Тоғысқан тағдыр

Мақсат Рсалин,
ҚР Мәдениет қайраткері

Жазира жасы отыздан асқан, жалғыз басты бойжеткен. Мінезі сабырлы, ешқашан ашу шақырмайтын, ешкіммен қатты сөзге келмейтін, қашан көрсең де бірқалыпты жүретін, өте тұйық жан. Киімі де бірыңғай сұрғылт түсті, үнемі бір жарқырай киініп, жайнап жүрген кезін көрген ешкім жоқ. Бір мекемеде қатардағы есепші болып істегеніне де бірнеше жыл болған. Жұмысына тиянақты. Қаланың шет жақ ауданында бір бөлмелі шағын пәтерде тұрады. Алыс-жақын ауылдардан анда-санда шұбырып келіп, мазасын алып жатқан туыстары да жоқ. Жұмыстастары ішінде де жақын араласып, сырласып, тонның ішкі бауындай болып кеткен жақын құрбылары жоқ. Бәрімен арақатынасы «сіз-бізден» аспайды.
Бірде ол демалыс күні іші пысып, зерігіп, жарнама газетті қарап отырып, «Некеде жолы болмай жүрген жандардың жолын ашамын» деген бір хабарландыруды көзі шалды да, дереу сол мекенжай бойынша таксимен жетіп барды. «Әулиенің» есігі алдында кезек күтіп отырған адам көп екен. Бұл да келген мақсаты сол болған соң, ұзыннан-ұзақ кезектің соңынан тұрды да, аяғы талса да сабыр сақтап, ақырына дейін шыдауға тырысты. Іздеп келген адамы – ұзын бойлы, ақ киімді, ақ құба өңді, жылы жүзді жас жігіт екен. Жазира оны аппақ сақалы беліне түскен, жасы сексен-тоқсанға келген қария болар деп ойлаған. Келуін келгенмен, шаруасын айтуға қысылып, аз-кем қипақтап, сөзді неден бастарын білмей тұрып қалған, «әулие» жас та болса, көпті көрген адам екен:
– Иә, келген шаруаңызды қысылмай айта беріңіз? – деп жылыұшырай қарады.
– Не десем екен, жалғыздықтан шаршадым. Өзім қатарлы қыздар баяғыда үй-жайлы болып, бала сүйіп отыр. Бір басым екеу болса деп едім… – деді Жазира көзін төмен сала, ұялғанынан дыбысы азар шығып.
– Түсінікті… Оған не қысылатыны бар? «Жалғыздық бір Құдайға ғана жарасқан» демей ме халық. Мақтанғаным емес, әуелі Алла, себепші болып, сіз сияқты жалғыз­дықтан жапа шеккен қаншама адамға көмегім тиді. Сізге де Алла жар болсын. Есіміңіз кім?
– Жазира.
– Әкеңіздің аты-жөні ше?
– Оның не қажеті бар?
– Керек болған соң сұрап тұрғаным ғой, сонша құпиялайтын несі бар?
– Мен шынымды айтсам, ол кісіні көрген емеспін. Әкемнің кім екенін өзім де білмеймін. Анамның аяғы ауыр кезінде, алмай тастап кетіпті. Сосын мен өмірге келген соң, көп ұзамай, анам құсадан қайтыс болыпты. Мені басқалар асырап баққан екен.
– Түсінікті. Сіздің анаңыз сіз іште жүрген кезде: «Маған бұл баланы неге бердің?» деп күнде Құдайға зар жылап, көз жасын көл қылған. Өзін мазақ қылып тастап кеткен әкеңізді ғана емес, еркек атаулыны қарғаған. Міне, «сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген осы. Оның сол айтқан сөздерінің бәрі қайта айналып келіп, сіздің жолыңызды жауып, бағыңызды байлап тастаған. Есіңізде болсын, өзіңізге жамандық жасаған адамның өзіне де кек сақтамай, кешіру керек. Оның жазасын Алла береді, сондықтан «таспен атқанды аспен ату» керек еді…
– Қызық екен. Өзінің ар-намысын аяққа таптап, ел-жұртқа күлкі қылып, ақырында ажалына себепші болған адамды қонаққа шақырып, сый-құрмет көрсетіп, арқадан қағып, алғыс айту керек пе еді?! – деп Жазира ызалана күлді.
– Жарайды, «Өткен іске өкінбе» деген. Өткен өтті, енді біз ештеңе өзгерте алмаймыз. Туғанда тағдыры солай жазылған шығар анаңыздың маңдайына. Сонымен, біздің ендігі міндетіміз – сізді жалғыздықтан құтқару. Яғни жолыңызды бөгеп жатқан қарғыстың қара тасын ысырып, әу баста маңдайыңызға жазылған қосағыңызбен қол ұстастыру. Қане, маған таяныңыз!–деп қолындағы тобылғы сапты шолақ қамшысын Жазираның иығына тақап тұ­рып, ішінен бірдеңелерді айтып күбірледі де:
– Ал, Жазира жолыңыз ашық! Қоса­ғыңызбен қоса ағарыңыз! – деп жымиды «әулие» жігіт. Жазира үйден шығарда арнайылап алып шыққан ақшасын оған беріп жатып, ішінен: «Бекер келген екем, өзімнен жасы кіші жігітке мазақ болдым-ау!» деп ойлады. Көзіне жас толып, есікті серпе ашып, іштен ашулы шықты. Өзінің аңғал­ды­ғына, сенгіштігіне ренжіді. «Менің де анам осындай сенгіштігінен опық жеген шығар!» деп ойлады үйден шығып бара жатып.
Сол жұлқынған қалпы аялдамаға барып еді, қас қарайып қалған уақытта автобусы түскір келе қоймады. Тұла бойын суық жел кеулеп, бойын ашу кернеп ол аялдамада көлік күтіп ұзақ тұрды. Біраздан соң, көңіл-күйі орнына түсті. Сол сәтті тосып тұрғандай, бір жеңіл көлік келіп, бұның дәл жанына тоқтай қалсын. Ескілеу «Жигули» екен. Сірә, бір зейнеткер шал-шауқанның машинасы шығар, қазіргі жас жігіттер бұндай көлікті менсінбейді ғой деп ойлады Жазира. Мұрты қиылған, келбеті атқан таңдай, маңдайы жарқыраған жігіттің жас шамасы Жазираның өзімен қарайлас болып шықты.
– Қайда барасыз? –деп сұрады ол қыздан.
– «Құлагерге»,– деді Жазира, ішінен ол жақты алыссынып, таксист жігіт бармай қоя ма деп қорқа соғып еді.
– Жолымыз бір бағытта екен, оты­рыңыз,– деп көлік иесі алдыңғы есігін ашты. Қуанып кетті. Салон іші жып-жылы екен. Жылы леп бірден бетке ұрады. Көлік күтіп аялдамада тоңып қалған Жазира жылы жерге келген соң бірден маужырай бастады. Оның үстіне жанға жайлы қоңыр домбыраның үні де ана әлдиіндей құлағына жағып барады.
– Мен даңғырлаған шетелдік әуендерді жақтырмайтын едім, мына музыкаңыз жаныма жайлы тиюде. Бұл музыка радиодан беріліп жатыр ма? – деп сұрап еді, жүргізуші жігіт:
– Жоқ, радио емес, магнитофон ғой. Өзімнің жинап жүрген әндерімді бір кассетаға жазып қойғам. Шынымен, сізге ұнады ма? Қазір көп жастар домбыраның үнін, ұлттық ән-күйлерді кірпідей жиырылып, ескіліктің қалдығындай қарайды,- деп балаша қалбалақтап кетті.
– Уақытша нәрсе ғой, кейін ақыл-естері кірген соң олар да біз сияқты ұлттық әуендерді тыңдап, рақаттанатын болады,-деді Жазира одан әрі сөйлеуге ерініп, ұйқы қыса маужыраған қалпы. Жүргізуші жігіт те оның тыныштығын бұзуға батпады ма, күмбірлеген күйге балқығандай үнсіз келе жатқан, кенет бірдеңе тарс ете қалды. Жазира қалың ұйқыдан оянғандай селк ете қалды. Жүргізуші жігіт:
– Қап, запас дөңгелек алып шықпап едім, балон жарылғанын қарашы! – деді қынжыла. Сосын Жазираға қарап:
– Енді сіз үйіңізге кешігіп баратын болдыңыз. Үйде күйеуіңіз тықырши күтіп, қараңғыға қалып қайда жүрсің деп ренжитін болды-ау?! Телефон соғып, ескертіп қойыңыз,– деді.
– Кешіксем, мені уайымдайтын ешкім жоқ. «Құдай жалғыз, мен жалғыз» деген мен боламын, – деп Жазира қалай күрсінгенін өзі де сезбей қалды. Жүргізуші жігіт машинасын әурелеп, сыртта күйбеңдеп көп жүрді. Көше тас қараңғы. Бұл маңда тіпті оңған шам да жоқ екен. Жазира музыка тыңдап, жылы жерде отыра беруге ұялып, бәлкім, бірдеңе ұстап тұруға керегім бар шығар деп, сыртқа шықты:
– Қандай көмек керек? – деп дауыстай сұрады ол.
– Ішке кіріңіз, терлеп тұрғаныңызда салқын ұстап қалар. Өзім бірдеңе қылар­мын, – деді жүргізуші жігіт қамқор үнмен. Жазира өмірі ешкімнен бұндай қам­қорлыққа толы жылы сөз естіп көрмеген соң ба, жүрегі елжіреп, бейтаныс жігітке риза болып қалды. «Келіншегінің тұяғын қимылдатпайтын шығар. Бұндай қамқор күйеуі бар қандай бақытты әйел!» деп, өмірі көрмеген бейтаныс келіншектен іштей қызғанды. «Бұндай ажарлы жігіттің әлі күнге әйелсіз жүруі мүмкін емес нәрсе ғой. Әрине, үйленген, әп-әдемі өзі сияқты сұлу келіншегі, тіпті өзінен аумайтын бір-екі баласы да бар шығар» деп ойлады ол.
– Міне, мен де келдім! Бәрі жақсы! – деді таксист жігіт көңілді үнмен.
– Тоңған шығарсыз? – деді Жазира қарап отырғанша сөз болсын деп.
– Иә, түн салқын екен. Әлі жердің сызы бар ғой, – деді таксист. Зымырап отырып, әп-сәтте Жазира тұратын үйге келді. Ол ақша төлегелі сөмкесін ашып, әмиянын ақтарып жатыр еді, таксист жігіт:
– Ақша бермей-ақ қойыңыз. Жақсылап бір шай берсеңіз болады, – деді өтінішке толы дауыспен. Жәудіреген жанарынан шын пейілмен айтып тұрғанын аңғарған Жазира:
– Жарайды, жүріңіз, ыстық шай ішсеңіз, бойыңыз да жылынар, жаңа тоңып қалдыңыз ғой, – деді шын пейілмен, – Айтпақшы, үйіңіздегілер сізді күтіп, тамақ ішпей, жолыңызға қарап отырған шығар. Сәл кешігіп баратыныңызды айтып, үйіңізге телефон соғып, ескертіп қойсаңызшы, – деді ол бір жағынан жігітті сынағысы келіп.
– Есіме салғаныңыз қандай жақсы болды, шынында да үйге телефон соғуым керек екен ғой! – деп күліп, қалта телефонына қол созды.
– Алло, мама, қалайсыз? Кешкі дәріңізді іштіңіз бе? Мен бүгін үйге күндегіден сәл кештеу келемін, маған қарамай, тамағыңызды ішіп, ұйықтай беріңіз. Өз кілтіммен ашып кіремін ғой, уайымдамаңыз, – деді қамқор үнмен. Жазира ішінен таңғалып қалды. Бірақ, ішінен «Е, е, е… бұл кісінің әйелі мен балалары басқа жаққа қыдырып кеткен болды ғой» деп ойлады.
Жазира үйде жалғыз тұрса да, өзінің тамағын істеп жеуге ешқашан ерінбейтін, барынша баптап ішетін, дастарқаны берекелі жан еді. Қонақ күтіп отырған адамдай үнемі тоңазытқышы дәмді тағамдарға лықа толып тұратын. Аяқ астынан үйіне қонақ әкелсе де, түн ішінде абыр-сабыр болып, жанталасып дүкенге жүгірген жоқ.
«Барымен базар» деп, Жазира қолында барын дастарқанына жайнатып қойып, шайын баптап құйғаны сонша, таксист жігіт маңдай тері шұбырып, рақаттана ішті. Өзі де көп сөзі жоқ, бірақ аса шайқұмар жігіт екен, бір өзі бір самауырды тауысып, үйіне түн ортасы ауа қайтты. Қоштасарда: «Мұндай дәмді шайды туғалы ішіп көрмеппін! Енді сіздің шайыңызды сағынатын болдым. Анда-санда келіп, шай ішіп тұрсам, ренжімейсіз бе?» деп сұрады байыпты түрмен. Жазира оның мақтау сөзіне ішінен қуанса да, көңіліне күдік кіріп:
– Келіншегіңіз білсе, теріс ойлап жүрмей ме? – деп сұрады ақырын.
– Мен де өз жартымды таба алмай жүрген адаммын, – деді ол.
– Қойыңызшы, не көп, басы бос қыз көп. Жігіттерге әйел табу проблема ма? Оның үстіне сіз сияқты жігітке… – деді Жазира.
– Бәрі рас. Алайда, қанша жылдан төсек тартып жатқан ауру шешем барын естісе, қыз атаулы менен теріс айналып кетеді. Қазіргі қыздарға ажарлы да ақылды, ақшасы көп, ата-анасы жоқ, қымбат машинасы, коттедж үйі бар, пысық жігіттер керек екен. Сосын мен де қыз іздеуді мүлде қойдым, – деп сәл мұңая сөйлеген жігіт, Жазираның қолын қысып тұрып: – Сізге көп рақмет! Шын айтамын, шайыңыздың дәмі таңдайымнан кетпей тұр. Қоштаспай жатып, тағы бірде келіп, шай ішуге аңсарым ауып тұр,– деді өзімсінген қалыпта (Бағанағы «әулиенің» айтқан адамы осы болмасын?!).
– Онда тұрған не бар?! Қай күні келіп ішемін десеңіз де, сізге бір шайнек су табылады. Келгеніңіз, маған да жақсы, жалғыз адамға ас батпайды, – деді бар ынта-ықыласымен ақтарыла.
Сол күннен бастап, Жазира бейтаныс жігіт күтпеген жерден салып ұрып, үйге кіріп келердей, екі күннің бірінде кешкі тамағын дәмдеп пісіріп қойып, қас қарайғанға дейін есік-терезеге телміре қарап отыратын әдет тапты. Ал ол болса, сол кеткеннен мол кетті. «Е, ол мені алдаған ғой! Бәсе, ондай жігіттер жалғызбасты болушы ма еді. Мен де сенгішпін, әйтеуір жасым отыздан асса да әлі аңқаулығым қалмайды. Аңғалдығым тура анама тартқан. Тіпті атын да білмейтін бейтаныс жігіт әйтеуір мені бір масқараға ұшыратпай, аман-сау қалдырып, жөніне кеткеніне шүкір» деп ойлады ол.
Кенет есіктің қоңырауы шылдыр ете қалды. Орнынан құстай ұшып атып тұрды. Қолында бір құшақ гүлі бар, сол екен. Күлімсірей кіріп келе жатқанын көргенде, Жазираның көңіліндегі күдіктің күлі көкке ұшты.
– Мен сізді күнде-күнде келер деп күтіп жүрдім ғой, – деді ол балаша өкпелеп.
– Мамам ауырып қалып, қанша күн қасынан шыға алмай қалдым. Ең болмаса, сіздің телефоныңызды да сұрамаппын ғой, хабарласып тұратын. Бүгін кішкене беті бері қараған соң, дереу жеткен бетім осы, – деді ол қуаныштан жүзі бал-бұл жанып.
– Жүріңіз, шай ішейік! Бұл самаурынның неше рет қайнап, неше рет суығанын білсеңіз!? – деп Жазира бірден асүйге бас­та­ды.
– Бір-бірімізге сіз демей-ақ қояйықшы, Жазира. «Асылбек, жүр, шай іш!» деп айтшы, – деді қиылып.
– Асылбек, жүр, шай ішеміз!-деді Жазира сыңғырлай күліп.
– Күлгенде сондай әдемі болып кетеді екенсің, – деді сүйсіне қараған Асылбек. Екеуі шүйіркелесе шай ішіп отырып, бір-бірін өмір бойы білетін адам сияқты сезінді. Асылбек бұрын теледидар инженері болып жұмыс істеген екен. Анасы ауырып, ұзақ жатып қалған соң, қарайтын адам болмаған соң, амалсыз жұмысынан шығып, күнкөріс үшін анда-санда кешкісін көлігімен такси қызметін атқарыпты. Анасы екеуі орталықтағы үш бөлмелі пәтерде тұрады екен. Әкесі оның бала кезінде қайтыс болыпты, ерінен жастай қалса да анасы жалғыз баласын өгей әкеге жәутеңдетпеймін деп, екінші рет тұрмыс құрмай, жиырма үш жасынан бері жесір отыр екен. ЖенПИ-де ұзақ жылдар мұғалім болып істеген ол, зейнеткерлікке шығар-шықпастан жол апатына ұшырап, осындай халге тап болыпты. Бар жылы-жұмсағын қойып, тәтті-дәмдісін дастарқаннан үзбейтін ана жалғыз баласының шайын кішкентай кезінен баптап құйып береді екен. Енді сол мәпелеп баққан анасы төсек тартып жатып қалған соң, шайдың бұрынғыдай емес күйі кетіп, Асылбек мейірі қана бір шай іше алмай, соры қайнап жүргенде, осы Жазираға кез болған ғой.
– Сен менің мәңгілік шай құюшым болшы, Жазира, – деді ол рақаттана шайға қанған соң, маңдай терін тап-таза жұп-жұмсақ ақ сүлгімен баппен сүртіп отырып.
– Несі бар, болсам болайын!– деп күлді Жазира. Сол түні екеуі қол ұстасып, Асылбектің үйіне барып, анасының ақ батасын алды. Тағдыр қосқан екі жан бас қосып, шаңырақ көтерді. Ел-жұртты жинап, жақсы мейрамханада аста-төк той жасамаса да, айрандай ұйыған тату-тәтті отбасына қыдыр қонып, бақ дарыды.
Қас-қабағына қарап отырған қарт аналары ептеп сырқатынан сауығып, алтын асықтай бірнеше немере сүйді. Тілдері балдай тәтті, қылықты да сүйкімді сәбилер әжелерінің ғұмырын ұзартқандай болды. Ол күнде есік алдына немерелерімен бірге таза ауаға шығып, олардың торғайлар мен көгершіндерге дән шашып, сосын олардың соңдарынан жүгіргендерін тамашалап, күн шуағында рақаттанып отырады. Біраздан соң үйді тап-таза ғып жинап, дәмді тамақ пісіріп қойған келіні оларды түскі тамаққа шақырады. Ал Асылбек болса, үй шаруасын аяулы келіншегіне сеніп тапсырып, өзінің жанына жақын сүйікті мамандығына – теледидар инженерлігіне қайта оралған.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.