Жиғаннама (қойын дәптерден)

Серікқали БАЙМЕНШЕ,
филология ғылымының
докторы, Қазақстанның құрметті журналисі

Орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілінде балама іздеу немесе мәндес мағыналарын таңдау орайында өзіміздің түркі тілдес бауырлардың сөз қазынасы елеулі көмек көрсетеді. Соның бірі – ноғай тілі. Осы тілдегі біраз сөздерді барлап көргенде, кейбіреулерін қазақ тіліне бейімдеп пайдалануға болатыны байқалады. Бұл ретте әлбетте ноғай тіліндегі барша баламаны сол күйінше қазақшаға көшіру мақсаты тұрған жоқ. Керісінше тіл байлығын, оның синонимдік қатарын кеңейту үшін кейбір сәттерде қандас ағайындардың сөздік қорына да үңіліп отырсақ деген тілек. Ноғай тілі қолданысындағы мына сөздерге назар аударыңыз: келін үй (комната молодеженов), қазанүй (кухня), терезетүп (подоконник), төселме (половик), бұқыж (вдова), қысқаяқты (женщина), тұқым (фамилия), асыл (происхождение), нәсіп (счастье), беркіту (утверждение), майдан (площадь), қаралды (двор), шарлақ (этаж), ашқыш (ключ), желқаққыш (кондицио­нер), бетжаулық (полотенце), боқша (кошелек), күндік (зонт), кешене (мавзолей), соқпақ, кішкей орам (переулок), шаша жол (шоссе), жералма (картофель), балқос (пасека), ноғыт (фасоль), ошар (сход), қағыт (бумага), пыхы (морковь), тепшек (тарелка), қайқана (яичница), бүйрек (пельмени), субүйрек (вареники), шибүйрек (чебуреки), құймақ, шырлама (блины), тоқбасар (десерт), басытқы ас, шағырай (закуска), құтық (коробка), шонтық (куртка), құмаш (ткань), бәпіш (туфли), шарық (тапочки), мойынтұмар (кулон), бәпи (утка), кәтебі (бархат), шайтепшек (блюдце), шолпы (дуршлаг), геухар (бриллиант), ынжы (жемчуг), зүбаржат (изумруд), нарғызгүл (георгин), шәбден (подснежник), ынжыгүл (ландыш), лала (лилия), таушымылдық (пион), мық (гвоздь), дарман (лекарство), омбыз (ангина), сөйлессөз (диалог), сызынты (набросок), өнер, саният (искусство), құй (колодец), т.б. Ноғайлар қойдың қорасын «қотан», сиырдың қорасын «аран», тауықтың қорасын «кедеш» дейді. Ең бастысы – «семья» деген сөз ноғай тілінде «аьел» деп жазылады, бұл қазақша оқығанда «әел» болып шығады, орысша «семейный» адамды «әелли», яғни «әйелді» дейді (Қазақ тілінде «семьяны» отбасы, жанұя, үйелмен, шаңырақ, түтін, т.б. деп жүрміз). Әдетте әйелдерді «қысқаяқлы» (қысқаяқты) деп атайтын ноғайлардың «әел» сөзін адам баласы үшін ең қасиетті отбасымен байланыстыруы таңдандырмай қоймайды. Жазушы Баянғали Әлімжановтың бір кейіпкері «әйел» сөзі «әй, ел болайық!» дегеннен шыққан деп әзілдеуші еді. Ноғайлардың «әел» деп отбасын айтатыны, расында да, Баянғалидың жазуының жаны бар екенін білдіреді.

***

Ақын Қайрат Жұмағалиев бір жолы «недвижимое имущество» дегенді «қозғалман мүлік» деп аударсақ қалай болады деп әзілдеген-ді (1994). Қайрекеңдікі әлбетте ақындық ұшқыр ойдың бейнелі тілегі ғой, термин шіркін шарықтап-шалықтауды көтере ме?! Ақынның бұл баламасын мен тәуелсіздік жылдарында қазақ тіліндегі заң актілерінде жаңа қолданыстарды орнықтыруға Зейнолла Серікқалиев, Қайрат Жұмағалиев, Мырзабай Кеңбейілов, Болат Бодаубай, Қажығали Мұхамбетқалиев, Сырым Бақтыгерейұлы, Жолбарыс Әбішұлы, Талғатбек Әминов, Есенқұл ­Сафуани, Махамбет Жәмекұлы, Орынбек Жолдыбай, Асқар Егеубаев, Бекен Шолан, Раушанбек Бектібаев, Тілекқабыл Боранғалиұлы, Ағайдар Ысымұлы, Ербол Шаймерденов, Дәуітәлі Омашұлы сынды Парламент қабырғасында бірге қызмет атқарған ардақты азаматтардың, бірқатары бүгінде қатарымызда жоқ адамгершілікті ағалардың көп еңбек сіңіргенін атап көрсету орайында еске алып отырмын. Қайрекеңнің бейнелі баламасы кейін қазақ терминінің тізімінде «жылжымайтын мүлік» болып тұрақтады. Сол кезден есте қалған тағы бір белгіні айта кетсем, татар ағайындар «недвижимость» деген сөзді «күчемсез милек» деп аударған еді, қазақшаға айналдырғанда бұл «көшімсіз мүлік» болып шығады.Татар тіліндегі терминжасам әдісін де осыдан аңғаруға болады (салыстыру үшін: қозғалман, жылжымайтын, көшімсіз).

***

«Процент» сөзінің қазақша баламасын «пайыз» деп ең алғаш ұсынған –ҚазҰУ профессоры, филология ғылымының докторы, фантаст жазушы Абдул-Хамид Мархабаев болатын (1997). «Бұл сөзді мен енгіздім» деп ол ешқашан айтқан емес; бірақ осы салада жүргендіктен біз білетінбіз, сол кезде-ақ қойын дәптерімізге жазып қойғанбыз. Жалпы, Мархабаевтың жазу стилі, сөз саптауы бөлек-тін; тың ұғымдар, жаңаша оралымдар мен қайырымдар оның жазбаларында өріп жүретін. Ол дәстүрлі жазудың өзін түрлендіріп, жаңаша әрлеуге бейім болатын. Жазу-сызуының ешкімге ұқсамайтындығы да содан болса керек. Жаңа сөз табу, оңтайлы баламамен ой салу оның ғылыми-қиялгерлік, көркем-публицистикалық қаламының өзіндік ерекшелігі еді. Бірінші рет «пайыз» деп жазғанында аталмыш сөздің кірігіп кетуіне көпшілік күмәнмен қарап едік. Бірақ олай болмады, «пайыз» бір шығарманың аясынан шығып, тұтастай қазақы қолданысқа айналып кете барды. Университетте сабақ берген, аз-кем уақыт әріптес болып бір кафедрада еңбек еткен ұстазымызды былайғы жұрт бірде «Әбеке», бірде «Хама» дейтін. Біз соңғысына бейіл едік. Ал адами тірлікте «Абдул-Хамид» есімінен гөрі «Мархабаев» деген фамилиясы озық жүретін. Сол – оқыған-тоқығаны көп, білімі шексіз, қазақ фантастикасын зерттеудің жаңа ғылыми мектебін қалыптастырған әрі өз қаламынан да қиялды ғажайып шығармалар тудырған Хамаң да дүниеден өтті. Соңғы жылдары елден шеттеу жүрген соң көп араласа алмадым, бірақ сырттай амандығын тілеп жүретін жақсы ағамның бірі еді. Адам жатырқамайтын бауырмал, інілерін ізеттей білетін кісітұғын. Басқа да шәкірттерінің жазбаларынан оқып білгенімдей, асыл азамат бұ дүниеден де өмір бойғы өзіне тән жеңіл әзіл-қалжыңынан ажырамаған күйінде өтіпті. Есімде қалған бірер жайтты мен де айта өтейін: …Студент кезіміз. Сабақтан шығып, ұстазымызбен бірге Бас поштаға қарай әңгімелесіп келе жатқанбыз. Кенет алдымыздан атақты ақын Мұқағали Мақатаев шыға келді. «О, Мархабаев! Старший преподаватель КазГУ! Кандидат филологических наук!..» деп Мұқаң әдейі орысша сөйлеп, інісіне қарай құшақ жая ұмтылды. Сол кезде біздің Хамаң: «Мұқа, кешіріңіз, доцент деп атаңыз» деп жеңіл әзілін айтып қалды. Мұқағали ақын да, біз де ду күлдік…
Деканат жаққа біреу «Мархабаев лекция оқымайды, студенттерге қысыр әңгіме айтып уақытын өткізеді» деп сыбырлай қойса керек. Сабақ енді бас­талайын деп жатқанда деканымыз келіп соңғы партаға жайғаса кетті. Ол кезде академиялық 90 минут 45 минуттан екі бөлініп өткізілетін, арасында 5 минут үзіліс берілетін. Болашақ журналистер үшін әр сабағын шығармашылықпен байланыстырып, бұрыннан да қызықты өткізетін Хамаң бұл жолы дүр сілкінгендей болды, деканның тегін келмегенін сезген сияқты. Қойын дәптеріне сәл көз жүгіртті де, лекцияға кірісіп кетті. Хамаңның терең білімдарлығын осы жолы тағы көрдік, соншама мол ақпаратты жазып үлгере алар емеспіз… Сөйтіп, алғашқы 45 минуттың қалай өткенін де білмей қалдық. Үзіліске шықтық: деканымыз кабинетіне қарай кетті, біз Хамаң­нын жанына жиналып тұрмыз. «Қалай екен, – деді Хамаң бізге қарап, – декан­дарыңның өзін оқытып жіберген жоқпын ба?». Ду күлдік. Деканатқа сыбырлап жүрген әлдекімнің өз ортамызда болуы мүмкін екендігін сезді-ау деймін. …Хамаң студенттерді журнал бойынша тексеріп тұрса керек. Өзі кураторлық жасайтын топта 6 студент, келесі топтан 3 студент жоқ болып шығыпты. Сонда Хамаң әріптес оқытушыға қарап: «сен кураторлық ететін топта бақандай 3 студент сабаққа қатыспай отыр. Ал менің тобымда алты-ақ студент жоқ» деген екен.
…Профессор Тауман Амандосов кафед­рада ақын Хамит Ерғалиевпен теле­фон арқы­лы сөйлесіп, әлсін-әлсін «Хама» деп қайырылып отырса керек. Кенет кафедрада үстел басында қағаз жазып отырған Мархабаевқа көзі түседі де: «Хама, – дейді әзілдеп, – мына жақта бір жігіт мен де «Хамамын» деп жүр ғой…». «Не дейсің, ол кім?» деп кәрі тарлан Хамаң елең ете қалыпты. Сонда біздің Хамаң Амандосовтың жанына жетіп барып, «­Тауке, ол нағыз Хама емес, бір жаман Хама екен дей салыңызшы!» деген екен. Абдул-Хамид інісінің бұл қылығын естіп, үлкен Хамаң мәз болыпты деседі. …Хамаңның замандас-әріптесі, құрдас-сырлас досы, марқұм Марат Барманқұлов жұмыс барысында өзі басқаратын кафедраға қатысты қандай да бір жұмыс туралы айтылса, қайта-қайта «Шәрбанға айттым… Шәрбан біледі… Шәрбаннан сұраңдар…» деген сияқты мағынада орынбасары Шәрбан Нұрғожинаның атын қайталай берсе керек. Сонда Хамаң оған «Марат, сен Барманқұлов емес, Шәрбанқұлов болып кеткенсің бе?» деп жұртты ду күлдірген екен. …Хамаңның әзілдерінің көбі осындай болып келетін. Әзілдей отырып тура айтатын не біреуді тулатып айтатын. Бірақ Хамаңа ешкім өкпелемейтін, оның әзілінде зіл жоқ екенін жұрттың бәрі білетін. Дүние – жалған деген осы ғой, Құдай берген өнеріне сай өнегелі өмір сүрген Абдул-Хамид Мархабаевтай жақсы аға, абзал ұстаз да «келместің кемесіне мініп» кетті-ау…

***

Бүгінде біреу білер, біреу білмес, бірақ «публикация» деген сөзді 90-жылдары «жарияланым» деп ана тіліміздің қорына қосып жіберген қазақ аудармасының құдіретті шебері, Қазақстан Журналистер одағының Сұлтанбек Қожанов атындағы сыйлығының лауреаты, марқұм Жолбарыс Әбішұлы еді. «ҚазТАГ-та жүргенімде бір сөз болса да қазақтың тілі баи берсін деп жазып жібергенмін, сол күйінше жарияланды: ешкім өзгертпеді, ешкім таңданбады, тура қазақтың баяғыдан келе жатқан төл сөзіндей сіңісті де кетті» деп отыратын марқұм. Жолбарыс Әбішұлы аудармаға кездейсоқ емес, мақсатты түрде келген қаламгер. Соның нәтижесінде аударма оның шығармашылығының ең бір өнімді саласына айналды. Әйтпесе өлеңдері ештеңеден кем соқпайтын. Өлең жолына шындап берілсе, Жолбарыстың жырлары да әдебиет қазынасын байытатыны сөзсіз еді. Мысалы, мен оның Әнұран мәтіні бойынша конкурсқа қатысқанын білетінмін. Жалпы Жөкең (әріптестері осылай құрметпен атайтын) адал адам болатын. Тез әрі қатты айтып тастайтыны бар-ды, бірақ кекшіл емес, қайтымы тез қайырымды еді. Аударманың ол өткермеген қиындығы да, ол білмейтін құпиясы да жоқ деуге болатын. Орыс тіліндегі кез келген мәтінді құбылтып, қазақтың өз сөзіндей ғып сөйлетудің шебері-тін. Жөкеңнің біліктілігіне ешкім таласа алмайтын, қиын деген мәтіннің өзі оның қаламының ұшы тиген бойда басқаша сөйлеп сала беретін. Жанына жас әріптестері үйіріліп жүретін, өйткені Жөкеңнен үйренетін кәсіби өнеге аз емес-ті. Көзім көрген бір мысалды айтайын: Жөкеңе жас әріптесі келіп, «мына сөзді ешбір сөздіктен таба алмадым, мағынасы белгісіз, қалай аударуды білмей тұрдым» деді. Сонда Жөкеңнің «мұндай жағдайда сөзді кері мағынасы бойынша іздеу керек» дегені есімде. Тәжірибесі аздау жас аударушы кейін Жөкеңнің осы пікірі өзі үшін сабақ болғанын айтып жүрді. Өткен жылы қытай тілінің маманы, халықаралық қатынастар саласындағы танымал қызметші, белгілі дипломат Айдар Жолбарысұлы Әбішевтің қытай, шағатай және ұйғыр тілдерінен қазақшаға аударуымен жарық көрген көлемді кітабы қолыма тигенде, шебер қаламгер Жолбарыс Әбішұлының аудармашылық өнерін ұрпағы жалғастырғаны қуантты.

***

Тірі болғанда 2015 жылы алпысқа толатын курстас досым Төрегелді Байтасов туралы оның баласы Төребектің өтініші бойынша «Жан жақсысы» деген еске алу мақаласын жазып едім; мақаланың ықшамдалған нұсқасы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде (11/06/15) жарияланды, жинаққа енді. Осы ретте қойын дәптерімде жазылып қалған Төрегелді досымның кейбір түйінді ойларын рухы шат болсын деп ұсынып отырмын. Әрі бұл сөздердің (әр кезеңде баспасөзде жарияланған болуы да мүмкін) мән-маңызына тереңірек үңілу Төрегелдінің сөз мұрасын, жеке басын тани түсуге, оқыған адамның ойын ұштап, орынды пайым жасауына жәрдемдесе алатын тәрізді. Сонымен, Төрегелді дос әр кездері былайша толғаныпты: «адамзаттың ақылы шексіз, шектейтін надандық; адамдардың аңға айналғанын, аңдардың таусылғанынан білесің; данышпанның да дағдарып, ақылдының да адасатын кезі бар; нақыл сөздерді түсінуге де ақыл керек; адал деген адамда да арам тер мен арам ет бар; мін мінезден басталады; күн күн сайын күлімдеп тұрар, түнертіп көрсететін бұлт; өзіңе өзің патша болғың келсе, дүние мен мақсатқа құл болма; кіршіксіз жүректі кірлететін өзіміз».

***

Қалай десек те, жазу тәжірибесін алға тарта сөйлесек, жалпы қысқарған сөз, оларды пайдалану жайы қазақ тілі үшін жаңаша құбылыс екені сөзсіз. Ата-бабамыз қысқартып сөйлеген жоқ, тіпті өткен ғасырлардағы Қазанда, Орынборда, Ташкентте және басқа жерлерде шығарылған орысша-қазақша аударма сөздіктердің өзінен қысқарған сөздер емге табылмайды. Қысқарған сөз тіл табиғатына жат, әлі де кірігіп болмаған, тілге сырттан қосылған жаңалық; мәселен, өзара сөйлесу барысында қысқарған сөз кездескен кезде көп жағдайда ауыз үйренген әрі айтуға жеңіл орысша нұсқасына ауысып кете беретініміз содан болса керек. Қысқарған сөздің қазақ тілімен бірге жаратылмағаны, оның пайдалану тәжірибесінен шыққаны осыдан көрінеді. …Ақмола астанаға айналып, жаңа көшіп келіп жатқан кезіміз. Әріптесім, белгілі журналист-заңгер Ағайдар Ысымұлы түскі үзілістен оралғаннан кейін, «жаңа ОӘД жанында деп…» әңгімесін бастады. «Оу, ОӘД»-діңіз не?» дейміз біз. «Орталық әмбебап дүкен» дейді ол; «Өй, ЦУМ» десеңізші одан да» дейміз біз. Ол «ОӘД» деуден танбайды. Айтылуы қиын болса да, Ағайдар әлі күнге дейін «ОӘД» дейді; Ағайдардың тілге деген құрметін жақсы білетін қазақтар оның ешқашан «ЦУМ» деп айтпайтынын біледі. Бірақ Қазақстанда Ағайдар сияқты ана тіліне, мемлекеттік тіліне шексіз берілген, өз тілімен өмір сүретін ұлтжанды жігіттер көп пе? Көп болса, бәріміз жаппай «ОӘД» дер едік, бірақ ондай жігіттер аз болғандықтан да, тілі түскір «ЦУМ» деп сүйрелеңдей береді. …Қысқарған сөз абзалы ХХ ғасырдың жемісі; ол осы жүзжылдықта көбейді, дамыды, өсті, жетілді; қысқарған сөзден ХІХ ғасыр да қалыс қалмайды. Жаңа ғасырда қысқарған сөз көбеймесе, азаймайды.
Сол себепті ғылым термин деп танитын қысқарған сөздерді қолданудың тіліміздің бүгінгі өресіне лайық қағидалары болмағы өздігінен-ақ түсінікті.Тілімізде күрделі атауларды (сөздерді) қысқартып жазудың төменде айқындаушы бір-бір мысалы алынып отырған мынадай орныққан үлгілері бар: БҰҰ (1), ҚазҰУ (2), зооинс­титут (3), Қаржымині (4),Ұжымшар (5), кг (6). Қысқарған сөздер көп жағдайда осы үлгілер бойынша жасалып келеді. Бұдан басқа ағылшын тіліндегі нұсқасында пайдаланылатын, қазақшаға аударылмайтын және тілімізге сіңісіп кеткен қысқартулар сөз қорына енген. Осы ретте жүйеге түспей жүрген бірер жайт кездесуде. Ол қысқарған сөздерге жалғанатын жұрнақ-жалғауға байланысты. Тілімізде мұның да қалыптасқан ережелері (соңғы әріп, соңғы буын) бар. Дегенмен, «Қазақстан Республикасының» дегенді «ҚР-дың» деп, «Сыртқы істер министрлігі» дегенді «СІМ-нің» деп жазу тіл білетін жұртқа жаға қоймайтын әрекет. Меніңше, қысқарған сөздерге (ілік септігі жасырын тұратын жағдайды қоса) мүмкіндігінше жалғау-жалғамау әдісін ұстанған дұрыс. «СІМ-нің» орнына СІМ десек, ешқандай мағыналық өзгеріске ұшырамайды. Мемлекет ­атауын «ҚР-дың», «ҚР-ның», «ҚР-дағы» демей, толық жазу керек. Халықаралық ұйымдар мен мекемелердің қазақ тіліндегі атауларын жағымды естілетіндей етіп қысқартқан дұрыс болады.
Үш тілдегі «Дипломатиялық сөздікке», мысалы, «Араб мемлекеттерінің лигасы» (орысшасы ЛАГ) қысқаруы бойынша АМЛ деп аударылмай, «АрМеЛ» деп ұсынылды. Ал Америка мемлекеттері ұйымы (орысшасы ОАГ) «АмерМҰ» деп бекітілді. БҰҰ Қорғаншылық кеңесін (Совет по опеке ООН) БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінен айыру үшін «БҰҰ ҚорК» деп аударылды. «Еңбекші-мигранттар құқығын қорғау жөніндегі комитет» (орысшасы КЗПТМ) «ЕңМигКом» болып қысқарды. БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесі (орысшасы ЭКОСОС) БҰҰ ЭкӘК болып аударылды. Осы сөздікте ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, АНЗЮС, ЮНИДИР, ИАТА, ТҮРКСОЙ, ИНТЕЛСАТ, ОАПЕК, СЕАТО, НАТО, ОПЕК, НАФТА, АСЕАН және басқа халықаралық ұйымдар мен мекемелердің қысқаша атауы ағылшын тіліндегі қысқарған үлгісі бойынша алынды. Сайып келгенде, қысқарған сөздерді жазуды бір ыңғайға келтірген сыңайлымыз, бірақ қысқарған сөзді қосып сөйлеуді қалай оңайлатуға болады? Айталық, Америка Құрама Штаттарына қыдырып барып келген менің Орынбек Жолдыбай досыма «АҚШ-қа барып келдім» дегеннен гөрі «Америкаға барып келдім» деген жеңіл ғой. Бұл жерде кез келген адамның Ағайдарға ұқсап «ОӘД» деп қолдануы және оны салтқа айналдыруы оңай емес. Тіл тәжірибесіндегі бұл үрдісті тереңдету үшін белгілі бір уақыт және қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюі керек. Кеңес заманында «СҚ» десе, жұрт бірден «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті екенін ұғына қоятын.Тілдік орта осындай қолданыстарға үйренуі керек. Ол үшін, әрине, қазақ тілін пайдаланушылар үлесі артуы шарт. Қысқарған сөздердің негізінен жазуда ғана қолданылатын, ауызекі сөйлеу тілінде үрдіс болмаған сипаты міне сөйтіп тіл пайдасына қарай біртіндеп өзгереді.

Мәскеу

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.