«Қызға қырық үйден тыйым»

…Торғай екеш торғайда,
Балапанын қорғайды.
Ана безсе баладан,
Бәрінен де сол қайғы…
Кезінде Мейрамбек Бесбаевтың орындауындағы бұл ән бүкіл қазақтың жанын жабырқатқан еді.
Бүгінгі қоғамда бұл жағдай жұқпалы дерттей асқынып, тіпті өршіп барады. Мектеп қабырғасында жүріп жүкті болып, шақалақты көрінген қоқысқа тастап кету «сәнге» айналды. Былтыр Ақтөбе облысында 62 оқушы қыздың жүкті болып қалғандығын, оның алдыңғы жылы кәмелетке толмаған осындай 99 оқушының тіркелгендігі жөнінде өңірдің бас акушер-гинекологы Мақсат Серғазиннің «Ақтөбе Таймс» басылымына берген сұхбатында айтылған еді. Жақында Алматы облысына қарасты Ескелді ауданында бес оқушы қыздың жүкті болып, әйелдер кеңесінде тіркелгендігі анықталды. Күні кеше Жамбыл облысында бір емес, екі бірдей жаға ұстатарлық жағдай орын алды. Ақтау-Атырау тас жолы бойынан қорапқа салынған нәрестенің өлі денесі табылғандығынан да жұрт хабардар, т.б. осындай жағдайлар кең етек алып кетті. Бұл бізге белгілісі ғана, ал мұның артында қаншама бізге беймәлім тағдыр иелері тұрғандығы бір Аллаға ғана аян. Бұл жағдай жұртшылықты қатты алаңдатып отыр.

Мектептегі балғындардың мұн­дай қадамға баруы үлкен қасірет. Ата-бабаларымыз «Ұл тәрбиелей отырып жерді, қыз тәрбиелей отырып елді қорғаймыз» деп намыс­ты қолдан бермеген.
Ал бүгінгі жас­тар қалай? Нем­құ­рай­дылықтың, ертеңін ойлама­ған­дықтың салдарынан болашақ өмірлеріне балта шауып жатыр. Бәріне болмаса да бірқатары жөнінде осылай ой түюге тура келеді.
Тәрбие беретін ата-ана нәпақасы үшін тентіреп жүр. Білім беретін ұстаз қағазбастылықтан арыла алмай, өз күнін өзі күйттеп кетті. Бұл жанашыры, ақыл айтар ағайын-туысы, сырын бөлісер құрбы-құрдасы жоқ ұрпақ өсіп келе жатқанының көрінісі болса керек.
Біздің кезімізде мектепте қыздар жиналысы, ұлдар жиналысы деген болушы еді. Ұстаздарымыз өздерінің басынан өткен жайттарды сыр қылып ақтара отырып, алдында отырған оқушысының ішкі жан дүниесіндегі өзгерістерді тез байқайтын. Ақылын айтып, жөн сілтейтін.
Тілге тиек етіп отырған тақы­рыпқа байланысты пікірін білмек ниетпен Қазақстанның Еңбек Ері, Алматы қаласындағы №159 гимназия директоры Аягүл Миразоваға хабарластық. Аягүл Төреқызының пікірі төмендегідей:
«Баланы өмірге әкелгеннен кейін оның тәлім-тәрбиесіне, өмірге дағдылануына жол нұсқап, бағыт-бағдар беретін ол – ата-ана. Мұндай келеңсіздіктердің орын алуы ата-ананың жауапкершілігінің төмендегенін көрсетеді. «Қызға қырық үйден тыйым» дейміз, ұл болсын, қыз болсын олардың жауап­кершілігін түсінетін жолдар­ды қарастыруымыз керек. Егер бала кәмелеттік жасқа толмаса онда ата-анасы, ал кәмелеттік жас­қа жақындағандардың өздерін жазалайтындай, Заң алдында жауап беретіндей әрекеттер жасалғаны жөн. Әрине, кейде кездейсоқ жағдайлар болып жатады. Жасөспірімдер тез алданады, оның аяғы не болатынын жас қыздар тұрмақ, есі кірген қыздардың өзі байқамай қалады. Бірақ бұл жағдайдың дәл осылай жиі орын алуы кездейсоқтық емес-ау деп ойлаймын.
Демократия деп қалай болса солай сөйлеудің де, не болса соны кие салудың да, берекесіз ойын-күлкінің де зиянды әсері бар. Кінә жалғыз ата-анадан емес, мектептен де, қоршаған ортадан да қадағалаудың жоқтығы. Бұрын тек деген нәрсе болатын, ағаға да, ұлға да, қызға да кез келген адам ескерту айтып, жөн сілтеп отыратын. Біз сол тектілігімізді жоғалтып алғандаймыз. Әрине, бәрі бір күннің ішінде орнына келе салады деу қиын. Дегенмен, етек-жеңімізді жиып, балалардың, әсіресе қыздардың тәрбиесіне ерекше мән беруіміз керек. Қоғам болып атсалысқан дұрыс.
Мектепте қыздар жиналысын да өткіземіз, дәрігерлерді шақырып осының бәрінің зиян екенін, ондай нәрсеге бармау керектігін де айтамыз. Бір жағынан осы сақтану жолдары деген нәрсе менің құлағыма түрпідей тиеді. Мынаны, ананы пайдаланып сақтану керек деп біз керісінше үйретіп отырған сияқтымыз. Осы сақтану жолдарын үйретуіміз бұл мәселені шеше қояды деп айту қиын. Мектепте Әжелер клубы да, Аналар кеңесі де жұмыс істейді. Біле білсеңіз, тәрбиенің бәрі үйден, отбасынан басталады. Баршылықтың, тоқшылықтың арқасы ма, әлде әртүрлі ақпаратқа сүйене ме, әйтеуір қазіргі жас аналар сенің сөзіңе мән бермейді, құлақ аспайды. Қаймағы бұзылмаған елдің ұрпағымыз, әрекет пен өзіңнің жеке басыңның тәрбиесімен шым-шымдап енгізетін дүние ғой».
Ал енді кейбір мектептерде, әсіресе алыс өңірлерде тәрбие жұмысына немқұрайдылықпен қарау етек алған. Бір байқағанымыз – жос­пар бойынша қыздар, ер балалар жиналысы 8-11 сынып оқушылары үшін айына бір рет өтуі тиіс. Бірақ, мұндай басқосу жылына 2-3 мәрте ғана өтеді екен. Оның өзінде бұл жұмыс мектепке келген жас мұғалімге жүктелетін көрінеді. Сондай жас маманның бірі – Перизат (есімі өзгертіліп алынды). Перизаттың айтуынша, қазір оқушыларға қатты сөйлеуге, жалпы артық-ауыс ештеңе айтуға болмайды. Қыздар жиналысында қыз тәрбиесі, қыз гигиенасы, отбасы – ошақ қасы, ата-ананы құрметтеу, ас әзірлеу, т.б. жеңіл-желпі тақырыптарды қамтимыз. Сіз айтып отырған тақырыптың зиянды жақтары туралы әңгіме қозғау біз үшін мүмкін емес» дейді.
Тағы бір мектеп­терде оқушы­лар­дың айтқанынан ұққа­нымыз – тәрбие са­ға­­­тында мұғалім қағаз толтырып, өз жұ­мысымен айналысады. Балалар не істесе де өз еркі, тек шуламай тыныш отырса болғаны. Ал қыздар жиналысы туралы сөз болғанда тіпті күлкіге айналдырып, біз «жас» емеспіз ғой деген жауап естідік. Бүгінгі жастар өте белсенді. Айтқан әңгімелерін тыңдасаң, сенен артық білмесе, кем білмейді. Қыздардың мөлдіреген жанарына қарап тұрып, қандай да бір жаман әрекетке барады деуге қимайсың. Көпшілігі – жігіттерді кінәлайды. «Сүйдім, күйдім» деп жүрген жігіттің әке атанатынын естігенде, жанашырлық танытпай, тастап кетуі қызды тұйыққа тірейтін тірлік екендігін қынжыла жеткізді. Жақынына балап жүрген жігітінен қолдау көрмеген бойжеткен болған жайтты ата-анасына айтуға қорқатын көрінеді.
Тағы бір алаңдатарлық мәселе – қыздарымыз өзін толғандырған нәрсеге жауапты, өзіне қажет кеңесті анасынан емес, әлеуметтік желіден іздейтін болып шықты. Өз араларында «мені тек қана «google» түсінеді» деген сөз бар екен. Басында тосырқап қалғанымызбен, «қажетті сұрақты бастап жаза бастасаң, іздегенім бірден табылады» деген дәлелмен айтқан сөздері таңғалдырды.
Қазақтың әр мақал-мәтелі, нақыл сөзі тәрбиеге негізделген ғой. «Қызым үйде, қылығы түзде» демекші, ата-ана қыз бала тәрбиесіне баса көңіл бөлуі керек-ақ. Бұл жерде ата-ана қыздың қамқоршысы, қолдаушысы екендігін білдіріп, ашық сырласып отырса мұның пайдалы жағы басым.
Үйде ер балаға да әке тарапынан қадағалау керек. Бүгінгі тастанды бала, шыр етіп өмірге келген қалпы о дүниеге аттанған шақалақ – ол да бір әкенің қаны, бір отбасының ізін жалғар ұрпағы еді ғой. Осыны кішкентайынан бозбаланың құлағына құйып, қыз балаға анасындай, туған қарындасындай қарайтындай көзқарас қалыптас­тырып, адал азамат болып өсіп-жетілуде әке тәрбиесінің маңызы ерекше. Соңғы кездері үйдегі бала әке­сінен емес, анасынан қаймы­ға­тынын байқап қалып жүрміз. Әке қабағынан жасқану, әке тәрбиесі кейінге шегеріліп, ана сөзі өтімді болып тұрған тұста алаңдатарлық жағдайлар өте көп.
Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы» туралы Заңына сүйенсек, әр ата-ана өз ұрпағы алдында жауап беруге міндетті. Бүгінгі көтеріп отырған мәселемізге орай «Кеш» құқық қорғау орталы­ғының директоры Кәмшат Есмұхам­бет­қызын әңгімеге тарттық. «Жасанды түсік жасату немесе шақалақты қасақана өлтіру жағдайларында қандай жаза қолданылады деген сауалға келсек, Қылмыстық Кодексінің 96-бабы 1-ші тармағымен қарастырылған қасақана кісі өлтіру басқа адамның өміріне қастық жасайтын және оған өлім келтіретін кінәлі әрекет болып табылады. Кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерге бес жылдан бастап он жылға дейін жаза қолдану қарастырылған. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 15-бабына сәйкес зорлау, тонау сияқты ауыр қылмыс жаса­ған кезде он төрт жасқа толған адам қылмыстық жауапқа тарты­луға тиiс» дейді заңгер Кәмшат Есмұхамбетқызы.
Бұдан шығатын қорытынды ойланбай жасалған әр әрекеті үшін кез келген адам Заң алдында жауапты екенін ұмытпауы керек.
Қорыта айтарымыз, қазақтың қызы тек өз ұрпағының ғана емес, бүкіл бір ұлттың алдындағы жауап­кершілігін сезінсе дейміз.

Бағдагүл Ысқаққызы,
Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының
орынбасары, акушер-гинеколог:

– Өткен жылы қалада 18-ге толмаған, яғни кәмелеттік жасқа жетпеген қыздардың арасында 200-ден астам жүктілік дерегі тіркелді. Кәмелеттік жасқа жетпей жыныстық қатынаста болған қыздар сақтану жолдарын білмегендіктен жүкті болып қалуы мүмкін. Жүкті болуы әртүрлі қауіптер туғызады. Біріншіден, жасөспірімнің организмі де, гармоналдық жүйелері де толық жетілмегендіктен нәрестенің дұрыс дамып-жетілуіне, тіпті түсік тастауына әсер етеді. Екіншіден, жыныстық қатынаста болғаннан кейін әртүрлі жыныс жолдарымен тарайтын ауруларға шалдығуы мүмкін. Оның соңы бедеулікке апарады. Біз дәрігерлер, мұғалімдер, БАҚ өкілдері осыны жастарға түсіндіруіміз керек.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

13 Пікір

  1. Жарас

    Жүрегіңді ауыртатыны-ай!!!!!

  2. ҚАЗАҚ

    Жер-жердегі осындай деректерді жинаса, елімізде сау қыз қалмайтын ссияқты

  3. Алмагүл

    Ашық жазылыпты. Қоғамның өткір мәселесі ғой.

  4. Алмагүл

    Осындай өзекті мәселелерді жиі жазып тұрыңыз!

  5. Гүлдана

    «Бозторғай» елдің бәрін жылатқан ән. Мейрамбек Бесбаев осы әнге кіріп тұрып айтады, қазір осындай әндер жетпейді бізге. Мейрамбек неге айтпайды екен, үлкен-кішіге ой салар еді.

  6. Мэлс

    Қыз қылығымен деуші еді, қазіргі қыздардың басқа қылықтарымен аты шығып жатыр

  7. Дария

    Мейрамбек неге айтпайды-ол өсті, жігіт болды. Баланың әнін бала айтуы керек дейді.Бәріне үлкендер кінәлі. Интернеттен, айфон, смартфоннан көретіні көп. 10-11 қыздардың желідегі дос жігіттері толып жатыр. Мектепте жүріп жүкті болады азғырушы көп. Не оқып, не жазып, кіммен араласып жүр-білмейсің.Ал ата -анасы ақша табудың құлдары.Олар да есе жібермейді, байы есіктен, қатыны тесіктен шығып қашып қыдырып, балалар тыйым салынған дүниелерге басымен кіріп кешке әрқайсысы өз әлемінде мәңгіріп отырады. Сыра, шарап, арақ, темекі, есірткі, порно, желідегі азғындар, педофилдер т.с.с. бар. Құрықтаңдаршы ал!!!

  8. Фатима

    Ойбай-ай, масқара, тұншығып өлетін болдық. Өзбек елі сияқты 18-дегі қызды күйеуге беру керек, ерте қағынтпай. 5-6 баланы туып, демографияға үлес қоссын. Есті күйеу болса сол баланы адам қылуды ойлайды,

  9. қыр қазағы

    Фу-ууу-уууу!!!Мына жердің иісі не болып кеткен масқара.

  10. Серік

    Жаман дегенде біреу бізге жақсысын бермейді, қыздарымызды, қарындастарымызды, әпшелерімізді қорғайық. Жылы сөз айтып, жылы қабақ танытып, теріс әрекеттерін көрсек жанашырлық ниетпен түсіндіріп, өмірден өз орнын, өз бақытын табуына көмектесіп жіберейік. Бір азаматтың некелі әйелі, екі-үш қарадомалақтың анасы болып жатса қуануымыз керек. Азаматтарға үндеу тастау керек. Үндеу деп қабылдамай, күнделікті жүрген жерімізде қыздарымыздың тәриелі болуын ұлықтауымыз, кемшілігін жасырып, жақсысын асыруымыз керек. Сонда бір мағынасы болар.

  11. БАҒЫМ

    Қатал Заңмен ғана бағындыра аламыз. Әбден асқынып кеткен қателікті түзету оңай емес. Ата-анаға да, мектепке де, ауылдың әкімшілігіне де, қаланың басшыларына да көлемді түрде айыппыұл салу керек. Сонда ғана орындарынан қозғалып, жұмыс жасалады. Қыз бен жігітті бүкіл елдің алдына шығарып қойып, масқаралау керек. Оны көрген басқалары аяқтарын аңдып басатын болады. Ауруын жасырған өледі, өзгелер біліп қоймасын, мектептің аты шығып кетпесін, әке-шешенің аты шығып кетпесін, деп кім көрінгеннен жасырып жүргенімізде олар ұят деген нәрсені ұмытып, ашық айтуға, ашық әрекетке көшті. Бұған тосқауыл қойылмаса ұлт жойылуы қаупі бар.

  12. Мика

    Мектептің стендтеріне осы мақаланы іліп қою керек. Оқушыларға оқытудың амал-тәсілдерін қарастырып, көздерін ашу керек. Дәрігер келтіріп отырған деректен адам шошиды. Аягүл апай Миразова рас айтады, сақтаныңдар деп, таза қыздарды бұзып жатқан жоқпыз ба. Оны да ойлану керек.

  13. Бегім

    Мынау қазіргі қоғамның түрі болса, ертең не болады? сондықтанда осы жағдайды мектеп оқушыларына ата-аналарымен бірге ортақ талқыға салып оның ұлт тағдырына үлкен қауіп қасірет екенін жиі- жиі айтып тәрбие сағаттарын өткізген жөн дер едім. Бізде өкінішке орай жас қыздарға жүкті болып қалмаудың жағы көбірек насихатталады да ондай жолға бармаудың жолы көп сөз етіле бермейді.Сондықтан да бесіктен белі шықпай жатып жүкті болып жатқан кыздардың саны арып отыр.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.