде Күрті ауданының экономикасы ерекше қарқын алды. Аудан тарихында алғаш рет құмды шөлейт жерден 2 миллион пұт астық жиналды. 1979 жылы «Правда» газетінде «Қазақстан жерінде еңбекте жаңа жетістікке қол жеткізілді. Отан қоймасына тұңғыш рет 1 миллиард 250 миллион пұт астық құйылды. Республиканың астық өндіретін 17 облысы астық сатудың жос­парын асыра орындады, 48 ауданның әрқайсысы 10 миллион пұт және одан да артық астық тапсырды» деген мақала шы­ғады. Мақала мәтінінде астық бойын­ша жоспарды асыра орындаған 48 ауданның бірі – Алматы облысының Жамбыл ауданы делінген. Ал бұл уақытта ауданды Бекболат Тұрысжанов басқаратын. Демек, сол жылы аудан тарихында болмаған 10 миллион пұт астық өндірілді. Осылайша табысты жылдар жалғаса берді. Күндердің күнінде Б.Тұрысжановқа «Жамбыл ауданына келетін қонақтарды қарсы алады, оларға сыйлықтар береді, баласының үйіне жылу орнатты, телефон қойдырды, анасына мрамордан кесене тұрғызды, туған-туыстарын ауданға қызметке алып жатыр, үкіметтің ақшасына қой қырқатын қора салдырды, Қарақыстаққа жол салдырды» деген жала жабылды. Бұл мәселе бюро отырысында талқыланды. «Елдің игілігі үшін жарғақ құлағым жастыққа тимей еңбек еттім. Анама күмбез орнатқаным рас, бірақ қызыл кірпіштен қаланған» дейді ол. «Онда сіз Жамбыл ауданына неге барасыз?» деген сұраққа: «Жамбыл ауданы туған елім ғой, қалай бармаймын. Бірақ аталған айыптың барлығы маған жабылған жалған жала» деп өзін-өзі ақтайды. Әйтсе де, осы бюро отырысында, «Тұрысжанов партиядан шығарылып, ісі тергеу орнына тапсырылсын» деген Қаулы қабылданды. Бұл шешімді естіген кезде есеңгіреп қалды. Өзіне жабылған жалған жала жанын жүдетті. Араға бірнеше күн салып, тергеу басталды. Сонда «ішті, жеді» дегендерін тексергенде, 1 сом 33 тиын ғана айырмашылық шығады. Бекболат аға өз ұқыптылығының арқасында сатып алынған заттарының түбіртектерін сақтап жүргені тергеу үстінде қажетке жарайды. Облыстық прокуратураның тергеушісі Байқошқаровтың ісіне адалдығы мен табандылығы қиянатқа жол бермей, әділ тексеру жүргізіледі. Бекболат Тұрысжанов партия конференциясына шағым жазып, соның тексеруімен жаладан толығымен ақталады, сөйтіп партиялық билетін қайтадан алады. Абзал азамат жылдар бойы өз міндетіне адал болып, туған еліне қалтқысыз қызмет етті. Жастарға мүмкіндігінше көмектесті. Сондықтан шығар, Бекболат ағаны олар да айрықша қадір тұтып, құрметтейді, шынайы ықыласпен сәлемдеседі, дарқандығына бас иеді. Оның жүріп өткен еңбек жолына үңілсеңіз, ұйымдастырушылық қабілеті, біліктілігі мен іскерлігі өте жоғары екені байқалады. Еңбек жолын ол төменгі сатыдан бастады. Күрті, одан кейін Жамбыл аудандарын басқарды. Осы аудандардың ауылшаруашылығын тұрақтандырды, экономикасын нығайтты. Аудан тарихында болмаған астық тапсырып, сонысымен ел есінде, көпшілік көкейінде жатталып қалды. Ағаның тәрбиесін көрген, сол кісінің қолдауымен қызметке араласып, айтулы белестерден көрінген азаматтар республика көлемінде аз емес. Мысалы, С.Ғайсин, Ж.Нүкетаев, М.Қисықов, Ә.Жомартов, Н.Қапалбеков, Қ.Омаров, К.Жайшыбекова, Ә.Бейсеуов, Айман-Шолпан Даутовалар, Е.Қосбармақов пен Ұ.Айнақұлова және көптеген азаматтар Бекеңнің шынайы қамқорлығын көрді. Осы аталған азаматтардың ішін­де Ә.Жомартов Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп министрі қызметіне дейін көтерілді. Ал мәдениет саласындағы саң­лақтар болса үлкен сахналарда өнер көр­сетіп, қалың көпшілікке танылды. Тәжірибелі басшы қайда жүрсе де қоғамға қажет.
Бекболат аға 1995 жылдың аяғында зей­неткерлік демалысқа шығып, Алма­тыдағы «Гүлдер» мекемесін басқарды. Осында жүріп құрылыс жұмыстарымен айналысты, зәулім үйлер салдырды. Еңбек еткен адамның абыройы ешқашан төмендемек емес. Бұл жолда да Бекболат аға мағыналы өмір сүрді. Қай шаруа­шы­лықты, қай саланы басқарса да, оны өрге сүйреді. Білгір басшы тыңнан түрен салды. Халқы үшін адал еңбек етті. Елдің алғысы мен мемлекеттің марапатын көрді. Уақыт алға жылжыған сайын өткен жылдардың жаңғырығы жадыңда қалады. Еңбектің өтеусіз еместігін мына бір деректер-ақ аңғартып тұрғандай. Ол – Алматы облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің екі мәрте иегері, «Ерен еңбегі» үшін медаліне, көптеген мақтау мен марапатқа ие болған құрметті азамат. Күртіде «Алтын құм», Жамбыл ауданында «Құлансаз» ансамблінің, Ұзынағаштағы орталық саябақтың ашылуына ұйытқы болды. Қазір «Құлансаз» ансамблі зор жетістіктерге жетіп жүр. Бірнеше шет мемлекеттерді аралап өнер көрсеткен бұл ансамбльдің жезтаңдай, күміс көмей әншілері өрелі биікке қанат қақты.
Бекболат ағамыз өмірлік серігі Разия апаймен отасқанына да 58 жыл болыпты. Олар бүгінде 5 бала, 8 немере, 2 шөбере сүйіп отыр. Мағыналы ғұмыр кешкен ағаның ұрпағына айтар өнегесі мол. Өйткені оның өмірі – үлгі, ғұмыры – ғибратқа толы.

Меруерт ОРЫНБАЙҚЫЗЫ

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Wanita

    Well I guess I don’t have to spend the weekend firnigug this one out!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.