Ғылымға бастар баспалдақ

Жуықта Алматы математика-линг­вис­ти­калық «Самай» мек­тебінің оқушылары Нұрсәт Бай­генжеев, Оқжетпес Уәлиханов, Никита Галаганов Ресей астанасы Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік «Ғылым баспалдағы» ғылыми-практикалық форумына қатысып, бірінші дәрежелі диплом және алтын медальмен марапатталып, жеңіспен оралды.

Оқушылардың бұл бас­тамасына ғылыми жетекшілік еткен физика, инфор­ма­тика пәндерінің мұғалімі Әйгерім Мұстахибекова оқушылардың ізденім­паздығы мен ғылымға деген қызығушылығы жоғары екенін айтады. Осындай ғылыми форум өтетіні жайлы білгенде көптеген оқушылар өз ұсыныстарын ортаға салып, қатысуға тілек білдірген екен. Ең әуелі 9-сынып оқушысы Никита Галаганов белсенділік танытқан. Мектеп директоры, физика-математика ғылымының кандидаты Кенжеғазы Нұғманов Никитаның тілегін қостап, аталмыш жобаға қызығушылық танытқан 11-сынып оқушысы Нұрсәт Байгенжеев пен 10-сынып оқушысы Оқжетпес Уәлихановты осы жобамен жұмыс жасауға қосып, осылайша форумға қызу дайындық басталған.
Жас та болса да ғылымның дамуына өз үлесін қосуды мұрат еткен Никитаның бастамасы көпшілік тарапынан бірден қолдау тапты. Оны әрдайым қазіргі нарықтағы «ақылды үйлер» қызықтырған, бірақ оған қарапайым халықтың қолы жете бермейтіндіктен, оның жалпыға қолжетімді қарапайым нұсқасын жасап шығаруды армандапты. Мысалы, қазіргі нарықтағы 3 бөлмелі «ақылды үйдің» құны едәуір қымбат болса, Никитаның жобасындағы «ақылды үй» сапасы жағынан ол үйлерден еш кем түспейді, бірақ бағасы жағынан әлдеқайда арзан. Бастамасы жайлы Никита өз ойын былай жалғастырды: «Біз бұл жобамызды «Ғаламтор желісі арқылы iSamaiDostarHub жобасы көмегімен басқару нысанына қашықтықтан кіру» деп атадық. Себебі бұл жоба көмегімен әлем­нің кез келген бұрышынан өз смартфо­ныңыз арқылы ғаламтор желі­сімен үйіңіздегі электр бұйымдарын басқара аласыз. Мысалы, сіз үйде үтікті өшірмей кетсеңіз, тедефоныңызға хабарлама ке­леді. Бұл жағдайда сізге үйге қайта оралу­дың еш қажеті жоқ, себебі сіз оны теле­­фоныңыздың көмегімен оп-оңай өші­ре аласыз. Тек ғаламтор желісі болса болғаны».
Жалпы дайындыққа бір ай көлемінде уақыт кеткен екен. Ең алдымен, ­Никита жоба­ға қажетті бағдарлама әзірлесе, Оқжетпес пен Нұрсәт қолда бар құрал­дармен жобаның макетін дайындады. Жобаға қажетті құралдар әзір болғанша, макеттің негізгі қаңқасы мен сызбасы, жобаның бағдарламасы да дайын болған еді. Қалған жұмыс тек негізгі элек­трон­ды құралдарды бекітіп, құрастырып шығу еді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, iSamaiDostarHubтың макетін үшеуі құрас­тырып, бейнежазбаға түсіріп, жалпы сипатта­масын жазып, сырттай турға электронды түрде жіберді. Көп ұзамай, Мәскеуден ша­қыру қағазы да келді. Мектеп әкім­шілігі талапты жастарға қолдау көрсетіп, қаржылай көмектесті. Осы­лайша олар форумға аттанды. Оқушылардың бұл форумнан алған әсері ұшан-теңіз. Мәскеуге кел­генде біраз қиындықтарға да тап болыпты. Оқушы­лар­дың бұл жобасы әділқазылар тарапынан жо­ғары бағаға ие болып, бірінші орынды иеленді. Тіпті қызығушылық танытып, тапсырыс бергісі келетіндер де кездесті. Ал оқушылар осындай бастамалары арқылы отандық ғылымның дамуына өз үлестерін қосуды асқан бақыт санайды.

Зульфира АВУТОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.