Мысықтың құпиясы көп

Әлем баспасөздерінде саяхатшы-мысықтардың таңғаларлық тарихтары жайлы ауық-ауық көлемді хабарлар жарық көріп жүр. Мынадай жағдайды айта кетейік. Бірде мысықты самолетпен 170 шақырым қашықтықта тұратын жаңа иесіне жіберген. Он бір күн өткеннен кейін ол бұрынғы үйіне кір-кір, қанға оралған қалпында оралады.

Бұл тәріздес хабарларды мысыққа үйір адамдар сүйсіне, таңдана қабылдаса, мамандар ұзақ уақыт бойы мұндай жағдайларға күмән туғызып, сенімсіздікпен қарап келді. Әсіресе, ең үлкен сенімсіздік, мысықтың бір күнде 15, 16 шақырым қашықтыққа жүре алатынында емес, оның бұрын өзі болмаған ортадан жол тауып, кері қайта білетін қасиетінің құпиялығында болды. Ол қай бағытқа, қалай бет қойып жүргенде үйді дәл табуды қалай біледі? Басқа үй жануарларына қарағанда, мысықтар жеке-дара түнгі серуендерге шығуға өте әуес. Олардың осындай «тұрмыс салтын» нақтылы бақылауға алғаннан кейін ғана ғалымдардың шүбәсі азая бастады.
Белгілі зоолог, неміс профессоры Ф.Швангард бір күні мысықты үйден 16 шақырым қашықтықтағы орманға апарып жалғыз қоя берген. Бірақ ол адам сенгісіз жылдамдықпен үйге қайта оралған. Профессор мысықтың ең шапшаң жүрісін ескере отырып есептегенде, оның өзін әкелген жолдан әлдеқайда төте жол тауып қайтқандығы анықталған. Апарып тастаған орын бұрын таныс болмаған.
Тәжірибе қайталанды. Зерттеушілер әр жаққа шығатын бірнеше есігі бар арнаулы қоршау жасайды. Содан соң бұл қоршаудың ішіне осы жерден 5 шақырым қашықтықтағы қаладан әкелінген ондаған мысықты қояды. Сонда қоршаудағы мысықтардың дені төте есіктен шығып, ең қысқа жолмен үйлеріне тайып тұрады.
Бұл көзқарасты қабылдау мысықтың болжағыштық тәсілін самолеттің аэродромды табу әдісімен салыстыруға мүмкіндік береді. Жануар «оптикалық есту» көмегімен алыстан акустикалық таныс дыбыстарды қабылдайды. Мұның өзі оған дұрыс бағыт сілтейді. Самолет те кеңістікте радиохабарларының көмегімен солай бағыт түзейді емес пе?! Нысанаға жақындаған сайын жолдың бағытын белгілеуге мүмкіндік беретін кейінгі ескертпелер келе бастайды. Мұндай жағдайда мысықтың құлағы радиолокациялық аспаптың рөлін атқарады. Осы тәріздес самолет те өзінің бағытын анықтап, қонар орнын дәл белгілейді.
Мысықтың өзгеден тыс ғажап қасиеттері мұнымен де бітпейді. Шешілмеген қаншама жұмбақтар бар десеңші онда! Мәселен, көңілі жайланып қанағат тапқан мысық өзінің жағымды қорылдауымен адам көңілін неге елжірететіні күні бүгінге дейін мәлімсіз.
Аяғы ауыратын адамның аяғына неге келіп сүйене беретіні де түсініксіз. Кейбір жұрт мысық адамды емдейді дейді.
Мысықтар жаратылысына тән салтпен өмір сүреді. Жалғыздық пен тәуелсіздікті ұнатады. Олай болса, олар түнде жиналып алып, ұзақ уақыт бойы бір-біріне неге қарап отырады? Бұл қайдан шыққан елжіреушілік? Мүмкін, мұнда бір сыр бар шығар? Келешекте бұл жайлы да білерміз.

С.ЕРДӘУЛЕТОВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.