Өз тағдырымыз – өз қолымызда

Қазақ халқының егемендігін жариялап, тәуелсіз ел болғанына 24 жылдың жүзі болды. Осы қамшының сабындай қысқа ғана уақыт аралығында елімізді әлемге таныттық. Талай белестерді бағындырдық. Туымыз көкте желбіреп, талай елде Әнұранымыз шырқалды. Елтаңбамызға ел сүйсіне қарады. Осының барлығы Қазақ елінің еңсесін көтеріп, болашаққа сенімін арттырды. 

Тәуелсіз ел болу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Біз тәуелсіз елдің азаматтарымыз. Сыртта жүрген қазақтар, біздер елге егемендіктің үш жылдығында келдік. Қолымыздан келгенінше еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып келеміз. Отанның қамқор­лығына бөленіп, мемлекеттің шапа­ғатын сезінудеміз. Бүгінге дейін жат жұрттан жеткен бір миллион қан­дас қатарға қосылыпты. Бұл – Тәуел­сіздіктің жемісі.
Біз азаттығымызды аялауға тиіспіз. «Астана күні», «Тұңғыш Президент күні» атты мерекелер тәуелсіздікті сезіну, рухымызды көтеру жолындағы қадамдар екені анық. Елбасының әр жылдардағы халыққа арнаған Жолдаулары, қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, стратегиялық жоспарлар және т.б. іс-шаралар халқымыздың тұрмысын жақсартып, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталған игі істер екені белгілі. Еліміздің ұстанымы баршаға түсінікті. Бұл – қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту, бейбітшілікте, тыныштықта өмір сүру. Бүгінде шекарамыз бүтін­деліп, көрші елдермен арада татулық орныққан. Әскеріміздің әлеуеті күшті, айбыны асқақ. Елбасы бір сөзінде «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, бойыңда азаматтық намысың болса, қазақтың жалғыз ұлттық мемлекетінің өсіп-өркендеуі жолыңда теріңді төгіп қызмет ет. Елдің де, жердің де иесі өзің екеніңді ұмытпа» деген еді. Міне, Тәуелсіз елдің ұландарына жүктелген міндет, жауапкершілік жүгі осындай.
Біздер шет жерде бодандық қамытын киіп, өмірдің ащы дәмін татқан адамдармыз. Туған елді аңсап, балаларымызды жетелеп асығып жеткен қазақпыз. Тәуелсіздігіміздің баянды, ел іргесінің берік болуын тілейміз.
Тәуелсіздіктің бесігі Алматы бүгінде күн санап өсіп, өркендеп келеді. Біз келген 21 жылдан бері тағдырымыз да, табысымыз да осы қаламен қабысып кетті. Әнебір жылдары «Нұр Отан» партиясы мен «Ана тілі» газетінің ұйымдастырған тіл мен дәстүрді зерттеген экспедициясынан көргеніміз де, түйгеніміз де көп болды. Отанымыздың орман-тоғайын. Асау өзен, айдынды көлдерін, сары дала, шалқыған дән теңізін араладық.
Отанға оралуымыз жеке басымыз­дың ғана бақыты емес, әлі де келе алмай жатқан, жете алмай жүрген сандаған ағайынның көз қуанышы, арман биігі. Біздің осында жүргеніміз оларға сенім ұялатады. Ат байлар тиянақ, ірге жаяр өріс екені даусыз. Әр шаңырақ ондаған, тіпті жүздеген ағайындардың қоныс аударуына мұрындық болып, екі арада алтын көпір болып отыр.
Еңселі ел болуды армандап едік. Сол арманға жеттік. Бірақ алдымызда атқарар зор міндеттер тұр. Әсіресе жас ұрпақтың ертеңіне көңіл бөлуге тиістіміз. Жастар – ел болашағы. Елбасының биылғы Жолдауында да айтылды, олар еңбектің қадірін білу керек. Еңбек етпей, жанын салып жұмыс істемей қандай жетістік те оңайлықпен келмейді. Осыны түсінгендері абзал.
Ұлттық озық дәстүрлерімізді бойларына сіңіргендерін қалар едім. Үлкенді сыйлау, бауырмалдық, достыққа адалдық, кеңпейілділік… секілді қасиеттер жұғысты болса ертеңі­мізге алаңдамайтынымыз анық.
Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздіктің бәрімізге артар міндеті мол. Оларды жүзеге асыру өзімізге байланысты. Не істесек те ұшпа сезімге ерік бермей, ақылмен іс-әрекет танытқанымыз жөн.

Дәулетбек Байтұрсынұлы,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Көкше Ақын.

    Елімізде той-мереке жетерлік, Алла сол қызық-думанннан айырмасын.Солардың ішіндегі өзім үшін ең еңселісі, шоқтығы биігі осы тәуелсіздік мерекесі дегім келеді.Адам болғсын түрлі тағдыр болады.Дәл өз басым сонау 1991 де елге оралған бауырларыңыз болғандықтан, мақала авторымен жерлес әрі тағдырлас екенмін.Иә! рас елден жырақ жүргенде,атамекенге қалай қолымыз жетіп, табанымыз тиеді деген асқақ арман болатыны рас. Мен елге оралғанда жасым 23 те еді.Барлығын талдап жатпай-ақ қояиын,айтқым келгені атамекен менің өмірге деген көзқарасыма,таным-түсінігіме мүлде басқаша сарын берді.Яғни шыйратты, шынықтырды. Біздің қоғамға айтылып жататын мақтау-мадақ немесе сыный пікір болсын бәрі орынды деп ойлаймын. Өз тағдырымыз өз қолымызда деп автор айтқандай шынында да көп мәселе өзімізге байланысты.Қандай жағдай болсада салғырт, бойкүйез болмасақ алдағы арман-мақсатты бағындырумыз хақ деп ойлаймын.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.