Америкалық қазақ ғалымы

Кәсіптік-технологиялық зерттеу жұмы­сымен алпауыт Америка елінде өз атағын шығарып жүрген қазақ азаматы бар десек, бұған біреу сенсе, біреу сенбейді. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық уни­верситетінің Көптілді білім беруді дамыту орталығының жетекшілігімен, қытай тілі бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ ғалымы Нұршат Нұражыұлымен кездесу өтті. 

Ол Американың Массачусетс техно­ло­­гиялық институтының зерттеушісі, Техас технологиялық универси­тетінің профессоры, Нью Йорк city универ­ситетінен магистр және ғылым докторы атағын иеленген. Ғалым уни­вер­ситеттің музейімен танысып, алған әсерін ағылшын тілінде арнайы кітапқа жазып қалдырды.
Н.Нұражыұлы 1969 жылы ҚХР-дың Шыңжяң өлкесінде дүниеге кел­ген. Мектепті Шапшал қазақ орта мектебінде оқып, Шыңжяң университетінің химия факультетін бітіреді. Қытайдың орталық ғылым академиясында арнаулы ғылыми зерттеумен айналысып, Американың Нью Йорк қалалық университетінен магистр және ғылым докторлық атағын алған. Кейін Америкаға қоныс аударып, сол елдің азаматтығын қабылдаған. Қазіргі кезде Американың Техас штатында, Техас технологиялық университетінде зерттеуші мамандығымен жұмыс істейді. Жеке ғылыми зерттеу зертханасы бар. 2011 жылдан бастап біздің еліміздің бірнеше жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста. Атап айтар болсақ, Назарбаев университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, Қазақ Британ техникалық университеттерімен байланыс орнатқан. Шетелде жүріп, Қазақ елінің болашағына өзіндік үлес қосуда. Америкада жүрсе де қазақ тілінде таза сөйлейді.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагоги­калық университетінің Жаратылыс­тану факультетімен тығыз байланыс жасайтынын айтып, университеттің зертханаларының жоғары деңгейде жабдықталғанын көрген ғалым Қазақ елінің жас мемлекет болса да болашағы зор екендігін тілге тиек етті. Араға жылдар салып Қазақстанға келгенде «сырт көз сыншы» дегендей халықтың жылдан-жылға әл-ауқаты да артып келе жатқанын, қазақ елі дамыса өзінің де мерейі өсетінін тілге тиек етті. Аттанар кезінде Қыздар университетінің және басшылары қазақы салтпен сый-сия­паттарын жасады.

Серік Кәрімов

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.