Бедерлі белес

«Аттан аттың несі артық, қазанаты бір басқа. Адамның адамнан несі артық, азаматы бір басқа» дегендей, осы мақаланы жазуға мұрындық болған, біріншіден, кейіпкеріміз техника ғылымының докторы, профессор Әкімғали Кенжеғалиевпен Каспий теңізіне мұнай қалдықтарының төгілуі, ластануы және  оның зияны жөнінде ғылыми жобаға қатынасып, бірге баруымыз еді. Сол кезде ағамыздың сабырлы, байсалды, мәдениетті, сырбаз да кербез жан екеніне көзіміз жетті. Екіншіден, уақыт шіркін қандай жүрдек, жалына жармасқанға дес бермейтін шапшаңдығы сол – осы атпал азаматымыз жетпіс деген мерейлі жасқа келіпті. 

Әбекең 1946 жылдың 23 ақпанында Теңіз ауданы (қазіргі Құрманғазы ауданы) Жыланды елді мекенінде дүниеге келді. Котявка ауылындағы Н.Крупская орта мектебін бітірді. Зеректігімен әрі ұйымдастырушылық қабілетімен мектеп қабырғасында көзге түскен оның алдында сан тарау таңдау тұрды. Атырау мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 1966 жылы физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдайды. Институттан кейін 1966-1967 жылдарда әскерде азаматтық борышын өтейді. Содан кейін халқымыздың нақылын ұстана отыра, «туған жердің түтіні де ыстық» дегендей, 1972 жылдың тамыз айына дейін Құрманғазы ауданының Шортанбай ауылында орта мектепте физика пәнінің мұғалімі қызметін абыроймен атқарады. Бұл Әбекеңнің тұлға ретінде қалыптасу жылдары еді. Мақсат таңдау, сол мақсатқа талмай-шаршамай жету, елге, қоғамға пайдалы қызмет жасау.
Әкімғали ағаның үнемі айтып отыратын мынадай қағидасы бар «Я Алла, маған қолымнан келетін істі атқаруға қуат бер. Қолымнан келмейтін іске ұмтылмайтын ерлік бер. Екеуін бір-бірінен ажырататын ақыл бер» деген шығыс даналығы еді. Осындай тұжырымдарына берік Әбекеңнің ғылымға келуі уақыт еншісінде еді. Ғылыми қызметі 1972 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының «Мұнай химиясы және табиғи тұздар» институтында басталды. Ол осы институтта инженер, кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер лауазымдарын атқарды. Мұнайды өңдеуге дайындау мәселелерімен, мұнайды механикалық қоспалардан, судан ажырату әдістерін және құрылғыларды жасақтаумен айналысты. Біліктілікті, кәсібилікті талап ететін мұндай жұмыстар Әбекеңді одан әрі шыңдап, ширықтыра түсті.
1988 жылдың мамырының 1998 жылдың шілде айына дейін «Казгидромет» РММ жүйесінде Теңіз кенішінің атмосфералық ауасының экологиялық жағдайын бақылайтын экспедициялық құрылымның жетекшісі болды. Ал 1991 жылы қаңтар айынан бастап, оның ұсынысымен «Казгидромет» РММ құрамында Гурьевте, республикада алғашқылардың бірі болып, табиғи ортаның ластануын бақылайтын «Батыс Қазақстан» орталығы құрылып, оған директор болып тағайындалды. Қиын да күрделі шаруалар шаш етектен екеніне қарамастан, жастайынан еңбектің қазанында қайнап өскен майталман қолға істерін дөңгелетіп әкетті. Осы жылдарда Орталық, Батыс Қазақстан аймағында орналасқан мұнай өндірісінің қоршаған табиғи ортаға тигізетін әсерлеріне шаруашылық келісім шартпен қызмет көрсетіп, ізденістер жүргізіп, олардың нәтижелерін республикада және ТМД-да шығатын ғылыми журналдарда жариялап отырды. Бұл мекеме жетпістен астам отбасының табыс көзіне айналып, ұжым өз қаражатына облыс орталығына сән беретін Құлманов көшесінде орналасқан үш қатарлы әкімшілік-зертханалық ғимарат тұрғызды. Оның зертханасында Атырау мұнай және газ институтының «Қолданбалы экология» мамандығы студенттері дәріс алып, зертханалық жұмыстар жасады. Қазір ол нысан облыстың алуан ұлттарының бас қосып, мәдени шаралар өткізетін «Достық үйіне» айналды.
Ғалым өзі бүге-шігесіне дейін зерттеген тақырыбы — «Жоғарғы кернеулі электр өрісіндегі сұйық диэлектрдің электрөткізгіштің механизмі» атты кандидаттық диссертациясын аяқтап, «Д.В.Сокольский атындағы Органикалық катализ және электрохимия» институтының (К-008.06.01) диссертациялық сәтті қорғап шықты. Бұл 1993 жыл болатын. 1996 жылдың шілде айында «Батыс-Қазақстан» орталығы, «Каспий маңы ғылыми орталығы», ал 1998 жылы «Мониторинг» ЖШС болып қайта құрылған мекемеге басшылық жасады. 1998-2003 жылдары «Каспий экологиялық бағдарламасында» республика бойынша Каспий теңізінің ластануын зерделейтін сараптамашы ретінде қоғамдық негізде жұмыс атқарып, мемлекеттің «Каспий ұлттық әрекет жоспарын» жасақтаушылардың бірі болды. 1998-2002 жылдың желтоқсан айына дейін Әбекең Атырау мұнай және газ институтының «Қолданбалы экология және балық шаруашылығы» кафедрасында оқытушылық қызметін атқарып, дәріс берді. Міне, осы кезеңнен оның жоғары оқу орнындағы ұстаздық қызметі басталды деуімізге болады. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтпақшы, шәкірттерді сапалы даярлауға ден қойды. Жаңа білім көздерін үйретіп, мықты маманға айналуына жол ашты.
2001 жылы ҚР Білім және ғылым ми­нистрлігінің Жоғарғы аттестациялық комиссияның шешімімен ғалымға экология доценті атағы берілді. 2002 жылы қыркүйекте институттың академиялық профессоры атанды. Еселі еңбектің жемісі дегеніміз осы болса керек. 2003 жылдың қаңтарынан бастап, аталған кафедраның меңгерушілігіне тағайындалып, 2005 жылдың қыркүйегінен кафедраның профессоры қызметіне ауыстырылды. Өз ісінің жанашыры, өмірден түйгенін үнемі бөлісіп отыратын ерекшелігі де бар азаматтың айналасында өзін үлгі тұтатын әріптестері көп болды.
2009 жылы Әбекең М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Д014.13.02. диссертациялық Кеңесінде «Мұнайгаз саласының Каспий теңізінің суына әсерін бағалау және азайту технологиясы» 25.00.36 – геоэкология мамандығы бойынша докторлық диссертациясын қорғады. Халқымыз: «Ұстаздық – ұлылық емес, ұлы қасиет» дейді. Себебі ұрпақты нәрімен сусындатып, олардың бойына адамгершілікті, мейірімділікті, парасаттылықты дарытушы – осы ұстаз. Әкімғали Кенжеғалиұлы студенттер мен мектеп оқушыларын ғылыми жобаларға тартып, республикалық, халықаралық сайыстарға қатысуға дайындап, қомақты табыстарға жетуіне қол ұшын берді. Мектеп оқушылары қалалық, облыстық, республикалық ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Мысалы, қаламыздың №34 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушылары Мадина Рахметова мен Дана Сағитова «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеулер бойынша Байқоңыр қаласында 2015 жылдың 1-5 сәуір аралығында ХI халықаралық ғылыми жобаға қатынасып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің сертификатына ие болып, «Дарын» грамотасымен марапатталған болатын. Осындай жетістіктері айта берсек көп.
Жамбыл орта мектебінің оқушысы Мереке Есениязов 6-шы қалалық ғылыми жарыста екінші орын алса, Облыстық ғылыми жоба жарысында «Адам денсаулығы және қоршаған ортаны қорғау» секциясы бойынша жүлдегер атанып, 3-ші дәрежелі дипломмен және Қазақстан Республикасының 20 жылдығына орай 3-ші республикалық жас экологтар форумының аясында «Жер шары тұрғындарының экологиялық кодексі» тұсаукесерін өткізгені үшін ҚР БжҒ министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының арнайы дипломымен марапатталған.
Институттың 2005 жылғы түлегі Меруерт Төлегенова Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде өткен «Студент және ғылым: шығармашылығы, келешегі» атты 5-ші Республикалық студенттік ғылыми-техникалық конференцияның, жаратылыстану, техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық және экономикалық ғылымдар саласындағы озық ғылыми жұмыстардың Республикалық байқауының 1-ші кезеңінің қорытындылары бойынша үздік нәтиже көрсеткені үшін 1-ші дәрежелі дипломға ие болды. Ал тағы бір шәкірті Мая Чинникова «Мұнайгаз 2009 Алтын қор» 2-ші халықаралық сайысының финалына қатынасып, «Экология» аталымы бойынша дипломымен және сол жылғы «Үздік түлек» атанды.
2011 жылы сәуір айында ҚР Білім және ғылым саласындағы Бақылау комитеті зерттеушіге «экология» мамандығы бойынша профессор атағын берді. Әкімғали Кенжеғалиұлының Каспий теңізінің ластануы мәселелеріне арналған тақырыбы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Ғылым Комитеті жариялаған гранттық қаржыландыруды жеңіп алды. Осы ізденістердің нәтижесі ғылыми монография түрінде АҚШ-тың солтүстік Каролина штатының «Lulu Press» баспасында жарияланды. Сонымен қатар 160-тан астам ғылыми мақалалар республикалық, халықаралық, ғылыми журналдарда жарияланды. Әкімғали Кенжеғалиұлының жетекшілігімен 1999 жылы әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің диссертациялық кеңесінде қоршаған ортаны қорғау және табиғи қорларды тиімді пайдалану мамандығы бойынша бір ғылым кандидатын, техника және технология және экология мамандығы бойынша ондаған магистрлерді дайындап, қорғатып шығарған. Ол 6 ғылыми монографияның авторы, ҚР үш алдын ала және бір инновациялық патентінің, КСРО 16 авторлық куәлігінің иегері, оның екі оқу құралы институттың үздік оқулығы атанды. Жоғары оқу орындарының қауымдастығы «Саңлақ автор» А.Байтұрсынов медалі табыс етілген. Мұнайгаз өндірісіне инженер және ғылыми мамандарды дайындаудағы үлесі үшін ҚР кәсіподақтар федерациясының «Құрмет грамотасы» және «ҚР білім беру ісінің қызметкері» төсбелгісімен, «Экологияға сіңірген еңбегі үшін» В.И.Вернардский, «Экологияға қосқан үлесі үшін» М.В.Ломоносов медалімен және «Құрмет жұлдызы» орденімен марапатталды. Халықаралық экология және тіршілік қауіпсіздігі ғылым академиясының (МАНЭБ) толық мүшесі. Каспий маңы университеттері Ассоциация­сының дамуына қосқан үлесі үшін «Каспийдегі бейбітшілік» және Қазақстан Республикасының ғылым саласындағы ерекше еңбегі үшін 2013 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі берілді. Ә.Кенжеғалиұлы бүгінде Атырау облысы, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы.
Міне, Әбекеңнің өмір белестеріне, жеткен табыстарына қуана отыра, қазақта осындай болмыс-бітімі бөлек, білімі терең, парасат-пайы­мы биік азаматтар көп болса, алар белестеріміз де көбірек болмақ деген ойға келеміз…
Әкімғали Кенжеғалиұлы өнегелі отбасы, алты баланың әкесі, ұлы Батырбек, келіні Мейрамгүл және үлкен қызы Алмагүл ұстаздық жолды таңдап, жоғары оқу орындарында жас ұрпақты тәрбиелеумен айналысады. Ал ортаншы қызы Дина экология саласында қызмет атқарады, оны туған табиғаттың тамаша көріністерін бейнетаспаға түсіріп, кино режиссерлік бейімділігін дамытуды армандайды. Жанұяда ұлттық музыка тыңдауға да, ғылыми жаңалықтарды зерделеп, пайымдауға да көңіл бөлінеді. Кенже ұлы Ғали саз аспаптарының қыр-сырын меңгерумен машықтануда. Мерейлі жетпіс жасқа келіп, ел ардақтысына айналған Әбекеңе немере-жиендерінің қызығын көріп, жеңгемізбен шуақты күндері көп болып, бәйтеректей мәуелі қария болуды нәсіп еткей деген ілтипат білдіреміз.

Болат Сырымұлы,
Атырау мұнай және газ институтының доценті, тарих ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.