Мағираның әлемі

Небәрі 17 жасында математикалық трактаттар жазып, француз елін аузына қаратқан математик, физик, әрі философ, әрі жазушы Паскаль Блез осыдан үш ғасыр бұрын: «Өмірдің мәнін біле алмағандардың өз обалы өзіне» депті. Сонда өмірдің мәнін ұғына алмағандар өз обалын өзі арқалап кете береді екен-ау! Өмірдің мәнін ұқпақ түгіл, «Өмірдің мәні неде?» деген сауалдың төңірегінде ойланып көрдік пе екен көбіміз? Адамдар бұл өмірге не үшін келіп, не үшін кетеді? Туып, одан кейін өлу үшін бе? Жо-жоқ, бұл – тым жеңіл міндет. Алла Тағала ақыл мен парасат иесін жаратқанда оған бұдан гөрі күрделірек салмақ жүктесе керек. 

«Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын…» деп жырлаған Абай адам биік міндетке лайық деп тұрған жоқ па? Ол қандай міндет, нағыз мақсат неде сонда? Адам бақытының шын табиғатына анықтама берген жан бар ма екен? Адамзат тарихынан бері келе жатқан рухани ұлы Ұстаздардың «адамдар жеке бастары үшін ғана емес, бүткіл әлемдегі құбылыс атаулыға жауапты» дейтінінің сыры неде болды екен? Адамзаттың рухани эволюциясы туралы тұжырымдар неге негізделген? Жауабы жоқ мың-миллион сұрақтар. Шешімі табылмаған жұмбақтар. Жаратылыстағы ең күрделі жұмбақ адамның өзі болар-ау…
Белгілі жазушы Мағира Қожахметова үшін таныс тақырып – бұл.
Әдетте, әйелдерді күнделікті күйкі тіршілік түйткілдері көбірек толғандыратыны белгілі ғой. Мағирада бәрі басқаша. Ойлауымен де, сөйлеуімен де, жазуымен де руханият кеңістігінде бөлекше жарқырайды. Екінің бірі бойлай бермейтін тереңдікке құлаш сермейтінін сезбеу мүмкін емес. Оның табиғаты тылсым елестердің арбауына шырмалып, белгісіз бірдеңелерді іздейтіндей. Жазғандарын оқи отырып, кейде жаны алқымға тақалып, буынар халге ұшырағанын ұғынасың. Сөйтесің де, сен де жан терге түсесің. Кейде автормен бірге тынысың тарылып, тұншығып бара жатасың. Жан дүниеңдегі тынымсыз тербелістің ырқынан шыға алмай, тыпырлай бересің. Кейде сезімің сергіп, ғажап бір күйге кенелесің. Дүние аяқ астынан қызылды-жасылды түрленіп шыға келеді. Күрсінесің, толғанасың, ойланасың. Әйтеуір бейжай қала алмайсың. Сәт сайын сан құбылып, ойыңды он, санаңды сан-саққа жұлқылаған бір құдірет сезім. Жазушы қаламынан туындаған әр жолдың астарында күрмеуі күрделі психологиялық иірімдер толқындай тулайды. Мағира шығармашылығын жете ұғыну үшін өзі секілді «қияли» болу керек шығар, сірә. «Адам – құпия» атты кітабына үңіліп көргеніңіз бар ма? Кейіпкер жан дүниесінің көпшілік біліп-сезе бермейтін сан қырлы қыртыстарын тас-талқан етіп тарамдауға ет пен сүйектен жаралған қарапайым пенденің қалай ғана өресі жетеді екен дейсің! Жазушының өзі көп оқып, көп зерттедім деп отырады. Көп оқитындар жеткілікті ғой, бірақ… Шамасы, әркім ақпарат атаулыны жаратылысынан берілетін төлтума, табиғи білімінің деңгейінен қабылдап, өлшеп-пішетін болуы керек.
– Адам жанының құпиясына үңілуге неге құмарсыз, осы? – деп сұрадым бір күні жазушыдан.
– Өзіңізді тануға неге құмарсыз деп сұрағаның абзал болар. Мен өмір бойы өзімді іздеп, өзімді тануға ұмтылған жанмын.
– Тани алдыңыз ба?
Ол маған қарап қуақылана жымиып қойды. Аққұба жүзі ерекше нұрланып кетеді екен. Жанарынан жылт ете қалған бір құпия сыр жан-жүрегімнің түкпіріне сіңбей жатып жоқ болды. Түсінсем бұйырмасын. Неғылған жұмбақ мінез десеңші. Ішінде ит өліп жатыр-ау… Сәл үнсіздіктен кейін барып ол:
– Танысам осылай жүрер ме едім, – деп тағы томаға тұйықтана қалды.
Қызық екен өзі! Осылай жүрмегенде, аспанға ұшып кетер ме еді? Өз ойыммен өзім арпалысқан күйі жайлаған үнсіздікті бұзуға батылым жетпей отыра бердім. Ол біраз ойланып отырды да, манадан тұнжыраған тыныштықтың қаймағын өзі шайқады.
– Адам құпиясына үңіліп, сырына сүңги білген жан өзіне өте көп жеңілдік жасайды. Өз құпиясына өзі үңілгісі келмеген, өзін-өзі тануға ұмтылмаған кез келген тұлға қатыгез, жауызға айналуы мүмкін. Құпияңа үңілген сайын одан да өткен құпияларға тап боласың. Мен өз құпияма үңілген сайын дәрменсіздігімді сезінемін. Көп білген сайын өмірің қиындай түседі. Жауыздық, сатқындық, қатыгездік секілді жаман қасиеттердің себебін түсінесің. Адам құпиясы – өмірдің кілті. Бұл кілтті толықтай ашу адам баласының қолынан келе ме, келмей ме, ашып айту қиын. Менікі де жай далбаса ма деймін. Негізінде, адам құпиясына үңілу деген – қорқынышты нәрсе. Соған үңілудің өзі дұрыс па, бұрыс па, мұны да білмеймін. Білетінім – сол құпияға бір үңілдім дегенше, жазылмас «дертке» шалдықтым дей бер, шылауынан шыға алмай малтығып жүресің де қоясың. Бұл адам неге құпия, несі құпия деп, басыңды қатырмаған әлдеқайда жеңіл, әрине.
– Басыңызды қатырмай-ақ қоюға болмай ма?
– Оған әлім жетпейді. Өзім аңшы, өзім аң секілдімін. Өзімді-өзім аңдимын, көңіл-күйімді аңдимын. Неге солай? Себебін өзім де түсінбеймін.
Аңшысы несі, аңдығаны несі? Қайдағы бір мен ұқпайтын жайлар.
Жазушы жаратылысының жұмбағын ұлы ойшылдардың пікірлерінен, ежелгі ғұламалардың өсиет-өлеңдері мен сырлы сөздерінен іздеп шарқ ұрамын. Абайдың жетінші қара сөзінде адамның жан дүниесінің сырын өте қарапайым түрде талдап берген екен: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біріншісі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақүй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Екіншісі – білсем екен деп ұмтылып, одан ержетіңкірегенде: ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?», «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген».
Білсем екен деген ұмтылыс қандай да бір мұқтаждықтан туатын болуы керек. Бұл – кеудесінде жаны бар күллі тіршілік иесіне тән қасиет. Адам түгілі гүлдің шырынына мұқтаж араға дейін өсімдікке ұмтылады емес пе.
– Адам құпиясына үңілем деп ойлаған емеспін. Кезінде қуғынға ұшырап, жұмыстан статьямен қуылып, еш жерге қызметке алынбай, қатты жәбір шеккенім бар. Жанымда жүрген жақын достарымның неше түрлі сатқындығын, жауыздығын көрдім. Өзім сияқты әйелдердің небір сұм­пайылығын көрдім. Осылайша жылап-еңіреп жүр­генімде, неге мен осындай жағдайға ұшырадым деген ой жиі мазалайтынды шығарды. Алдымен өзі­­ме үңіліп, өзімді зерттеу қызық болды. Содан бас­тау алған қызықтаушылық жалпы адам құпия­сына үңі­луге итермеледі, – деген сөздері жазушы жан дүние­сі ұшыраған мұқтаждықтың бір ұшығын шығарғандай еді.
– Өзіңізді тану жолында өзіңіз үшін қандай жаңалық аштыңыз? – деймін
Мағираның ерекше жаратылысына шұқшия түсіп. Әр әрекеттің бір нәтижесі болуы керек қой.
– Сәтсіздіктеріңнің себебін басқадан емес, өзіңнен іздеп табуды, онымен күресуді үйрендім. Қандай жағдайда да сабыр сақтауды, кек сақтамауды, өзімді жек көретін адамдарға жымиып қарауды үйрендім. Бара-бара басқалардың бейшаралығын көре бастадым. Содан кейін барып маған аздап жеңіл болды. Егер осыны үйренбегенде, мен науқас, мүгедек, жарымжан болып қалар ма едім, кім білсін.
– Бұл арада денсаулығының қандай қатысы бар?
– Тікелей. Адам жан, тән, сана, рух атты төрт құрамдас бөліктен тұрады. Осы төртеуінің арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы дертке шалдықтырады. Тепе-теңдіктің бұзылуына алып келетін – күншілдік, қызғаншақтық, ашушаңдық, сабырсыздық, тәкаппарлық, менмендік секілді көптеген пендешілік қасиеттер.
– Өмір – теңіз, адам – пенде. Кейде асау толқын ырық бермей кететін жайлар кездеседі. Ауру да, ажал да – Алладан деп жатады емес пе?
– Ажал Алладан екендігіне дауым жоқ, бірақ ауру Алладан дегеніңізге келісе алмаймын. «Өмір – теңіз, жүзем онда демеңіз. Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз»,– деп, Рудаки бекер айтпаса керек. Бір аңыздан мысал келтіре кетейін. Ертеде бір ауылда екі данышпан өмір сүріпті. Жұрт олардан келіп ақыл-кеңес сұрайды екен. Бара-бара көпшілік біреуіне жиірек келіп, екіншісіне сирек бас сұғатын болыпты. Қызғаныш билеген әлгі данышпан жұрт құрмет тұтатын екіншісінің қалайда абыройын түсірмек болады. Өзінің одан ақылдырақ екендігін дәлелдегісі келеді. Бір күні ол жұмырығына тірі көбелекті жасырып тұрып: «Қолымдағы көбелек өлі ме, тірі ме, данышпан болсаң дәл тапшы» депті жиылған жұрттың алдында. Егер тірі деп айтса, көбелекті мыжып өлтіре саламын, өлі десе, тірі қалпын көрсетемін деп ойлайды. Екінші данышпан өз шаруасымен айналысқан күйі басын да көтерместен: «Көбелектің өлі болуы да, тірі болуы да сенің қолыңда» деп жауап берген екен. Адамның денсаулығы да өз жұмырығындағы көбелек секілді.
Көбелек. Алақаныңды ашсаң, ұшып кетеді. Қаттырақ жұмсаң, өліп қалады. Ұшырмай да, өлтірмей де сақтау үшін адамға қандай қасиет керек?
«Ауырып ем іздегеннен гөрі, ауырмаудың жолын ізде» деп жатады мамандар. Сонда ауыр­маудың жолы ізгі өмір сүруде болғаны ма? Бір қарағанда, бұдан жеңіл жол жоқ секілді. Шын мәнінде, өзіңді, өзіңнің «меніңді» жеңіп көрші, кәнеки!
– Жаманшылыққа жымия қарау адам құпиясын зерттеудегі, яғни өзіңді танудағы жеңісті сәттер деп айтуға бола ма?
– Анығырақ айтсақ, рухты жетілдіру жолындағы жеңісті сәттер деуге болады. Барлық қиындықтарға қарамай, рухты ілгері дамыту – негізгі өмірлік қағида екендігін ұғындым. Меніңше, адам өмірінің мәні де осында ма деймін.
Оның әңгімесі толастар емес. Барған ­сайын арқаланып барады. Құдды, бір құдірет күші кеудесін кернеп, дем бере түсетіндей. Ақ-сары жүзі бал-бұл жанып, жанарынан ұшқын шашырайды. Көкірегіне ұялаған білім бұлағы сарқылмайтын Меккенің зәмзәм суы секілді сарқырай береді екен.
– Адам феномені – тылсым күш. Оның ере­жесін ашып, формуласын таптым деп айта алмаймын. Мүмкін, болашақта ашармын. Неміс, ағылшын, шығыс философтарының, классик­терінің еңбектерін көп оқыдым. Соның өзінде де көп нәрсенің байыбына барып түсіндім десем, артық болар. Таба алмағандарымды өмірдің өзі ұқтырғандай. Жер-көктен іздеген жаңалық атаулының көбін өзіміздің қазақтың қарапайым тірлік кешу қағидасынан, өмір сүру тәсілінен, салт-дәстүрінен, ырым-тыйымдарынан таптым. Кейбір күрделі сауалдарымның жауабын ауыз әдебиетінен, батырлар жырынан табамын.
– Өмірдегі жамандық атаулының бәрі адамның өзін-өзі тани алмауының салдарынан туады деп айтуға бола ма?
– Солай десе де болады. Өзін-өзі таныған адам жаза баспас еді деп ойлаймын. Адамзат баласы ғылым-білімнің, техникалық эволюцияның биік шыңына, тіпті кейбір жайттарда кульминациялық сатысына көтерілгенмен, рухани жетілу мәселесінде мүлдем артта қалған. Соған қайран қалам. Адамның жан дүниесі, адами болмысы неге дамымай қалған? Мейірімділік, қайырымдылық, адалдық, имандылық кемшіл. Қарап көріңізші, дүниежүзінде қаншама қырғын соғыстар болып жатыр. Небір жойқын өлтіру құралдарын ойлап тапқан. Кез келген қоғам, ұлт, кез келген адам өзін-өзі тануға ұмтылса, балабақшадан бастап, мектептерде, жоғары оқу орындарында өзін-өзі тану пәндерін көбейтіп, адамның табиғи қабілетін ояту жағына көбірек көңіл бөлінсе, соның пайдасы зор болар еді деп ойлаймын.
– Бүгінде, ұлттық тұрғыдан алғанда, қазақ өзін-өзі танып үлгерді ме немесе тануға талпынып келе ме?
– Біздің ұлттың нағыз болмысын танығысы келген жан оның бүгінінен гөрі, өткеніне көбірек үңілсе, шындыққа көз жеткізер еді. Негізінде, қазақ – рухы биік халық. Алайда осының бәрі дәп бүгін басқаша көрініс тапқан. Рухын өшіру де, өсіру де халықтың өз қолында. Сондықтан біздерге, өзім секілді жазушыларды айтып отырмын, том-том романдар жазғаннан гөрі, баяғы өзіміздің ауыз әдебиетімізді, батырлар жыры секілді тағылымы мол дүниелерімізді қайтаруға көп күш салсақ, пайдасы әлдеқайда зор болар еді деп ойлаймын.
– Сонда ұлттық рух дегеніміз не, өзі? Оған қандай анықтама беруге болады?
– Қазіргі кезде кейбір азаматтар өз руларының батырларын дәріптеп, кез келген қалтасында ақшасы бар кәсіпкер өз руының шежіресін жазып, кітап шығарып жатыр. Олардың ұғымында ұлттық рух деген – осы. Менің ұғымымда ұлттық рух деген – ұлттық мінез, қадір-қасиет, нағыз қазақи, яғни имани өмір сүру салты. Ұлттық рух деген жан мен тәннің күш-қуатынан өрбитін әрекет көрінісі-ау деп ойлаймын. Ұлттық рух деген – ата-бабаңның кейінгі ұрпаққа қалдырған емле-ережесі, өмір сүру қағидасы. Адамның еңсесі, жігері деп топшылауға болады. Шын мәнінде, ұлттық рухқа адами ақылмен нақты сипаттама беру қиын, тылсым күш қой. Рух дегенді әркім өз деңгейінен түсінуі де мүмкін. Ұлттық рухты қажетсінбейтін де мемлекеттер бар шығар. Мәселен, Америка үшін ұлттық рухтың құны – көк тиын деп ойлаймын. Қаншама ұлтты өшіріп, соның үстінде дамыған мемлекет қой, – деп, жазушы әңгімесін бір қайырып тастады.
Өркениеті дамыған, бай мемлекеттердің адами құндылықтар турасында өзіндік сипаттамасы бар. Ұлт, тіл, діл деген мәселелерге бас қатырмайтын космополиттік ниет басым жатады. Байлықтың біліммен келетіні рас. Бірақ жүректе иман болмаса, рух жетілмеген жерде адамның білімі ізгілікке емес, эгоистік пиғылдардың қажетіне қызмет ете бастайтыны – шындық. Осыдан келіп қоғам «адам адамға – қасқыр» деңгейіне құлдилайды. Осыны біле тұрсам да, жазушының ойын тереңірек ақтарғым келіп, отқа май құя түстім.
– Мүмкін, шынымен де ұлттың керегі жоқ шығар. Бәріміз Адам ата, Хауа анадан тарадық емес пе? Космополитизм бағытын ұстану адамзат баласы үшін тура жол деушілерге не дер едіңіз?
– Ұлт деген ғажап дүние ғой! Осыдан 32 жыл бұрын атақты балет бишісі Мая Плисецкаядан сұхбат алғаным бар. Сонда сол кісінің айтқан бір сөзі мәңгілік есімде қалды. «Дүниежүзін аралап жүріп, қазақ сияқты екпінсіз сөйлейтін ұлтты бірінші рет кездестірдім. Армяндар мен грузиндер өз акценттерімен сөйлейді, ал қазақтар акцентсіз сөйлейді, бұл жиіркенішті!» деді. Сонда еврей қызының аузынан шыққан осы сөзге қайран қалдым. Әрбір ұлт өзінің ұлттық өрнегін сақтауы керек, сонда өмір сүру қызықтырақ болады деген ойды айтқаны ғой. Және бұл жалғыз ол кісінің пікірі емес. Мысалы, әлемде көптеген тілдер жер бетінен жоғалып кететінін айтып жүрміз. Тіл жоғалса, ұлт та жоғалады. Әрбір тілдің немесе ұлттың жойылуы – үлкен трагедия. Тіл деген – психология, жан дүниесінің құрамдас бөлігі. Әр тіл өшкен сайын жан дүниесінің бір қыры өледі. Бір ұлттың салт-дәстүрі өшті ме, бұл – жаңағы өзің айтқан Адам ата, Хауа ананың ұрпақтарына мұра етіп қалдырған жан дүниесінің бір бөлшегі өлді деген сөз. Әлемдік кеңістіктегі тұнжырап тұрған тербеліс тұтастығына ақау түседі. Осындай құбылыс көбейген сайын, адам баласының жан дүниесіндегі күш-қайраты, яғни рухани қуаты кеми түседі деп ойлаймын. Тек қана баюды, өмірде алпауыт жайын болуды ғана мақсат тұтқан мемлекеттер үшін адамның ішкі сәулесінің көмескіленуі түкке тұрғысыз нәрсе болып қалады. Өркениеттің біржақты дамуынан жер бетінде неше түрлі аурулар, бұрын-соңды болмаған табиғаттың жойқын құбылыстары, небір азғындықтар пайда болуда. Музыка әлемінде жеті нота болса, он сегіз мың ғаламда мың-миллион «нота» бар. Сол «ноталардың» арасында біреуі жойылса, табиғаттағы үндестік бұзылады. Сондықтан кез келген ұлт өзінің табиғи қалпын көзінің қарашығындай сақтауы керек.
– Имандылық – рухтың бір көрінісі деген ойды білдіріп қалдыңыз. Қазақ әйелдерінің имандылығын киім киісіне қарап анықтауға болады деген пікірлер айтылып жүр. Сіз бұған не дейсіз?
– Имандылықтың көрінісі сыртқы сипатта емес, жүректе, – деп шарт кесті Мағира.
– Әйел баласының ашық-шашық емес, етек-жеңі жинақы жүргені жарасымды, әрине. Алайда имандылық деген осы екен деп, кейбір Шығыс елдерінің ұлттық дәстүріне еліктеп, қап-қара болып буынып-түйініп жүру қазақ әйелдерінің тарихында болған емес. Биікке, ғарышқа талпынған апаларымыздың күндігі – ақшақардай арының көрінісі. Желегі желбіреген сәукеле – сұлулықтың символы. Үкілі тақия – үлпілдеген нәзіктіктің белгісі. Қазақтың қай киімін алсаңыз, адамды тұлға ретінде айшықтаған. Әр тұлға жасына, әлеуметтік ерекшелігіне орай киінген. Тіпті, жер ерекшелігін айқындайтын киімдер де болған. Қазақтың қыздары мен әйелдері күндей жайнап, жұлдыздай жарқырап жүрген. Еш уақытта сұлу жүзін жамылғының астына жасырмаған. Осының өзі ерлердің жолдан таюына ықпалын тигізді дегенді естіп көрмеппін. Құдай ұрайын десе, қандай жамылғының астында жүр, мейлі, бұзылған пиғыл бұзықтығын жасамай қоймайды. Сондықтан имандылыққа киімнің түк те қатысы жоқ деп ойлаймын. Одан да мамандар ұлттық болмысты айшықтайтын нағыз ұлттық киімдеріміздің түпнұсқа қалпын қазіргі заманға лайықтап киюдің жолдарын ойластырса, біресе Батысқа, біресе Шығысқа алаңдап, абдыраған қазақ әйелдері мен қыздары тура жолды таңдар еді. Алабажақ түсті текеметтің оюын киімге жапсырып, қыз киетін қосетекті кемпірге кигізіп, нәзік те биік ұлттық талғамға қиянат жасап жүргеніміз ойлантады. Ұлттық мәдениеттің оңырайып бос тұрған дәп осы тұсын жамамасақ, жоғарыда айтқан ұлттық рух көрінісінің тағы бір қырынан айырыларымыз хақ.
Мағира ойын осылай дәйектеді. Жазушының «Мына заман қай заман, бағзы заман, баяғыдай болар ма тағы заман» деп отырмағаны түсінікті. Бағзы заманнан қазақ ұлтының жаратылысында бар таза рухты, ішкі сәулені, қазақи болмысты көксеп отыр. Болмыс пен ділдегі жаратылыстық үйлесім деңгейінің бүгінгідей «перделенген» қалпын емес, сол бастапқы кіршіксіз кейпін аңсайды. Тұрмыс пен жат дәстүр көлегейлеген қазақтың бүгінгі бейнесін оның нағыз болмысы деу – ағаттық. Қонағына жалғыз атын жайратып салатын қазақтың кең пейілі – иманы еш уақытта жоғалған емес. Ол әріде тұншығып жатыр. Мәселе – өзімізді-өзіміз тани алмауымызда. Міне, бұл – жазушы Мағира Қожахметова шығармашылығының шындығы.
– Кезінде Ғабит Мүсірепов маған: «Сен осы қазақ қыздарының болмысын зертте. Қазақ қызының феномені – ол бөлек әңгіме» дегені бар еді. Мен әлі күнге қазақ әйелдерін зерттеумен келемін. Соның бірі өзіммін ғой.
– Не түйдіңіз?
– Әйел қанша еркектің қабырғасынан жаратылды десек те, қазақ – атам заманнан қыздарының азаттығын сақтап келе жатқан сирек ұлттардың бірі. Бұл бізге Құдайдың берген сыйы деп ойлаймын. Солай болған күннің өзінде біз жаратылыстың әрі патшайымы, әрі күңіміз деуге болады. Осы екі өлшемнің тепе-теңдігін сақтай білгенде ғана әйел баласы бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербете алса керек. Ол үшін әйел өзінің табиғатын басынан аяғына дейін сезініп, өзін-өзі тануы абзал. Өкінішке орай, қазақ әйелдерінің табиғи таза болмысы жат пиғылдың көлеңкесінде көмескіленіп қалған. Мен қызметте жүрген көп қыздарды танимын. Қызметке беріліп, әйел ретіндегі табиғи міндетін екінші қатарға қалдырып қойған. Жоғарыда айтқан тепе-теңдіктің бұзылуы осыдан келіп туады.
Әйел мәселесіне байланысты әңгіменің түйіні осылай тұйықталды. Ал менің есіме Әл-Машанидің мына бір өлең жолдары оралды:
«Адам, ғалам ғажайып жеке дана,
Жан құмары – ізденген мәңгі сана.
Өзіңді-өзің танысаң – істің басы,
Түзеген өз ғаламын болған дана».
Бар нәрсенің өлшемі адам болмысының аясында жасырынып жатпағанына кім кепіл?..
Ал Мағираның рухани әлеміндегі тылсым құбылыс жазған кітаптарының атауына астар болғанға ұқсайды. Жазушының «Күннің алтын сынығындай» жарқыраған жан дүниесінен, үнемі үлбіреп тұратын «Жылы шырайынан» ләззат табасыз. «Әлем-әуенінің» толқынында тербетілесіз. Шығармашылық машақатын «Жападан-жалғыз» сорпасы шыға арқалап, «Жан тәсілім» етуге дейін барған ішкі күйзелістерін сезінбеу мүмкін емес. Сезінесіз де, «Адам құпиясына» таңдай қаға таңырқайсыз. Оқырманын осыншама сезім сергелдеңіне түсіргенін ерлік санап, кеуде керген Мағира Қожахметованы көзге елестету қиын. Бір кездегі бетіне жан қаратпайтын, өр мінезді Мағираның сол қасиеті қазір шығармашылығына ұялағандай. Екпінді. Адуынды. Қуатты. Құдіретті. Кісілік қалыбы жарқыраған байсалды тұлғаның бойындағы көзге ұрып тұрған бір нәрсе – жан баласының өзін-өзі тануына себімді тигізсем екен деген шынайы ниеті.

Гүлмәрия БАРМАНБЕКОВА,
журналист

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. КУралай

    Амандық тілейміз, барша қазақ еліне
    Біз Алматы облысы, Райымбек ауданы Сарыжаз ауылында тұрамыз. Апайды мерекесімн құттықта.

  2. КУралай

    Амандық тілейміз, барша қазақ еліне
    Біз Алматы облысы, Райымбек ауданы Сарыжаз ауылында тұрамыз. Апайды мерекесімен құттықтаймыз. Менің әкем 83 жастағы ардагер ұстаз. Теледидардан апай туралы сухбатты көріп, «Мен қалай Мағираны білмей келгем»-деп таң қалды. Жұздесіп, әңгімелсетін адам екен -деген еді. «Адам құпиясы» кітабын ба оқымаппын деп өзін-өзі кәналағандай болды. Интернеттн кітапты іздеп едік. Таба алмадық.
    Апаймен қалай кездесуге болар екен? Хабарласу жолдары қалай? Әкем Орманов Халелдің өтініші. Қызы Құралай

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.