Хантәңірі

Тянь-Шань тау жүйесіндегі асқар да заңғар, ұлытау Хантәңірінің биіктігі 7010 метр (басындағы мұздықтың қалыңдығын есептегенде), мұздық қалыңдығын есептемегенде – 6995 метр Ол шығыс халықтарына, әсіресе түркі әлеміне ерте замандарда-ақ белгілі болған. Оны көне замандардан бергі саяхатшылар да атап өткен.
Қазіргі топокарталарда Хантәңірі үш мемлекеттің: Қырғыз Республикасының, Қытай Республикасының және Қазақ Республикасының (Нарынқол ауылына жақын тұсында) шекараларында тұр. Оның шығыс жағы Қытай Халық Республикасына, оңтүстік-шығыс жағы Қазақ Республикасына, батыс жағы Қырғыз Республикасына қарасты.
Бұл тау аты Нарынқол, Кеген өңірлерінде 1960 жылы дейін жергілікті тұрғындар тілінде Хантеңгір деп аталып келсе, 1960 жылдан бері ғана, қазіргі әдеби тіліміздің жазылу нормасына сай Хантәңірі деп жазып жүрміз. Бірақ та орыс тілінде Хан-Тенгри, кейбір жағдайда қазақша Хан тәңірі деп бөлек жазу нұсқасы да бар. Қырғыз тілінде Кан-Тенгири деп жазып та, айтып та жүр. Қытай елінде ол атау өз тілінің заңына сай айтылып та жазылады.

Текес және Жаңатекес ауылдарын қақ жарып аққан Текес өзенінің төменгі ағысы жағасында орналасқан Қызылшегара ауылынан тау етегіндегі Нарынқолға қарай тік, жоғары келе жатқанда, биік те шынар таулар арасынан, күн ашықта ақ күмістей жарқырап, найзадай тік шаншылып, сүйір ұшы аспанмен таласқан Хан тәңірі көздің жауын алады. Сондықтан да болар халық оны қастерлеп, құдірет тұтып, Аспантау деп те әспеттейді. Бұл ғажайып тауды өз көзімен көрген дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров:
«Асқардың арғы атасы Хантәңірі,
Албанның өрісінің төрінде екен.
Па, шіркін!
Болады екен тау да сұлу,
Мұз көйлек көк мұнарамен белін буу» деп келістіре жырлаған. Ақын ағаның жолын қуған, шашасына шаң жұқтырмас дарын иесі, ақиық ақын Мұқағали да «Хантәңірі» жырында:
«Шыңның мен танымаймын аласасын.
Төбеде аласамен таласасың.
Тянь-Шаньның шашақтаулы найзасындай
Қайсың Хантәңірімен жанасасың?
Шыңның мен ұнатамын биіктігін,
Шырқай кеп шыңырау көктен сүйіпті Күн.
Түндігін түртіп тұрған көк аспанның,
Қанеки, Хантәңірінен иықты кім?!
Егерде құдірет болса, бөлшегіндей
(Алдында құдіреттің көр шегінбей.)
Шаншылып әнеу тұрған Хантәңірі –
Шапшыған Тянь-Шаньның емшегіндей» деп майын ағыза суреттеген.
Ал Еркін Ібітановтың «Хантәңірі» атты поэмасының сарыны қарымды да тасқынды, образды бейне, жазиралы теңеулерге бай.
Әлемге әйгілі, асқақ тау Хантәңірі туралы ғылыми ізденіс ХІХ ғасырдың ортасынан бас­талды. Есімі көптеген елге белгілі орыс географы әрі саяхатшысы Петр Петрович Семёнов – Тянь-Шанский 1856-1857 жылдары Хантәңірі тауын толық сипаттап, суреттеп жазып, құнды мағлұматтар қалдырды.
Теріскей Алатаудың шығыс жағындағы асқақ шыңдар мен мұздықтарды көріп, көзі тұнған ғалым, олардың арасындағы ең биік әрі көркем де сұлу Қан тауын атақты да даңқты Хантәңірі деп жаңылыс таниды.
1895 жылы еуропалықтардан бірінші болып, швед саяхатшысы Свен Гедин Хантәңірі ­тауын Қытай жағынан көріп, байыптап зерттеп, ұқып­тап өлшеу нәтижесінде оның биіктігін 7320 метр деп анықтайды.
1902 жылы неміс географы Готфрид Мерцбахер мен Тирольский Қантау етегіне жетіп, оңтүстік Еңілшек (Инильчек) бойымен жүріп отырып екі басты Шатёр тауының (биіктігі 6700 метр) барын көріп, оның батысындағы Тәңіртауды тауып, оның биіктігін 7200 метр деп көрсетеді.
Бұдан кейінгі уақыттарда Хантәңірі шыңына шығу, оны бағындыру шаралары мықтап қолға алынады.
1931 жылы кеңестік тұңғыш экспедиция керуені Еңілшек (Инильчек) өзені жағасына жай­ғасады. Оның құрамында Михаил ­Пог­ребецкий, Борис Тюрин және Франц Заубер есім­ді альпинистер болады. Олар сол жылдың 2 қыркүйегінде шыңның басына жетіп, оны бағындырады. Бұл жөнінде М.Т.Погребецкий «Вглубь Центрального Тянь-Шаня» атты мақаласында оқиғаны толық баяндайды. Ол мақала «К вершинам советской земли» атты журналдың 1931 жылы 361 бетінде жарияланып, қалың қауымға белгілі болады.
1943 жылы Кеңес топографтары, Свен Гединнен 50 жыл кейін, бұрыннан белгілі көне деректерге сүйене отырып, нағыз Хантәңіріні тауып, оның биіктігі 7439 метр екенін анықтап, бірақ Пик Победы – «Жеңіс шыңы» деп атайды.
1964 жылы Труд командасы құрамында болған Лидия Романова әйелдер арасынан тұңғыш рет Хантәңірі шыңын бағындыруға қатысып, оны бағындырушылардың қатарында болады.
2015 жылға дейін Хантәңірі шыңын бағын­дыруға аттанған альпинистер саны аз болмаған. Солардың ішінен 62 жастағы Глеб Соколов 15 тамыз 2015 жылы Хантәңір шыңына 33 рет шы­ғып, рекорд жасаса, қазақ халқының атынан Хан­тәңірі шыңына тұңғыш рет 2012 жылы шы­ғып, оны бағындырған ер жүрек ұлы Мақсұт Жұмабаев.
Кейбір деректерде аталғандай Қазақстан Республикасының таулы аймақтарында биіктігі 6 мың метрден асатын он екі тау бар болса, олардың арасындағы Хантәңірінің биіктігі нақты 6995 метр деп көрсетілуде.
Хантәңірі – жер жүзіне белгілі көне түркілерге ортақ тау. Ол таудың хан және тәңір (тәңірі) деген екі сөзден жасалғаны анық болғанмен, кейбіреулер хан сөзін ортағасырдан ғана белгілі десе, тәңірі сөзін де тым арыға апармайды. Сондықтан оған назар аударып, зер салудың жөні бардай.
Түркі-моңғол тілдеріне ортақ хан термині атам заманнан бері қолданыста болды. Оның б.з.д. V-VІІІ ғасырларында-ақ Qan тұлғасында қол­данылғанын түркі жазба ескерткіштерінен оқимыз. Көне түркі жазба ескерткішін зерттеу­ші-ғалым Ғ.Айдаров: «Қан – правитель. Хан [Тон., 2; Онг. 4; Мч. 9] деп көрсетеді [Айдаров Г. Язык орхонских памятников ­древнетюркской письменности А. 1971, С. 362]. Көне түркі сөздігінде де (Древнетюркский словарь. –Л., 1969, –С. –417).Qan хан – «правитель; повелитель; предводитель» деген түсінік беріп, Тоньюк жазба ескерткішінен мысал берген. Онда taңriančatemiş ęrinč qan bertim qaniңin qodup ičikdiңнебо так сказало: «Я дало [тебе тюркский народ] хана, аты, покинув своего хана, подчинился [табгачам]» [Tonг]. Моңғол тілінде Хаан, қырғыз тілінде кан, кан көтеру [қырғыз орфографиясында «қ» әрпі жоқ, сондықтан кан деп жазылды да қан деп айтылады]. Демек, хан терминінің мағынасы түркі халықтарында бірдей екенін, оның ерте орта ғасырдан барын, тіптен әріден келе жатқанын көреміз. Алатаудың екінші құрамындағы тәңір (тәңірі) термині де ежелгі заманнан айтыла келе біздің дәуірімізге жетіп, әлі де қолданыс табуда.
Ол термин – сөз біздің дәуірімізден бұрынғы V ғ. өмір сүрген шумер тілінде дингир – «құдай», «аспан» мағынасында қолданылса, б.д.д. ІІІ-І ғасырларда хун тілінде ченли – «аспан» мәнінде айтылыпты. Оның V-VІІІ ғасырлардағы көне түркі тілдеріндегі қолдануын, жазылу нұсқаларын көне түркі сөздігінде (Л. 1969) былайша көрсеткен: täңri 1.Небо; 2. Бог,божество; 3.Божественный; 4.Повелитель, господин (544 б.). taңrici–священнослужитель. Taңrikan – божественный. Моңғол тілінде тэнгэр – аспан, көк. (Б.Базылхан. Қазақша-моңғолша сөздік. Уланбатор – 1977, 303 б.) болса, қырғыз тілінде теңгир 1. бог (употребляется вместо кудай или как көк) [К.К.Юдахин. Киргизско-русский словарь. М. 1965, 725].

 

Хантәңірі туралы ақын-жазушыларымыздың көптеген өлең жырлары мен поэ­малары, әңгімелері және халық аңыздарының бары көпке мәлім. Сондай бір аңызда Тәңір туралы былайша баяндалады: «Бір замандарда не аспан, не жер болмай, ұшы-қиыры жоқ мұхит қана болыпты. Бір кездері мұхит ішінен Ақ жарық пайда болады да оның ішінде алтын жұмыртқа болады. Жұмыртқа ішінде болашақты жарататын Тәңір ұйықтап жатады. Ол миллион, миллион жылдар ұзақ ұйықтайды да кенет оянады. Тәңірі жұмыртқаны жарып сыртқа шығады. Тәңір жұмыртқаның үстіңгі жағынан Аспанды жасайды да төменгі жағынан Жерді пайда қылады. Аспан жерге құлап, астан-кестен болмау үшін Тәңірі олардың арасына Темірқазық қояды. Тәңірі қазыққа аспандағы аттарды арқандап, жұлдыздарды байлап қойып, Аспанды айналады.
Тілімізде ежелден айтылып келе жатқан тәңір сөзі бірнеше мағынаға ие болса, көптеген туынды сөздер мен сөз тіркестеріне бай. 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» 9 томында «Тәңір 1.Құдай, Алла Тағала, құдірет. 2.Ауыс. Құдіретті күш иесі; пір» деп түсіндірілген. Бұл сөздікте тәңір сөзінің «аспан», «көк» мағыналарының көрсетілмей қалғанын байқаймыз.
Хантәңірі туралы ақын-жазушыларымыздың көптеген өлең жырлары мен поэмалары, әңгімелері және халық аңыздарының бары көпке мәлім. Сондай бір аңызда Тәңір туралы былайша баяндалады: «Бір замандарда не аспан, не жер болмай, ұшы-қиыры жоқ мұхит қана болыпты. Бір кездері мұхит ішінен Ақ жарық пайда болады да оның ішінде алтын жұмыртқа болады. Жұмыртқа ішінде болашақты жарататын Тәңір ұйықтап жатады. Ол миллион, миллион жылдар ұзақ ұйықтайды да, кенет оянады. Тәңірі жұмыртқаны жарып сыртқа шығады. Тәңір жұмыртқаның үстіңгі жағынан Аспанды жасайды да төменгі жағынан Жерді пайда қылады. Аспан жерге құлап, астан-кестен болмау үшін Тәңірі олардың арасына Темірқазық қояды. Тәңірі қазыққа аспандағы аттарды арқандап, жұлдыздарды байлап қойып, Аспанды айналады.
Тәңірі Аспан мен Жерді бөлгеннен соң, ұрпақ пайда болу үшін енді өзі еркек және әйел боп екіге жарылады. Әйел құдайды Умай деп атап, Сумер тауының басына, аспанға, Аспан тауының қасындағы Сүткөліне орналастырады. Ана сүті Умай, жұлдыз жолы – Сүткөл болады.
Тәңірінің тынысы жел мен бұлт, даусы – гүрсіл, Тәңірінің оң көзі – Күн, сол көзі – Ай. Тәңірі найзағай мен гүрсіл боп Құдаймен адамдардың өмір сүруіне қауіп туғызатын қараниеттілерді құртады.
Тәңірі – үлкен Құдай, басқа Құдайлар оның әмірі мен бұйрығын мүлтіксіз орындайды. Тәңірі – бәрін көргіш. Тәңірге белгісіз ешқандай бүкпе сыр болмақ емес.
Адамдар өздерінің қалауларын Аспан Құдайы Тәңірінің ықтиярымен орындауға тиіс. Адам баласы өз иесі Аспан мен Жер, әлем қожасы Мәңгі Тәңірге тікелей тәуелді. Адам бағы Аспан Тәңірі құдайға қызмет етумен байланысты». Аспан тәңірі Құдай туралы миф пен аңыздарды мифология туралы кітаптарды оқығанда ғана жете білуге болады. Демек, Тәңір, Құдай, Алла – түркі халықтарымен қатар басқа халықтардың сенім, нанымымен тікелей байланысты жатады. Қытай тіліндегі Тянь-Шань атауының ескі қазақ тілінде Еренқабырға аталғаны белгілі болса, кейініректе Тәңіртау аталуын Қытай жеріндегі қазақ ағайындардан естиміз. Осы Тәңіртауының ең биік тауының Қантау аталуы, оның қалқасындағы найзадай шаншылып, төбесі сүйірлене келіп, аспанмен тіркескен тауды Хантәңірі тауы деп атауы көп замандар бойы барлық жұртты қызықтырып та, мән-мағынасын білуге ынтықтырып келді. Зерттеушілер Хантәңірі – «аспан әміршісі», «аспан тау», «құдайлар тауы» деген тұжырымға тоқтады.
Хантәңірі атауының екінші сыңарындағы теңгір (тәңірі) ежелгі шумер тілінде дингер – «құдай», «аспан», хұн тілінде ченли «аспан» мәніндегі сөз екені айтылса, көне түркі тілінде täңri «аспан», «құдай», «әмірші», «билеуші» деген мағыналарға ие екендігіне ден қояр болсақ, жоғарыда айтылған ғалымдар пікірлерінің сенімді екеніне зер қоямыз.
Бұл өңірде «Хантәңірінің етегі – Райымбек батырдың мекені» деген қанатты сөз берік орын алған. Табиғаты мейлінше көркем де сұлу, қазба байлыққа ерен де кен бұл өлке – ғасырлар тарихына тым бай.
Хантәңірі тауымен жалғасып жатқан қабат-қабат сеңгір таулардың беткейлері сыңсыған қалың қарағай болса, олардың етек жақтары жыныс тоғай, көк шалғынды болып келеді де онда: терек, тал, қайың, ырғай; бұталы ағаштардан: шырғанақ, қойқарақат, сиырқарақат, шырғанақ, ұшқат, таңқурай, долана сияқты жеміс ағаштары, сондай-ақ бүлдірген, сиырбүлдірген, сарымсақ, жуа, қанжыға жуа, жауқазын, рауғаш, қымыздық, сүттіген, желкек, түйетабан, саңырауқұлақ сияқты витамині көп жемістерден де кемде емес.Хантәңірі
Жабайы аң-құстар да аз емес. Аңдардан – бұғы, марал, аю, елік, тауешкі, қоян, тау барысы, ілбісін, жабайы мысық, түлкі, қасқыр, шошқа, қоян, сусар, борсық, суыр, болса; құстар: бүркіт, қаршыға, ителгі, тұйғын, қаз, үйрек, үкі, жапалақ, қарға, сауысқан, ұзақ, көкек, қарлығаш, т.б. құстар қаншама.
Басын Хантәңірі тауларынан алған арынды да тасқынды ескі замандар құрдасы Баянқол, Нарынқол, Текес, Кеген, Шалкөде, Қарқара, Кеңсу, Меркі, Темірлік, Шарын мен жүздеген бұлақтар мен қайнар, бастаулар өз алдына бір бөлек.
Осы құтты өлке кен байлықтарына да қойны тола. Ерте заманнан алтын алған кен орны Алтынген 1960 жылдарға дейін өнім берді. Оның тау астындағы шахталары әлі күнге дейін ескінің куәсі ретінде аталып отырса, Алтынген деген құрметті атауы ел жадында сақтаулы. Айнадай жарқырап жатқан Тұзкөл тұзы, оның қасиетті балшығы емге дауа, ауруларға шипа болуда. Осы Тұзкөлге таяу жердегі биік қыраттардағы қорғасынды жергілікті тұрғындар ертеден пайдалануда. Шөладырдың батысындағы Тұзкен, оның тұзы, ағып жатқан тұз бұлағы да халық қажетін өтеп, емге қолдануда.
Ерте заманнан-ақ табиғи көмірді пайдаланған жұрт ол жерді Көмірші атаған. Ол ауыл – қазіргі кезде көркейіп гүлденген құтты мекен. Негізгі көмір қорының мол жері Нарынқол ауылынан аса қашық емес Ойқарағай атты жерде. Соңғы 10-15 жыл шамасында бұл жердегі көмір еркін игеріліп, ауданның елді мекендеріне, олардың отбасы сұраныстарына ерекше ие болуда. Тұйық кентіндегі аты жасырын бай кеннің дүниежүзілік мәнге ие болып отырғаны күллі қазақ еліне мәлім.
Хантәңірі тауларының сілеміндегі Шөладыр қырқасынан табылып, көзі ашылған кен мұрасының бірі – қоры өте мол табиғи газ. Оны зерттеп тапқан көрнекті мұнай-газ маманы инженер марқұм Саламат Шалабаев еді. Бұл сияқты бағалы кен орындарының бұл таулы аймақтан әлі де табыла берері сөзсіз.
Осы қасиетті өңірде көптеген тарихи оқиғалармен қатар сан ғасырға тән жәдігерлер де аз емес. Қазақ Ғылым академиясының көне жазба ескерткіштерді зерттеуге жасақталған экспедициясының бастығы академик І.Кеңесбаев, мүшелері: филология ғылымының докторы, профессор Ғ.Мұсабаев; филология ғылымының кандидаттары Ы.Маманов, Т.Жанұзақов, А.Махмұтовтар 1964 жылы Хантәңірі тауының бір тармағы Лабасы тауының батысындағы 20 шақырым жердегі Қарқара өзені бойынан көне түркі жазуы бар тас мүсінді тапты. Оны Ғ.Мұсабаев пен Ғ.Айдаровтар «талдап оқып, «оның осыдан екі жарым мың жыл бұрын болып өткен Алаша ханға арналғанын, көне түркі алфавитімен жазылғанын, ендеше, бұл әліппені жергілікті түріктерге қимай, арамий алфавитінен ауысты деген болжам айтушылардың пікірі өзінен-өзі дәйексіз болып шығады» деп жазды (Кегенская надпись// Вестник АН Каз ССР. 1967. №3. С. 83-85).
ХІХ ғасырдан ХХ ғасырдың 1933 жылына дейін Қарқара жайлауында өткен халықаралық ірі жәрмеңкенің орны бөлекше. Оған Қытай, Ресей, Орта Азия, Қазақстан мемлекеттері қатысып, сауда-саттық, мәдени-саяси, экономикалық қарым-қатынасты дамытуға ерекше мән берді.
Ірі тарихи оқиғаның бірі – 1916 жылы Ресей патшасының 1 дүниежүзілік соғыста 19-31 жастағы қазақ жастарын майданға қара жұмысқа жіберу жайлы әміріне халықтың ашық қарсы шығып, қарусыз көтеріліске шығуы. Бұл тарихта «Қарқара көтерілісі» деп аталды. Оның 10 жылдығын 1926 жылы белгілі мемлекет қайраткері Ораз Жандосов бастап өткізіп, жиналған халық сол жерде тас үйіп, оны Ереуілтөбе деп атады. Осыдан соң оның 20 жылдығын Алматы облысы атқару комитетінің төрағасы болып отырған О.Жандосов өткізді. Оған Қазақстанның сол кездегі Үкімет басшылары Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов, Қазақстан Сов­наркомы Ораз Исаев қатысты. Соны мен өз көзіммен 8 жасымда әкемнің арқасында көрдім.
«Қарқара көтерілісі» туралы ұлы жазушы М.Әуезовтің «Қилы заман» атты роман жазғаны баршаға мәлім. 2016 жылы осы көтерілістің жүз жылдығын өткізу жайлы Алматы облысы бойын­ша үлкен дайындықтар жасалу үстінде. Осы таулы елдің алақанында өсіп, өркендеп есейген перзенттерінің Хантәңірі, оның Қарқара, Шалкөде, Кеген, Таушелек, т.б. аймақтарын жырламағаны жоқ шығар.
«Тау дейтін алып жүрек
Ана туған, мен – таулықпын!
Таудан мен жаратылғам.
Киіктің сүтін еміп ержеткенмін,
Қуат алып, қыранның қанатынан», – деп ақиық ақын Мұқағали жырласа, болашақта да жас ұрпақтар жазары сөзсіз.

Телғожа ЖАНҰЗАҚ,
филология ғылымының
докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.