Мамандықтың бәрі жақсы

2017 жылдан бастап кәсіптік-техникалық білім беру орындарында жұмысшы мамандықтары мемлекет есебінен тегін оқытылмақ. Бұл білім саласындағы жағымды жаңалық. Бұған дейін ақылы оқу орындарына түсуге қаражаты болмай, грантқа іліге алмай, белгілі бір мамандық иесі атана алмай жұмыссыз қалғандарға, сол олқылықтың орнын толтыруға мол мүмкіндік беріліп отыр. 

Орта мектепті бітіре салысымен, бірден тегін оқуға құжатын тапсырып, аспазшы, шаштаразшы, құрылысшы, дәнекерлеуші, автомеханик немесе электр мамандықтарын игеріп, дип­ломды маман болып шыға келеді. Әрі қарай жоғары білім алып, оқуын жалғастыруға, болмаса кәсіптің көзін тауып жеке кәсіпкер атануға құқы бар. Қазір жұмысшы мамандықтарына мұрнын шүйіріп қарайтындар да кездесіп қалатыны жасырын емес. Бірақ бүгінгі қоғамда дәл осы мамандықтар үлкен сұраныс тудырып отыр. Демек, сұраныс бар жерде ұсыныс болуы заңдылық. Яғни еңбекпен тапқан нанның тәттілігін түсінетін, еңбек адамын бағалайтын заман келді.
Оның үстіне Елбасы «Ұлт Жос­пары – қазақстандық арманға бас­тайтын жол» атты бағдарламалық мақаласында біліктілікті көтеру мәселесін де сөз етті. Біліктілікті көтеру – білім сапасын арттырудың басты негізі. Қарапайым жұмыс­шыдан басталған еңбек тәжірибесі кәсіби түрде әрі қарай жоғарылап, таңдаған мамандығы бойынша қызмет саласында өсуге зор құлшыныс береді. Әрі қарапайым еңбек адамды шыңдап, өмірге деген көзқарастары өзгереді, өзіне қояр талаптары молаяды. Қажыр-қайратыңды, жастық жігеріңді көрсетеді. Білімін көтере отырып, көздеген мақсатына жетуіне, мүддеден шығуына жол көрсетеді.
«Қазақстанның жас азаматтары білімді, еңбекқор, бастамашыл болуы тиіс. Жұмыс пен сұранысы бар өңірге батылдықпен барулары керек. Егер шеберліктің шыңына жете білсеңіздер – мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен адамның өмір сапасы озады, тұрмысы жақсы болады. Ең ақыры бүгінгі жасап жатқан жақсылықтарымыздың барлығы – жастар болашағы үшін» деді ­Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһан­дық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында.
Тегін білім – ұлтқа жанашырлық. Білім мен ғылым, оның артында ұлттың тағдыры тұрғандығын аңғару қиын емес. Мемлекет оқу шығынын өз мойнына алып отырған тұста осы мүмкіндіктерді пайдаланып, қажетімізге жаратқанымыз жөн.
…Былтыр жазда туған ауылыма бардым. Шөп шабу науқаны кезі еді. Сонда байқағаным, қарапайым тракторшы сұранысқа ие. Тіпті шөпті жауынның астында қалдырмай, уақытында жинап үлгеру үшін көрші ауылдан тракторшыны жалдап, сұраған ақшасын төлеп жүргендер жетерлік. Міне, көрдіңіз бе, білікті маман қай кезде де жұмыссыз қалмайды.
Ендеше, халыққа үміт отын жаққан жаңалықтың елге берері көп болсын. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген халық нақылына сүйене отырып, жас ұрпақты еңбексүйгіштікке, салауаттылыққа, жетістікке жетуге ұмтылдырып, өмірге құштар­лық­тарын арттырып, жаңа идеяла­рымызды жүзеге асыруға бел шеше кірісейік. Мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолында жаңа кәсіпорындар мен инновациялық жобалар үшін қажет мамандарымыз молайып, еңбегіміз өнімді болсын. Жастарымыздың сапалы білім алып, саналы ұрпақ өсетініне, ұлтын, елін сүйетін патриоттар қалыптасатынына сенім мол.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.