Алаш Орданың Жетісудағы тарихы

ХХ ғасырдың басындағы Алаш орданың саяси қозғалысы ресейлік губерниялар мен облыстар өзара бөліп алған Қазақстан аумағын тұтас қамтыды. Алайда бірқатар тарихшылар «елдің оңтүстік бөлігіндегі Алаш орданың белсенділігі төмен болды немесе мүлде болмады» деген уәжде айтуда.
Бұл тұжырымды қазақстандық тарихшы Виль Ғалиев 2011 жылы жарық көрген «Халықты оятқан кітап» (Міржақып Дулатов және оның «Оян, қазақ!» деп аталатын жинағы жайлы шығарма) деп аталатын туындысында жоққа шығарды: «Цензорлар мен аудармашылар тобына уақыт өте Түркістан генерал-губернаторы да қосылды. 1912 жылдың жаз мезгілінде ол баспа ісі бойынша Бас басқармаға арыз жазды: «Қырғыздарға (қазақтарға – Д.Қ.) таратылатын, оның ішінде Жетісу облысында кеңінен танымал Дулатовтың 1911 жылы «Бақыт» газетінің баспасында басылған «Оян, қазақ!» кітапшасын айналымнан алып тастау туралы бұйрықты қабылдауыңызды сұраймын».

Аталған монографияның 406-420 бетінде Жетісу өңіріндегі Алаш орданың қызметі кеңінен баяндалған. Өз тарапынан В.Ғалиев Верный уезі басқармасының аудармашысы Иса Тергеусізовке ерекше назар аударады. Себебі дәл осы И.Тергеусізовтің белсенділігі арқасында Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» кітапшасы Верный уезі Жетісу облысындағы көзі ашық қазақ қауымына кеңінен таралды. «Оян, қазақ!» таратылған сәттен бастап ол Жетісудағы белсенді алашордалықтың біріне айналды. Ал Ыбырайым Жайнақов Жетісудағы Алашорданың жетекшісі болды. Уақыт өте келе тұлғалар тағдыры тоғысып, олардың саяси ұстанымы мен қағидасы бір жерден шықты.
Иса Тергеусізовтің Верный уезінің бірнеше жерінде болуы оның сол тұстағы бірқатар ықпалды тұлғалармен, оның ішінде Жетісудағы беделді қоғам қайраткері Медеу Пұсырманов (1850-1908) және оның үлкен ұлы Жайшыбек Медеуов (Жайшыбек гимназияда Исадан бір сынып жоғары оқыған) танысуына түрткі болды. И.Тергеусізов басқа да белгілі тұлғалармен, оның ішінде – Сәт Ниязбеков (Жайылмыс болыстығы), Малыбай Сүйінбаев (ақын Сүйінбай Аронұлының баласы, Ұзынағаш болыстығы), Желдібай Майлықовпен (Кіші Алматы болыстығы) байланыс орнатқаны туралы деректер бар. Ол бос уақытын өзінің сауатын арттыруға, білімін жетілдіруге бағыттады.
1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін және Уақытша Үкіметтің билігі орнаған соң Мұхамеджан Тынышпаев Жетісу өңірінің комиссары болып сайланды. Бұл тарапта Ыбырайым Жайнақов өзінің партияласы М.Тынышпаевтың бірқатар бастамаларын қолдаған жоқ және оған қарсылық танытты. Бұл ретте Ы.Жайнақов: «Онымен бірге бөлмеге кіргеннен кейін, Құрылтай жиналысына өз кандидатурамызды ұсындық (Шкапский, Тынышбаев, Шебалин үш комиссар да). Мұсылман съезі өз тарапынан мені өзінің атынан үміткерлікке ұсынғанын және мұсылман халқының маған оң қарайтынын білген, әрі мені мықты бәсекелес санайтын комиссар мырзалар маған қарсы астыртын күрес жүргізді: біздің комитетті көзге ілмей, бізді ешбір іске араластырғысы келмеді.Сонымен қатар шаруалар кеңесін де бізге қарсы қойды, себебі бұған дейін бұл ұйым бізбен бірге қоян- қолтық жұмыс істейтін».
Алматылық өлкетанушы А.Г.Воронов өзінің «Тарихтағы аңыз немесе аңыз тарихы» (Т.Бокин, құжаттар және басқа да дүниелер) деп аталатын еңбегінде кеңестік жазушылар Д.Мергеншин мен З.Шашкиннің «Тоқаш Бокин» туралы мұрағаттық мәліметтерін жан-жақты сараптай келіп Алашорданың Кеңес Одағына қарсы әрекет етпегенін бұлтартпас айғақтар келтіре отырып дәледеді.
1918 жылы бұрынғы Верный қаласында Кеңес үкіметі орнағаннан кейін большевиктер алашордалықтарды қуғындап, қырып жоя бастады. Бұл тарапта Ыбырайым Жайнақовтың тұтқындалуы тұтас Жетісу өңірінде толқыныс туғызды, бұдан соң олар түрмеден босатылды. Ал 1919 жылы амнистия алып, жаңа билікпен әріптесе жұмыс істеуге көшті. Осының өзінен-ақ Алашорданың Жетісу өңірінде қаншалықты ықпалды болғанын көреміз. Себебі, алашордалықтар да, большевик мұсылмандар да бір мақсатты, яғни қазақ халқының ұлт ретінде тәуелсіздік алуын мұрат тұтты.
КСРО тұсында Ораз Жандосов барлық алашордалықтардың қас жауы және ұлтшылдыққа жаны қас адам ретінде суреттелді. Шынтуайтында, дереккөздерге сенсек, ол алашордалықтардың әр бас­тамасын қуаттаған, қолдаған, олардың ішіндегі көзі ашық, саналы тұлғаларман араласқан, сыйласқан. Алашорда идеясын ту етіп көтергендерді аса сауатты әрі білікті маман ретінде бағалаған. Ол бірқатар алашордалықты қанатының астына алып, қорғап қалды. Соның бірі – М.Тынышпаев. Алайда, уақыт өте ол кеңес үкіметі біртіндеп Алаш орда азаматтарын қуғын-сүргінге ұшырату науқанын бастап кеткенін аңғарды. 1920 жылдан 1930 жылдарға дейін жалғасқан репрессия тұсында Ораз Жандосовтың өзі большевиктердің тұзағына ілінді.
1920 жылдың көктемінде Қытайға, оның ішінде Құлжа қаласына қоныс аударған И.Тергеусізов және Ы.Жайнақов өзінің саяси қызметін жалғастыра берді. Алайда ендігі жерде олар осындағы қазақ халқын Гоминдаң жүйесінің азабынан арылтып, Алаш жұртын көзі ашық, сауатты де сергек елге айналдыруды көздеді. Олардың Қытайдағы тұрмыс-тіршілігі терең зерттеу қажет етеді. Алайда Шыңжаңдағы (Қытай)зерттеуге таптырмас архивтердің аузы әлі күнге дейін құлыптаулы.
1930 жылдың басынан бастап, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев, М.Дулатов сынды қазақтың атпал азаматтары қызыл империяның ажал тырнағына іліккенде, олардың атын атауға және шығармаларын таратуға толықтай тыйым салынды. Ал шетелге қоныс аударған М.Шоқай, Р.Мәрсеков, Ы.Жайнақов, И.Тергеусізов сияқты алашордалықтар өз отанын сатқан қылмыскер ретінде айыпталды. Тергеусізов туралы оның туған жерінде қалған туған туысқаны сыбырлап қана айтатын. Тергеусізовтің көптеген қолжазбасы жоғалып кетті, соған қарамай оның бірнеше өлеңдері мен әндері бүгінге дейін жеткен.
Қазақстанның мемлекет әрі партия қайраткері Бектенбай Қосынов (1911-1984) 1939 жылы Қытай делегациясымен Мәскеуде жүздескен кездесуді көзіне жас ала еске алады. Бұл кезде Тергеусізов аудармашының қызметін атқаратын еді. Көңілі босаған Қосыновпен жөндеп сөйлей де алмады. Тер­геусізовпен ресми кездесуде жолыққан ол Иса­ның 1918 жылы Верный қаласындағы кезін еске алды.
И.Тергеусізов қолынан келгенше білімді азаматтарды барынша қолдап отырды. Айталық, патшалық жүйенің тұсында орысша білетін адамдар сауатты, білімді саналды. Алайда араб тілін білетін қазақтарды бұл қатарға қоспайтын еді. Дегенмен, ол бұларға да барынша көңіл бөлетін. «Оян, қазақ» кітапшасын таратқанда ол ең алдымен арабша сауат ашқан қазақтарға арқа сүйеді, себебі олар да ұлттық тәуелсіздік туралы идеяға адал болатын. Исаның інісі Исабай Тергеусізов орыс тілін білетін. 1906 жылдың маусымында ол №2 ауылдың атынан халықтық соттардың сайлауындағы Верный уезі Күрті облысы болысының сенімді өкілі болды. Бірақ оның қайтыс болған уақыты мен орны әлі күнге анықталған жоқ. Ол өз тарапынан беделді адамдарды болыстыққа және халықтық соттың қызметіне тағайындауға қал- қадерінше атсалысты.
Соның бірі – Демеу Құрткин еді. Демеу Жетісу өңіріне танымал емші Кұртқа тәуіп Сұлтанқо­жаұлының немересі (1770-1906). 1912 жылы ол Күрті болысы №2 ауылдың атынан халықтық сот қызметіне тағайындалды, өз кезегінде Құртқа тәуіп шөбересі Байдәулет Тауасаров халықтық сот қызметіне келесі кезектегі үміткер ретінде таңдалды. Өз кезегінде Иса Тергеусізовтің Құртқа тәуіп шөбере болып келетінін айта кету керекпіз. Халық жетекшілік қызметке сауатты, белсенді азаматтарды таңдады.
Бұл уақытта дәл осы болыстықтағы №4 ауыл­да Дөненбай Түгелбаев халық соты қызметіне сайланды. Ал оның інісі Тасыбай Түгелбаев халық соты қызметіне үміткер деп есептелді. Бұлар ХVIII ғасырдағы қазақтың аты аңызға айналған батыры Шапырашты Наурызбай батырдың тікелей ұрпағы саналады. Д.Түгелбаев бұдан бұрын, 1906 жылы да халық соты қызметіне сайланған болатын, ал 1903 жылы бұл орынтаққа үміткер сапында тұрған еді (ол тұста халықтық сот қызметін оның әкесі Түгелбай Таңқышев атқарды). 1906 жылы Наурызбай батырдың тағы бір ұрпағы Асқар Ыбырайымов Күрті болысы болып сайланды.
1912 жылы №5 ауылдың халық соты қызметіне Өтеп Сиыршин тағайындалса, Нұғман Жалбағаев бұл орынға болашақ үміткер саналды. Бұған дейін 1903 және 1906 жылдары аталған ауылда бұл қызметті тиісінше Қожбанбет Қилыбаев пен Жолсейіт Тайбағаров атқарған болатын. Соңғысының әкесі Тайбағар мырза Тұрпанов (1827-1881) Жетісудағы белді әрі ықпалды билердің бірі еді. Олардың барлығы қазақ-жоңғар соғысының тарихын тізбелеген жылнамашы Қазыбек бек Тауасарұлының (1692-1776) және оның әкесі Тауасар би Матайұлының тікелей ұрпақтары. Қ.Қилыбаев та Күрті болысының қызметін атқарған. 1885 жылы ол Жетісу губернаторы генерал-майор А.Фриденің атынан өзінің адал қызметінің өтемі ретінде марапатталып алғыс алды. 1912 жылы оның ұлы Қыздарбек Қожбанбетов болыстық билеуші қызметіне тағайындалды.
Сталиндік саяси қуғын-сүргін большевиктік жүйенің репрессивтік саясатын одан әрі жалғастырды, оның ішінде әсіресе ақсүйектерге, саудагерлер мен интеллигенция өкілдеріне ерекше шүйлікті. Бұл тарапта халықтық сот қызметіне үміткер Байдәулет Тауасаровтың ұлы Әбдуәли (1917-1985) тартпаған азапты, көрмеген қорлықты көрді. 1935-1937 жылдары Қазақ педагогикалық институтында оқып жатқан тұста бай-манаптың және патшалық жүйенің тұсындағы халық сотының баласы әрі алашордашы, шетелге қоныс аударған Иса Тергеусізовтің ең жақын туысқаны, Ораз Жандосовтың (Қазыбек бек Тауасарұлының шөпшегі) жерлесі болғасын оқудан шығарылды.Тек ұзақ жылғы тергеп-тексеруден кейін ол туған ауылына қайтып оралды.
Алайда тек кеңестік қана емес, сонымен бірге патшалық билікте жүйеге қарсылық танытқан қандай да бір әрекетті аса аяусыз басып жаншитын. 1912 жылы халық соты Ө.Сиыршин «362 және 48 баптары бойынша №5 ауылда ауыл старшинасының қызметін атқарған тұста жалған істер жасағаны үшін» айыпталғаны туралы деректер бар. 1916 жылдың тамызында Қ.Қилыбаев Жетісудағы қазақ қауымын бірінші дүниежүзілік соғыстың әскери- тыл жұмыстарына тарту туралы бұйрықты орындау­дан бас тартқаны үшін тергеуге алынды. Бекболат Әшекеевпен бірігіп ол патша әскеріне қарсы қол жинады. Қ.Қилыбаев дәл сол жылдың күзінде 63 жасқа қараған шағында Верный түрмесінде көз жұмды.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс Алашорда қозғалысын жікке бөле жаздады. Көтерілістің қандай сипат алғанын әрі жергілікті халықтың патша әскеріндей қаруланбағанын бірінші кезекте ескерген алашордалықтар жаппай қантөгістен қауіптенді. Иса Тергеусізов пен Ыбырайым Жайнақов көтерілісті тоқтатуға тырысып, отаршыл жүйеге қарсы сауатты түрде күрес жүргізу керек екенін, ол үшін алдымен халықтың сауатын ашып, ағарту жұмыстары жүргізу қажеттігін айтты. «Әйтпеген жағдайда мыңдаған адамның қаны төгіледі. Тіпті қарулы қақтығыс болғанның өзінде оның кішігірім ғана болғаны әрі бұған біздің жан-жақты дайындалғанымыз маңызды» деді олар. Алайда көтерілісті тоқтату мүмкін болмағасын Жетісудағы алашордалықтардың бір бөлігі халықтың жағына шығып, патша үкіметіне қарсы қарулы қақтығысқа шығуды үндеді.
Осылайша И.Тергеусізов тек Түркістан генерал-губернаторлығының Жетісу облысы, Верный уезі, Күрті болысында ғана емес, сонымен бірге өзінің туған-туысы тұратын №2 ауылда да өмірге келді. Іле Алатауының баурайындағы Ақсай шатқалы оның Верный қаласында тұрған тұсында шаршап шалдыққанда бой жазатын, демалатын сүйікті демалыс орны еді.Оның Верныйдағы үйі Офицер және Іле көшелерінің бойында орналасқан (қазіргі Алматы мешітінің жанындағы Нүсіпбеков және Мәметова көшелерінің қиылысы). Қытайға қоныс аудармай тұрып өмір сүрген бұл үй күні бүгінге дейін сақталған. Тергеусізов отбасы Қазақстанға қайтып орал­ған­нан кейін оның ұлы Арыслан кеңес үкіметінің басшысы Н.Хрущевке хат жазып, әкесінің ресми түрде ақталуын әрі аталған үйдің отбасы меншігіне қайтарылуын сұрады. Алайда хат жауапсыз қалды, себебі бұл үй ол тұстары мемлекет меншігіне өткен болатын, сол себепті оны отбасы иелігіне қайтаруға ешқандай мүмкіндік болмады.

Д.Қыдырбекұлы,
саяси ғылым докторы
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.