«Ана тілін» «Алтын дария» аман сақтап қалды

«Ана тілін» «Алтын дария» аман сақтап қалдыМереке Құлкенов, «Ана тілі» газетінің 1997-2006 жылдардағы Бас редакторы:

– «Ана тілі» газетін қиын-қыстау сәтте, өтпелі кезеңде
басқардыңыз. Газетті жабылудан қалай аман алып қалдыңыз?
– «Ана тілі» газетінің таралымы тоқсаныншы жылдардың аяғында мүлдем азайып кетті. Халықтың газет-журналға жазылуы түгіл, нан тауып жеуі қиынға соғып тұрды. Сол кезде маған Ақпарат министрлігін басқарған басшы, марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы «Ана тілі» газетіне Бас редактор болуды ұсынды. Алғашқы күннен бастап газетті қалай аман алып қалу, таралымын көтеру мәселесін қарастырдық. Бұрын тек қана тілді жазып келген газеттің тақырып аясын кеңейттік. Қазаққа қатысты түрлі мәселені көтеретін, әлеуметтік негіздегі газет болу керек деген идеяны негізге алдық. Әлі есімде, алғашқы санда бүкіл министрлерге сұрақ қойдық. Өздері басқарып отырған министрлікте мемлекеттік тілді қалай қолданып жатыр, мемлекеттік тіл жағдайын жақсарту үшін не істеу керек деген сұрақтар қойылды. Барлық министрлер қатысып жауап беріп шықты. Осы бір іс газеттің қайтадан түлеуіне, оқырмандарын тартуына алғашқы қадамдардың бірі болды.
Ол кезде қазіргідей бүкіл газет-журналдарға мемлекет тарапынан тендерлік дәстүрмен ақша бөлу мәселесі мүлдем болмайтын. Редакция қызметкерлерінің уақытында қаламақысын алуы да қиындап кеткен кез болатын. Сол кезде басқаша бір шараларға баруға тура келді. Сондықтан біз жан-жақтан «Ана тіліне» жанашырлар іздей бастадық. Құдайға шүкір, «Теңіз Шевройл», «Қазтүркмұнай», «Қазақойл» сияқты үлкен-үлкен компаниялар бізге қол ұшын берді.
«Ана тілін» «Алтын дария» аман сақтап қалдыҚазақ жерінде мұнайдың өндірілгеніне 100 жылға жақындап қалды. Қазақстанда өнеркәсіптің алғашқы жұмысшылар табы мұнай өндірушілер болып есептелінеді. Сондықтан Қазақстандағы мұнай бұрқағының қашан атқылағандығы жайлы, басында кімдер қызмет еткендігі туралы, қазақтар мұнай ісіне қалай келгенін айту, бір сөзбен айтқанда, қазақ мұнайының тарихын, қазақ мұнайының қазіргі өркендеуін, әлемдік экономикаға араласуын жазу үшін газетке қазақ тіліндегі қосымша керек деген ұсыныс айтылды. Оған бізге «Қазақойл» компаниясы көмектесті. Компания басында отырған қазақтың тарихын, әдебиетін жақсы білетін, қадірлейтін Балтабек Қуандықов деген азамат идеямызды бірден қолдады. Өйткені, дәл сол кезде еліміздің өнеркәсібін, оның ішінде, енді көтеріліп келе жатқан мұнайын жазатын қазақ басылымдары жоққа тән болатын. Міне, сөйтіп, «Ана тілінің» ішінде «Алтын дария» деген қосымша шыға бастады. Ол өзінің мақсатын толық орындады деп ойлаймын. Қазір сол кездегі газет тігінділерін қарасаңыз, қазақ өнеркәсіптеріне, қазақ мұнайының тарихына қатысты көптеген деректер жарияланды.
«Ана тілінің» бірте-бірте қалпына келіп, бұрынғыдай мықты газет болып шыға бастауына осындай мүмкіндіктер көмектесті.
– Сіз Бас редактор болып тұрғанда «Ана тілінде» шыққан
қандай мақалалар халық арасында дүмпу туғызды? Атап айтып берсеңіз…
– Жоғарыда айтып кеткендей, әкімдер туралы үлкен бір мақалалар циклін ұйымдастырдық. Сонда көптеген оқырмандардан хаттар келді. Бірі облыс әкімдерін мақтаса, бірі әкімдеріне көңілі толмайтын. Облыс әкімдері деген биліктің үлкен бір буыны ғой. Өйткені бұрын облысты компартия басқарса, оның атқарушы комитеті болса, қазір биліктің бәрі тек әкімге ғана тоқырайласқан кезде әкім болудың өзі халық алдындағы үлкен бір сын болып қалды. Әкім болу деген креслоны басқарып отыру емес, ол сол облыстың ыстығы мен суығына күю деген сөз ғой. Біз соны айтуға тырыстық. Сол мақсаттарымыздың біразы орындалды деп есептеймін. Өйткені біраз әкімдердің кемшіліктері, облыстағы халықтың хал-жағдайы сол айдардың аясында айтылды.
Сонымен бірге, ақпарат аясында Қазақстанда ешқандай шекараның жоқтығынан басқа, әсіресе, Ресейдің не болса, соны жазатын шұбарала газеттері қаптап келіп, кейінгі жас ұрпақтың санасын улап жатқандығы жөнінде материалдар шықты. Бұл халықтың арасында пікірталас туғызды. Газет Президентке бірнеше ашық хат жазды. Мысалы, жастардың арасында, жалпы халықтың ортасында алкоголизм, ішкіштіктің өршіп бара жатқандығы жөнінде материалдар жазылды. Қазір «Таң-Шолпан» журналын басқарып отырған Нұрлыбек Саматұлы деген азамат сол кезеңде үлкен мақала жазды. Қазақ қыздарының көшеге шығып кеткендігі, түнгі көбелекке айналып бара жатқандығы жөнінде жай мақала емес, адамды ойландыратын, толғандыратын көркем шығарма секілді шықты.
– Редакторлық тәжірибеңіздегі есте қалған айтулы күнді атап бере
аласыз ба?
– 2000 жылы «Ана тілі» арнайы ұйымдастырып, көлікпен Қазақстанды аралап шықты. Міне, сол сапарға шығардағы алғашқы күн әлі есімде. Өйткені біз осы сапарға тек қана редакцияның қызметкерлері емес, еліміздің тарихына, тіліне деген дұрыс көзқарасты адамдарды жұмылдырдық. Журналистермен қоса басқа мамандық иелері – экономистермен, медицина, заң қызметкерлерімен, геологтармен бірге шығып, халықтың әлеуметтік жағдайымен таныстық. Халықтың тұрмыс жағдайы, тілге деген көзқарасы, мемлекеттік тілдің іс жүзінде қолданылу дәрежесі деген мәселелер сол кезде айтылды. Сонымен бірге, жергілікті жердегі салт-дәстүрлер, кейбір белгісіз, тарихтың ұмыт қалған тұстары жинақталған кездері болды.
Жанұзақ ӘЛІМГЕРЕЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.