«Кейде аяз, кейде бұрқақ, кейде қырбақ…»

Қыс – күзден кейін келетін, жылдың ең суық мезгілі. Күнтізбе жүйесі бойынша Желтоқсан, Қаңтар, Ақпан қыс айлары болып саналады. Қыста түн ұзақ, күн қысқа болып, Үркер жұлдызы көкке өрмелеп жоғары көтерілген сайын суыта түседі. Қыс мерзімін халқымыз өзінше бағалап, өз тұрғысынан сипаттап келеді. Осы тұста қыстың бейнесін тірі жанға балаған Ұлы Абайдың мына өлең шумақтары еріксіз тіл ұшына оралады:

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды.

Бұл мезгілде болатын табиғи құбылыстардың бірін қалдырмай аса көркемдікпен суреттеген Жүсіпбек Аймауытовтың және Ілияс Жансүгіровтің төмендегі өлең жолдары қыстың қатал мінезін көз алдымызда жандандырып тұрғандай:

Жалп-жалп, жалп-жалп жауды қар.
Тон киіндік, тоңды мал.
Бұрқ-бұрқ, бұрқ-бұрқ боран бар,
Боран жоқта тұман бар.
Қызыл шұнақ қызыл бар.
Суда айна тас мүсін бар,
Қылаулатқан қырау бар.

(Жүсіпбек Аймауытов)

Қыс, қар, мұз, қырау, қылау – жерді көміп,
Бұлт бүркеп, тұман төніп, баса шөгіп,
Жер-көкті аяз бүріп, қызыл жалап,
Бұрқ-сарқ боран құсып, шашып, төгіп.
Кейде аяз, кейде бұрқақ, кейде қырбақ,
Кейде еркек, кейде күрпік, кейде сырғақ,
Жер тарпып, аспанды аршып алтын күрек,
Сапырар сұрапылды кейде бір уақ.

(Ілияс Жансүгіров)

Әйтсе де, Еділ мен Алтайға дейін алып кеңістікте жатқан қазақ даласында қыстың түсуі әркелкі. Қазақстанның солтүстігі мен шығысына қыс күздің ортасында-ақ түссе, оңтүстігі мен батысына желтоқсан айының ішінде түседі. Халық есепшілері келер қыстың қандай болатынын, кейде басқа жыл мезгілдеріндегі ауа-райымен байланыстыра отырып болжайды. Мәселен, «Көктем ерте туса, қыс та ерте түседі»; «Жаз жауын-шашынды болса, қыс боранды болады»; «Жаз ыстық болса, қыс суық болады»; «Егер қоңыр күз тез өтсе, қатал қысты күтіңіз» және т.б.

Қырбастың қызылы

Қырбастың қызылы – желтоқсанның басында болатын алғашқы аяз. Қазақстанның солтүстік өңірлерінде қыс ерте түсіп, шыңылтыр аяз бола бас­тайды.
Теке бұрқылдақ. Қазақ даласында желтоқсан айының қатты боран соғатын соңғы онкүндігінде киік текесінің маталу, яғни ұрғашысын қашыратын кезі. 2-3 күн ішінде маталу толық аяқталады. Сосын мамыр айының аяғында киіктер 2-3 күннің ішінде лақтап, төлдерін өргізеді. Желтоқсан айындағы бұл боранды қазақтар «теке бұрқылдақ» деп, ал кей өңірде «текенің бұрқағы» деп те атайды.
Күннің таласуы. Халықтың таным-түсінігі бойын­ша, қаңтардың алғашқы күнінде күн бой көте­реді, сол кезде ауа райы өзгеріп, қар жауады, сырғыма жүріп, боран болуы да мүмкін. Сырғыма деп, боранның әсерінен сусып, жылжыған қарды айтады.
Қыс шілдесі – қаңтардың соңғы күндеріндегі аяз. Бұл кезде қыс күшіне еніп, түкірік жерге түспейтін сақылдаған сары аяз болады. Қазақтар мұны «Қыс шілдесі» деп бейнелі түрде атаған. Халық есепшілері болса, Үркер мен Ай арасындағы бұрыш тіктөртбұрыш жасап орналасса, қыс шілдесі уақыты басталады деп есептеген.
Бөрі сырғақ. Ақпан айында ат құлағы көрінбейтін борандар соғады. Айдың соңындағы сырғақ пен қатты боранды күндері қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасады. Сырғақ деп, бұршақтан кіші мұзды қар түйіршіктерін атайды. Көпті көрген көнекөз қариялар қасқырлардың жұптасуына орай ақпанның соңғы сырғақ пен боранды күндерін «Бөрі сырғақ» деп атайды.
Алатаң қыс – қалың жауған қардан жер бетінің қарасы көрінбей сазарып жататын қыстың ұзақ түндері. Алатаң қыстан жылқы ғана күйлі шығуы. Басқа мал қатты қиналып, көп шығынға ұшырауы мүмкін.

Қараша шегесін шағады, Желтоқсан көпірін салады

Амал атаулары көбіне есепшілік кәсіпке қатысты болса, күн райына байланысты атаулар жалпыхалықтық сипаттағы сөздер болып табылады. Қыс мезгіліне қатысты ұғымдарды академик Әбдуәли Қайдардың «Қазақтар ана тілі әлемінде» атты еңбегіндегі (Т. 3, 172-173 бб.) этнолингвистикалық түсін­дір­мелерімен беруді жөн көрдік:

«Аю теріс аунап түсті» – қар қалың жауып, арты суырынды боранға ұласқанда айтылатын сөз. Мұның мәнісі: қысқа қарай өзінің әдеті бойынша қалың ұйқыға кететін аю көктем шыға оянып, аунап түсетін көрінеді. «Егер ол аунап түскенде беті жатқан апанының аузына қарап қалса, онда көктем тез арада туа­ды, ал теріс қарап аунаса, қыс суығы қатал түседі» деп жорамалдайды екен көнекөз қариялар. Осыдан кейін-ақ қойға күрең ашу басталады. Бұл кезең қыстың соңы болып саналады. Бұл кезде Қазақстанның кейбір солтүстік-шығыс аймақтарында қазан айының аяғын ала ызғарлы жел соғып, қараша қалың жаңбырға, тіпті қар жауып, аяғы жаяу борасынға ұласады. «Ерте қыс» деген де, міне, осындай табиғи құбылыстарға байланысты байқалады.
«Кәрі құда» – қыс атауының перифраздық баламасы. Бұл жерде сүйек жаңғыртып, үздіксіз араласып тұратын құдалар мен жыл ­сайын болып тұратын қыс мезгілінің арасындағы ұқсастық ескеріліп отыр. «Кәрі құда» бейнелеу түрінде – қыс; өйткені ол да ат терін құрғатпай келіп тұратын кәрі құдалардай жыл сайын келмей қоймайды. Қыстың пери­фаздық эвфемистік баламасы.
Қараша шегесін шағады, Желтоқ­сан көпірін салады – күздің соңы мен қыс басының өзара ұласуы, бір-біріне көпір салып, жалғасуы, міне, осылай суреттеледі.
Қылышын сүйретіп қыс келер – жылда келетін қыс дайындығын жасамай, малының жағдайын ойламай жүрген бейғам шаруаға малын қырып, жұтқа ұшырататын қауіпті жау деп ескерту.
Қыс: «тоны жоққа сәлем де, етігі жоққа өзім барамын» депті. ауысп. Аязды суық қыс өзінің көп ұзамай келетінін ескертіп, «тоныңды даярлай бер!» деуі – алдын ала ескерткені, ал етіктің қажеттігін өзім барғанда, өз аяғыңмен қар кешіп, мұз басқанда, табаныңды аяз қарығанда өзің-ақ сезерсің, ең болмаса сонда қамданарсың дегені.
Қыс түседі – қыс мезгілінің келуін қазақтардың «Қыс түседі» деп сипаттауы үш айдай уақыт жердің бетін қаптап, жаңбыр тәрізді жерге сіңіп, не ағып кетпей, сіреп жатып алатын қалың қардың аспаннан түсуіне байланысты болса керек.
Қыстың көзі қырауда – қыс мезгілі ең алдымен өзінің қарлы-боранды, суық та аязды күндерімен ерекше көзге түседі. Қар борап тұрса да, қылаулап жауса да, тіпті қар жаумай қатты суық, сақырлаған аяз болса да, бәрібір, жер бетіндегі өсімдік біткеннің бұтақ, жапырақтарын, адамның, жан-жануарлардың қас-қабағын, сақал-мұртын, үсті-басын­дағы түгін түгел қырау басады. Қыс­тың көзімен қарағанда адам айналасынан қырауды ғана көреді. Демек, «қыстың көзі қырауда» – айналаны қар мен қырау басқан, аязды суық қыс» деген сөз.
Қыстың қары – жердің нәрі. ауысп. Қыста қалың жауған қар жердің өз бойын­да дымқылдығын мол сақтап, көктің, егістің қаулап өсуіне қолайлы жағдай туғызады деген сөз.

«Бестің айы» қандай ай?

Желтоқсан – қыс айларының алғашқы айы, григориан күнтізбесі бойынша он екінші ай. Бұл айда жауған қар кетпей табандап жатып алады. Саятқұмар жандардың жүйрік атқа мініп, қыран құс пен құмай тазыны алдына салып, аңға шығатын, яғни қансонардың қансорпа қызығына түсетін кезеңі. Желтоқсанның 22-сінде күн барынша қысқарады. Мұны қысқы күн тоқырау деп атайды. Ал 22 маусым күннің барынша ұзаратын уақыты, оны жазғы күн тоқырау дейді. Сонымен қатар бұл айда қазақтар қысқа дайындық ретінде соғым сойып алады. Осыған байланысты кейбір өңірде желтоқсанды «соғым айы» деп те атайды.

Қазақ қыстың ызғарлы суық мезгілін, яғни жылдың соңғы ширегін тоқсанға бөліп, «қыс тоқсан» деп айрықша атаса, Желтоқсан айымен бірге жылдың ақырғы ширегі, тоқсан басталады. Бұл ай тоқсанның басы әрі суық желді болғандықтан, халық оны «желтоқсан» деп атаған (яғни «жел» және «тоқсан» сөздерінен құралған). Қазақтар бұл айды кейде «тоқсан» деп те атайды. Байырғы есепшілердің есебі бойынша, аспан аясында Ай мен Қамбар жұлдызының бесінші тоғысуы осы айға тура келгендіктен, қазақтар желтоқсан айын «бестің айы» деп те атаған. Қырғыздар болса бүгінде желтоқсанды «бештин айы» деп қолданады.
Мұнымен қатар, қазақ халқы желтоқ­сан айын ескілікте «жеді» (жеди, жәді, жыды) деп қолданған. Мұрат ақын жеді айын жырына былайша арқау еткен:
Жедінің айы туғанда,
Үйіне асау сойдырса,
Үйіне келген мейманды
Қайырымен тойдырса…
Бәйбішеге жарасар.
Мәшһүр-Жүсіп болса, бұл айы туралы мынадай мәлімет келтірген: «Жыды 29 күн декабрьдің тоғызы күні жыды бір және енеді. Декабрьдің жиырма бесі – Иса пайғамбар туған күн – қыс ортасы. Жиырма тоғызында жұмла суға түседі. Ойықтан қара су ішу жарамайды. Жыды – Қажабаласы Темірқазықтың арабша аты. Декабрьдің он тоғызы – қыс шілдесі басталып, ғинуардың жиырма сегізінде қыс шілдесі жоғалады» (Мәшһүр-Жүсіп, 57 б.).
Бұл атау Орал өңірінің (жеді) және Орынбор қазақтарының (жедді) әлі күнге дейін тілдік қолданысында бар (Қазақ тілінің аймақтық сөздігі, 253 б.). Тілімізде қалыптасқан «Жәді айы жебедей жерге шықты» тілдік орамы күн райының суыта бастағанын білдіреді. Жеді сөзі араб-парсы тілдеріндегі джедииун, джодэй сөздерінен келген. Араб тіліндегі джедииун ( جَدْىٌ) сөзі «1) лақ; 2) астр. Тауешкі шоқжұлдызы; 3) астр. Темірқазық» деген мағыналарды білдіреді (Баранов Х.К. Большой арабско-русский словарь, 121 с.). Бұл сөз парсы тілінде джӓдй (جدى) «1) сирек ешкі; 2) астр. Тауешкі елек шоқжұлдызы; 3) ескі иран күнтізбесі бойынша оныншы ай, желтоқсан – қаңтарға сәйкес келеді». Ал лақ, Темірқазық (шоқжұлдыз) сөздері парсы тілінде джодэй (جدى) деп аталады. (Персидско-русский словарь. Т. 1., 432 с.). Жоғарыда келтірілген араб және парсы сөздерінің мағыналарынан байқағанымыздай, жеді айы қазақ тіліне араб тілінен гөрі, парсы тілінен енген деп тұжырымдауға болады.
Осы тұста айта кетерлік мәселе, жазба әдебиеттерінде және қазақ тілінің сөздіктерінде аталмыш сөздің жәдді, жедді деген түрлері, яғни д әрпінің екі рет қайталануы арқылы беріліп келеді. Алайда араб-парсы тілдерінде осы формадағы сөздер мүлдем басқа мағына береді. Мәселен, араб тіліндегі джеддеун (جَدَّةٌ) «әже» дегенді білдірсе (Баранов Х.К. Большой арабско-русский словарь, 119 с.)., парсы тіліндегі джедди (جدى) «І. 1) байсалды, маңызды; 2) белсенді; 3) қайсар мінезді; ІІ. қалжыңсыз, шын қабылдау (серьезный)» мағыналарын үстейді (Персидско-русский словарь. Т. 1., 432 с.). Тіпті, Мәшһүр-Жүсіптің де заманында бұл айды сөз еткенде «жыды» деп, яғни жалғыз д әрпі арқылы қолданғанын жоғарыда келтірілген мәліметінен байқауға болады.

Қай нұсқа дұрыс?

Бүгінгі таңда «мәңгүрт» сөзінің бірнеше нұсқада жазылып жүргенін байқаймыз. Мәселен, «манқұрт», «манғұрт», «маңгүрт», т.б. Осы нұсқалардың қайсысы дұрыс деген талас-тартыс та бар. Осы мәселені тарқатып көрсек. 

Адам баласы табиғатынан ерекше бір жаратылыс. Бұл өмірдегі заттар мен құбылыстарды саралап қажетіне қарай таңдай білу үшін оған ерекше рухани құндылық – ақыл берілген. Ақыл ұғымы «әр адамның білім деңгейіне, өмір тәжірибесіне, жүйке-жүйесінің ерекшеліктеріне, жеке-дара өзгешеліктеріне орай түрлі деңгейде көрінеді. Адам болмысы ақылын қару етіп, болашақты игеретін ғылымды дамытып келеді. Алайда адам ақылының түрлі деңгейі небір қиянат, небір зұлмат ойлап тапқанын кешегі тарих іздерінен көре аламыз. Адам тағдырының терең философияға толы бір көрінісін көрнекті жазушымыз Әбіш Кекілбаевтың «Күй» повесінен алғаш таныдық. Өткен ғасырдың 60-жылдары Әбіш Кекілбаевтың қаламымен алғаш рет көркем әдебиетте мәңгүрт образы берілді: «Олар бір апта бойы осылай зар илеп, шыңғырды да жүрді. Сосын бастарына шаш шықты, ол түйенің көңінен өте алмай, қайтадан бастың құйқасын тесіп кері өсті. Алты тұтқын елі қайда, жері қайда екенін білмейтін мәңгүртке айналды. Жүре-жүре тілден де айырылды. Түйемен бірге өреді, түйемен бірге келеді…». Жазушы мәңгүрттіктің қоғамда орын алған сыртқы белгілерін осылайша сипаттады. Уақыт өте келе мәңгүрт сөзі қоғамдағы белгілі бір санатты айқындайтын символдық ұғымға айналды. Мұны Шыңғыс Айтматов «Боранды бекет» (немесе «Ғасырдан да ұзақ күн») романында қоғамдық қатынастармен байланыстырып шебер жеткізген.
Сонымен мәңгүрт cөзінің тілдік мағынасы «1) ақылы кем, есуас, жынды адам; 2) қоғ.саяси. тарихи жадынан, тілі мен дінінен, ділінен айырылған ұлтсыз адам» сипаттарын береді (Қазақ сөздігі, 131 б.). Мәңгүрт сөзінен туындаған тілімізде мәңгүрттену, мәңгүрттік сөздері де қоғамда белсенді түрде қолданылып келеді. Бұл сөз тіпті, өткен ғасырда орыс тілінің сөздік қорына еніп, орыс тіл байлығын кеңейтуге ықпал етті (Милославский И.). Бұған дәлел ретінде орыс тілді қоғамда манкуртизм, манкуртизация терминдерінің қолданысқа ие екенін айтып өтуге болады.
Мәңгүрт сөзінің шығу тегін қарастырған ғалымдардың көбісі көне түркі тіліндегі munqul сөзінен туындаған деп түсіндіргісі келеді. Әзербайжан ғалымы У.Гусейинова да, қазіргі қырғыз тіліндегі «аяқ-қолы жоқ жарымжан» мағынасын білдіретін munju сөзі мен моңғол тіліндегі «ақымақ, есерсоқ» мағынасын беретін мангуу және бұл сөзден туындаған мангуурах (ақымақ болу, есінен айырылу) етістігін өзара байланыстыра келіп, бұл сөз моңғол тілінен енген деп тұжырымдайды. Ғалым мұнымен қатар, мәңгүрт сөзінің man – «белдік тағу» және qurut – «құрғатылған» деген екі көне түркі түбірлерінің қосындысынан туындауы мүмкін деген пікірін де білдіреді (Гусейинова, 183 с.).
Мәңгүрт лексемасын тіліміздегі мәңгі «басы ауған жаққа қаңғып жүре беретін адам, нақұрыс, әңгі», мәңгу «дел-сал болу, есеңгіреу», мәңгіру «басы зеңіп есеңгіреу, мең-зең болу; не істерін білмеу, ақыл-есінен айырылу, адасу, алжу» (Қазақ сөздігі) сөздерімен және пәңгі «есуас, есі ауған» (Жамбыл өңірі мен Қытай қазақтарында), пәңгіру «есі шығу, асып-сасу, не істерін білмеу» (Қытай қазақтарында) (Қазақ тілінің аймақтық сөздігі, 557 б.) диалекті сөздерiмен байланыстыруға болады. Қырғыз тіліндегі маңкурт сөзі де маң «1) наша тәріздес зат; 2) мең-зең», маң болу «дел-сал болу, мәңгіру», маңги «1) апиыншы, нашақор, баңги; 2) есерсоқ, кеңкелес» лексемалары бір-біріне қатысты (Киргизско-русский словарь, 552 б.). Қырғыз тіліндегі маң, маңги сөздерінің алғашқы мағынасы «гашишті» білдіретін парсы тіліндегі бәнг (ﺒﻧﮓ) сөзінен енген болу керек (Парсыша-қазақша сөздік, 93 б.).
Мәңгүрт сөзінің шығу тегін моңғол тіліндегі мангуу «ақымақ, есерсоқ» (мангуурах «ақымақ болу, есінен айырылу») және munu/mung «ақылынан айырылған» сөздерінен келген деп тұжырымдауға болады (Монгольско-русский словарь, 235 с.). Алайда тіліміздегі мәңгүрт сөзінің төркініне парсы тілінің де қатысы болуы мүмкін деген пікірдеміз. Себебі парсы тіліндегі мäнг (ﻤﻨﮓ) сөзі «1) ауызекі. есінен айырылған, жынданған; 2) ақымақ, есуас», мäнги (ﻤﻨﮕﯽ) сөзі «ауызекі. 1) есінен айырылу, жындану; 2) ақымақтық, есуастық» мағыналарын береді (Персидско-русский словарь, 571 с.). Сонымен қатар, түрік тілінде «есуас, ақымақ, мең-зең адам» мағыналы манкафа (mankafa) сөзі бар. Kafa – «1) бас; 2) сана; 3) ақыл» мағыналарын үстейтін араб тектес сөз (Misalli Büyük Türkçe Sözlük, s. 601). Осы сөзге тұлғалық-мағыналық жағынан ұқсас қырғыз тілінде маң баш «ақылсыз» және қазақ тілінде мәнжубас // мәнгубас «бос, былбыр, ынжық» сөздері бар.
Сонымен мәңгүрттік – адам бойында ұлттық мәдениет пен құндылықтардың, адамгершілік қасиеттердің жойылуын білдіретін ұғым. Заман өткен сайын қоғамдағы мәңгүрттіктің тұлғасы мен сипаты өзгеріп, жаңаша символдық ұғымға айналып отырады. Сонау байырғы түркі дәуірінде мәңгүрт жай ғана ел-жұртын танымайтын, тілінен айырылған, ертеден қара кешке дейін қожайынының бұйрығын орындау ең басты міндеті санайтын ақыл-есінен айырылған адам болса, XX ғасырда мәңгүрт ата жұртының тарихын білмейтін, оның мәдени-рухани мұрасынан бейхабар, шыққан тегін, төл мәдениетін мансұқ ететін тұлға болды. XXI ғасырда жаңа мәңгүрттердің пайда болу қаупі бар. Ақпараттық әлем мен жаңа технологияның дамыған дәуірінде күн санап жетіліп жатқан ақылды құрылғылардағы (смартфон, планшеттер) ақылсыз бағдарламалар жастарымыздың өткенін ұмыттырып, бүгініне көңіл бөлмей, ертеңі үшін алаңдамауына әкеп соғуы мүмкін. Себебі күнделікті тіршілікте адамдар бір-бірімен жанды түрде араласу, алыс-жақынын түгендеу, айналасындағыларға көңіл бөліп жаны ашу деген сияқты қарапайым қарым-қатынас түрлері дефицитке айналып бара жатыр.
Қорыта айтқанда, сана-сезімі мен болмыс-бітімін, ұлттық келбетін жоғалтқан мәңгүрт адамдар үшін ұлттық мәдениет, ана тіл маңызды құндылық болмайды. Қоғам өмірінде мәңгүрттіктің орын алуы ұлттың өркендеуіне қауіпті. Мәңгүрттік елдің әлеуметтік-мәдени дамуына кері әсер етіп, мемлекеттіліктің дәстүрлі жүйесіне нұқсан келтіреді.

Әдебиет:
Қазақ сөздігі (Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі). – Алматы: «Дәуір» баспасы, 2013. – 1488 б.
Гусейнова У. Г. Об этимологии слова „манкурт“ // Бакы Университетинин Хябярляри. Щуманитар елмляр серийасы. № 2, 2006. С. 183.
Кекілбайұлы Ә. Он екі томдық шығармалар жинағы. 1-том. – Алматы, 1999.
Қазақ тілінің аймақтық сөздігі. – Алматы: Арыс, 2005. – 824 б.
Киргизско-русский словарь. Около 40 000 слов /составил проф. К.К.Юдахин. – М.: изд-во «Советская энциклопедия», 1965. – 976 с.
Милославский И. Великий, могучий русский язык // «Наука и жизнь», 2009.
Монгольско-русский словарь. Под общей редакцией А.Лувсандэндэва. М.: ГИС, 1957.
Персидско-русский словарь. В двух томах. – Под ред. Ю.А. Рубинчика. – Т. 2. – М., 1970.
Жеменей И. Парсыша-қазақша сөздік. – Алматы,: «Зерде», 2003. – 448 б.
Misalli Büyük Türkçe Sözlük. Haz.: İlhan Ayverdi. – Kubbealtı, 2010. – 1411 sayfa. – S. 371.).

Бетті дайындаған Гүлсінай ИСАЕВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Этнолингвистика бөлімінің аға ғылыми қызметкері,
филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Айман

    керемет! осы Сөзтаным маған қатты ұнайды. осындай мақалалар көп жазылса екен, сөздердің этимологиясын біле бермейміз. сөзтанымның оқырмандарға айтары көп, жазары мағыналы бола берсін деймін

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.