Дағдарысты еңсеруге әлеуетіміз жетеді

Досмұхамед КІШІБЕКОВ,
Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дің оқытушы-профессоры, философия ғылымының докторы, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсу, Реформалар, Даму» атты 2016 жылға арналған кезекті халқына Жолдауы­мен жақсы таныспын. Президент өзінің халыққа арнаған Жолдауында нақты мәселелерді атап көрсете отырып, «Қазіргі әлемді жайлаған дағдарыс заманында не істеуіміз керек? Қандай міндеттерді жүзеге асыруымыз керек?» деген сұрақтарға тұшымды жауап беріп, одан шығудың жолдарын көрсетіп берді. 

Сонымен бірге жуықта Елбасының «бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындау жөнінде жарияланған мақаласын да тұшына оқып шықтым. Соңғы жылдары еліміздің экономи­калық жағынан өскені қуантады. Президент халыққа Жолдауында: «Қазақ­стандықтардың экономикалық мінез-құлықтары өзгеруде. Еңбек өнімділігінің 60 пайыздан астамға артқаны байқалып отыр. Давос экономикалық форумының Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемде 42-ші орынға ие болды. Бизнес үшін барынша қолайлы жағдайлар жасайтын елдердің әлемдік рейтингінде Қазақстан 41-ші позицияны иеленді» деген болатын.
Бұл еліміз үшін қуанышты көрсеткіш деп ойлаймын. «Қазақстанның дағдарысқа қарсы мүмкіндіктері» атты Жолдаудың 2 тарауында: «Қазақстанда инновациялық индустрияландыру шеңберінде құрылған экономиканың жаңа секторлары экономикалық өсімнің драйверлеріне айналуда. Көптеген өңдеуші салалар өсім көрсетіп отыр. Бес жылда өңдеу өнеркәсібі 1,3 есе, химия өнеркәсібі мен құрылыс материалдары өндірісі 1,7 есе өсті. Машина жасау өнімдерін шығару 2,2 есе, экспорт 3 есе артты. 800-ден астам индустриялық жобалар жүзеге асырылды. Биылғы жылы металлургия өнеркәсібі бірден 15 пайызға, химия өнеркәсібі 3,2 пайызға ұлғайды. Минералды өнімдер өндірісі 3,2 пайызға, киім-кешек 4 пайызға өсті. Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі Қазақстан үшін 2016 жылға жоғары экономикалық өсу қарқынын болжап отыр» деді Президент.
Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары халық түрлі қиыншылықтармен бетпе-бет келді. Бірақ, Елбасымыздың салиқалы саясаты мен көрегендігінің арқасында халық тығырықтан жол ­тауып, еңсесін көтерді, есін жиды. Ендеше, қазіргі дағдарысты да еңсеруге еліміздің әлеуеті жетеді. Өйткені Қазақстан халқының мақсаты айқын, болашақ бағыты анық.
Сондай-ақ Президент биылғы Жолдауында халықты үнемшілдікке шақырумен қатар, жастарды ғылым мен техниканы меңгеруге шақырды. «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда» деді Елбасы. Жолдаудың жастарға айтылған маған ұнаған бір тұсы Елбасының өзінің жастық шағын үлгі ете отырып, жас­тарды жұмысшы мамандығын игеруге шақыруы. Өте орынды айтылған пікір. Жастар бірден жұмсақ орынтаққа отыруды мақсат тұтпай, өмірге икемделіп, шыңдалып, жұмысшы мамандық сатыларынан өткені дұрыс. Бұл туралы Н.Ә.Назарбаев «Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріңе жарайды» деп үлкен сенім артты.
Президенттің экономикалық дағ­дарысқа, ешбір қиындықтарға қарамастан, халықты әлеуметтік қолдау шараларын да қамтамасыз еткені халық үшін қуанышты жағдай. Жолдауда: «Мен 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда – 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінікі – 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікі 40 пайызға дейін артатынын жариялаймын. Мұнда бюджет қызметкерлерінің түрлі категорияларына қатысты сараланған тәсіл қолданған ұтымды. Алдағы жылы мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланыс­ты әлеуметтік жәрдемақылардың 25 пайыздық өсімі, сондай-ақ, стипендия­лар қамтамасыз етілетін болады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз инфляция деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2 пайызға индекстейміз» деген болатын. Қашанда халықтың жағдайын, ұлттың болашағын ойлайтын, жастардың келешегіне бар мүмкіндікті жасаған Елбасына да халқы риза.
Президенттің Жолдау соңында айтқан: «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік» деген сөздеріне мен де қосылып қолдаймын.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.