Тәлімі мол шара

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде мектеп бітіруші түлектерге арналған «Ашық есік күні» өтті.
Шараға Алматы қаласында білім алатын жалпы білім беретін орта мектептердің оқушылары мен бірнеше колледж түлектері қатысты. Жиында оқу орнының Бірінші проректоры Баходир Әлиев талапкерлерге университеттің тарихы, тыныс-тіршілігі мен өмірі жайында баяндап, Арулар ордасының бүгінгі таңдағы жетістікерімен бөлісті.

– «Қыздар университеті ТМД елдері арасында тек аруларға арналған жалғыз жоғары білім ордасы. Оқу орны 70 жыл ішінде 60 мыңнан аса педагог дайындап шығарған киелі шаңырақ. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – Ұлттық рейтинг бойынша педагогикалық ЖОО ішінде бірінші орынды иеленген ең үздік университет. 2015 жылы Ұлттық аккредитация агенттігінің қорытындысы бойынша Қыздар университеті Қазақстандағы 40 жетекші университеттің арасынан 7 орынды иеленді, – деді Б.Әлиев. ­Сонымен қатар ол Қыздар университетінің оқу үрдісі мен білім сапасымен, жалпы тыныс-тіршілігімен таныстырып өтті.
Бірінші проректордың алғы сөзінен соң алты факультеттің декандары өзде­рінде даярланатын мамандықтар туралы қысқаша ақпарат беріп, әрбір мамандықтың ерекшелегімен таныстырып, қыр-сырымен бөлісті.
Таныстырылымнан соң мектеп оқу­шыларына «Мамандық таңдауда өзін-өзі анықтау» атты семинар-тренинг өткізілді. Шара барысында белсенділік көр­сеткен оқушылар оқу орнының арнайы сыйлықтарымен марапатталды.
Бұдан кейін шара әр факультетте өткізілген «Ашық есік» күнімен жалғасты. Онда әрбір факультетке қарасты кафедралар даярлайтын мамандықтары туралы таныс­тырылым жасап, факультет өмірінен сыр шертетін арнайы көрме ұйымдастырды. Сонымен қатар оқытушылар мектеп түлектеріне «Қыздар университеті» газетінің арнайы саны мен кітапшалар таратып, оқушылар мен олардың ата-аналары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Ашық есік күні аясында 400-ден астам мектеп бітіруші түлектер мен колледж студенттері университет мұражайын, оқу корпустарын, кітапхана мен жүзу бассейнін және жатақханаларды аралап көріп, студенттердің ғылыми жұмыстарымен танысып, университеттің мүмкіндіктері мен оқу орнында даярланатын мамандықтар жайында толыққанды ақпарат алды.
«Ашық есік күні» – бұл жыл ­сайын жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлі шара. Аталмыш шара мектеп бітіруші оқушыларымыздың жоғары оқу орнымен танысуына, болашақ мамандығын таңдауда көп көмегін тигізеді деген ойдамыз. Біз сұранысқа орай, алдағы үш айда Алматы және Алматы облысы мектеп бітіруші түлектеріне арнап тағы да бірнеше ашық есік күндерін өткізгелі отырмыз» деді Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру мен мансап бөлімінің басшысы Қалимаш Елшібаева.
«Ашық есік» күні университеттің өнерпаз студенттерінің дайындауындағы концертпен аяқталды.

Арай ЖҰМАШҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.