Жылдың үздік жоғары оқу орны

Іргетасы осыдан елу жыл бұрын қаланған Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті еліміздің батыс аймағында жетекші оқу орындарының біріне айналды. Университет құрамында педагогика, сондай-ақ экономика және құқық институттарында, алты факультетте мемлекеттік білім грантымен және ақылы негізде тоғыз мыңдай студент білім алуда.

Осы замандық талаптарға сай жа­рақ­тандырылған сегіз оқу корпусында шәкірттерге 600 оқытушы дәріс беруде, олардың 35-і ғылым докторы, 6-уы PһD докторы, бұдан өзге 288 ғылым кандидаты мен доценттер жұмыс істейді. 14 оқу залы бар Ғылыми кі­тапхана, Студенттер сарайы, Жастар сарайы, екі студенттік жатақхана мен дербес емхана, спорт ғимараттары бі­лімге құштар қыз-жігіттер үшін үлкен мүм­кіндіктер туғызып келеді. Соның нәтижесінде соңғы үш жылда жүз­ден ас­там үздік студенттер АҚШ-тың, Еуропа мен Азияның жоғары оқу орында­рын­да семестрлік оқудан, сынақтан өтті.
Өткен жылды сәтті қорытынды­лаған университет ұжымы таяу­да үлкен қуанышқа ие болды. Республикалық қоғамдық-саяси «Президент және халық» газеті мен «Уақыт таңдауы – Выбор времени» агенттігі бірлесе жүргізетін үздіктерді анықтау жобасында оқыту жүйесіне жаңа технологияны енгізудегі табыстары үшін Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті «Жылдың үздік жоғары оқу орны» атағына ие болды. Жақында Студенттер сарайында өткізілген жиналыста «Президент және халық» газетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Марат Тоқашбаев оқу орнының ректоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым акаде­мия­сының академигі, профессор Кенжеғали Кенжебаевқа арнайы сертификатты тапсырды.
Салтанатты шара барысында физика-матемика ғылымының ­докторы, профессор Игорь Спивак-Лавров, филология ғылымының докторы Жұбаназар Асанов, педагогика ғылымының кандидаты Светлана ­Дос­жанова, заң пәндері кафедрасының аға оқытушысы Айгүл Бекбауова «Білім беру саласындағы еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
журналист

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.