Өрнекті жол

Экономика ғылымының докторы, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымы академиясының академигі, профессор Жасқайрат Сүндетұлы 1941 жылы Батыс Қазақстан облысы, қазіргі Бөкейорда (бұрынғы Жаңақала) ауданы, Құрманғазы  елді мекенінің Қоңырқұдық ауылында дүниеге келіпті. 

Өмірге келгеніне үш ай толғанда, әкесі Сүндет бір топ ауыл азаматтарымен Ұлы Отан соғысына аттанған. «Сол күні әлі есімде, – дейтін анасы ­Зайда кейіннен, – Әкең сені қолына алып тұрып, қыздары Тұрсын мен Үнзиланы, ұлы Сағындықты қасына отырғызып: «Мен соғыстан қалай да аман ораламын. Сен осы атамекеннен ешқайда қозғалма, елмен қатар жұмысты істе де, балаларды аман сақта» депті.
Сол кеткеннен, Сүндет Меңдіға­лиұлы Сталинград шайқасына қатысып, Воронеж, Сумы, Киев қалаларын азат етуге атсалысып, Ленинград армия­сының құрамында Беларусь, Еуропа жерлерінде ақ қар, көк мұзда оқ пен от кешіп, Германия жерінде мыңдаған өзі сияқты жауынгерлермен Жеңіс тойын тойлаған. Жаратқанның сүйікті ұлын қорғаймын десе, оқ пен оттың ішінен де аман сақтайды деген қағида рас болар. Төрт жыл бойғы сұрапыл соғыста жаумен шайқастағы көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен және бірнеше медальдармен омырауы жарқыраған майдангер аман-сау елге оралады.
Жасқайраттың балалық шағы қайғы-мұңсыз өтті. Себебі қасында асқар таудай әкесі бар еді. Салиқалы ойларын көбіне кісіге күле қарап барып, сабырлы мінезімен айтатын әкесін ауылдастары үлкен-кішісіне дейін «үлкен Сәке» деп құрметтейтін. Көп жыл бойы Энгельс ұжымшарында қой, жылқы және түйе фермаларын басқарды, сонау 60-жылдары ұжымшарлар кеңшар болып ұйым­дасқанда, кеңшар директорының шаруа­шылық жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүріп, зейнеткерлікке шықты.
Жасқайрат жасында зерек оқыды, 1958 жылы Құрманғазы елді мекенінде ашылған орта мектептің тұңғыш түлектерінің бірі. Ол 1964 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын үздік бітірді. Соған орай оны оқу орнына қалдырады дегенді естігенде, әкесі бұған келіспей, елге арнайы жолдамамен алдырады.
Жасқайрат елге келгеннен кейін, екі жыл Құрманғазы кеңшарында бас агроном болып қызмет етті. Ауылдың таби­ғаты күрделі, құрғақшылық, жері құмдауыт, егін шаруашылығына қолай­сыз еді. Студент кезінде Ақмола облысының Шортанды ауданында ашылған Бүкілодақтық астық шаруашылығының ғылыми-зерттеу институтының тәжірибе орталығында үнемі болатын. Академиктер Кузмин, Бараев сияқты ғалымдардың ұсыныстарын есте сақтаған жас агроном жаңа «топырақ аудармай өңдейтін» технологияны қолдану шаруашылықта жүгері және мал азықтық жем-шөптерді өндіру үшін тиімді екенін дәлелдеді. Нәтижесінде 1964 жылы сүрлемге егілген жүгерінің, мал азықтық қара бидайдың шығымдылығы аудан бойынша жоғары болды. Жасқайраттың еңбегі облыс көлемінде еленіп, тұңғыш «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталды.
«Қорғалжын көлінің аққуындай» деп курстастары тамсанатын, студент кезінен жүрегінің лүпіліне айналған сүйіктісі Балайымды Арқадан Батысқа әкеліп, ата-анасына келін етіп түсіріп, ата салттың есігін айқара ашты. Бұл 1965 жыл еді.
Өмір күн сайын өзгеріп жатты. Жасқайрат кеңшарға бас экономист болып ауысты. Өндірісті ұйымдастыру, оның тиімділігін көтеру үшін шаруашы­лық есептің әртүрлі талаптары мен тетіктері іске асырыла бастады. Осы кезде ғылым жолына түссем деген арман қайта бой көтерді. Ақыры, 1966 жылы бұл мақсаты орындалып, ата-анасы батасын беріп, ел-жұрты қолдап, бүкіл ауыл болып Целиноград ауыл шаруашылығы институтының аспирантурасына аттандырған.
…Ж.Сүндетұлының жарты ға­сырдан артық еңбек жолы бар. Еңбек кітапшасында тек үш мекеменің ғана атауы жазылған. Біріншісі – Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Құрманғазы кеңшарында бас агроном, кейіннен бас экономист (1963-1966 жж), екіншісі – Целиноград ауыл шаруашылығы институтында аспирант, ассистент, доцент, профессор (1966-1992 жж), үшіншісі – Қазақ агроөнеркәсіп экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының Солтүстік филиалында директор, бөлім бастығы, бас ғылыми қызметкер (1992 жылдан осы кезге дейін).
Өзі қырық жыл қызмет жасаған университеті жайлы үнемі жылы пікірін білдіріп отырады. «Университет – менің екінші үйім. Аспирантураны бітіріп, экономика ғылымының кандидаты лауазымын алған уақыттан бері осы институтта көп жыл студенттерге сабақ бердім. Доцент, кафедра меңгерушісі, декан бола жүріп қоғамдық негізде факультеттің бастауыш партия ұйымының хатшысы, институт парткомының хатшысы болдым. Аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық кеңестің депутаты болып сайландым. Бірде облыстық партия комитетінің хатшысы М.Исмағанбетова шақырып, аудандық партия комитетінің хатшылығына ұсынды. Мен докторлық диссертациям дайын, жақында қор­ғаймын және ғылыми жұмыстарым тоқ­тап қалады деп, әрең көндіргенмін. Оған еш өкінбеймін» дейді.
Ж.Сүндетұлы 1992 жылы Бүкіл­одақ­тық жоғарғы аттестациялау комис­сиясының шешімімен профессор атағын алды. 1996 жылы «Ауылда көп қырлы экономиканы қалыптастыру және дамытудың ұйымдық-экономикалық негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Өзінің көп жылдық ғылыми ізденістерінде студенттік кезден қамқор болып, ақыл-кеңесін аямаған доцент Я.Ротин, профессорлар С.Азев, Д.Вермель, М.Гендельман сияқты ұстаздары мен ғылыми жетекшілері, доцент О.Қожасов, академик Ғ.Қалиевтерге күніне мың рет алғыс айтса да аздай көрінеді. Алқалы жиындарда, пікір алмасқан ғылыми конференциялар мен семинарларда бірлесіп Қазақ елінің болашағы, оның ауылшаруашылығы мен экономикасы өркендеп, жетістіктерге жетуіне атсалысып жүрген Ғ.Қалиев, А.Молдашев, Х.Жарекешев, Ә.Сатыбалдин, Т.Есіркепов, Ғ.Сейтқасымов, т.б. ға­лым­­дармен қатар жүріп, еңбек етке­ніне өзін бақытты санайды.
Ол кісінің қолынан 200-ден астам ғылыми еңбектер жарық көрді. Оның ішінде 11 монография, 17 оқулық құралдар мен дәрістер. Өзінің ғылыми мектебі қалыптасты, бір топ ізбасарлары бір докторлық, бес кандидаттық және отыз бес магистрлік диссертациялар қорғап, ғылыми-педагогикалық қызметтерде жүр.

Бақыт Жасқалиева

АСТАНА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.