Арманың аласармасын, «Ана тілі»!

Арманың аласармасын, «Ана тілі»! Емірене естелік айта қоятындай ұзақ уақыт емес, елеусіз өте шығатындай да өтпелі кезеңге ұқсамайды. 20 жыл! Газет беттерін парақтағанда 1004 нөмір, қалай айт, олай айт бұл бәрібір тасқа басылған өшірілмейтін өмір. Әрі сіз бен біздің өміріміз. «Ана тілінің» атақ-даңқы дүрілдеп тұрған шағында қызмет істедік. Бізге дейін Жақаң, Жарылқап Бейсенбайұлы бастаған жампоздар газетті бір ізге салып үлгерген-ді. «Ана тілі» тәуелсіздігіміздің іргесін бекітуге, рухани жан-дүниемізді байытуға, туған тіліміздің «тар қапастан» бостандыққа шығуына айтарлықтай үлес қосты. Сол әдемі үрдіс әлі күнге дейін жалғасып келеді.
«Қазақ әдебиетінде» ың-шыңсыз жұмыс істеп жүрген жерімнен «Ана тіліне» жаңадан редактор болып бекіген Мереке Құлкенов қызметке шақырды. Мемлекеттік тіл мәселесі күнтәртібіне өте қатаң қойылды, Мереке келе салысымен өзі қол қойған нөмірден бастап ана тіліне қырын қарайтындардың екі аяғын бір етікке тықты. Билік «Ана тілінен» кәдімгідей қаймығатын еді, «Ана тілімен» санасатын еді. Міне, сол күндерді қайтіп есіңе алмассың! Сайдың тасындай «сен тұр, мен атайын» ақ мылтық жігіттермен бірге қызмет істеген жылдар елесі де сол қалпында. Марқұм Марат Қабанбай, Нұрлан Мәукенұлы… егде тартса да жас жігіттерден қалыспай жедел қимылдайтын Сәкең, Сабыржан Шүкірұлы, аузын ашса көкірегі көрінетін Ертай Айғалиұлы, Төлеш-Төлеген, Салтанат, Дағжан, Раушан, Берен, Жұмағазы… қайсыбірін айтып тауысарсың, осы азаматтармен бізді «Ана тілі» табыстырды, бауырластырды, ағайынға айналдырды.
Сүйікті газетімнің әрбір санын тағатсыздана күтіп жүремін. «Ана тілінің» абырой-беделі Жұмабектің кезінде де, Бауыржан басқарғанда да, бүгінгі Саматтың тұсында да бір мысқал төмендеген емес. Ана жылы Ақтөбе облысы, Шалқар ауданына барғанымда бір мектеп оқытушысының «Ана тілінің» тігіндісін жасап, оны жерлестерінің атан түйе қалағандай уақытша пайдалануға сұрап алатындығын көргенде елдің газетке деген шексіз сүйіспеншілігіне толықтай көзім жетті.
Мұнан артық не керек?! Арманың аласармасын, «Ана тілі»!
Қуаныш ЖИЕНБАЙ,
1999–2003 жылдар аралығындағы газет редакторының орынбасары

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.