Мұхтар Мағауин:«Мені жазушылық еңбекке жетелеген – 32-жылғы азап»

Көркем әдебиеттің бір ерекшелігі оның орбаздылығында. Жазушы тек образдар сомдап, образдар арқылы өмірдегі бір, не жүздеген, мыңдаған адамдардың тұлға, келбеті мен рухын рухани тұрғыда қайта жаңғыртып, қызу өмірдің, қоғамдық жүйедегі небір қарбалас істердің, не тарихтың терең қойнауларына қарай бағыт түзей алады. Жазушының көркем шығармадағы тілі де, үні де – образдары. Жазушы өзінің көркем образдары, образдарының сонылығы, өміршеңдігі һәм ірілігімен ғана жазушы! Көркем шығармада тек орбаздар ғана сөйлейді. Ал, сол көркем образдардың да өз «мендері» болатындығын неге айтпасқа?! Түптеп келгенде, көркем әдебиеттегі барлық мәселенің түйткілдері де осында емес пе?! Қазір, міне, менің алдымда ұлттық әдебиетіміздегі алдыңғы толқын алыптарымыздың бірі – Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Түркі дүниесіне қызмет сыйлығының сахибы Мұхтар Мағауиннің әр жылдары жарық көрген, әрі жанры жағынан қилы-қилы кітаптары жатыр. Мен оларды өзімнің сонау бала кезімде, бертіндегі жалындап өткен жастық шағымда, оның сыртында, көркем әдебиеттегі көп жағдайды әр қырынан жете түсініп, сөз маржанымен түзілген көркем шығарманы нағыз бір шынайы өмірде болып жатқан ірілі-ұсақты оқиғалардың өзіндей-ақ қабылдайтын шағымда да қызыға оқып шыққанмын.

Оқып қана қоймай, кезінде ұлттық әдеби үрдісімізге үлкен бір жаңалық, соны леп, тың серпін әкелген осы бір туындыларға қатысты жергілікті кітапханаларда өткен бірқатар оқыр­ман конференцияларына қаты­сып, өзгелердің де осы бір есімін ел ардақтайтын қаламгерлердің көркем шығармаларын оқығаннан кейінгі әсері, небір тебіреніс, толғанысқа толы ой-пікірлерімен де танысқанмын. Алайда Мағауиннің осыдан біраз жылдар бұрын, өзінің бүтіндей шығармашылық ұзақ жолдағы барлық жазған-сызғандары мен соларының ішіндегі ең атақты, ең бір елдің есінде қалған дүниелері хақында кеңінен толғай отырып (өзінің «Мен» атты роман-хамсасында және бірқатар сұхбаттары мен кейбір мақалаларында), «Мені жазушылық еңбекке жетеле­ген – 32-жылғы азап» деп, айтып өткендері де бар еді. Жоқ, бәлкім, бұны жазушының шығармашылық өмірдегі көрген қиындығы мен мехнаты ғана емес, тағдырдың тайға таңба басқандай етіп сомдаған бір қасқа жолы дегендігіміз де дұрыс шығар?!
Ол сонау университет қабырғасын­да-ақ Әуезовтің лекцияларын тыңдап, оның бірде шығармашылық жұмыстармен Мәскеуге, не әлдебір шетелдерге кеткендігін естіп, бір жағынан, ұлы тұлғаның тарихи лекцияларының арасында елдегі ең бір танымал деген мерзімдік басылымдарының беттерінде, не Алматыдағы баспаларда жекелеген іргелі шығармалары жарық көріп, елдің үлкен бір қызығушылығын туғызып жатқандығына дейін көріп, біліп, соның бәрінің қуанышын елмен бірге сезінудей-ақ сезініп үлгерген болатын. Рас, оның сол кездегі ең бір есте қалған қуанышты сәттері – ұлы Мұқаңның лекциясын тыңдаған шақтары еді. Мұқаңның сол кезде ұлы Әуезовпен бетпе-бет келген, көзіне түскендей, есінде қалғандай да жайттары жетерлік-ақ. Филология факультетінде әдеби бірлестік жұмыс істейтін, оның жетекшісі өзінің курстасы, дәл өзі секілді, елдің бір қиырынан жазушы болсам деген тілекпен келіп, көптен бері бір пәтерде өзімен бірге тұрып жатқан Әбіш Кекілбаев та, ал осы бірлестік жанынан шығатын, ­барша факультет студенттерінің көзайымы болып жүрген «Шағала» қабырға газетінің редакторы Мұхтар Мағауиннің өзі еді. Дәл сол студенттік жарқын күндерде әрбір парағы студенттер үшін бір үлкен жаңалық болып көрінетін әдеби бірлестік газетінің маңдайын жарқыратып жүрген Мұқаңның өзі де ауыл әңгімелері, ауылдағы көнекөз қариялардан өз құлағымен естіген ескілікті әңгімелер хақында бірдеңелерді қайта тірілтіп, өзіндік бір көркем образға айналдырып, осыншама көсілте жазып жүрген. Ауыз әдебиетінің үлгілеріне ауылда өткен бақытты балалық шақтан бері-ақ әбден қанық болғандықтан, студенттік жылдарда ол әлем классиктерінің інжу-маржандарын ерекше құмартып оқиды, керек десең, солардың бірқатарына өзіндік бір сыни көзқараспен де қарайды. Қолынан қауырсын қаламын еш тастамайтын. Ол, тіпті, өзінің сондағы кейбір алғашқы прозалық шағын дүниелерін сол бір жылдардың өзінде-ақ өзі тек бертінде «Мен» атты мемуарлық кітабында тұңғыш рет сырын ашқан «Алтын дәптерлеріне» де төгілдіртіп түсіре бастаған. Оның өзі бұл кезеңдегі кейбір толғаныстары мен небір тәтті арман-тілектері хақында өзінің бірнеше томдардан тұратын аталмыш мемуарлық кітабында қаншама дәлел-деректермен әбден өзінің нақышына да келтіріп жазған еді. Бірақ болашақ атақты прозашының өміріне қатысты сол кездегі мына бір іргелі оқиғаны тілге тиек етпеу тіптен мүмкін емес. Өзінің студенттік жылдардағы көп қатарластары кеше ғана қолға дипломдарын алып, енді қайда барып жұмыс істейміз деп жанталасып жатқанда, ол әлі университетті бітірер-бітірместан-ақ оқу орнындағы атақты профессорлардың бірі, талайғы ғалымдар мен ақын-жазушылардың ақылшы-ұстазы, тәлімгері бола білген профессор Бейсенбай Кенжебаевқа кездесіп, болашақ үлкен ғылыми бағытқа жолдама алады. Байқауымызша, сол тұстағы атақты Кенжебаев пен жас әдебиеттанушы Мағауиннің арасындағы әңгіме де, тәртіп-талап та тым қатал жүйеге құрылған сыңайлы.
Өзінің сол кездегі қатарлас-әріптесі, аспирантурада құштарлана оқып, шаң басқан мұрағат қоймаларына дәл өзіндей жиі-жиі барып жүретін Мырзатай Жолдасбеков сынды, рас, кезінде Мағауин де профессор Кенжебаевтың адал шәкірті, әрі өзінің үмітін ақтаған, түрлі сынақтар мен алқалы жиындардың кездерінде аруақты ғалым ағаның ақ батасын алған түлектерінің бірі бола білді. Мырзатай ағамыз сол тұста көне дәуір қойнауларына көбірек үңіліп, Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың қасиетті қолтаңбасы қалған руна жазуларына шұқшұюмен болса, Мағауин санада бар, бірақ санатта жоқ өткен ғасырлардағы қазақ жыршы-жырауларының шығар­малары мен солардың шығарма­шылық шындықтарын ашудың қиын да соқпақты жолдарына кәдімгідей-ақ шам алып түседі. Бірақ маңдай терін төгіп, Бейсекеңдей ұлы тұлғадан әр­дайым алғыс естірткен ғылыми еңбек, арада тек бірнеше жылдар өткен соң, онда да өзі әуелі атақты Ғабит Мүсі­реповтің қамқорлығымен «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында, араға тағы бірнеше жыл салып, «Жазушы» баспасының бас директоры Ілияс Есенберлиннің шақыртуымен осы баспаға бас редактор болып барған соң ғана «Қобыз сарыны» атты жеке кітап болып жарық көруге мүмкіндік алыпты. Мүмкін, оның жазушылығы, шығармашылық деген кереметтей бір құдіреттің ішкі әлеміне еніп, терең үңги бастаған кезі де дәл осы бір кездер шығар-ау?! 1964 жылы оның «Жұлдыз» журналында жарияланған «Кешқұрым» әңгімесі ілкіде редакторлар «не айтқысы келгенін түсіну қиын» деп, кейін қайырған, әрі болашақ проза шеберінің баспасөз бетінде жарық көрген тұңғыш көркем әңгімесі көрінеді. Алайда, ол осыдан кейін-ақ әдеби өмірдегі өз шабыс алаңы мен проза жанрындағы жараулы сәйгүлігін еш шалдырып көрген емес. Әңгімеден әңгіме туындатып, 1969 жылы бертінде өзінің үлкен әдеби ортада біршама жақсы бағаланған «Тазының өлімі», одан кейін іле-шала тағы талайғы танымал әдебиеттанушы-ғалымдардың талдауларына арқау болған «Қара қыз» хикаятын жазып жариялатты. Ал Мұқаңның бұрынғы ірілі-ұсақты дүниелері ұзақ жазылып, басылымға дейін ұзақ «соқтықпалы, соқпақты» жолдардан өткен болса, тұңғыш мифтік сарында өрбітіліп, тұтастай өзінің фонында мифологиялық ойлау мен талдау тұрғысында көркемдік кеңістікке биіктеген «Көк мұнар» романы тез жазылып, оқырман жұртшылықтың алдына да тез жетіп үлгерді. Бұнда ол бірінші рет көркем шығармада тарихқа барды. Тарихтың терең қойнауларына нағыз суреткерлерше үңги өтіп, бейнебір жер астынан асыл кен, кен болғанда да, ақылдың кенін тау-тау етіп қопарғандай етіп, бұрын-соңды айтылмаған мифтік, аңыздық, не олардың бүгінгі күн, бүгінгі адамдар өмірімен терең астасып жатқан телегей-теңіз көп сырларды да ақтара бастайды. «Көк мұнар» оны рухани тұрғыдан тереңдетіп, шынайы шебер прозашы ретінде қалыптастырды. Ал енді сіздің араға бар-жоғы бірер, не бес-он жыл салып, Мағауиннің уақытында біздің ұлттық әдеби өміріміздің кезеңдік бір оқиғасы болған, әрі сол тұстағы бүтіндей бір қоғамдық санаға үлкен қозғалыс әкелген «Аласапыран» тарихи романын қайталап оқығаныңыз бар ма?!
Сондағы Созақ даласы, сонда әр қиырдан бір мезгілде жиналған бүтіндей бір қауым ел, Тәуекел хан құзыретімен шақырылған сол ұлы жиын, сол бір тарихи кеңес әлі басталмай тұрып, ұлан-байтақ қазақ даласының жер-жерінен ат шалдырып келген жүзбасы, мыңбасы, ақылмандардың арасында өрбіген әңгіме, сәлден соң, кеңес үстіндегі бүтіндей бір елдің арғы-бергісін қалдырмай, түгел сарапқа салып, келер күн, келер болашақтың қамын күйттеуден туындаған қызу талқы, ақыл мен ойды, дерек пен дәйекті, қазақ салты, қазақ дәстүрі мен елдігі, мемлекеттігі тұрғысындағы мәмілелер есіңізде ме?! Бір қарағанда, Созақтағы кеңес пен романның сондағы бас кейіпкерінің арасында тап бір алып бара жатқандай қандай байланыс, не сыры терең астар, толғам бар, керек десеңіз, дәл осы тұста сіздің Ораз-Мұхамедтің тағдыр талайына күрт бетбұрыс әкеліп, оны өмірдің әрі қарайғы небір қиын жол, соқпақтарына салатын кез, кемел тұс әлі алда емес пе деп те ойлануыңызға болатын шығар, оған, әрине, тағы ешкімнің таласы жоқ. Бірақ, бұған дейін де өзінің бір дәлел-дерегі, айтар ойы, көркемдік ұстанымы ерекше тарихи роман жазып, ел назарына іліккен, өзіне дейінгі мұрағат қоймаларында шаң басып, бүгінде әбден-ақ санадан сүртіліп, мүлдем ұмытылуға айналған көне деректерді көсілте сөйлетіп, көркем образға айналдыруда біраз бағалы тәжірибе жинақтаған автордың қазақтың өткен тарихына, тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар ғұмырбаяндарының сырына деген сұңғылалығы да дәл осы тұстан айқын көрініс берер еді.
Біздіңше, Мағауиннің өзінің осынау «Аласапыранындағы» бас кейіпкер, дара тұлға Ораз-Мұхамедтің бір өзі ғана болғанмен, төрт іргелі бөлімнен тұратын тарихи романның тұтастай фоны, заты, рухы, баяны, аңсары, арманы, тілегі, талабы, мақсаты Қазақ елі, Қазақ Ордасы, Қазақ мемлекеттілігінің арғы-бергі қыр-сырымен де кереметтей бір желі тартып, өзара жымдасып, үндесіп жатыр. Өйткені Ораз-Мұхамедтің ілкі бастағы Сібірдегі Искер қаласына баруы, ондағы қапыда қолға түсуі мен оның іле-шала тұтқын ретінде Орыс елінің қалың ортасындағы астаналық қаласына дейін әкелінуі, содан былайғы сол елдің мемлекет істеріне араласып, біраз атақ-дәрежелерге жетіп, мемлекет ішіндегі мемлекет Қасым хандығының әміршісі ретінде хандық биліктің дәргейін биіктете түсуіндегі қадамдарының өзі де өз тарихи Отаны, Қазақ хандығы, Қазақ мемлекеттілігіне еш қатысы жоқ дей аламыз ба?! Қайта соның бәрінде де Ораз-Мұхамедтің танымы, сағынышы, туған жеріне деген перзенттік махаббаты мен бас кейіпкердің пайым-парасаты арқылы сол дәуірдегі Қазақ елі, Қазақ хандығының тағдыр талайы мен былайғы кездерде көп ауызға алынып, дөп басылып айтыла бермейтін қатпары қалың көп сырларының да беті ашыла түспейтін бе еді?! Дәл осы романның ең соңғы азат жолдарының бірінде «Жер мәңгі. Ел де мәңгі» деген Мағауин де Ораз-Мұхамед дәуірінен кейінгі қазақ тарихы, қазақ өмірі, қазақ шежіресінен сыр шертуді ұмытпайды. Біз жазушының бұл тұрғыдағы бір ұзақ сыр, көркем баяны «Шақан-Шері» романы деп білеміз. Мұқаңның өзі де бертінде бір реті келгенде, аталмыш романның оқиғасына желі болып тартылған қызықты сюжетті әу баста өзіне біраз атақ-абырой әперген «Аласапыран» роман-дилогиясындағы бір ғана тарау – Ораз-Мұхамедтің жолбарысқа шығуы түріндегі ойдан туған дүние еді дегенді құлаққағыс етіпті. Олай болса, бұл дерек біздің «Аласапыранның» авторының тарихи дилогиядан кейін де сол бір тарихи өмір драмаларынан қара үзбей, үнемі Қазақ елі, Қазақ Ордасы, Қазақ хандығы дәуірінен басталған өмір үрдісі хақында үнемі ойланып-толғанумен ғана болды-ау деген болжамымызды растай түсер еді.

“Өзінің студенттік жылдардағы көп қатарластары кеше ғана қолға дипломдарын алып, енді қайда барып жұмыс істейміз деп жанталасып жатқанда, ол әлі университетті бітірер-бітірместан-ақ оқу орнындағы атақты профессорлардың бірі, талайғы ғалымдар мен ақын-жазушылардың ақылшы-ұстазы, тәлімгері бола білген профессор Бейсенбай Кенжебаевқа кездесіп, болашақ үлкен ғылыми бағытқа жолдама алады. Байқауымызша, сол тұстағы атақты Кенжебаев пен жас әдебиеттанушы Мағауиннің арасындағы әңгіме де, тәртіп-талап та тым қатал жүйеге құрылған сыңайлы.”

«Шақан-Шері», бір қарағанда, көркем шығарма, тарихилығынан бұрын, көркемдігі басым, қиялға, образдылыққа көбірек жол ашылып, өріс берілген туынды болып көрінуі мүмкін. Бірақ осының өзінде де тарихқа, көне дәуірлерге, аңыз бен мифке ұмтылу, дәл кешегі Ораз-Мұхамедтің өз болмысы, өз тарихи дәуірі, өз келешегі, өз халқы, өз елі хақындағы шындықтарға көз жеткізу үшін өзінен бұрынғы дәуір, өзінен бұрынғылардың істеген істері мен өсиеттері хақында көбірек ой кешетіндігі секілді, тәуелсіздігімізден аз ғана жылдар бұрын жазылып, кітап болып шыққан бұл туындыдағы бас кейіпкер де табиғат апатымен арпалыстары кезінде өзінің қазақ деген ұлы халықтың бір мұзбалақ мұрагері екендігін ешқашан есінен шығармайды. Ал жазушының «Сары қазақ» романы туралы сәл басқаша ой толғатып, басқаша тұрғыда пайымдаулар жасауға болады. Біле білсеңіз, Мағауиннің Ораз-Мұхамедтен кейінгі пайымдауларының бір парасы дәл осы тұста өзінің әр қырынан да менмұндалап, бейнебір ашық аспан астындағы шоқжұлдыздардай-ақ болып жарқырап көрінер еді. Біздіңше, бұл романдағы жиынтық образ – сары қазақ дәл сол Ораз-Мұхамедтен кейінгі құлдырау мен отарлық жүйенің «жемісі». Бір ғана осы романымен-ақ автор кезең-кезеңімен бүтіндей ғасырлар бойына созылған отарлық жүйенің бізге беймәлім көп сырларын әбден өзінің бүге-шігесіне дейін ашып берді. Дегенмен, біз бұл жерде дәл бұлайша пайымдағанмен, бұл да Мағауиннің кезінде «Ораз-Мұхамедтен кейінгі өмір» үрдісі хақында осыншама көсілтіп, жосылта жазсам дегендей бір асыл арманының заңды жалғасы еді. Оған өзінің сол бір ізгі арманын орындау үшін де арада «Шақан-Шері» мен «Сары қазақтай» екі бірдей роман мен тарихтан сыр тартқаны, бүгінгі өмір үрдістерінен арқау еткені бар, бірнеше қадау-қадау көркем әңгіме, талай толғамды көсемсөздік мақалалар, зерттеу тақырыбындағы қысқа баяндар жазуына да тура келіпті. Жасыратын несі бар, «Қазақ тарихының әліппесінде» Мағауин өзінің «Қобыз сарынында» да, «Аласапыранында» да батырып, әбден жеріне дейін жеткізіп айта алмаған көп сырларын бірден ашып айтады. Өткен дәуірлердегі қазақ-жоңғар қатынасы, алғашқы ұрыстар, қазақ халқын қынадай етіп қыру, бір тұстан орыс-қазақ қатынасы, ендігі бір тұстан қазақ-қытай қатынасы, от қаруы, Абылайдың ұтқыр дипломатиясы, қаншама қазақ батырларының ерлігі мен өрлігі, қандай заман, қандай қысталаң шақтар туғанда да, қазақ хандарының тақымдарына беріктік танытып, өз тағдырын өз қол ас­тындағы ұлы халқымен бір деп есептей білгендіктері хақындағы мұңды да, сырлы шежірелер де еш ұмыт қал­дырылмайды. Бұндағы Мағауин жазып отырған хандар шежіресі, хандар билеген тұстардағы ел өмірі мен хандар шешуші рөл атқарған тарихи оқиғалар, жорыққа толы жылдар оқиғаларына бола таңдалған, не сюжет үшін ғана құрылған дүниелер емес, қайта хандық дәуірлердің ел басқару ісіндегі өлшеусіз өнеге, кейінгі ұрпақ әлі талай жыр етер, келер ұрпақтың санасына сіңірудей-ақ сіңірер қазақтану, елтану тұрғысындағы іргелі ізденістер еді.
Осындағы бір көңіл аударатын жайт, Ораз-Мұхамедтен кейінгі қазақ өмірі, Қазақ елінің, қазақ шежіресінің тұңғиық терең сырларына үңілемін деп жүріп, Мағауиннің бүтіндей бір дәуір, бір кезеңдегі Қазақ хандығы, қазақ өмірінің ақиқатын ашуға бірден-бір себеп болған Ораз-Мұхамед және ол өмір сүрген дәуірден бұрынғы кезеңдердегі ұлы Қазақ даласындағы өмір үрдістеріне құлаш сермеуі еді. Автор өзінің бұл бағыттағы ізденістерінің бір парасын «Шыңғыс хан» атты тарихи баянының алғашқы кітаптарында да айтып үлгерді. Мағауиннің өзі қазірге дейін ел назарына ұсынылып үлгерген «Шыңғыс хан» романдарына кірісерден көп бұрын, сонау 2000 жылдың өзінде-ақ Шыңғыс хан дәуіріндегі үрдістерге барлау ретінде жазған «Шыңғыс ханның шарапаты» мақаласында: «Егер, Шыңғыс хан болмаса, қазақ деген халық та жаңа ұлыс құрамында біржола ұйысып, үсті бейіш, асты кеніш, осыншама ұлан-байтақ жердің бірден-бір қожасына айналып, бүгінгі күніне жете алмас еді» деп тұжырымдаған екен. Мағауиннің өзі бұл жерде ұлттық поэзиямыздың алтын қайнарынан алынған Мұрат ақын мен Ғұмар Қараш жырларындағы Шыңғыс хан үрдісі, Шыңғыс хан даңқы, Шыңғыс хан мұраты, Шыңғыс хан жұртының ұйыса өмір сүріп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқандығын алға тарта сөйлейді.
Бұл тұрғыда Мағауин өзінің тарихи «Шыңғыс хан» романына кірісердің алдындағы бес-он жылдың ішінде арғы-бергі өткенімізді суреткерлік таныммен байыптап, рухани тұрғыдан таразылаған ондаған үлкенді-кішілі әңгіме, «Қыпшақ аруы», «Кесік бас – тірі тұлып» сынды мифтік сарындар мен алыс оқиғалардың арасынан сарылып жеткен аңыздар рухындағы хикаяттарын да шығармашылық өрлеу тұрғысында өмірге әкелді. Әсіресе, «Келде-мұнара», «Сұркөжек аттың соңғы шабысы», «Қос ағаш», «Құмырысқа-қырғын» әңгімелерінде түп-тамыры сонау көне дәуірлерге қарай ұзап кететін шы­ғыстық, халықтық әңгімелердің адам рухын селк еткізгендей сан түрлі сазын естіп, өзің де бір рухани күш-қуат, ләззат алғандай боласың. Оның «Қисық ағаш», «Қыпшақ аруы», «Кесік бас – тірі тұлып» хикаяттарында көркемдеу, бейнелеу, суреттеу, тұспалдау, кестелеу, сезім шарпысуы мен рухани толғаныстың қилы-қилы әдістері де қолданылады. Аңыз, миф қана емес, халықтық философияның көр­кемдік орамдарына дейін шынайы көрініс берсе, ендігі бір тұстарда бүгінгі күн, бүгінгі уақыт – заман талабы тұрғысындағы пайымдаулары алдыңғы орынға шығып, көркемдік ой мен баян­дау шеберлігіндегі алмасулар үнемі кезектесіп, тарихи санада да үлкен бір өзгерістер жасап жатады. Ал «Қыпшақ аруындағы» мүсінші Саржан бүгінгі күннің жұмбақ тұлғалы өнер адамы ғана емес, өткен дәуір, өткен замандардағы тарихи тұлғалардың да рухынан сыр аңдататын дара бітім, кескекті ердің сойы ма деп қалғандайсың. Оның өн­ бойында әрісін айтқанда, әйгілі Тоныкөктің, одан бергі Қазақ Ордасы мен одан да бергі бүгінгі өмірмен біте қайнасып жатқан рухани өміріміздегі ел ертеңі, ұрпақ қамы үшін алаңдайтын зиялы тұлғаларымыздың да жады-рухы қоса-қабат өріліп отырғандай ма, қалай? Меніңше, Мағауиннің «Жармақ» романына қатысты бүтіндей бүгінгі әдеби үрдіс, әдеби ортаның әліге дейін дөп басып, тани алмай, таба алмай жүрген көркемдік шындықтарға қатысты алтын кілтке бастар жолдардың бірі де дәл осы хикаяттың астарында жатпасына кім кепіл?!
Оның әу бастағы әдеби газеттің редак­ция­сындағы әдеби қызметкерліктен басталған редакторлығы бертінде елдегі ең беделді баспаның бас редакторлығы мен бүтіндей бір елдің әдеби үрдісін жасап отырған қоғамдық-саяси және әдеби журналының бас редакторлығы қызметіне дейін жалғасқан болатын. Мағауин басқарған басылым, әдеби басылым редакциясындағы Мағауин қалыптастырған әдеби мектеп те із-түзсіз кеткен жоқ. Мұқаңа қатысты бұрынғының бәрін біз тек сырт құлақтан естіп, не жазылған дүниелерден ғана оқып, біліп жүрсек, енді оның баяғыдағы түрколог-ғалым, профессор-ұстазы Бейсенбай Кенжебаев пен «Жазушы» баспасындағы ұзақ жылдарғы бас редакторлық қызметінде әйгілі «Алтын Орда» мен «Көшпенділер» трилогиясының авторымен тығыз шығармашылық байланыстағы көптеген тәлімдерін «Жұлдыз» журналын басқарып отырғанда, қалайша пайдаланып, шығармашылықпен іске асырып отырғандығын біз, сол кездегі Мағауин басқарған «Жұлдыз» журналы редакциясының шығармашылық қызметкерлерін өз көзімізбен де көрдік.
Мен бұл жерде сәл алға қарай озыңқырап кетсем, оқырман жұртшы­лық өзі кешірер, ал Мұқаң мені алғаш журналға қызметке қабылдаған кезге қатысты айтпай кетпеуге болмайтын тағы бір толғанысым да бар. Мен сондағы қабылдау бөлмесіндегі қыздар арқылы рұқсат сұрап, ішке кіре бергенде-ақ, ат шаптырымдай кең кабинеттің төрінде ілулі тұрған әйгілі ақын, хас батыр, тағы қалай мақтасаң да, жараса берер, өзіміз сонау бала кезден бері біліп, сол балапан шашты балалық шақтан-ақ қаншама жақұт жырларын жаттап өскен… ұлы Тұлға, ұлы Махамбет – Махамбет Өтемісұлының көлемді бір портретіне көзім түсті. Сірә, менің сондағы толғанысты жағдайым төрде отырған Мұқаңа да біршама әсер еткендей болса керек, ол кісі сонда менің хал-жағдайымды, шығармашылығымды сұраудан бастап, кезінде әдебиеттегі аты шыққан алдыңғы толқын ағаларымның бәрі де осындай үлкен әдеби газет, журналдардың редакцияларында қызмет жасағандығын айта келіп, мені «Жұлдыздың» редакциясына қызметке келуге көндірді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бері бірқатар жылдар бойына ұлттық әдеби үрдісімізге өздерінің қадау-қадау шығармаларымен атсалысып, өз «мендерін» айтып үлгерген Ахат Жақсыбаев, Рамазан Тоқтаров, Берік Шаханов, Адам Мекебаев, Төлек Тілеуханов, Рафаэль Ниязбеков, Жүрсін Ерманов, Несіпбек Айтов, Тұрысбек Сәукетаев, Мырзан Кенжебай, Қайрат Бақбергенов, Ғалым Жайлыбаев, Қорғанбек Аманжолов, Таласбек Әсемқұлов, Асқар Алтай сынды ел білетін қаламгерлермен бірге, мен де Мұқаң басқарған республикалық «Жұлдыз» әдеби журналында біраз жыл қызмет атқарғандығымды мақтаныш етемін. Мен Мұхтар Мақанұлы басқарған «Жұлдыз» журналының редакциясында он бес жылдай бөлім меңгерушісі және жауапты хатшылық қызмет атқардым. «Жұлдыздың» тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында көрген небір қиындықтары мен қандайма таршылық, қиыншылық кездерде де беделі зор, атақты жазушы Мұхтар Мағауиннің «Жұлдызды» шебер басқарып, елдің әр қиырындағы оқырмандармен арадағы байланысты әлсіретпей, қайта ел-жұртты рухани жағынан қолдау бағытындағы жұмыстарына тікелей куә болдым. Өзім де араласып, басшымызға қолғабыс болған кездерім жетерлік. Содан бір жақсы білетіндігім, Мұқаңның кезінде Әуезовтің атақты «Абай жолы» роман-эпопеясының барлық томдарын шығаруымен аты шыққан «Жұлдыздың» бетінде үнемі ұлтқа, халыққа қажетті деген тарихи-танымдық материалдарды жариялауға ерекше көңіл бөліп отыратындығы еді. Көп материалдарды өзі тауып әкелетін. «Баяғыда «Қобыз сарынын» жазып жүргенде», не «Аласапыранға» материалдар іздеп, мұрағат қоймалары мен кітапханалардың сирек қолжазбалар бөлімдерінде жұмыс жасағанда, көріп едім, сол дүниелер сол жерлерде әлі де еш қозғаусыз жатқан шығар» деп, әдебиеттанушы-ғалым, тарихшы-мамандарды жұмсап алдыртып, бірқатарын мақала етіп қайта жаздыртып, журналдың таяудағы сандарына жедел түрде жариялатып жататын. Бір ардақты Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың жеке тұлғасы мен бай шығармашылығына қатысты том-том дүниелердің бәрі де Мұқаңның қолынан өтіп, оқырманға зор сағынышпен жол тартты. Басқа да бұрынғы алашшыл басылымдарда жарық көріп, тарихтың тар қапасында қалып қойған рухани жәдігерліктеріміз қаншама еді?! Мұқаңның сол кезде «мен Абай атамның жасына келдім, Абай атам негізін салған, ұлы Әуезов әрі қарай сәтті жалғастырған ұлттық әдебиет деген ұлы жолдың үстінде келе жатып, мен Абай атам жеткен жас­ты атап өтпесем болмайды» деп, асыл жары Бақыт жеңгеміз бен балаларын қатыстырып, редакцияға кең етіп дастарқан жайғандығы да күні кеше ғана сияқты еді, сөйтіп жүргенде, атақты Мағауин алпыс деген асқаралы жасқа да келіп қалды. Мағауиннің алпыс жылдығы кейін ел көлемінде қалайша аталып өтілгендігі көпке мәлім. Мұқаңның алпыс жылдық мерейтойлық шараларына біз ұжым болып түгел қатыстық.
«Жұлдыз» елі асыға күтіп, сүйсіне оқитын үлкен басылым болған соң, оның редакциясы да сондайылықты кең, құшағы ыстық орта болуға тиіс емес пе?! Мұқаң басқарған кездегі «Жұлдыз» да дәл осындай кезінде Зейнолла Қабдолов, Әбдіжәміл, Сырбай, Шерхан, Бекежан ағалар басқарған, солардың қарауында әдебиетіміздің небір ақтаңгерлері қызмет жасап, бейнебір өздерінің екінші үйлеріндей-ақ ыстық ұяға айналдырған шығармашылық орта болды деуге толық негіз бар. Үлкен шығармашылық орта болған соң, түрлі қуаныштар мен соған орай, ұжымда дастарқан жайылып жататын кездері де аз емес. Мұқаң бастаған сол дәстүрді, шыны керек, бертінде біздің бәріміз де ұстандық. Ұмытпасам, бұл шара елімізде алғаш рет Наурыз мерекесі халықтық мереке ретінде аталынып өтіліп жатқан кезден бастау алды. Ал бұндай кездегі әңгіменің ауаны да бөлекше. Бұндайда көбінесе Мұқаңның өзі әңгіме тиегін тарқатып, Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы ­Назарбаев пен Елбасымыздың сенімді серігі Иманғали Тасмағамбетов, жаңа дәуірдегі қазақ дипломатиясының негізін қалаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік істердегі алымдылықтарынан бастап, кешегі елдегі тоқырап қалған баспа істеріне тыңнан жол салып, осы саланың алғашқы жолашарлары бола білген Мереке Құлкенов пен Әлібек Асқаров, журналистика саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан Сауытбек ­Абдрахманов, Жұмабек Кенжалин мен Жанболат Аупбай сынды белгілі қаламгер, ел зиялыларының еңбектеріне ерекше ілтипатты көзқарастарын білдіріп отырар еді.
Осы арада менің де бір сырды тарқатып айтқым келеді. Осыдан біраз жыл бұрын, Мұқаң зейнетке шығып, біржолата шығармашылықпен шұғылдана бастағанда, үнемі редакцияда Мұқаңды көріп, Мұқаңның шығармашылыққа қатысты терең толғамды әңгімелерін тыңдап, Мұқаңды іздеп келген қабырғалы қаламгерлермен кездесіп, солардың отырған жерлерінде-ақ үлкен әдеби ахуал қалыптастыратындықтарына куә болып қалған біздің біразға дейін іштей қоңылтақсыңқырап жүргендігіміз рас. Оның үстіне, Мұқаң зейнетке шығып жатқанда, «Жұлдыз» журналы ұзақ жылдар бойына әкімшілік жағынан бағынып келген «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Мереке Құлкенов Мұқаңа зейнетке шыққаннан кейін де, қарап жатпай, медиахолдингке Бас директордың кеңесшісі болып, қызметін әрі қарай жалғастырып, өзінің бай да, бағалы іс-тәжірибесімен бөлісуді ұсынған екен дегенді де естіп едік. Осы жайт бізді бірден елең еткізген, әрі десе, дәл осы кезде таяуда Бас директорға кеңесші болып келеді деп, Бас дирек­тор­дың кабинетінің қарсысынан Қазақ­станның Халық жазушысы, ұлттық әдебиетіміздің ақсақалы Әбдіжәміл Нұрпейісовке жұмыс істеуге қолайлы кабинет жасақталып жатқан болатын.
Сол кезде біз өзі де кезінде елдің бірқатар әдеби басылымдарын басқарып, елдегі әдеби үрдістің қыр-сырын жетік меңгеріп қалған Мереке Әбдешұлы ұлттық әдебиетіміздің екі бірдей алыбының басын бір шығармашылық ұжымда біріктіріп, жаңа дәуір, жаңа кезеңдегі ұлттық журналистикамызбен бірге, әдеби үрдісімізге де жаңаша бір сипат беріп, кереметтей бір істерді қолға алғалы жатыр-ау деп ойлайтынбыз. Оған негіз де жоқ емес-ті. Бірақ өмір бойына қатаң шығармашылық тәртіпке бағынып, күніне бір азат жол, тым құрыса, өзінің болашақ көркем шығармаларының іргетасы болып қаланар бірер образды сөйлемдер жазбаса, көңілі жай тауып отыра алмайтын Мұқаң өзінің қашаннан бергі қалыптасқан шығармашылық дағдысын бұзбауды жөн санаған сыңайлы… Алайда мен өз басым кейде кезінде Мұқаңның қарауында біраз жыл бірге жұмыс істедік, оның талайғы ақыл-кеңестерін тыңдадық, енді кеп, оны зейнетке шыққан екен деп, мүлдем үнсіз қалғандығымыз қалай, жоқ, әлде өзіне телефон шалып, хабарлассам ба екен деп те ойлайтын едім. Бірақ, қалай?! Мұқаң шығармашылық шабыт құшағында жұмыстанып жатқанда, өзін бұлайша мазалағанды ұнатпайтын. Оны кезінде ағаның өзі де көпшілік ортада талай мәрте айтқан. Соның бәрі есіңе түскенде, сен кейде кәдімгідей-ақ тартынып қалатынсың. Алайда, Мұқаң заңды еңбек демалысына шыққан соң, арада бар-жоғы бірнеше апта ғана өткенде, ағаның өзі менің ұялы телефоныма қоңырау шалды. Жағдайымды білді. Ал, өзіне қатысты жайттарға келгенде, «қазір демалып жатырмын, алда біраз шығармашылық жұмыстар күтіп тұр» деген еді. Соған орай, дәл қазір осыдан бірнеше жыл бұрын, әйгілі ақын, түрколог Олжас Сүлейменовтің кезекті мерейтойлық шаралары кезінде Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театрының төріне Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының Олжас ағамыздың бір қолынан ұстап шығып, қалың елдің алдында: «Мен Олжасты «Мың бір сөзін» әрі қарай жалғастырып жазсын, тыныш жерде отырып, елге керекті сол еңбегін аяқтасын деп, Еуропаға елші етіп жібердім. Соны бітірмей, елге келмейсің дедім» деп, бір жағы қалжың, бір жағы шындықты да ашып айтқандығы еске түседі.

“Мағауиннің өзі қазірге дейін ел назарына ұсынылып үлгерген «Шыңғыс хан» романдарына кірісерден көп бұрын, сонау 2000 жылдың өзінде-ақ Шыңғыс хан дәуіріндегі үрдістерге барлау ретінде жазған «Шыңғыс ханның шарапаты» мақаласында: «Егер, Шыңғыс хан болмаса, қазақ деген халық та жаңа ұлыс құрамында біржола ұйысып, үсті бейіш, асты кеніш, осыншама ұлан-байтақ жердің бірден-бір қожасына айналып, бүгінгі күніне жете алмас еді» деп тұжырымдаған екен. Мағауиннің өзі бұл жерде ұлттық поэзиямыздың алтын қайнарынан алынған Мұрат ақын мен Ғұмар Қараш жырларындағы Шыңғыс хан үрдісі, Шыңғыс хан даңқы, Шыңғыс хан мұраты, Шыңғыс хан жұртының ұйыса өмір сүріп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқандығын алға тарта сөйлейді.” 

Меніңше, ұлттық әдебиетіміздің қазіргі алыптарының бірі Мұхтар Мағауиннің де мойнында сондай бір ұлтқа, халыққа ауадай-ақ қажетті бір ұлы миссия жатқан секілді ме, қалай?! Заман өзгерді, бүгінгі уақыт басқа дегенмен, заманында орыстың ұлы жазушылары өздерінің талайғы тың туындыларын өмірге әкеліп, артына мәңгібақи өшпестей іздерін қалдырып кеткен Еуропаның шығармашылыққа өте-мөте қолайлы қуыс-мүйістері мен тыныш жағалаулары неліктен қазақ қалам­герлеріне жат болуға тиіс?! Өзінің қазақ үшін, халық үшін қажетті деген туындыларын өмірге әкеліп жатқан жұмыс каби­нетін бірде саялы Прага­ға, бірде ­ауасы кәусар Карловый Варый­ға ауыстырып жүрген Мұқаң да өз шығар­машылығымен соны барынша дәлелдеп жатыр-ау деуге хақылымыз.

Серікқали ХАСАН,
жазушы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Аноним

    👏

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.