Тоқпақпен үзген соң, таяғын тастады…

Науқас жандарды емдеп, сауықтырудың бастау алған тарихын зерттесек, сонау ­Гиппократ заманына, тіпті одан да арғы уақыт­тарға барып тірелетініміз анық. Зерттеушілер Гиппократтың өзі Орта Азия елдерін (соның ішінде Қазақстанды) аралап, елдегі тәуіп, емші, сынықшы, бақсы-балгерлермен кездесіп, олар қай ауруды қалай емдейтінін, қандай әдіс-тәсілдерді қолданатынын жазған деседі. Оның кітабындағы емдеу тәсілдерінің көпшілігі сақтардың, қазақтардың қолданған емі деп те айтылады.
Бұл аты аңызға айналған тұлғаның халықтық медицинаға, оның көрнекті өкілдері – тәуіптердің, емшілердің өнеріне бас иіп, құрметтегені емес пе?

Иә, қарапайым халықтың өз ортасынан шыққан емшілерге деген ілтипаты, сый-құрметі қашанда жоғары болған. Емшілік ол атадан балаға қан арқылы берілетін қасиет. Алайда бүгінгі қоғамда халық емшілерін көпе-көрінеу елемеушілік, оларға деген сенімсіздік те, үрке қараушылық та жоқ емес. «Бес саусақ бірдей емес» демекші, емшілердің арасында да сол атқа кір келтіріп, тек пайда табуды ғана көздеп, бұл кәсіптің қадірін қашырып жүргендер де бар, сонымен қатар осы өнерді шын мәнінде қасиет көріп, тек арқылы беріліп, қанмен дарыған соң ғана қолға алып, науқастарға ем-дом жасап жүрген нағыз емшілер де бар. Олардың парқын айыру – халықтың еншісіндегі мәселе. Десек те, туабітті емшілік талантымен, шипалы қолымен қалың жұртшылықтың алғысына бөленіп жүрген азаматтарды газетіміз арқылы оқырмандарымызға таныстырып отырудың еш айыбы жоқ шығар дейміз. Өйткені, қазақтың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан емшілік салтын түрлі көзқарастарға еріп жоққа шығаруға да болмас. Заманауи медицинаның қажеттілігі қандай керек болса, дәстүрлі емшіліктің де қарапайым халық үшін өзінің қажеті бар екенін естен шығармауымыз керек.
Жуырда Ерхан Мәдіғалиев деген қолы шипалы емшімен танысып, ем-дом жасау өнеріне тәнті болғаным бар. Бұл кісінің дәстүрлі медицина жасай алмаған кереметтерін естіп-білгенімде онымен жүздесіп, кездесуге асық болдым. Сонда Ерхан емші жасайтын емнің сыр-сипаты неде? Мұны оқырмандарымыз үшін қызық болар деген оймен жазуды жөн көрдім.
Ерхан Мәдіғалиев – Алматы облысы, Ақсу ауданының тумасы. Бүгінде Алматы қаласында тұрады. Дүниеге келгенде құлағы естімей, есейіп ер жеткенше, біршама қиындықтар көріпті. Орта мектепті, содан кейін училищені бітіргенімен, туабітті науқасының салдарынан жоғары оқу орнына бара алмаған. Содан келіп құрылыс саласында еңбек еткен. Тағдырдың қалауымен емшілік өнерін қолға алуына тура келіпті.
Қамшыбай, Қамшыбек деген аталары да емшілік кәсіпті серік еткен жандар болыпты. Нағашы атасы да қасиет қонған адам болған. Өзінің айтуынша, түсінде нағашы атасы аян берген. Сол аяннан кейін адамдарға ем жасауды бастапты. Көп ұзамай құлағы естіп кетіп, дертінен құлан-таза айыққан.
– Бастапқы кезде өзімді емшілік өнер қолымнан келмейтін сияқты сезініп жүрдім. Сол кездерде бір түс көрдім. Түсімде қалай емдеуім керек, қайтіп емдегенде нәтижелі болатыны туралы дауыс­тар еститінмін. Содан түсімде айтыл­ған нәрселерді жадыма сақтап қалып, қолданғанда нәтиже бере бастады, – дейді Ерхан.
Ол қазақтың көнеден келе жатқан емдеу тәсілдерінің бірі – «үзу» тәсілін, соның ішінде тоқпақпен үзу тәсілін қолданады екен. Айтуынша, емнің «үзу» тәсілі түркілік дәуірден бері жалғасып келеді. Қазақтарда, қырғыздарда, сахаларда қолданылады. Жел үзу, құяң үзу деген де тәсілдер бар. Тоқпақтап үзудің құпиясы – бүкіл сүйектің ішкі майына дейінгі нервтерді ояту. Адам сүйегінің ішкі майы салқындап қалса, май жұмыс жасамайды, сүйегі әлсірейді, сүйекті ұстап тұратын бұлшық ет әлсірейді.
– Менің қолданатыным – «тоқпақпен үзу». Шекеден бастап омыртқаның бойы­мен табанға дейінгі нервтерді қозғап ояту. Қазақтың емшілері диагнозды төрт әдісте қояды: ыстық, суық, жел, желқұз. Ет пен сүйектің, буынның арасына жиналатын суық болады. Денедегі суықты тарқатуды «үзу» деп атайды. Соның ішінде «уқалап үзу», «сылап үзу», «тоқпақтап үзу». Тоқпақтау кезінде май қызады, май қызса, сүйегі жақсарады. Адамның дене мүшелеріндегі ыстық туралы айтатын болсақ, ыстық — бүйректе, бауырда, өкпеде, асқазанда, жүректе болады. Бұл мүшелер үнемі буланып тұрады. Мөлшерінен асып кетсе, адам әртүрлі ауруларға, соның ішінде қатерлі ісікке де душар болуы мүмкін» дейді емші.
Ол емшілік кәсібінің 20 жылында буын, бел, қылтамақ ауруы (зоб), бас, мойын, асқазан жарасы, грыжа, омыртқа, сегіз көз, сал болып қалу, инсульт, қан қысымының жоғарылауы, көздің нашар көруі, тыныс жолдары, ішкі ағза мүшелері, асқазан ауруларына шағымданып келген көптеген науқастарды дертінен небәрі 3-5 күннің ішінде құлан-таза айықтырған. Бұл туралы емшінің өзі былай дейді:
– Емшілік тәжірибемде, дерті аса ауыр науқастар да кездесті. Бір адамның миына қан құйылып, жарты денесі сал болып қалған екен. Соны маған алып келгенде өзімнің емдеу тәсілдерім арқылы жансызданып қалған жарты денесін қалпына келтіріп бердім. Тағы бірде, мамандығы дәрігер адамға көмектесу керек болды. Денесі, аяқ-қолдары ісініп кетіпті. Өздігінен отыра алмайды не тұра алмайтын дәрежеге жеткен. Тіпті жүре де алмай қалған. Дәстүрлі медицина өкілі болған соң, менің емдеу тәсілдеріме сенімсіздікпен қарағанымен, нәтидеге көзі жетіп, жүріп кеткен соң, отырып, тұра алатын болған соң, алғысын айтты. Қайран қалды. Осылай жазылып шығатыныма еш сенбедім дейді. Мықты деген дәрілердің өзі көмектеспеген.
Кейіпкерім қазіргі таңда барлық адамдарға үрей тудырып, оның алдында заманауи медицинаның өзі дәрменсіз күй кешіп отырған ісік (рак) ауруын да жазып шығарыпты.
Өткен жылы емшіге бір науқас келіпті. Дәрігерлер оған рак деп диагноз қойған екен. Тіпті, бірнеше рет ота да жасатыпты. Алайда еш нәтиже болмаған. Емші тамырын ұстап қараса, ішкі ағзаларының ыстығы қалыпты мөлшерден асып кеткен. Ыстығының мөлшерін азайтатын шөптен жасалған дәрілерін дайындап ішкізіпті. Нәтижесі бірден білінген. Науқас жан қайта барып тексерілсе, бұрынғы ауруынан белгі де қалмаған. Ол дәл осындай әдіспен қылтамақ ауруымен ауырған жандарды да сәтті жазып шығарады екен.
Бір дәрігердің қызы бала кезінен ал­лергияға душар болып, әр көктем келген сайын осы дерті қозып, сонау қоңыр күзге дейін мазасы кетіп жүріпті. Дәрі-дәрмек көмектеспеген. Амалы таусылған ата-анасы қызын Ерхан Мәдіғалиевке әкеліп, ем қабылдатыпты. Көп ұзамай аллергия деген ауруы мүлдем жойылған. Міне, халықтың медицина өкілдерінің, яғни емшілердің кереметтілігі осындайда байқалмай ма? Естіген адамды қайран қалдыратын нәрселерді жасағанда олардың қасиетіне еріксіз иланып, бас иесің. Тоқпақпен үзген соң, таяғын тастап кеткен ата-әжелеріміз де бар екен.
Ерхан Мәдіғалиевтің пікірі бойынша, дәстүрлі медицина мен халықтық медицина өкілдері қоян-қолтық жұмыс істесе, үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады. Мәселен, Жапония, Қытай, жалпы Шығыс медицинасы дамыған елдерде бұл екі сала халыққа бірге қызмет көрсетеді екен. «Ал бізде халықтық медицинаға атүсті қараушылық, кейбір кездерде тіпті менсінбеушілік те бар. Дәстүрлі медицина өкілдері халықтық медицинадан гөрі науқасқа бір укол жасай салғанды артық көріп тұрады. Ал аурудың ішкі себептері мүмкін басқа шығар? Біз болсақ, мұны адамның тамырын ұстап көру арқылы білеміз. Сол ақпараттың негізінде ем-дом шараларын жасай бастаймыз, – дейді.
Емшімен әңгімелесу барысында, халықтық медицинаның өзіме беймәлім болып келген көптеген сырларына қанық болдым. Шынымен де, біз бүгінде қазақтың өзіне тән емшілік өнерінен алыстап кеткеніміз жасырын емес. Мұнымызбен, бүгінгі заманның медициналық жетістіктерін жоққа шығарғымыз келіп отырған жоқ. Дегенмен, біз өзіміздің қазақи емімізді, сол жолда жүрген талантты емшілердің бар екенін де естен шығармауымыз керек. Өйткені халқымыздың ежелден келе жатқан емшілік өнерінің пайдасы мол. Оны кезінде ата-бабаларымыз да білген. Сол емді пайдаланған олардың денсаулығы бізден әлдеқайда жақсы болмаса, кем болған жоқ. Олай болса, халық емшілерінен мүлде бас тартып, қызметтерін тәрк етпей, олардың да жасайтын емін өз ретімен қолданып тұрғанымыздың еш артықшылығы жоқ. Атам қазақ «тәні саудың – жаны сау» дегенде, емшіліктің де сондай қасиетін меңзеген болар.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Раушан

    Адресі, тел. болса жіберіңіздерші. Барайын деп едім. Тізем ауырады. Тараз қаласынанмын.Барып емделген адамдармен сұхбаттассқым келеді. Менің ұялы тел. 87717484856.

  2. Аноним

    Менің бүйрегімді емдеуге емшінің мекен жайы керек еді.менің телефоным:87085923351.

  3. Арай

    Суық тиіп қатты ауырып жүрмін, Ерхан емші қай адрес бойынша қабылдайды, не телефон нөмірін берсеңіз. Рахмет.

  4. Нурлан

    Сәлеметсіздер ме? Мекен-жайын айтыңыздаршы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.