Түрмеден шыққан қыз

Түрмеден шыққан қызКөктем. Қала да, дала да гүл-гүл жайнап тұр. Жер-әлем жасыл түске боялған. Тау жақтағы саяжайларға қаланы қақ жара бет алған автобус терезесінен сыртқа қарап ойланып отыр едім, кенет ойымды көңілді үн бұзды.
– Пай-пай, екі жыл ішінде біздің қаламыз қандай әдемі болып кеткен! – деді сүйсініске толы үнмен қасымда отырған жолаушы қыз.
Таңдана бетіне қарап қалдым. Ішімнен екі жыл бойы басқа жақта тұрып, таяуда ғана қалаға қайтып оралған жан болды ғой деп жорамалдап үлгердім.– Рас айтамын, ағай, қала қалай-қалай өзгерген! Әдемі! Асфальт жол айнадай теп-тегіс. Тал-теректер бұрынғыдан да биіктеп, көбейіп кеткен сияқты. Жол жиегіндегі мына гүлдер қандай көркем еді! Қаншама жаңа үйлер салынған! – деді ол шаттана.
Қарақаттай қара көздері қуаныштан жарқ-жұрқ етіп, көлеңкеде өскен өсімдіктей бозғылт, қан-сөлсіз ашаң өңі бір қызарып, бір бозарып, сәт сайын толқыған түріне қарап оның тегін жан емесін ішім сезді. Жол ұзақ, бір жағынан уақыт қысқартайын деген оймен, қасымдағы бойжеткенді әңгімеге тартқым келді. Ол да сөйлесетін жан таппай, іші пысып отыр екен, қойған сұрағыма «иә», не «жоқ» деп келте жауап қайыра салмай, әңгімені әріден бастады:
– Шынымды айтсам, түрмеден шығып үйге келе жатқан бетім. Түрме дегенге шошымаңыз, Құдай бетін әрі қылсын, ондай жерге отырып шығамын деген үш ұйықтасам түсіме кірмеп еді, – деп бастады ол әңгімесін. «Түрме» деген сөзіне тіксініп қалғаным рас еді, онымды сездіртіп алдым ба деп іштей қысылып қалдым. Ал ол екі көзімен сыртқы сұлулықты ішіп-жеп, қадалып қараған қалпы менің қызарып-қысылғанымды байқамады ма, әлде байқамаған түр көрсетті ме, білмеймін…Тамағымды кенеп, өтірік жөткірінген болдым да:
– Иә, сонымен, ол жаққа қайдан «жол түсіп» жүр? Әңгімесіне одан әрі құлақ түрдім.
– «Дәм айдаса қалмаймын, адам айдаса бармаймын» дегеннің кері ғой, – деп мұңая күрсінген сүйкімді қызды біртүрлі аяп кеттім. Тіпті оның жан жарасын тырнап алдым ба деп те қорықтым.
– Университетті қызыл дипломмен бітіріп, біраз уақыт жұмыссыз жүрдім, қызмет іздеп бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Түрмеден шыққан қызТалай жерге түйіндемемді жібердім, талай-талай агенттіктерді жағаладым. Мектеп бітірісімен әкем төлеп келген алимент сап тиылды. Ағам үйленіп, өз алдына еншісін алып, басқа жаққа көшіп кеткен, жалғыз мамамның алатын аз ғана айлығы пәтерақыдан аспайтын. «Басқа тартса жетпейтін қу дүние-ай!» деп мамам қатты қиналып кетті. Ең жақын құрбы қыздардың бірі үй маңындағы кафеге даяшы болып орналасты. Кешкісін барады, түнімен ұйықтамай, зыр жүгіріп жүріп табатыны болар-болмас тиын-тебен екен. Ал тағы біреуі тырнақ әрлеп-сәндеуді үйрететін қысқа мерзімді курсты бітіріп алып, үйлеріне телефонмен шақыртатын бай әйелдердің аяқ-қолдарының тырнағын алып, ақша табуға шықты. Оған менің намысым жібермеді.
Сонымен, бір күні үмітім үзіліп отырғанда біреу телефон соқсын.
– Гүлзия Тайыровна! Сіз қызмет іздеп, «резюмеңізді» жіберген екенсіз, «басбух» болып жұмыс істеуге қалай қарайсыз?» – дейді. Таныс біреу ойнап айтып тұр екен деп ойлап қалдым. Өз құлағыма өзім сенбедім.
– «Басбухыңыз» не, бас бухгалтер ме? – деп сұрап едім, ол күліп: «Иә!» – деді.
– Бұрын жұмыс істеп көрмеп едім, – деп едім – Ертең мына мекен-жайдағы офиске келіңіз, бетпе-бет отырып сөйлесуіміз керек,– деп жылы қоштасты.
Айтқан уақытында алып-ұшып жетіп бардым. Түнімен киімімді реттеп, өзіме-өзім сын көзіммен қарап, жеңілтек мінезді жас қызға ұқсамай, байыпты, байсалды, бас бухгалтерге лайықты жан ретінде көрінуге тырысқаным тағы рас.
Сізге өтірік, маған шын, көрер таңды көзіммен атырдым, тіпті сағат тілі жылжымай қалғандай көрінді. Барған мекемем үлкен тамаша ғимараттың астыңғы бір қабатын тұтас алып жатыр екен. Қабылдау бөлмесіндегі қымбат жиһаздары мен қаулаған гүлдеріне қарап, қаржылық жағдайлары жайлы, орнықты мекеме деген ойға келдім. Бас директоры орта жастарға келген ер адам екен, менің келгенімді көріп, орнынан ұшып тұрып, жылы шыраймен амандасқанда, мәдениетті жан екен деп түйдім. Қобалжып, қысылып, қызарақтап отырып, университетті биыл бітіргенімді, тәжірибемнің жоқтығын айтып, бірден бас бухгалтер емес, ең алдымен, қатардағы бухгалтерліктен бастауды жөн көретінімді жеткіздім-ау.
– Бізде екі-ақ бухгалтерлік орын бар. Бұрыннан жұмыс істеп жүрген адамымыздың жоғары білімі жоқ, сондықтан ол кісіні бас бухгалтер етіп қоя алмаймыз. Сіз университетті қызыл дипломмен бітірген жан екенсіз, мен сіздің ол қызметті алып кетеріңізге сенімдімін. Бірер ай сынақ мерзімінде боласыз, сол уақыт ішінде қасыңыздағы тәжірибелі кісіден ақыл-кеңес алып, қосымша кітап, журналдардан оқып, бұл жұмысты алып кетуге тиіс деп сенемін. Біздің мекеме құрылғанына төрт-бес жыл болған жас компания, құрылысқа қажетті материалдардың көтерме саудасымен айналысады. Болгария, Чехия, Испания сияқты шетелдермен байланысып, санфаянс сатуды жолға қойып жатырмыз. Болашақта одан да кеңге құлаш сермеу жоспарда тұр, – деп бастық өз компаниясы туралы байыппен әңгімелей жөнелді.
– Сенім білдіргеніңізге рахмет, сіздің көңіліңізден шығуға тырысамын, –деп уәдемді беріп, сол күні-ақ іс-қағаздарын қабылдап алдым. Уақытпен санаспай, күн-түні компанияның жұмысынан бас көтермей, білмегенімді қасымдағы бухгалтерден сұрап, өз бетімше ізденіп-оқыдым. Одан қалды ғұмыр бойы бір мекемеде бас бухгалтер болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан нағашымнан ақыл-кеңес ала жүріп, қызметімді меңгеріп кеттім. Екі айлық сынақ мерзімінен қалмай, істі игеріп алғаныма қуанған бастығым сол күн-ақ мені қызметке қабылдау туралы бұйрыққа қол қойды. Қуанышымда шек жоқ.
Бастығымның алдына қызмет бабымен қашан барсам да, жылы қарсы алып, үй-ішіміздің амандығын, мамамның денсаулығын сұрап, жылы шыраймен сөйлесіп, жоғары мәдениеттілігімен тәнті қылады. Мен де оны ұятқа қалдырмауға тырысамын. Бірде сөз арасында: «Ең алғаш сені көргенде қызарақтаған түріңе қарап, ұяты бар адам екен, ұяты бар адам еш уақытта компаниямызға ұят келетін іс істемейді деп ойлап едім, қателеспеппін», – деп еді. Бірде бір қағаздарға қол қойдыртуға кабинетіне кіре қалсам, қолын ақ дәкемен байлап алыпты. Түрі бозарып, шаршаңқы кейіпте отыр екен.
– Түнде батарея жарылып, «сантехниктер» келемін дегенше арпалысып жүріп, ыстық суға қолымды күйдіріп алдым, – деді. Бала күнімде мен де бір құман қайнаған суға күйіп қалғаным бар-ды, сол есіме түсіп кетіп, жаным ашып:
– Мұндайға қаздың майы ем, жарақатыңызға соны жақсаңыз тез жазылады, – деп өзімше кеңес бердім.
– Жай келдің бе? – деді ол.
– Жалға алушыларға бүгін ақша аудармасақ, «пенясы» көбейіп кетеді, –дедім.
– Қап, не істесек екен?!. Мен мынау түріммен қол қоя алмаймын ғой, – деді қиналып. Ол жазылғанша, жалға алып отырған ғимараттың төлемақысы шырқап кететін болды-ау деп компаниямыздың ақшасын аяп тұрмын.
– Жарайды, анау суырманы ашып, сонда жатқан таза бір бланкалардың бірін қараңызшы, бәлкім біреуінде менің қойған қолым бар шығар, – деді. Әрі-бері ақтарып, біреуін әзер тауып, қатты қуанып қалдым. Екеуміз мәз болып тұрған кезімізде біреу телефон шалды. Онымен қысқа ғана «иә», «жоқ» деп қана сөйлескен бастығым, қатты абыржып кетті.
– Бір үлкен фирмаға ақша аударуым керек еді, соны ескертіп жатыр. Қап, енді не істесем екен? – деп қатты қапаланған соң аяп кеттім де:
– Сонша тығыз шаруа ма еді? – деп едім, басын изеді, – Сөзінде тұрмайтын, алдамшы біреу екен деп ойлап қалатын болды-ау, – деп қинала бас шайқады. Ертеңіне қайта кабинетіне шақыртты.
– Бұрынғы құжаттарға қарап отырып, менің қолымнан айнытпай қол қойып көрші, – деді. Ойымда ештеңе жоқ, қайта-қайта әуреленіп отырып, ақыры қол қойып бердім. Қуанып кетті.
– Ол қандай фирма, не үшін төлейміз, біз бұрын ондай фирмамен келісім-шарт жасамаған сияқты едік қой? – деп пысықтап сұрап едім, ол сондай риза болып қалды:
– Дұрыс айтасың! Келісімшартты кейінгі уақытпен дайындап қой, мен ертең өзім барып, бастығының қолын қойдырып әкеліп берейін, – деді мәз болып. Тапсырмасын дереу бұлжытпай орындап бердім. Көп ұзамай, айтылған фирмаға көп ақша аудардық.
Бір күні ойымда ештеңе жоқ, жұмысқа келсем, бейтаныс біреулер кабинетімді тінтіп, қағаздарымды қопарып жатыр. Шошып кеттім, мәнісін сұрасам, «финполицияданбыз» дейді. Жұмысымнан табар кінәратым болмайтынын білемін ғой, адалдығыма көздері анық жетсін деп, жайбарақат отыр деген жерлерінде отырмын. Ойда түк жоқ.
– Кенет таптық, таптық! – деп бір-біріне көрсетіп жатқан бір парақ қағазға көзім түсіп кетті. Таяуда ғана бастығымының өтініші бойынша оның қолын қойып жаттыққан қағазым. Ұрыны ұстап алғандай олар мәз. «Бір күндік» өтірік фирмаға компанияның қомақты қаржысын аударып жіберген мен болып, бастығым бәрінен бейхабар жан болып шыға келді. Тіпті ол күндері қолы күйіп қалып, жұмысқа жарамағаны жөнінде дәрігерден алған анықтама қағазы да бар екен. Менің «алаяқтығымды» естіп, қатты шошынған түрін көрсеңіз! Сонымен, «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды» дейтіндей, тіпті жұғынын жаламақ түгілі, айран толы шелектің маңынан жүрмеген мен қараптан-қарап айдың-күннің аманында түрме төрінен бір-ақ шықтым. Адвокат жалдауға ақшам жоқ. Жастығымды, тәжірибесіздігімді, бұрын-соңды сотталмағанымды, жалғыз ауру анам барын ескерген сот екі жылға жалпы режимде отыруға үкім шығарды. Содан енді шығып келе жатқан бетім, – деді ол қара көздері жасқа толып.
– Енді не істемек ойың бар? – деп сұрап едім. Ол аз-кем ойлана үнсіз отырып қалды да:
– Ендігі көрмегенім бухгалтерия болсын. Базарға тұратын шығармын, – деді жанары жасқа толып. Мен оның адамдарға деген, өмірге деген сенімінің азайғанына, жастық шағының жалынды екі жылы тар қапаста өткеніне өкінішпен қарап, тебірене айтқан әңгімесін кейінгі жастарға сабақ болар деген ниетпен ақ қағазға түсіруді жөн көрдім. Қазір оның тағдырының қалай болғанынан бейхабармын. Алайда, болашақта сүрінбей, ауызы күймей, бағы ашылып кетсе екен деп тілеп қоямын ішімнен. Тіпті оның аты-жөнін де, қай жердің қызы екенін сұрау да ойыма келмепті сол сәтте…
Мақсат Рсалин, Жазушылар Одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері. «Ана тілі» газетінде 2006-2008 жылдары бөлім редакторы қызметін атқарған.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.