Білікті маман – заман талабы

Еліміздің психология ғылымының институционалдық дамуындағы маңызды бір оқиға 2000 жылы орын алды. Нақты айтқанда, сол жылдың 22 ақпанында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Ғылыми Кеңесі бұрынғы психология кафедрасын екі дербес кафедраға – «этникалық және педагогикалық психология» кафедрасы мен «жалпы психология» кафедрасына бөлу жөнінде қаулы қабылдайды. Сөйтіп, университетте психология бойынша екі кафедра жұмыс істей бастады. 

2000 жылдан бастап ­кафед­ра мең­ге­ру­шісі болып психология ғылымы­ның докторы, профессор С.Жақыпов тағайындалды. Қысқа мерзім ішінде аталмыш кафедраның сандық әрі сапалық тұрғыда биік деңгейге шығуы персоналдық-тұлғалық факторларға байланысты екендігіне көз жеткізуге болады. Кафедраның меңгерушісі ретінде профессор С.Жақыпов­тың ұйымдастырушылық қабілеті мен ғылыми беделі этнопсихология және педагогикалық психология кафедрасын философия және саясаттану факультетінде жетекші орынға шығарды.
Жалпы этнопсихология мәселелерін ғылыми тұрғыда зерттеу тәуелсіздігін жаңадан алған мемлекеттер үшін өте өзекті әрі маңызды тақырып еді. Өйткені, отарлауға ұшыраған халықтарға тән ортақ тағдырды қазақтар да басынан кешірді. Ана тілін білмейтін қан­дастарымыз пайда болды. Лин­гвистикалық сәйкестіліктің ­болмауы тұлғадағы мәдени-психологиялық айырмашылыққа әкелетіні байқалды («маргинал тұлға» мәселелері туындады). Тәуелсіздік алған соң ғана қазақтардың реэтностену үдерісі жүре бастады. Мұның өзі этнопсихологиялық ­зерттеулерге қатысты үлкен қоғамдық сұраныс тудырды. Кафедра сол сұраныстарды қана­­ғаттандыруға тырысты. С.М.Жақыпов­тың жетекшілігімен аталмыш оқу орнынан қаншама жас түлектер қанат жайып, өз саласының тәжірибелі мамандарына айналып үлгерді.
Қазіргі уақытта кәсіптік мәселелерді нәтижелі шеше алатын кәсіби білім берудің мазмұны мен технологиясын құрастыру белсенді түрде жүруде. Оқу жоспары мен бағдарламалары мемлекеттік білім беру стандартының талаптары негізінде талдау білім берудің теориялық және тәжірибелік мазмұны арасындағы өзара байланыстың ­болуын талап етеді. Демек, осы мәселенің шешімі дәстүрлі академиялық және практикалық бағыттар ортасында орналасқан, осының негізінде психологтарды теориялық және практикалық тұрғыдан даярлау мақсатында ортақ шешімге келе алады. Осы негізгі мәселелерді қарастыра отырып болашақ мамандардың заман талабына лайық білікті де білімді болуына кафедра көп еңбек етіп келеді.

Н.ТОҚСАНБАЕВА,
психология ғылымының
докторы, профессор

М. ЖОЛДАСОВА,
PhD докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.