Ене мен келiн сыйластығы

«Жақсы ене анаңдай»

Зиялы қауым басылымдардан оқып, теледидардан көріп те жүрген болар. Соңғы кездері бір әулеттің ұйытқысы енелер жайлы көп айтылып әрі жазылып келеді. Оның реті де бар. Себебі көптеген отбасыларында осындай ақ жаулықты аналарымыздың орынсыз сөзі, әдепке жатпайтын әрекеттерінен қаншама шаңырақтардың шайқалып жатқаны белгілі.
Өзге ұлттарда ене туралы жағымсыз айтылатын сөздер де көп. Бірақ біздің мұсыл­маншылдығымыздың әрі қазақы­лығымыздың жөні қашан да бөлек қой.
Сонымен қатар қазақта «Жақсы ене – анаңдай» деген аталы сөз де бар. Бұл өмірден нағыз ойып алынған шындық. Осы арада қызыл сөзге салынбас үшін бірқатар мысалдарды келтіре кетелік. Өзім талай азаматтарды көріп, олармен сырластым.
Олар енелерін өздерінің туған шешелерінен кем көрмейді. Менің түсі­нігімше кез келген қазақтың жігіті енесін жамандыққа қимайды, ешқашанда артық сөйлемейді. Дегенмен де, кейбір ене деген атқа лайық емес кісілер де жоқ емес. Осы арада да нақты дерекке сүйенейін.
Осыдан біраз жыл бұрын Мақсат есімді жігіт өзінің сүйген қызы Күнсұлуға үйленді. Ол бір үйдің жалғыз қызы екен. Әкесі тағдырдың жазуымен дүниеден ертерек өтіп кеткен. Сондықтан амалсыз оған енесін қолына алуға тура келді.
Басында бәрі де жақсы секілді еді. Өйткені азамат емес пе, жарының көңіліне қарап, ауылдағы жалғыз өзі қалған үлкен кісіге қамқорлық жасады. Ол бір жағы: «Жасы келген адам ғой, өзімізден алыс тұрған соң келіншегім алаңдайды емес пе. Себебі оның алдында Күнсұлу қайта-қайта өзі туып-өскен шаңыраққа жиі барғыштап кетті. Сондықтан бәріміз бір үйде тұрғанымыз орынды болар» деген шешімге келді.
Әрине, бұған сүйген жары қуанбаса, қарсылық білдірген жоқ. Өздері де бір жақты болып, көңілдері орнына түсті. Алайда араға біраз уақыт салған соң, енесі түрлі мінездері мен қылықтарын шығара бастады. Мақсат қанша жерден оны шешесіндей сыйлап, төрден орын берсе де бұған әйтеуір бір сылтау тауып, тиісе беретін болды.
Үлкен кісімен таласудың реті де жоқ еді. Өйткені жасы келген адам. Бір жағы келіншегін де ренжітіп аламын ба деп ойлайды. Қаншама артық сөйлесе де үндемей жүре берді. Үндемеген сайын енесі де үдете түсті. Қызының көзінше мұның намысына тиетін сөздер айта бастады.
Мұнда да намыс, ар, абырой деген бар емес пе. Бір күні шыдай алмай: «Апа, сізді мен өте құрметтеймін. Бірақ артық сөзіңізбен келіспеймін. Күнсұлу сізді қалай перзентіндей ардақтаса, мен де жолыңызды кескен емеспін. Осы ұрыс-керісті қойсақ қайтеді» деп пікірін жасырмады.
Алайда жасы жетпістен асып қалған кейуана тіпті, бұрынғыдан да ашуланатын болды. Кешқұрым қызы Күнсұлу жұмыстан оралған кезде екеуінің арасына от салып, күйеубаласын жерден алып, әбден жүйкесіне тиді. Қызы да шешесін қолдады.
Міне, осылайша айрандай ұйып отырған бір үйдің шырқы бұзылды. Мақсат та енді бұдан былай келіншегімен екеуінің адуын ене тұрғанда арасында ынтымақ болмайтынын түсініп, үйден біржола кетті.
Бұл өмір көрген деп жүрген кісілерге қатысты бір оқиға ғана. Басқа да нақты мысалдар жеткілікті. Кейбір енелер ұлы мен келінінің, қызы мен күйеу баласының тату-тәтті тұрып кетуін ойлаудың орнына жоғарыда баяндал­ған­дай араларына іріткі салады. Мәселен, мына бір жайды да тілге тиек етелікші.
Марат есімді азамат та өзінің жарына шын мәнінде ғашық болып үйленді. Оларды былайғы жұрт «Қыз Жібек пен Төлегендей» деп өздеріне үлгі тұтатын. Себебі, екеуі де түр-сымбаты келіскен, жарасымды жұп еді. Бірақ бұлардың енелері үйлеріне қонақ болып келген кезде ұрыс-керіссіз болмайтын.
Өздігінен ешкімге тиіспейтін, жуас әрі артық сөзі жоқ Маратты енесі арада екі-үш ай өтпей айтқанына жүргізгісі келді. Өйткені, басқа күйеубалалары да бұдан әбден зәрезап болған-ды. Үлкен кісі өзінің жасына сай ақыл-парасатқа келіп, қайта екі жасқа ақылын айтудың орнына жоқ жерден бүлік шығаратын.
«Қоянды қуа берсең батыр болады» деген де бар. Біртоға, ешкімнің намысына тиер сөз айтпайтын Марат та бір күні төзімі таусылып: «Апа, өзіңіз де білесіз, сізді туған анамнан артық көрмесем осы уақытқа дейін жатсынған емеспін» деді.
Күйеубаласын дегеніне көндіріп, айдағанына жүргізе алмайтындығын білген соң, енесі қараптан-қарап отырып, ұрыс шығарды. Басында бұл әйел адаммен сөз таластырып абырой тап­пайтындығын білген соң, бәлкім сүйген жарым шешесін ақылға шақырар деп үміттеніп, оған жалтақ-жалтақ қарады.
Бизадада болса үн жоқ. Анасына ләм деп ауыз ашпады. Осы жерде Мараттың шын мәнінде келіншегінен көңілі қалды. Әрине, бұл жерде Бизаданы да түсінуге болады. Туған анасына қарсы келмейін деген шығар. Бірақ ер-азамат та қашанғы төзсін. Соны да бір сәт ойлауы керек еді.
Себебі, Мараттың туған-туысқан­дары алыста. Мүмкін, пайым-парасаты төмен енесі жақын жерде іздеушісі, сұраушысы жоқ деп ойлайтын да шығар.
Осындай келеңсіздіктер олардың шаңырақтарына енесі үйлерінің табалдырығын аттаған сайын қайталана берді. Тіпті, бірде үлкен кісі ақылға келіп, күйеубаласы мен қызының болашағын ойлаудың орнына қаһарына мініп: «Ішіме сыйған қызым, сыртыма да сыяды. Егер менің сөзім ұнамаса жолың ашық» дегенге дейін барды.
Күйеубала шешесіндей кісімен салғыласып тұрсын ба, ұстамдылық танытып, басқа келіншекке үйленді. Екі ортада жазықсыз сәбилер жетім болып қалды. Ұзынқұлақтан естуімше, әлгі кемпір одан кейінгі күйеубаласын да шыдатпаған көрінеді.
Алайда енелердің бәрі осындай десек қателесер едік. Арамызда қаншама мейірбанды, күйеубалаларын туған ұлындай, келіндерін өзінің қызындай көретін аналар қаншама. Оларды көріп, олар туралы естігенде жаның марқайып, әлгі қазақтың ақ жаулықты кемпірлерін сонадайдан жүгіріп барып, маңдайынан сүйіп алғың келеді.

«Анасын көріп, қызын ал»

Біздің қазақ ежелден қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Өйткені, олар ең алдымен ұлтымыздың айнасы. Ертеңгі ана. Бір шаңырақтың берекесін келтіретін сүйікті келін. Басқаны қайдам, өзімнің осыдан жиырма жылдан астам бұрын дүниеден өткен шешем қыздарын солай тәрбиеледі.
Оларға үнемі: «Қыздарым, сендер менің қызым болғаныңмен, ертең бір әулетке келін болып түсесіңдер. Сондықтан осы бастан ибалы да инабатты, таза да кішіпейіл болуға талпыныңдар. Жаман әдет-қылықтарыңмен әкең екеуіміздің атымызға сөз келтірмеңдер» деп отыратын.
Тіршілікте дәл солай болды да. Екі қызы да қос шаңырақтың атын шығарып, азаматтарын ардақтап, ата-енелерінің бір сөзін екі етпей, барлық жағдайды жасады. Ол кезде біз баламыз ғой. Анам марқұм күйеубалалары мен қыздарына барған кезде «Балапандарым жерге қаратпады. Осы жолы да қаншама жылы лебіздер естідім» деп қуанып отыратын.
Бірақ барлық үйлердегі қыздар өздері келін болып түскен жерлерде судай сіңіп, тастай батып кетеді деп айта алмаймыз. Бір-бірін сүйіп қосылып, шаңырақ көтерген жастар бір жыл өтпей ажырасып жатпас еді. Олардан себебін сұрасаң: «Екеуміздің мінезіміз жараспады. Бір-бірімізді жақсы танымаппыз» деседі.
Сонда олар үйленгенге дейін ай қарап, жұлдыз санаған ба? Неге бір-бірін ұғынысып, әбден біліспеді деген сауал өзінен-өзі бой көтереді. Осы өзекті де маңызды деген сауалмен біраз өмір көрген кісілердің де ой-пікірлерін тыңдадық. Бәрінің де сөздерінен ұқ­қанымыз қазіргі жастар шаңырақ кө­теруге тым ерте асығады. Кейбіреулер кү­йеуге есеппен шығады. Соның салда­ры­нан сол баяғы балалар тірі жетім атанады.
Осы өзіміздің мамандығымыз журналист болған соң, шаңырақ көтерген жас жұбайлармен сөйлесіп көрдік. Олардың да пікірлері әр алуан.
Сонда байқағаным, көптеген бойжеткендер өздері ұнатып, қаншама жылдар бойы шын жүрегімен ұғысқан азама­тының шаңырағына сол үйді шаттыққа толтырып, әулетінің мәртебесін асқақтату үшін емес, өзі бақытты болуы үшін ғана келін болып түседі екен.
Әрине, олардың кейбір тұжырым­дарымен келісуге болмайды. Қыз бала табиғатынан жатжұрттық. Келін болып түскен үйдің қарттары мен туған-туысқандарын, жақын-жуықтарын сыйлауға да, құрметтеуге де міндетті. Өзі сүйген жігітін ғұмырлық серік еткен соң оны тәрбиелеп, оқытып, қатарға қосқан әке-шешесін де құрметтеуге тиісті.
Жалпы, кесір келіндер қайдан шығады деген мәселе кімді болсын толғандырады. Мұның бәрі де жоғарыда айтып өткеніміздей, «Шешеге қарап, қыз өсер» демекші, ананың тәрбиесіне тікелей байланысты. Себебі қыз балаға қашан да шешесі жақын.
Тұрмысқа шықпай жатып, барлық жан сырларын алдымен анасына айтады. Қуанышын да, мұңын да онымен бөліседі. Біздің қазақтың «Анасын көріп, қызын ал» деген даналы сөзі осындайдан шыққан болса керек. Сондықтан да отбасындағы тағылым мен өнегенің орны бөлек.
Отбасының бәрі бірдей қыз балаларға тиісті деңгейде ғибрат бере алады деп айту да қиын. Өйткені көптеген жанұялар толыққанды емес. Күйеуінен ерте ажырасып, теріс жолға түскен кейбір аналар болашақ келін болып табылатын қыздарына қалай тәрбие береді?
Ішкені арақ, аузынан шығатын сөзі түйеден түскендей, ой-парасаты таяз әйел қандай тағылым көрсетеді. Ондай әйелден туған жүрегі нәзік бойжеткен ертең бір үйдің шаңырағын бақытқа кенелтеді деп айту да қиын.
Сондықтан бұл мәселе өте өткір тұр. Осы арада тағы бір тоқтала кетер жайт, «Қызға қырық үйден тыйым» деген ұлтымызда ерекше орын алатын тәрбиенің орны қашан да бөлек. Қыз баланы жастайынан ісмерлікке, адамгершілікке, үлкен мен кішіні сыйлауға баулыған шаңырақтарда өскен бойжеткендеріміздің тіршілікте қателеспейтіндігін де көріп жүрміз.
Осыдан біраз жыл бұрын облыс орталығында тұратын бір ақсақалдың үйінде болдым. Ол есімі елімізге танымал, аузы дуалы, өткен өмір жолы нағыз өнеге боларлық тұлға болатын. Бұл кісінің бәйбішесі де нағыз кейінгі келіндеріне тағылым боларлықтай жан-ды.
Әркімнің басына қонатын бақ пен бақыт та олардың ниетіне байланыс­ты ғой деймін. Аталған жанұяға келін жақсы отбасынан кездесіпті. Ұлы да ақылына парасаты сай азамат. Осы шаңыраққа жолым түскен сайын әлгі танымал кісілердің келіндеріне шексіз тәнті боламын. Себебі жасы келіп, бойынан күш, қолдарынан қуат кеткен атамыз бен әжеміздің үсті-басы қашан да кіршіксіз таза.
Бөлмелерінен басы артық жатқан бірде-бір затты көрмейсіз. Мен бұл жерде асханадағы дәмді тағамды, қонағы келгенде екі иінінен демалып тұратын самауырынға қайнатқан шайды айтып тұрған жоқпын. Әйтеуір білетінім, келген кісілердің бәрі де: «Ақсақал, сіз бақыттысыз. Осындай инабатты келінді тәрбиелеген ата-аналарынан айналып кетпейсіз бе. Келініңізге Алла Тағала ғұмыр берсін. Ұлдары мен қыздарының қызығын көрсін. Ешқашан жамандық көрмесін» деп жататын.
Сол кезде әлгі сөзге толқыған кейбір үлкен кісілердің көздеріне жас алып, оны орамалдарымен сүртіп жатқанын да көзіміз шалды. Жақсы келін қай үйдің болсын берекесі. Кейде олар осындай адамгершілік қырларымен өздерінің өсіп келе жатқан ұл мен қыздарына да ғұмырлық тәрбие беріп жатқанын да сезіне бермейді.
Өзіміз де байқап жүрміз, қарттар үйінде қаншама ақсақалдарымыз бен жасы келген аналарымыз төрт қа­бырғаға қамалып, перзенттерінің келуін күтіп отырғаны белгілі. Олар жылдар бойы еңбек етіп, ұлы мен қы­зынан қызық көремін, немере-шө­берелерімді маңдайларынан сүйіп, бақытқа кенелемін деген кезде ­тасбауыр ұрпақтары қатыгездік танытып жатады.
Ене мен келін тақырыбы – мәңгілік. Біздің қаракөз қыздарымыз осы дүниені оқып, ой-толғанысқа түссе, мақ­са­тымыздың орындалғаны. Өйткені, қазақ қызы деген ардақты ат. Енеңе жақсылық жасағаның – шешеңді сыйлағаның.
Сондықтан да болашақта келін болғысы келетін бойжеткендеріміз бір сәт ақылға салып, қорытынды шығарса екен. Ал аяулы аналарымыз да ұлдары сүйіп қосылған қыздарымызды сыртқа теппесе деймін. Оларды бауырларына басып, қашан үй болып, ұрпақ сүйгенше қамқорлық танытып жатса, қанекей.
Бибіш апа айтады: «Бүгінгі қозғалып отырған тақырып өте орынды деп есептеймін. Себебі ене мен келіннің арасындағы сыйластық аса қажет. Егер олар тату-тәтті сырлас құрбыдай болып кетсе, сол әулеттің мәртебесі қашан да биік. Мерейі үстем болары хақ».

Оразалы Жақсанов

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Жулдызхан

    қазыр ата енеңді сыйласаңда. баласын қызғанып өзіңе қарсы қойып өтірік қайрап тіпті ұрғызып қуанып отыратындар көөп. сыйлауға лайық емес ата енелер бар сондай. жәннатымыз деп үндеми құтылғымыз ақ келет. бирақ боолмайт. шешім ажырасу. немесе бөлек кету. себебі сыйластық пен тазалықтың қадірін білмейтін адаммен бірге жасасу мұмкін емес! басқаларды да түсінем! мынау менің ойым!!! өтірік пен өсектің арасында да өмір сүргім келмиді.
    күйеуім мені мен күйеуімді тәрбиелеп, екеуміз бірігіп ьалаларымызға тәлім иәрбие беріп, Алланың сүйікті құлы болуға тырысып,бөлек тыныш өмір сүргенімізге не жетсін шіркін😊.
    (бөлек кетсеңде тыныш қоймайтындар бар) оларға Алла сабыр берсін

  2. Жулдызхан

    әр жерде пәтер жалдап, ақшамызды амалдап жеткізіп жүрсек. ақша сұрап келетін енем. балаларымызға бір зат алып бермит. өзіміз алып береміз жинар жинап. жеткізе алмай отырсақ бізлен сұрайдығой. сосын қырғын басталат. міне содан бала жетім қалат.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.