Жыраулық дәстүр жаңғыруда

Жыраулық дәстүр – төл әдебиеті­міздің бастау бұлағы. Олардың көркемдік қуаты қазіргі лирикалық поэзияның ерекшеліктерінің бірі болып қалыптасып отыр.
Қазіргі қазақ поэзиясы өз алдына өркен жайып, жаңару үрдісінде өзгеше жасампаз ізденістерге бет бұрып келе жатқандығы баршамызға аян. Адамдардың дүниеге көзқарасы, эстетикалық талап-талғамы және рухани қажеттілігі өзгеріп отырған бүгінгі күнде, оқырман қауымның да өлеңге деген ынта-назары жаңашылдыққа бет бұрып, жаңа дәуір талабына үйлесетін тың туындыларды қажет ете бастады.

Бұл біріншіден, дәуір талабының сөзсіз қажеттілігі болса, екіншіден, қазіргі қазақ өлеңінің киелі шаңырағын жыраулық поэзия өкілдері мен Абайдан соң одан ары биікке көтеруге атсалысқан Алаш ақындары мен оның уығын қадаған аға буын ақындарымыздың және бұл күндері сол «ақ орданың» бой көтеруі үшін отты ой кешіп жүрген қаламгерлеріміздің еңбектерін таразылап-бағалап, болашақ поэзия сүйер қауым үшін өлмес өлеңге өрнекті жол ашу кезектегі көзі ашық, көкірегі ояу талантты да шабытты ақындарымыздың басты міндеті екендігі шындық. Осындай кезек күттірмейтін қажеттілік алдында, қазіргі қазақ өлеңінің дәстүр жалғастығы мәселесінің ішкі иіріміне үңілу, біздің алдымыздағы көкейкесті мәселе болып отыр.
Ұлттық дәстүрдегі озық үлгінің бәрі әлемдік өреден үйреніп, жетіліп отырумен қатар, өзі де іштей түлеп, байып отыратын қасиетке ие. Мұның өзі бір жағынан ұлттық әдебиеттің әлемдік даму үрдістерімен тығыз байланысын аңғартса, екіншіден ұлттық дәстүрдің үнемі қоз­ғалыста, даму үстінде болатындығын, яғни жаңашылдықтың қайнары екенін танытады. Әдеби үрдістегі суреткерлік, даралық, дарын деңгейі де осы арқылы өлшенеді.
Поэзиядағы, әсіресе, лирикадағы «бас­ты қаһарман – ақынның өзі». Сондықтан ақындық тұлғаның өзі ақынның рухани әлеміндегі қайшылық-қақтығыстар мен әлеуметтік және мәдени тәлім-тәрбиенің, сондай-ақ қара қазандай қайнап жатқан қоғамдық өмірдің өзіндік әсерінен қалыптасады. Мәселен, ХV-XVIII ғасырлардағы өмір сүрген жырау­лар шығармашылығына арқау болған дүниелер осыны айғақтайды. Ал ақын жанынан туған өлең тілінің айқындылығы – суреттелген болмыс пен құбылысты дәл әрі анық бейнелеп көрсете отырып, әрбір сөздің орынды әрі жинақы болуын қамтиды. Өлеңнің мазмұны – өлеңнің өзекті идеясы. Сондықтан поэзиядағы идея еркін тыныстап, көркемдік өлшемін жоғалтпағаны жөн. Әйтпесе, өлеңнің қуаты әлсіреп өзіндік құнын жояды.
Егеменді ел болып, еңсемізді көтергелі еркін тыныстаған зерттеулер қатары да күн санап көбейе түскен. Ал осы зерттеудің нысанына айналған поэзияда құлашын кеңге жайып, өзіндік сүренін салуда. Салып қана қоймай әдебиетіміздің өткен өмірінен сыр шертетін көне түркілік және жыраулық поэзияның үлгісін көрсетуде. Бірақ бұл қайталау емес, поэзиядағы дәстүр жалғастығы. Бүгінгі поэзияда осы тақырып аясында ой жүгіртсек, алдымен Т.Медетбек, Н.Айтов, Иран-Ғайып, Райымбекұлы сынды ақындардың поэзиясын еске аламыз. Себебі жыраулар поэзиясындағыдай ақындар өлеңдерінің әр жолын халықтың мақсаты мен арманынан, мұңы мен сырынан бір сәт бөліп қарай алмайсың. Көптеген әдебиетші ғалымдардың қаламынан құнарлы пікірлердің тууының себебі де осында болар.
«Қисынын келтіріп, қиялдан туғы­зып әдемі әңгіме шығару – ақындық дары­ған адамның ғана қолынан келеді». Қазақ әдебиеттану ғылымының атасы атанған Ахаңның айтқан бұл пікірі біздің бүгінгі тақырыбымыздың беталы­сын айқындамақ. Шынында, заман ағысы тудырған қателіктерге ақынның іші қайнамай қайтсін. Уақытында Ақтамберді жырау:
Пышақтан малым кетпесе,
Қазаным оттан түспесе
Ауылдан топыр үзілмей,
Ошақтың оты өшпесе – деп ұрпақтың қамыүшін арман толғанысын жырласа, Т.Медетбек сол бір баба арманынан туған уақытты аңсай отырып:
Қазаны түспей ошақтан,
Ошағы оттан сөнбейтін,
Төрт жастағы баласы
Дөнен аттың үстінде
Шіреніп тұрып сөйлейтін,..
Дүние не боп барады? – деп ата-бабаларымыздың ұрпақ алдында ескерусіз қалған намысы мен ары үшін жанының күйін тартады. Енді бірде:
Менің осы жерімде…
Шопан атам аяңдап
Көк қошқарын алға сап,
Саулықтарын қаптатып
Әр жусанның түбінде
Егізден төлін төктірген, – деп Қазтуған жыраудың:
Жабағалы жастайлақ
Жардай атан болған жер
Жатып қалып бір тоқты
Жайылып мың қой болған жер, – деген толғауынан дәйек алады. Ал Әбіш Кекілбаевқа арнау өлеңін толғау түрімен астастырып, Шалкиіздің би Темірге толғауын еске түсіретіндей Шалкиіз ізімен суреттейді. Әсіресе, Шалкиіз толғауындағы:
«Алп, алп басқан, алп басқан
Арабы торым өзіңсің» деп келетін жолдар Т.Медетбек өлеңінде:
«Алп, алп басқан, алп басқан
Маңдайы биік марқасқа» деп түрленіп келеді. Шалкиіздегі «арабы торы» да, Т.Медетбектегі «маңдайы биік марқасқа» да ер басына күн туған шақта серігі бола білген, қазақтың қадір тұтқан жануары жылқы малы болса керек. Келесі бір арнауы «Қарға бойлы Бекболат» деп басталады. Бұл тіркес көз алдымызға кеудесі тола жыр, көмейі күмбірлеген қазақ хандығының алғашқы кезеңінде өмір сүрген Қазтуған жырауды көз алдымызға әкеледі. Себебі аталған жыраудың мадақ жырында «Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт» деген жол бар.
Қазіргі қазақ поэзиясында өткен өмірдің мұрасы, бүгінгі поэзияның дәстүрлі арнасы болып қалыптасқан, кезінде Абай ақтарыла толғаған, Жамбыл жүйткіте жырлаған қалып толғау жанры уақыт өткен сайын жаңғырып, кемелденіп келеді. Кешегі ақындарды айтпай-ақ, дәл бүгін қалам тербеген жыр дүлдүлдерін тілге тиек етсек, жыраулардың жалғасы болып, жүрек толғанысын толғау арқылы жеткізіп, жаңа мазмұнда, халық дүниетанымына лайық поэзия түрін жасауда. Осындай талғамы мен талабы астасқан ақындарымыздың бірі – Несіпбек ­Айтов.
Поэзияда озық дәстүрді уағыздау, оны баянды ете түсу ақындарымыздың идеологиялық жұмысының үлкен саласына айналды десек, Н.Айтов та:
«Бақилық, пенде, сез мұны,
Басымнан қымбат сөз құны» деп, қисынын келтіріп, қиялдан әдемі ой туғыза отырып, поэзиядағы дәстүрлі арнаның жаңаша келбетін танытқан ақындарымыздың бірі. Мұндағы дәстүрлі арна деп отырғанымыз, қазақ поэзиясының түпқазығы, күретамыры, байырғы ақын-жыраулардың салып кеткен сара жолы. Көне түркілік сарынды былай қойғанда, қазақ халқының тарих сахнасына келуімен бірге жасап, тіпті хандық билікпен бірге жоғалып, тәуелсіздікпен бірге қайта қауышқан, замана көрінісін талқыға салған, дәстүрлі арна іштей қайта түлеп, жаңа сипатқа көшті.
Н.Айтов толғауларына көз жүгірте отырып, «уызға жарып өскен ұл» екенін еріксіз мойындайсың. Ақын өткен күннен қалған белгіні ескеріп қана қоймай, оны аңсайтынын жасырмайды.
Көктемді сонау сағынам,
Өткенді сонау сағынам.
Оралтшы соны бір сәтке,
Ойпыр-ау, шындап жалынам!
Жерімес құлан қағынан,
Безінбес бұлбұл бағынан.
Соңғы тармақтағы «бұлбұл» – ақын болса, «бақ» – ақындардың дәстүрлі арнасы болып табылмақ. Сондағы айтпағы ақын болып туған соң ақындық арнаның дәстүрлі үлгісін көрсету оның басты парызы екендігі.
Алысқа бармай-ақ, ақын шығарма­шы­лығындағы «Бауырым, сонау күн қайда?», «Басымнан қымбат сөз құны», «Қырықтан асқан шағымда», «Шә­кірге соңғы сауал» сынды санаулы толғау­ларының түп-төркініне үңілейік. Аталған толғауларды оқып отырып, сөз жоқ, XV-XVIII ғасырларда өмір сүрген жыраулық поэзия өкілдерінің шығар­машылығымен үндесіп жатқан­дығын сезінесің. Қазіргі танымал ақындарымыздың бірі Несіпбек Айтов түйдек-түйдек ойларын толғай жөнелгенде бейнебір хандық дәуірге сапар шегіп, жалынды жырларымен ел жадында қалған жыраулармен бетпе-бет келгендей боласың. Мысалы, «Бауырым, сонау күн қайда» толғауы сыртқы пішінімен де, ішкі мазмұнымен де Дос­памбеттің толғауынан бастау алып жатқандығы көзге ұрып тұр.

Дәулеткерей МҮЛІК,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті Гуманитарлық факультеті Журналистика және филология кафедрасының аға оқытушысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.