Қаратөбе және Қаратау би

Қаратөбе өңірі – Атырау мен Маңғыстаудай қызыл балықты, мұнайлы өлке болмаса да, суы мол, шөбі шүйгін, дала төсін төрт түлігі жайлаған өлке, өнерлі өлке. Әйгілі әнші Мұхит Мералыұлы өзінің кіндік қаны тамған атақонысы Ақбақай ауылы (қазіргі Мұхит ауылы) іргесіндегі Ақбақай қауымында жерленген. Әнші зиратына аудан, облыс атқамінерлері кесене тұрғызды.
Боғда күйші де осы өңірде жатыр. Түркебай, Ашық батырлардың моласы мен құлпытастары сақталған. Алаша Байтоқ жыраудың баласы, көп жыл Аққозы өңірінде болыс болған Нұғыман Байтоқұлының зираты мен құлпытасы Есенаман жерленген қауымда. Жалпы, Саралжын өңірі тарихи тұлғалар мекен еткен жер.

Өнерлі өлке

Қаратөбеде әнші, күйшілер жайлы әңгіме қозғағанда Ұзақ Мырзабайұлы, Боғда Қараұлы, Әжігерей Дүйсеғұлов, Далабай Керешов және басқаларының есімдері мақтанышпен айтылса, Мұхит әндерінің мұрагерлері Ғарифолла Құрманғалиев, Сартай Көшкіншіұлы, Ғұмар Әбуғалиев, белгілі әншілер Тәмті Ибрагимова мен Нағима Әбілова, Ескендір Хасанғалиев аттары аталады.
Халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының ұстазы, күйші Ұзақ Мырзабайұлы, Жәңгір ханның төңірегінде жүрген би Ошырты Бай­мұратов, жырау Байтоқ Сүтенұлы Аққозы ауылының тумалары екендігін бірі білсе, бірі білмес.
Ұзақтың зираты Қаратөбеден Аққозы ауылына бара жатқанда тас жолдың оң жағында бес жүз метрдей жерде «Ақтұлым» деген көне қауымда жатыр. «Ақжелең» күйін шығарған Ұзақ күйшінің ұрпақтары Аққозы ауылында, Орал қаласында тұрып жатыр. Мен бұл домбырашы жайлы зерттеп «Ұзақ күйші» деген кітап жаздым.
Қаратөбе өңірінен түлеп ұшқан жазушылар Рақыметжан Малабаев, Берқайыр Аманшин, Құрманғазы Қараманұлы, ақындар Сағынғали Сейітов, Шолпан Қыдырниязова, Айсұлу Қадырбаева, Сәукен Ғабды­рахманқызы, заңгер Бақытжан Қаратаев, Тілек Мергенов, академиктер Қажым Жұмалиев, Рақымжан Елешов, филология ғылымының доктор­лары Мәтжан Тілеужанов, ­Отаралы Бүркітов, Ғабит Хасанов – аудан мақтанышы десек, ғылым кандидаттары – бір төбе.
Қаратөбемен көршілес Қызылқоға ауданының Тайсойған құмында 1899 жылы туған, елде Жаппас Сұлтан­құби деп атап кеткен С.Жұ­рынбайұлы деген ақын азамат болыпты. Ол 1963 жылы Құлсары қала­­сында өмірден өткен екен. Оның ұрпақтары Атырау, Маңғыстау облыстарының Қызыл­қоға, Жылыой, Бейнеу аудандарында тұрады.
Оның «Ел қайда, жерім қайда?» толғауында Қаратөбе өңірінің:
Қаратөбе, сенің батысың,
Аққозы менен Көкөзек,
Қошқарсойған, Қоскөл мен
Егіндікөл, Тұздыкөл
Тұз еді үлкен дөңгелек.
Қоянша, Құрсай, Шыңғысқа
Жайылып хайуан жайлаған,
Суын ішіп, отын жеп.
Қосағашты, Кемер, Аққолқа
Ойымда бар еді айтам деп,
Жегжат қуып, жер танып,
Жерлерім еді-ау жүрген көп.
Қалдығайты, Жақсыбай
Екі судың саласы-ай.
Жақсыбайдан өткенде,
Көрінеді алдыңнан
Бақалының қарасы-ай.
Қандыкөл, Сазды, Жетікөл
Барлығының саласы-ай.
Қандыкөлден асқанда,
Көрінеді алдыңнан,
Мыңкелді, Табын моласы-ай.
Есімнен қоныс кетпейді,
Қазыбек пен Құройыл,
Бөгеттің ауызы Бесесік.
Бөгеттің шығыс жағында,
Шығанкөл мен Қамыскөл –
Арасы жақын таныс көл.
Кіндіксай менен Сарбасты
Мекен еткен біздің ел.
Қош, аман бол келгенше,
Кіндік кесіп, кір жуған,
Тайсойған, Ойыл туған жер, – деген жер атаулары бар.
Осы толғауда айтылған Қаратөбе аумағындағы кейбір жер аттары әлі сол атпен аталады.
Қазақ халқының сайын далада еркін көшіп-қонып жүруді ежелден аңсағанын арғысы Сыпыра, Қазтуған, Доспанбет жыраулардың, берісі Қобыланды Есейұлының, тана Сүгірдің, Сартай Көшкіншіұлының, Қалмағамбет Жамболовтың жыр, толғауларынан білуге болады.
ХҮ ғасырда өмір сүрген Қазтуған жыраудың атақонысымен қоштасып, басқа жерге көшіп бара жатқанда шығарған:
Еділді алса – елді алар,
Енді алмаған не қалар?
Жайықты алса – жанды алар,
Ойылды алса – ойды алар,
Ойлашы сонда не қалар?! – деген өлең жолдары жоғарыда айтқан сөзіміздің дәлелі болғандай.
«Сулыкөл» толғауын шығарған – саралжындық әнші, термеші, жыршы Қалмағамбет Жамболов. Ол 1884 жылы туып, 1959 жылы қайтыс болған. Зираты Сәуле ауылындағы қауымда.

GARIFOLLA
«Мына біздің Ғарекең,
Асқақ әннің нары екен…»

Батыс өңірдегі халық әндерін на­си­хаттаушы, Қазақ КСР Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші, композитор Ғарифолла Құрманғалиев туралы да көп айтуға болады. Ғарекең тумысынан бауыр­мал болып өсіпті. Ағайын, тума, құда-құдағи, құрдас, нағашы-жиен дегендерді Құдайындай сыйлайтын кісі екен.
2003 жылы «Қазына. Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясымен шыққан көптомдық кітаптардың «Көз жеткен» деген мемуарлық кітабында (84 – кітап) атыраулық журналист, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жәмек Оспанов (1928-1996 жж.) әкесі Оспанның және өзінің Ғарифолла Құрманғалиевпен кездесуін «Көп жұмылар көлемді іс» деген тарауында қызықты етіп әңгімелеген екен.
«Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істеп жүрген Жәмек Оспанов мұнайлы Жылыойға (Ембі) іссапармен келеді. Ауданның бірінші хатшысы Өтеп Балғымбаев. Балғымбайдың апасы Мүсілиминадан туған Жәмекке Балғымбай қарт туған нағашы.
Тілші мен аудан басшысы Өтеп Балғымбаев Жайық жағасына соғып, балықшыларды көріп, сосын Өтептің үйіне қонаға келсе Балғымбай қарт отыр екен. Тамақтанып алғасын екеуі әңгіме-дүкен құрады.
– Ал енді Ғарифолланы тыңдайық, көп айдайға салайық, қалай еді, үлкен айдай, кіші айдай, көк айдай, тек айдай – бәр-бәрін әкел, рақаттанып бір тыңдалық, – дейді Балғымбай қарт.
Сөз арасында Жәмек әкесі Оспан екеуінің Ғарифолланы Ұлы Отан соғысы басталар алдында 1941 жылдың көктемінде көргенін әңгімелейді. Осы уақытта опера театрының бір топ артистері Гурьевке гастрольдік сапармен келгенін естіген 69 жастағы Оспан Ғарифолланы аяқтай іздеп барыпты. Әнші Күләш Байсейітова оны Ғарифоллаға апарып жолықтырады.
– Е, бәсе, нағашыңа тартып кербез, қырымпоз болып жүр екенсің ғой, енді түсіндім сенің тыраштығыңды. Ал, ата, Ғарифоллаңыз осы, мен кеттім, сау болыңыз, – депті Күлаәш.
Нағашыңа тартып кербез, қырымпоз болып жүр екенсің ғой деген себебі Оспан орысша оқыған адам екен. Екі кластық орыс мектебін бітірген. Оспандағы Күләш айтқан тазалық, кербездік сол мектептің тәрбиесі болса керек.
«Ал, нағашы, амансындар ма, үлкенді-кішілі нағашыларымның бәрі аман ба?» деп Ғарифолла Осекеңмен құшақ жая көрісіп, амандасыпты. Осекең болса, «мұздай қаракөк аманбыз, төрт көзіміз түгелдей аманбыз. Өздерің қалайсыңдар, жиен келіннің дені сау ма? Сенің балаң екеу ме еді –Сәуле, Болат па еді, балалар аман ба? Келіннің аты жаңылмасам Рабиға ғой деймін, жұмыс істей ме?» деп сұрағанда Ғарекең «келінің аман, жұмысы бала бағу ғой, өзіңнің ысығың ғой. Жәдікбай ысықтың қызы. Сол екі бала, екеуі де кішкентай» депті.
Оспан келген шаруасы – жұма күні қонаққа шақыра келгенін айтып, әнші бұл шақыруды құп алғасын мекенжайын беріпті. Ғарекең бастаған топ уәделескен уақытта келіп, дастарқан басында ән шырқаған Ғарекең бір кезде Жәмекті де ән айт деп қолқалайды.
Жәмек әкесі Оспан мен оның туған інісі Бозай екеуінің түйеге мінгесіп келе жатып, салатын әні «Бұқпа қараның»:
Астыма мінген атым бұқпа қара,
Шаң тисе ақ бетіңе ыққа қара.
Тұсыңнан ауылыңның ән салайын,
Танымасаң дауысымды шық та қара, – деген бір шумағын айтып берсе, Ғарекең бұған қанағаттанбай, енді Оспанға қарап «енді әнді үлкен нағашымның өзі айтады» депті.
Сонда Осекең «Біздің ауылдың жігіттерінің сіздің ауылдың қыздарына шығарған мынадай бір өлеңі бар» деп, өз қабілеті жеткенінше:
Шыңғырлау, Жетікөлмен мекеніміз,
Аққұба, қызыл шарқат шекелі қыз.
Ішінде қырық күн шілде ешкі бақсаң,
Емерсің ешкі түгіл текені қыз, – деп шырқай жөнелгенде айналасында отырғандар қыран-топан күлкіге батыпты.
Оспан болса, бұл өлеңнің шығу тарихын былай деп әңгімелепті. Аяқты мал ұзап кеткесін, ауыл маңында ұсақ жандық қалады екен. Соны баққан бозбала жігіттер шөлдегесін ешкіні еметін болса керек. Бұл әңгіме ауыл қыздарының құлағына шалынып, ақынжанды біреуі көңілі құлаған жігітке арнап осы өлеңді шығарып, қыздардың арасына тарап кетіпті дейді.
Әңгімесін аяқтай бергенде Ғарифол­ла нағашысы Оспанға қарап:
Көшпелі түйе құрсын тоқтамайтын,
Өзімнің арбам жақсы оттамайтын, – деп бір әнді қоя беріпті.
«Ән айт» деп қыспалаған соң ақын­жанды Жәмек те әншіге арнаған өлеңін айтып береді.
Мына біздің Ғарекең,
Асқақ әннің нары екен.
Ала білсең, ағайын
Асыл қазына бар екен.
Өнері өршіл осындай,
Азамат неге зар екен?
Армансыз болып өтпек ол,
Десек те дүние тар екен.
Уа, Ғарекем, Ғарекем,
Халқыңның әнің ары екен.
Әнге бас, енді әнге бас,
Тыңдайтын халқың бар екен.
Жәмек Ғарекеңнің күйтабақтағы әндерін тыңдап отырған Балғымбай қартқа «нағашы, інің Қыдыр айтқан өлеңін 1946 жылы Алматыға оқуға түскен жылы Ғарекеңе бергенмін. Соны қазір айтып жүр» депті.
Әнші Ғарекең өз жанынан ән шыға­ратын сазгер болатын. Алғашқы рет отыз бес әні, екінші рет тоқсан алты әні кітап болып шықты. Бірінші кітабына әнші Ғарекең Жәкеңе:
Ескерткіш жасап қымбат нағашыма,
(Тұрасың Гурьевтің қаласында).
Жолдаймын отыз бес ән шығармамды,
Айтып жай, барлық қазақ баласына, –
деп жәдитше жазып, қолтаңба беріпті. Екінші кітабын Жәкеңе кіші қызы Шаһаризада «папам өзі ауырып жат­қанда сізге бер деп еді» деп ұсыныпты.
Біз осынау сырлы мақаладан Оспан қарт пен әнші Ғарифолла Құр­манғалиевтің жақсы сыйлас екендігін, Бағымбай қарттың да әнші­нің күйтабақтарын жинап, ол орын­даған әндерді жалықпай тыңдап жүрген­дігінен оның өнерсүйгіштігін көреміз.
Балғымбай қарттың қаратөбелік әншіге бүйрегінің бұруының бір себебі арғы атасы Қаратау бидің жайлауы Қаратөбе өңірінде, батырдың ставкасы осы аймақтың Көкөзекте болуын іштей білуінде болса керек. Себебі бұрындары ысықтың көнекөз қариялары «Атамыз Қаратау бидің жаз жайлауы Қаратөбе өңірі, ал қыс қыстауы Қайыршақты өңірі» дегенін естісе де, оның қашан, қайда қайтыс болғаны бұл қарт үшін жұмбақ болса керек.
Өз заманында белгілі Құныскерей Қожахметов жайлы тапқан деректерімді «Қос батырдың хикаясы» деген кітабыма енгізіп, Қаратөбенің Жусандой бетінде Қаратау аталатын көне қауым бар екенін, Қаратау деген кісінің кезінде батыр, би болғанын естіп, журналистік әдетіммен дерек іздестіре бастадым. Қолыма тиген тұңғыш мәліметтерден жоғарыда аталған кітапқа қысқаша хабар бердім.

Қаратау кім еді?

Қаратау Өмірзақұлы деген кім еді? Қаратаудың руы Ысық – Сарысық. Байбақты Сырым Датұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының 1738-1797 жылдардағы азаттық қозғалысында ысықтар тобын басқарған. Орыс патшасына арыз жазып, оның рұқсатымен 10 мың үй ысықты Жайықтың бергі бетіне көшірген.
Қаратау Өмірзақұлы ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген. Оның би­лігін­де 3 мың түтінді құрайтын он мың ысықтар болған. Ол 1783-1797 жыл­дары он төрт жыл бойы үзбестен Сырым­­ның саясатын қолдаған. Сырым Датұлының қатысуымен ру қолбасшыларын өзінің жаз жайлауы –Көкөзек өзенінің бойындағы ұлысына жинап, өзекті мәселелерді шешкендігін тарихи еңбектерден оқып жүрміз.HASANOV
Қаратау бидің қыс қыстауы Қайыр­шақты – Гурьевтен 35 шақырым жерде. Теңіз жағасына шығып қалған қайыр­шақ (ракушка) көп болғасын ба қа­зіргі Теңдік ауылы Қайыршақты деп аталыпты.
1998 жылы қыркүйек айының бірі күні Қаратөбе ауданына келген экспе­дицияның жетекшісі, тарих ғылымының докторы Серік Әжіғалиев, аудан әкімінің сол кездегі орынбасары (қазір Қаратөбе аудандық мәслихаттың хатшысы) Батырғали ­Тойшыбаев үшеуіміз «Қаратау» қауымына келдік. Менің ішкі мақсатым – тарихшы ғалымға қауымдағы көне құлпытастарды оқытып, болса Қаратау бидің құлпытасын табу болатын.
Тарихшы ғалым құлпытастардағы жазуларды оқыды. Бір құлпытаста «Ақсары тайпасы Күнбай баласы Мұханбет 62 жасында 1859 жылы опат болған» деп жазылыпты. Биіктігі 1 метр 78 сантиметр екінші құлпытаста «Шеркеш Шумақ тайпасы Шерубай бөлімі 1850 яздым Ядыгер өлмек үшін яздырды Ахмет мырза» делінсе, үшінші құлпытаста «1866 Көкембай баласы»… Құмға көміліп қалғандықтан, арғы жағы оқылмады. Бұлардың арасында Қаратауға қойылған құлпытас кездеспеді. Уақытының аздығынан Серік Ескендірұлы көрші Сырым ауданында қалған экспедицияның екінші құрамына баратын болғандықтан, кетуге асықты.HASANOV-2
«Бекмағанбет» қыстағында тұратын малшы Ерсайын Сариевтің Қаратау бидің құлпытасы деп ақтық байлап жүргені шеркештің шерубай бөлімінің жігіті болып шықты.
Қаратау бидің зиратын іздеу барысында кездесіп сөйлескен кісілеріміздің бірі – Шөптікөл ауылдық округіне қарасты Бесоба ауылының тұрғыны, сейтектің шорманы Қайыпқали Отарғалиевтің кезінде «Бесоба» колхозының төрағасы болған әкесі Отарғалидан естігенін әңгімеледі.
HASANOV-1Қаратауға қойылған құлпытастың бас жағын жоқшылық жылдары біреу диірментас үшін сындырып алыпты. Сол уақыттан бастап зират құлпытассыз қалыпты.Түнде өзін әлденеңе мазалай берген соң әлгі кісі құлпытастың сол сынық бас жағын «Көкөзек» бойына кері әкеліп тастапты.
«Қауымның ортасында тұрған биік екі құлпытастың артында жатқан екі төбенің оң жақтағы біріншісі Қаратаудың зираты» деп айтушы Отарғалидың сөзін жеткізуші Қайып­қалидың айтуымен ғана зират табылды.
Қаратау бидің зираты қазіргі Жусандой ауылдық округінен күншығысқа қарай 7-8 шақырым жердегі «Бек­мағамбет» қыстағының бергі бетіндегі Көкөзек бойында. Әуелі биік мола болыпты. Кейін құлап, үлкен төбеге айналған. Қазір үстіне қалың қияқ пен ши шыққан.
Қаратау бидің моласы табылса да, құлпытасының сынығы кездеспеді. Құлпытастың сынығын іздеп табу, табылса оны арабша сауатты қариялармен келіп оқытып іздеу керек болды.
Артынан Мәрбан Бекмағанбетов деген қариямен келіп, Көкөзекке құяр жерде қалың шөптің арасындағы құлпытас сынығын тауып аударып көрдік. Жазулары анық сақталған, сынған құлпытастың бас жағы екен. Мәрбан ағай құлпытастағы көне жазуларды оқи алмағасын, жазуы бұзылмасын деп қайта аударып, баяғы күйінше қалдырып кеттік.
«Қос батырдың хикаясы» кітабында жазылған Қаратау би жайлы азын-аулақ деректерді оқыған шығар, әйтеуір Атырау арқылы Алматыдағы «Қазақойл» компаниясының жауапты қызметкері Болат Салық пен Тарғын деген жігіттер келіп, көне қауымда болды. Көрген-білгендерін Алматыдағы танымал азаматтарға жеткізетінін айтып, олар Атырауға кетті.
2001 жылы тамыз айының 28 күні Ал­матыдан Нұрберген бастаған жігіттер келіп, «Қаратау» қауымында болып, көне зираттарды аралап, құлпытастарды суретке түсірді.
MeshitҚаратөбенің Көкөзегі – Қаратау бидің кезінде ставкасы болған, жаз жайлауы дедік. Көкөзек өзенінің құя берісінде қалың шөптің арасынан Мәрбан ағай екеуіміз тапқан құл­­пытасты Нұрберген Өтепұлы Балғым­баев суретке түсіріп алды. Алма­тыға барғасын, араб тілінің мамандарына көрсетіпті.
Олар құлпытас сынығында құран хадисінен үзінді келтіріліп, «руы ысық, тайпасы сарысық, бөлімі… Умирзақ» деген жазуды оқыпты. Құлпытастың төменгі жағы болмағандықтан, Өмірзақұлы Қаратаудың қашан туып, қашан өлгені, белгіні кім қойғаны белгісіз болыпты. Десек те, бидің жерленген зираты бар, құлпытасы табылды.
Кесене тұрғызуға қажетті құрылыс материалдарын тиеп жеткізу үшін «КАМАЗ» машиналарының қиналмай жүруіне қолайлы кез – жазғытұрғы су кеуіп, жер аяғы кеңіген сәт десті олар. Сөйтіп, батыр бабасының басына белгі қоюды жоспарлаған Балғымбаевтар әулеті жер аяғы кеңіген соң Жусандойға келіп, көздеген мақсаттарына кірісуге қамданды.
2002 жылы мамыр айының 7-сі күні Нұрберген Өтепұлы өзінің бірге оқыған досы Ермекпен Қаратөбеге келіп, сосын Жусандой ауылдық округі аймағында Бекмағамбет елді мекенінің батыс бетіндегі Көкөзек бойындағы Қаратау қауымына соқты. «Көп кідірмей келіп, Қаратау бидің басына кесене тұрғызу үшін іргетасын құямыз. Құйылған іргетастың цементі әбден бекіген соң шамамен маусым айының ондарында келіп, мазарын көтереміз» деді олар.
Айтқандайын, көп жыл Гурьев облыстық партия комитетінің құрылыс бөлімінің меңгерушісі болған Өтәлі Балғымбаевтың сызуымен бейнеленген кесененің іргетасы Жусандой ауылындағы жұмыссыз жүрген жігіттердің күшімен құйылды. Олардың еңбекақысы Балғымбаевтардың есебінен күнде кешкісін қолма-қол төленді. Іргетас осылай даяр болды. Кесене тұрғызуға қажетті Самараның қызыл тастары тасылды.
2002 жылы маусым айының 4-10 аралығында Атырау қаласынан келген Атырау мұнай өңдеу зауытының, Ембі сәулет құрылыс мекемесінің құрылысшылары жұмыс жасады. Осылай өз қаражаттарына Балғымбай әулеті атынан Қаратау бабасының басына ескерткіш кесене тұрғызды.
Кесене ішіне қойылған мәрмәр плитаның алдыңғы бетіне «Сырым батырмен XVIII ғасырдың аяғында ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқан тарихи тұлға ҚАРАТАУ Өмірзақұлы, руы ысық – Сарысық. Белгі қоюшылар – ұрпақтары – Балғымбай әулеті. 2002 жыл» деп, екінші бетіне ақын Махамбет Өтемісұлының:
Еділ үшін егестік,
Тептер үшін тебістік.
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық.
Теңдіктің туын бермедік,
Теңсіздікке көнбедік! – деген жалынды жыры жазылды.

Мұнайшылар әулеті

Қаратау Өмірзақұлының рулық шежіресі былайша тарқатылады. Ысық – Сарысық. Қаратаудан – Кішембай мен Қашқын туған. Кішембайдан – Шонық, Дат, Мәстек, Жәңгүш деген төрт ұл болған. Шонықтан – Айтболат, Бәкен, Аңқы деген үш бала. Қашқынның моласы Доссордан Индерге қарай 80-90 шақырым жүргенде Баймөңке деген жерде.
Айтболат Шонықұлынан – Сұл­танмұрат, Қадір деген балалар өрген. Сұлтанмұраттан – Мүсіл (Мүсілимина), Ұлша деген екі қызы, Балғымбай деген ұл.
Балғымбай Сұлтанмұратұлы (1895-1972) мен бәйбішесі қаратоқай беріш Шомбалдың қызы Қилаштың (1894-1963 жж) Қойшығара Балғымбаев (1915- 1983 жж), Өтеп Балғымбаев (1917-1966 жж), 1923 жылғы Өтәлі Балғымбаев, Салтанат Балғымбаев (1929-1994 жж.), Мақаш Балғымбаев (1931-2005.2.01 жж.) деген балалары болған. Балғымбаевтар әулеті – Атырау аймағына белгілі мұнайшылар.
Атыраулық Қаржаубай Сұлтанғали­ұлы – Балғымбай әулеті туралы қалам тербеп жүрген журналист. Оның қала­мынан «Балғымбай әулеті», «Біздің Мақаш», «Мақаш Балғымбаев» деген кітаптар жарық көріп, Атырау өңірі жақсы білетін мұнайшылардың өмір, еңбек жолдарымен таныстырды. Белгілі мұнайшы-инженер, қоғам қайраткері Өтеп Балғымбаев 1966 жылдың 24 желтоқсанында қырық тоғыз жасында жұмыс үстінде бақилық болған.
Мақаш Балғымбаев – Республика­ның еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, мұнай өнеркәсібінің үздігі, Құрметті мұнайшы, Теңіз, Ботақан, Шығыс Мақат, Орталық және Шығыс Прорва кен орындарын тұңғыш ашушы. Геология-минерология ғылымының кандидаты, Республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерінің иегері.
2003 жылдың жазында Қаратөбемен көршілес Атырау облысы, Қызылқоға ауданының орталығында Балғымбай әулеті салған жаңа мешіт үйінің ашылу салтанатына арнайы шақырылып мен және Жусандой ауылдық округінің әкімі Рамазан Қыдырашев екеуміз барып, қатыстық. Мешіттің ашылуында Нұрлан Балғымбаев сөйледі.
Осы салтанатқа байланысты жа­йыл­ған дастарқан басында Атырау­дан келген қатысушыларға, Миялы ауылының қарияларына Өтеп Балғымбаев туралы замандастар естелігінен құрастырылған «Бір туар тұлға» деген кітап үлестірілді. «Жолдас және компания» баспасынан 2003 жылы шыққан бұл жинақты баспаға даярлаған және жалпы редакциясын басқарған белгілі жазушы, қоғам қайраткері Жәрдем Кейкін болатын.
Нұрлан Балғымбаев Қазақстан Республикасының Премьер-министрі болған кезінде Батыс Қазақстан облысымен тығыз байланыста болып, облыстың экономикасын көтеруде игі қызметтер атқарды. Соның ішінде облыс орталығынан шалғай жатқан Қаратөбе ауданының әлеуметтік тынысымен жақсы таныс болды. Нарықтық экономикаға орай қаражат тапшылығынан тоқтап қалған аудандық аурухана құрылысын өз көзімен көріп, батыр бабасы Қаратау жатқан қауымға баруды іштей жос­парлап, облысқа жасаған іссапарын ол Қаратөбе ауданының Егіндікөл ұжымдық кәсіпорнынан бастаған еді. Егіндікөл ауылында жаңадан салынып, пайдалануға берілген ауылдық мәдениет үйінің ашылу салтанатына қатысып, оның лентасын қиды. Арнаулы сыйға музыкалық орталық құралын табыстады. Қауырт жұмысына байланысты осы сапарында аудан орталығына, Қаратау зиратына да соға алмай шұғыл Алматыға ұшатын болып, Оралға кетті.
Алматыға барғасын Қаратөбедегі аудандық аурухана ғимараты құры­лысының жүруіне қажетті қаражат бөлуді назарында ұстады. Ақыры аурухана іске қосылып, оған МГУ-дің медицина факультетінің 1928 жылғы түлегі қаратөбелік Исләмғали Наурызәлиннің аты берілді. Аурухана қазір де аудан халқына қызмет көрсетуде.
Өтеп Балғымбаевтың туғанына 90 жыл толу қарсаңында Нұрберген Өтепұлы әкесі жайлы бейнебаян түсіруді Қаратау би бабасының жазғы жайлауы, өзекті мәселе шешетін ставкасы болған Көкөзек бойынан бастап, Қаратау кесенесін түсіріп, кезінде өздері салған Миялы селосындағы мешітте болып, оның имамымен кездесіп, мешіттің жағдайы жайлы әңгімелесті. Өтеп Балғымбаевтың Миялыдағы көзі тірі бірер құрдасымен кездесіп, сұхбаттасып, түсірілген фильмді Балғымбай абыздың тұяғы, ағалары соғыс және еңбек ардагері Өтәлі Балғымбаевтың естелігімен аяқтағанын білеміз.
Міне, көп жылдан бері Қаратөбе ауданы, Жусандой ауылдық округіне қарасты «Бекмағамбет» елді меке­ніне қарай жүрсеңіз алыстан мұнартып көрінетін қызыл кесене – батыр, би Қаратау Өмірзақовтің – кесенесі. Бұл тарихи тұлға – қаратөбеліктердің тарихи тақырыпта әңгіме қозғардағы тірегі, әрқашан мақтанышы.

Қайыржан ХАСАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның
Құрметті журналисі, Қаратөбе ауданының Құрметті азаматы

Батыс Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.