Жаңа жылдан үмітіміз көп

Сонымен 2015 жыл тарих қойнауына еніп, 2016 жылдың күнтізбелік парағын да аудардық.
Әрбір жаңа жыл еліміз үшін өркендеудің, асулардан асудың бір межелі биігі іспетті. Олай дейтін себебіміз, осы уақытқа дейін жеткен жетістіктеріміз, табыстарымыз тарихи жылнама тұрғысынан қарағанда қомақты саналады. Өйткені 25 жыл ішінде әлемдік қауымдастықтан ойып тұрып орын алуымыз, ауқымы кең халықаралық маңызы бар шараларды өткізудің ұйытқысы болуымыз ғасырларға татитын, маңызы бөлек дүние.

2016 жылы Тәуелсіздігімізге 25 жыл толады. Тәуелсіздік туралы сөз қашанда басқа. Ал осы Тәуелсіздікті жариялау оңай болды ма? Оңай болған жоқ, әрине. Мұны тарихтан жақсы білеміз. Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың ақ таңына жеттік. Тәуелсіздік ұғымы әрқайсымызға қымбат болуы тиіс. Соны бағалап, қадіріне жете білуіміз керек. 2016 жылы мерейлі мерекемізді лайықты дәрежеде атап өтсек, нұр үстіне нұр болмақ. Өйткені тәуелсіздігімізді ардақтау, егемендігімізді құрметтеу әрбір ұрпақ үшін киелі парыз, зор міндет болып табылады. Мұның барлығы тәуелсіздігімізді баянды ету жолында атқарылар маңызды іс-шаралар екені сөзсіз.
Бүгінде біз мемлекеттілігіміздің іргетасын мықтап, дамыған 30 елдің қатарына ену межесін бел­гілеп отырмыз. Меже – үлкен. Соған жетер мақсатымыз да айқын.
Биыл сонымен қатар 1916 жыл­ғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы атап өтілмек. Бұл да қазақ халқының тәуелсіздік үшін күрес жолындағы ұлы оқиғаларының бірі. Ұлт-азаттық көтеріліс дегенде біз халықтың батыр ұлдары Амангелді Иманов, Бекболат Әшекеев тәрізді тұлғалардың аяулы есімдерін еске аламыз. Патшалық өкіметтің саясатына наразылық танытып, қол бастаған батырларымыз аз емес. Ал солардың есімдерін ұлығылау бүгінгі ұрпақ үшін үлкен парыз. Олай болса, ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығын атап өтуде жас ұрпақ санасына осы бір оқиғалардың мән-маңызын, қадір-қасиетін жеткізе білгеніміз абзал.
Қазақ халқының Тәуелсіздік үшін күресі туралы айтқанда біз міндетті түрде Алаш арыстарының сіңірген еңбегіне тоқталмай кете алмаймыз. Қызыл империя қылышынан тайсалмай, бодандық қамытынан құтылуды аңсап, азат ел атану жолында жан аямай күрескен Алаш арыстары болатын. Ал сол Алаш арыстарының көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлының туғанына биыл 150 жыл толады. Әлихан Нұрмұхамедұлының атқарған ұшан-теңіз еңбегін тарихтың бір кезеңінен ғана бағалау аз. Өйткені қайраткер тұлғаның еңбегі, айтқан ойлары мен кесімді пікірлері бүгінгі уақыт тұрғысынан алғанда да аса құнды. Олай болса, көрнекті тұлғаның өмірі мен саяси еңбектерін зерттеу арқылы біз бүгінгі дербестігіміздің қадір-қасиетін терең танып, зерделей түсетініміз шындық. Демек, Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы барша Алаш елі үшін айтулы оқиға.
1986 жылғы Желтоқсан оқи­ғасына биыл 30 жыл толмақ. Жел­тоқсан оқиғасы – тәуелсіздікке алып келген бірден-бір жол екені анық. Сонымен қатар биылғы жылы елінің елеулісі, халқының қалаулысы, ардақтысы атанған Жамбыл Жабаев, Мұхит Мерәліұлы, Хамит Ерғалиев, Мүсі­лім мен Рәшид Абдуллиндер, Серке Қожамқұлов, Кәукен Кенжетаевтың және т.б. көрнекті тұлға­лардың мерейтойлары аталып өтілмек.
Сөз соңында айтарымыз, жаңа жыл­дан күтер үмітіміз көп. ­Лайым Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз Мәңгілік болсын!

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.