«Қалағандарың сөз болса…»

«Қалағандарың сөз болса...»«Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің». Ұстазым Қалағаң, Қали Сәрсенбайдың көргенін күнделігіне түртіп жүретін әдеті бар еді. Ол газет бетінде мөлдіреген моншақтай болып «Сөз сәулесі» деген атпен жарияланатын. Ұядан көргенімізді жасаймыз ғой. Біз де көрген-білгенімізді қағазға түсіріп көрдік. Аузымызға Алла сөз салды. Байқап көріңіз…Шікірейген шенеунік
Төрт адамбыз. Жас балалардың байқауына қазылық етуге шақырыпты. Төрт қазы төрт түрлі. Әрине, әлімсақтан әділ-қазылар бір қалыптан шыққандай болмайды. Дегенмен бұл жердегі түрлілік адами көзқараста еді…
Арамызда кішкентай ғана бір шенеунік отыр. Пәленше деген ауданның Түгенше деген әкімінің көмекшісі. Қысқасы, барып кел, алып кел, шауып кел. Сол шауып кел, «тойыст», көмекші әлгі байқаудың үстінде әкім іспетті отырды. Өйткені ол жерде көмекшіден басқа мемлекеттік қызметші жоқ-тын. Алғашқы сөзді жабылып соған бердік. Ол қарсылық білдірді. «Жоқ, мен түйіндеймін». Мақұл. Залда бүрісіп отырып соның түйінін тыңдадық. Бір-ақ ауызбен айта салатын сөзге көп мәселені араластырды. Өзінше баға берді. Төрелік айтты. Онысында мән жоқ. Бастық көрсе бағынып қалған басымыз, кішкентай шенеуніктің сөзін тыңдап, бас шұлғыдық та отырдық.
Шенеуніктер неге сонша шікірейеді? Мемлекеттік қызметші деген кім? Мемлекет деген халық емес пе? Олар сонда халыққа қызмет қылмай ма? Қайдам, біздің шікірейген шенеуніктер халықтың әкесі сияқты жүреді. Олар халыққа емес, халық оларға құл секілді. Құдай ақырын берсін.
***
Сақал-мұртсыз ақсақал
Тілдің жайын қозғайтын жиынға бардық. Кіл қасқалар жиналған екен. Сол қасқаның бірі менімен қонақжайда бірге жатты.
– В-о-о-о-о-от, тілдің жайы осылай бала,– деді ақсақал. «Тілдің мәселесін қарапайым народ шеше алмайды, сам государство араласпаса» дегенді тағы қосты. «Понимаеш» деді сосын. Мен бас шұлғыдым. Немересіне телефон соқты. «Ало, Димка. Как дела? Это я – дедушка. Аха, нормально. Сегодня приехал из Алматы. Вот в гостинице». Шүлдірлеп орысша шұбыртып жатыр.
Түс қайта жиналысқа бардық. Ақсақал-академик тілдің жайын қабырғасы қайысып, қабағы түксиіп тұрып жақсы айтты. Бірақ маған әсер етпеді. Былайғы өмірде қай тілде сөйлеп тұрғанын аңғара алмайсың. Қазақша-орысша сөздік сияқты. Екеуін теңдей араластырып соғады. Немересі қазақша бір ауыз сөз білмейді. Значит, ой кешіріңіз, («сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген) баласы да қазақ тілінен мақұрым деген сөз. Сақал-мұртсыз ақсақалдардың іс пен сөзді қатар алып жүре алмайтынын көрген сайын жүрегім қан жылайды. Біздің қоғамның түзелмей тұрғаны да түске дейін қырық құбылатын осындай адамдардың кесірінен болса керек.
***
Кушудина деген кім?
Астанада жүрміз. Қала әр барған сайын ерекше күйге енеді. Байдың ұлындай алшаң басып келе жатқанымызда бір келіншек шықты алдымыздан. Адасып жүргендей. «Извените, ульица Гушудина где находица?». Астаналық болмағаннан кейін, мынау дей алмадық. Иықты қиқаң еткіздік те кете бердік.
Кейіннен астаналық азаматтардың бір талайынан сұрадық. «Кушудина деген көше қайда? Оны кімнің атына берген?» деп. Білмейді ешкім. Қызығушылық қатты оянды. Астана қаласының туристерге арналған картасын сатып алып қарадық. Таппадық. Бұл қандай Кушудина?
Құдай-ау, білетін адам бар екен. Кушудина деген кім деңіз? Айтайық. Астанада Кушудина деген көше атымен жоқ. Ол – Күйші Дина деген сөз болып шықты. Дина Нұрпейісованың атына берілген көше – Күйші Дина деп аталады екен. Әлгі өзіміздің орыстар оны Кушудина деп өздеріне икемдеп алыпты. Ал керек болса!
Жазғандар-ау, соны неге Дина Нұрпейісова атындағы көше дей салмадыңдар?! Адамды сарсаңға салғанша. Апамыздың атын әркімге әртүрлі айтқызғанша…
***
Тек пен тап
90 пайыз қазақтың аты әлі күнге дейін орысша толтырылады екен. «Қазақы қалыпқа қайта оралдық» деп жағамыз жайлауда жүргендегі сиқымыз осы. Ойлаңыз, қазақтың аты әлі күнге дейін қазақша жазылмайды. Бір ғана қазақтың мөлдіреген «Мөлдір» есімін 13 түрде жазады екен. Орысша. Шошынбай көріңіз.
Бүгінгі қазақтардың тегін жазудың 16 түрі бар көрінеді. Әркім әрқалай шабады. Бір арна жоқ. «-Ов» пен «-евті» былай ғойғанда, немересі, шөбересі деп шұбырта беретіндер жеткілікті. Бұл да біздің әлі ұлт ретінде толық қалыптаспағанымызды білдірсе керек.
Ғалымдар «60 мыңға жуық қазақы есімдер бар» дейді. Осындай құнарлы, шұрайлы, бай тіліміздің көсегесі көгермей жатқаны, есім-тектердің бір ізге түспей тұрғандығы көңілге кірбің ұялатады. Таптық езгіден арыла алмай жүргеніміздің белгісі емес пе бұл? Барды ұқсата алмай-ақ қойдық қой…
***

Зауал қайдан?
Шығыс ширығып тұр. Жетісу астаң-кестең… Биылғы қыс та, көктем де қазақ жеріне, халқына оңай соқпады. Ақшулаң аяз, ысқырған үскірік, дауылды боран шығыстағы ағайынды әбден есеңгіретті. Теледидардан жеті жастағы баланың соқыр шегі асқынып, ауруханаға жете алмай жатқанын көрсетіп жатыр. Жас баланың дауысын боран жұтып қояды. Ерлі-зайыптылар үскіріктің ортасында қалыпты. Бір «Жигулидің» ішіне қар толыпты. Бұл наурыздағы жағдай. Мына қыс жуанды жіңішкеге айналдырды. Жіңішкені үзді.
Алматы облысының Қызылағаш ауылы бір күннің ішінде ойранға ұшырады. Су басып кетті. Аңыраған ана, жылаған бала. Екі иығы салбыраған зіңгіттей жігіттер. Ұлардай шулап жүр. Қарап отырып, жүрегің қан жылайды, аузыңа ыстық дем келеді, көзің жасаурай береді. Ауыл әкімі ешкімге айтпастан, халыққа хабар берместен бала-шағасын алып тайып тұрыпты. Жан тәтті, әрине. Бірақ оның бір ауылды қырғынға ұшыратып кеткені есіңе түскенде, ашу мен ыза бойды кернеп ала жөнеледі. Надандық-ай, десеңізші. Ең болмаса, жарты жұртты хабардар етсе, қайтті?! Ол қара басының емес, қара халықтың қамын ойлайтын адам еді ғой. Қайтесіз, Құдай ұрғаннан кейін қиын.
Құдай демекші, бұ Жаратқанға не жаздық екен? Шетке жылап кеткен жетімдердің көз жасы ма? Санын жалтыратып көшеге шығарып жіберген қаракөз қыздарымыздың наласы ма? Әлде әркімге ақысын жіберіп, маңдай ақы, табан терінің өтеуін қайтара алмаған қарапайым қарашаның қарғысы ма? Мүмкін, биліктің басындағы кейбір безбүйректердің әрекетінен тапқаны ма? Кімге кінә артарыңды да білмейсің. Сосын… «табиғаттың тосын мінезі ғой деп» момақан күйге түсесің…
***
Біздің үміт…
«Біздің ұрпақ құрыған» деді бір ағам. Сосын «біздің алдымыздағыларды іздеудің де қажеті жоқ» дегенді айтты. Көзілдіріктің арғы жағындағы жанарынан бір үміттің маздап тұрғанын көрдім. Жүрегі алтын жігіт жастардан үміт күтеді. Оны тамағының бүлкілі аңғартты.
Қай қоғамда, қай ғасырда болмасын жастардан күтетін үміт көп. Өткен ғасырдың басында Мағжанның «мен жастарға сенемін» дегені де сондықтан болар.
Бірақ капитализм заманында нарықтық технологияларды ғана меңгерген, өз тілі мен ділінен ада, қалтасын қампайтуды ғана ойлайтын, қызмет баспалдағында зулап өрлеуді қалайтын, қараша үйдегі қазақтың жайынан бейхабар, жеңіл жүрісті жаны сүйетін жастарды көргенде ағамнан қатты ұялам. «Қазақ!» десең, қыңқ етпейтін, «Алаш!» десең, атқа қонбайтын бейуаз замандастарыңды кезіктіргенде кімнен үміт күтеріңді білмейсің. Сол сәттерде «біздің қолымызға тапсырылатын болашақ қандай?» деп шақшадай басың шарадай күй кешесің. Әлбетте, жастардың бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Білімі мен білігі сай, ұлтын сүйетін ұл-қыздар бар қазақта. Дегенмен ағалардың аманаты арқаға аяздай батады. Үмітті ақтай аламыз ба? 50/50. Қазақ тілі мен орыс тілінің теледидардағы жағдайы сияқты. Тарихи міндет жүктелгенде тарлан мінез танытатын шығармыз. Біздегі үміт сол ғана…

Ержан Байтілес

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.