«АНА ТІЛІ» ҰЛТ МҰРАТЫН КӨЗДЕГЕН БАСЫЛЫМ

«АНА ТІЛІ» ҰЛТ МҰРАТЫН КӨЗДЕГЕН БАСЫЛЫМСабыржан Шүкірұлы, «Ана тілінің» тұңғыш зейнеткері:

– Сабыржан аға қазақ тілінің кешегі күнгі мүшкіл халін көтеріп, атау сөздердің өмірге келуіне бірден-бір септігі тиген қаламы қарымды қаламгерісіз. Биыл газетіміздің құрылғанына 20 жыл. «Ана тіліне» қалай келдіңіз?
– Мен ол уақытта «Егеменді Қазақстан» («Социалистік Қазақстан»), «Сұхбат» газеттерінде жұмыс істедім. 1996 жылы «Сұхбат» газеті жабылды да Жарылқаптың шақыруымен «Ана тілі» газетіне бардым. Сол барғанымнан табан аудармай он жыл осы газетте жұмыс істедім. «Ана тілі» газетінің тұңғыш зейнеткері атандым.
Әуелде әртүрлі саяси тақырыптарды, уақыттың тынысымен экономикалық тақырыптарды да қозғап жүрдім. Кейін біржолата «Тіл және этнография» бөлімін міндетіме алдым. 1998 жылдан бастап бірыңғай тілдің тақырыбымен айналыстым. Тіл мәселесі елімізде өте күрделі күрмеуі қиын мәселе еді. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуына басқа ұлт өкілдері мен орыс тілділер тарапынан қарсылық көп болды. Тіпті өзіміздің ұлтымыз тарапынан да үлкен қарсылық орын алды. Дәл осы кезеңде бұқаралық ақпарат құралдары әсіресе газеттер тілдің негізгі айқайшыларына айналды.
Газет бетінде сол кезеңде тілге қатысты сөз тектеу, қазақ тілінің емле ережесіне, терминология, атау сөзге қатысты сала-сала айдарлар жұмыс істеді. Басылым Парламентке ықпал етті. Үкіметке, министрлікке сын айтты. Осындай қоғамдық пікір туғызудың ықпалы зор болды. Соның арқасында Тіл білімі институтында, Тіл комитетінде, министрліктерде, Үкіметте жұмыс жүріп, сірескен сеңнің шеті сөгілді. Халық армандап отырған жағдайға келтірмегенмен де біраз жетістіктерге қол жетті деп айтуға болады. «Ана тілінің» бұл кездегі атқарған міндеті ұшан теңіз. Жұрт сүйсініп оқыды.
– Осы кезеңде ойларыңыз бір арнада тоғысып, иық тіресе жұмыс істеген әріптестеріңізден кімдерді айтар едіңіз?
– Сол кезде «Ана тілі» газетінің алғашқы күнінен бастап жұмыс істеген Ертай Айғалиұлы деген азамат болды. Өте қабілетті ұйымдастырушы. Газетті көркемдеудің шебері, тәжірибелі суретшіміз Төлеген Иляшев кейін редактордың орынбасары, жауапты хатшы болды. Бұл екеуі «Ана тілінің» алғашқы нөмірінен бастап еңбек етті. Жас тілшілердің арасында жазушы болатындай таланты бар Мақпал Жұмабай деген ақын қызымыздың еңбегі зор. Қазір «Таң-Шолпан» журналында жүрген нағыз қабілетті, әмбебап жорналшы Нұрлыбек Саматұлы бүгінгі заманның мықты жазушысы. «Нұр Астана» газетінде жүрген Қуаныш Жиенбаев кезінде «Ана тіліне» жан-тәнімен беріліп жұмыс істеді. Салтанат Өтеуғалиева өте қабілетті, іскер, газетке барынша берілген жан. Мінезінің тарпаңдығы бар, бірақ өз жұмысының білгірі. Ұлттық мүддеге қатысты келелі тақырыптарды көзіне көрсетіп жазатын Марат Қабанбай деген мықты публицист-жорналшы жігіт болды. Сыпайы, әдемі жазатын жас журналист Сәкен Сыбанбай. Жарылқаптың тұсындағы бірден-бір хабар жанрын ойнатып беруіменен өзіндік қолтаңба жасап шыққан Раушан Төленқызын ерекше атау керек. Біз оны Рауғаш дейтінбіз. Қазақы хабар беруді «Ана тілінің» жанры есебінде қалыптастырған осы Раушан Төленқызы. Этнографиялық тақырыптарға қалам тербеген Байбота Қошым-Ноғай газеттің алғашқы жылдарында зор еңбек сіңірді. Мықты журналист-ақын жігітіміз Жұмабай Құлиев. Компьютерде терімші болып күні бүгінге дейін жұмыс істеп келе жатқан Бағдагүл Мұратқызы. Содан кейін Астандағы меншікті тілшіміз Жұматай Сабыржанұлы өте өткір жазатын. Тілшілердің ішіндегі «Ана тілінің» рухына, сол кезде көтеретін мәселеге ең өткір, өте ащы жазатын, сөздері тиген жерін ойып түсетін, сол уақытқа нағыз керек адам еді. Керемет жас ақын марқұм Нұрлан Мәукенұлының, Бауыржан Бабажанұлы, Құралай Қуатовалардың «Ана тілінде» өзіндік қолтаңбасы бар. Міне осындай шақырғанға да бармай, айнымай, толқымай ұлттық мүддеге қызмет етуді мұрат тұтқан, газетті сақтап қалуда үлкен еңбек сіңірген азаматтардың аттары атауға тұрарлық.
– Қалай ойлайсыз, бүгінгі «Ана тілі» қандай бағытты ұстану керек?
– «Ана тілі» жыл аяғына дейін «2010 жылға дейінгі бағдарлама бойынша не тындырылды?» деген мәселені көтеріп, айдар ашса. «Басты бағыт бойынша іс бітті ме бітпеді ме?» деген сауалды Парламентке қатысы барын Парламент депутатына, Үкіметке қатысы барын Үкіметке қою керек. Бұдан кейін «2010-2020 жылға дейінгі мемлекеттік тілді дамытудың жаңа бағдарламасы» жасалып жатыр. Комиссия құрылды. «Енді осы бағдарлама қандай мәселені қамту керек?» деген бір айдар ашылса. Бұның екеуі де биыл жүргізілетін жұмыс. Бұл мәселелер нені қамту керек? Арнайы құрылған комиссия мүшелерінің ішіндегі Үкімет адамдарын, депутаттарды, оппозицияның адамдарын, тілдің жанашырларын іздеп тауып сөйлетсе. «Бағдарламада қандай мәселенің қамтылғанын қалайсыз?» деген сауал бойынша шымыр, нақты ұсыныстарын «Ана тілі» арқылы жариялап отырса. «Ана тілі» газеті биыл өзінің 20 жылдығы тұсында осы екі айдарды жүргізсе, басылымға үлкен абырой алып келер еді. Газет негізінен уақытқа, қоғамға, билікке қызмет етеді. Бірақ «Ана тіліне» деген оқырманның қалыптасқан көзқарасы, сенімі бар. Халықтың арасында бүгінгі күнге дейін бірде-бір нөмірінің шашауын шығармай жинап келе жатқандар бар. Сол оқырманның «Ана тіліне» қалыптасқан көзқарасын бұзбау керек.
Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.