«АНА ТIЛI» – ЖУРНАЛИСТИКАДАҒЫ МЕНIҢ МЕКТЕБIМ

«АНА ТIЛI» – ЖУРНАЛИСТИКАДАҒЫ МЕНIҢ МЕКТЕБIМБолат ШАРАХЫМБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты

Расында, уақытқа жететiн жүйрiк жоқ шығар, сiрә. «Ана тiлi» газетiнiң есiгiн имене ашқаным күнi кеше сияқты едi, көздi ашып-жұмғанша арадан жиырма жыл жүйiткiп өте шығыпты. Алғашқы аяқ алыс, қуаныш пен өкiнiш, сол бiр күндер әлi күнге көкiректе сайрап жатыр.Ол кезде мен Октябрь ауданына қарасты (қазiргi Түркiсiб ауданы) 44-шi нөмiрлi орыс мектебiнде қазақ тiлiнен сабақ беремiн. Айта кетудiң ретi келiп тұр. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары елдегi жағдай ауыр едi. Әлемдi ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған КСРО деген алып империяның шаңырағы шайқатыла бастаған. Қазақ тiлi мемлекеттiк мәртебе алып (22 қыркүйек 1989 жыл), ұлттық руханиятта, ұлттық санада зор сiлкiнiстер мен дүниелер орын алып жатты. Қазақ халқының санасында ұлттық мақтаныш сезiмiнiң оянуы да осы уақытпен тұспа-тұс келедi. Орыс мектептерiнде қазақ тiлiн оқыту мәселесiне байланысты талаптардың қойылуы да осы кезеңнiң жемiсi. Бұл жөнiнде «Жас Алаш», «Өркен» сияқты газеттерде әжептәуiр мәселе ретiнде көтерiп, бiрдi-екiлi материал жазғаным да бар. Бiрақ газетке жұмысқа орналасу туралы ойда болғанымен, соның ешбiр ретiн келтiре алмай жүргенмiн.
Әлi есiмде 1990 жылдың наурыз айының аяқ шенi. «Ана тiлiнiң» бiрiншi саны жарық көрiп, тiлектес жұртшылықтың көзi мен ауызында жүрген кез. Iштей ептеп қобалжысам да, газет редакциясын iздеп баруға бел байладым. Бардым. Ол кезде редакция Қазақ ССР Ғылым академиясына қарасты Тiл институтының мәжiлiс залында отыратын, яғни бүкiл редакция қызметкерлерi бiр бөлмеде. Есiктi қағып, iшке ендiм. Табалдырықтан аттай бергенде ең алдымен әжептәуiр кең бөлменiң қақ төрiнде iлiнген алаш ардақтысы, ұлт көсемi Ахмет Байтұрсыновтың еуропалық үлгiде киiнiп, көзiлдiрiк таққан әйгiлi портретi көзiме оттай басылды… Мен iшке кiргенде, әдеттегiдей сәлем бере кiрдiм. Алдыңғы қапталда отырған кiсi басын оқыс көтерiп, сәлемiмдi сыпайы алды.
– Кел, кел, мына жерге жайғас, – деп қарсы алдындағы орындықты нұсқады. Мен жайғасып болған соң:
– Иә, жол болсын! Не бұйымтаймен келдiң, айта отыр, – дедi сәл өзiмсiнген үнмен. Оның өзiмсiне сөйлегенiне қатты қысылған мен одан сайын күмiлжи түстiм. – Бiзге келген адам жай келмейдi. Не әлдебiр бұйымтай айта келедi, не мақала ала келедi. Бiлiп отырмын, сен мақала жазып әкелген сияқтысың… Кәне, берi әкел, оқып көрейiк, – дедi. Оның айтып отырғаны рас едi, мен құр қол барған жоқ едiм. «Етектен кесiп жең салмас» деп аталатын аралас мектептердiң сол кездегi жай-күйiн сипаттап жазған мақаламды өзiммен ала барғанмын. Соны ұяла-ұяла әлгi кiсiнiң қолына ұстаттым.
Мақаланы сол замат бас көтермей бiрден оқып шықты. Оқып шықты да сәл қасын керiп, маған қарады. Не риза болғаны, не жақтырмағаны белгiсiз. Қорыққанымнан зәрем зәр түбiне жеттi. Ол сәл езу тартты да:
– Мына мақаланы неше күнде жаздың? – деп сұрады. Мен он күндей уақыт жұмсағанымды айттым. Ол одан әрi қайда жұмыс iстейтiнiмдi, қайдан келгенiмдi, ненi бiтiргенiмдi тәптiштеп сұрап алды. Сосын сәл ойланып отырды да:
– Мақалаң жақсы екен. Тiлiң де жаман емес. Осы бiзге келсең қайтедi? – дедi. Шыны керек, басқаны күтсем де, дәл мұндай ұсынысты күткен жоқ едiм. Жөпелдемеде не деп жауап қайтарарымды бiлмей, қатты састым. Ол менiң жауабымды күтпестен төрдегi әлдебiр қағазға қадалып отырған жiгiтке дауыстады:
– Қонысбек, мына жiгiт сенiң бөлiмiңе лайық сияқты. Жұмысқа алсақ қайтедi?.. – дедi. Ол да бұрыннан бiлетiн кiсi сияқты, бiрден келiсе кеттi.
Кейiн бiлдiм, менiң мақаламды бiрден оқып шығып, жұмысқа келуiме ұсыныс жасаған бас редактор Жарылқап Бейсенбайұлының өзi екен де, ештеңеге таң қалмай келiсiмiн берген «Тiл және әлеумет» бөлiмiнiң меңгерушiсi Қонысбек Ботпай (ол бiраз уақыт Қонысбек Қожамжарұлы болып та жүрдi) болып шықты.
– Онда ойланатын несi бар, мәселең шешiлдi. Ертеңнен бастап жұмыстамын деп есептей бер, – деп Жақаң орнынан тұрып қолымнан қысты.
– Көптен ойда жүрген арманымның ойда жоқта орындала кеткенiне есiм шығып қуанып кетсем де, мұндай тез шешiм қабылданады деген жоқ едiм.
Мiне, биыл жиырма жылдығы тойланғалы отырған ұлт апталығына мен осылай келгенмiн.
«Ана тiлiнде» жарияланған алғашқы мақалам 1990 жылдың 3 сәуiрiнде «Етектен кесiп жең салмас немесе «аралас» мектептер бүгiнгi талап үдесiнен шығып отыр ма?» деген тақырыппен жарық көрдi. Газетке шыққан сол тұңғыш материалым Қазақ ССР Халыққа бiлiм беру министрлiгiнiң назарына ұсынылғаны менi тiптi қанаттандырып тастады. Әйтсе де, әуелгi кезде газеттiң өз iшiндегi қым-қиғаш қиындықтарды бiрден игерiп кету маған оңайға түскен жоқ. Содан бастап ол менiң шын мәнiндегi журналистiк мектебiме айналды. Көп оқып, көп iздендiм. Тiптi бiр мақаланы жетi-сегiз рет қайталап жазған кездерiм де болды. Өйткенi, өзiне де, өзгеге де қатаң талап қоя бiлетiн бас редактор Жарылқап Бейсенбайұлының көңiлiне шығу… оңай емес едi. Ол талғамы биiк редактор болатын. Оның артықшылығы сонда – таланттарды тани бiлдi, кiлең ноқтаға басы сыймаған басасау жiгiттердi айналасына топтастыра алды. Сонымен бiрге газеттiң бастауында бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарған Бақыт Сарбалаұлы, жауапты хатшы Ертай Айғалиұлы, бөлiм меңгерушiлерi Ғарифолла Әнес, Қонысбек Ботпай, әдеби қызметкерлер Аманқос Мектептегi, Амантай Шәрiп, Жаңабек Тойбазаров, Шәмшиден Керiм, Бақтияр Тайжан осылардың қай-қайсысы да өзiндiк жазу мәнерiмен қазақ журналистикасының корифейлерi болып қалыптасты деп әспеттеуге әбден лайық. Осы қатарда фототiлшi Берсiнбек Сәрсеновтi де атап өтер едiк. Оның түсiрген суреттерi өзiнiң қарапайымдылығымен, шынайылығымен ерекшеленетiн, қазiр де сол бағытта. Ұлт газетi «Ана тiлiнiң» қаз тұрып, қалыптасуына өлшеусiз еңбек сiңiрген алғашқы қарлығаштар мiне, осылар болатын. Ендiгi айтар сөздi бұрын да бiр мақаламда жазған едiм, соны тағы қайталаудың ретi келiп тұр. Мен өзiмдi Жарылқап Бейсенбайұлы бастаған «Ана тiлi» газетiнiң журналистика шеберханасында шыңдалған тұңғыш команданың қатарында үлкен мектептен өткенiмдi мақтаныш етемiн.
Мен «Ана тiлiнде» табаны күректей екi жылдай уақыт қызмет iстедiм. Сол күндер менiң өмiрiмдегi ең қимас, ең елеулi кезеңiм екен. Бүгiнде Ұлт газетiне дейiнгi жолдан өткен «Ана тiлiмен» әлi күнге байланысым үзiлген жоқ. Бас редактор Самат Ибраим бастаған «анатiлдiлiктердiң» бүгiнгi қызметкерлерi де сайдың тасындай шетiнен кiлең мықтылар. Барлығын қадiрлеймiн.
«Ана тiлi» ұлттың жоғын жоқтап, елдiң сөзiн сөйлеу үшiн дүниеге келген едi. Сол биiгiнен әлi түскен жоқ. Жиырмаға келген Ұлт газетi дәл қазiр бұрынғы қауырсын қанаты қатайған, есейген, томағасын сыпырып қоя берсең алысқа самғайтын нағыз керiм шағы. Жауға салсаң айналаға өлiм сеуiп жатқан дзотты жалаңаш кеудесiмен жабуға көзсiз бара алатын жанкештi жiгiт кезi. Ендеше, бiз «анатiлдiлiктерден» алда да ұлт үшiн ұрандап, отан үшiн отқа түсетiн ерлiктер күтемiз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.