Абысын-ажын

Тілімізде жай ғана «абысындар», «қыз балалар» деп жалаң айта салудан гөрі, «абысын-ажын», «қыз-қырқын» деп айту қазақ менталитеті тұрғысынан көркем де әсерлі, астарлы да танымдық мәні бар қолданыс. Алайда аталмыш қос сөздердің құрамындағы мағыналары күңгірттенген ажын, қырқын сөздерінің шығу төркінін, қазақ тіл білімінің көрнекті ғалымы, академик Әбдуәли Қайдардың «Қазақ тіліндегі қос сөздер: зерттеу және сөздік» атты еңбегінде (Алматы: Сардар, 2013. 37-43 бб.), төмендегіше тарқатады: 

АЖЫН: абысын-ажын – туыс, ағайындас адамдардың әйелдері. Мысалы, Бұрынғыдай ауысып тамақ беру абысын-ажын арасынан кейін кетті (1, І, 40 б.).
Абысын-ажын – қазақ тілінің сөздік құрамында ертеден келе жатқан көне де байырғы қос сөздерінің бірі. Қос сөздің абысын сыңары – түбірі айқын болмаса да (апа + сіңлі > абысын деп жобалауға келетін сияқты) тілімізде жеке-дара қолданылып жүрген дербес сөздердің бірі. Мағыналас қос сөздердің табиғатына тән заңдылық бойынша көмескіленген сыңарының (бұл жерде ол – ажы) мағынасын мағынасы айқын сыңарының төңірегінен іздеген жөн.
Міне, осы принцип бойынша жүргізілген этимологиялық барлау *ажы сыңарының төркінін «туыс-жақын» ұғымының ауқымынан іздеуді талап етеді. Шынында да, ол солай. Мысалы, Далада малшы атаулы бір-біріне кездессе, … ас үстінде үй іштері – абысын-ажын, күң кездессе, тегіс сөйлейтін сөзі осы болды (М.Әуезов). Осы мысалдағы қос сөз құрамындағы абысынға қосарланған ажын сөзі ағайындас адамдардың әйелдерінен басқа әйел, еркек қауымынан тағы кімдерді білдіруі мүмкін деген заңды сауал туады.
Осы тұрғыдан алып қарағанда, қазақ тілінің өзінен де, басқа түркі, моңғол тілдерінен де көптеген деректерді келтіруге болады. Бірақ олардың бәрі «ажа» деген сөзге тұлғасы жағынан жақын немесе сәйкес келе бермейді. Кейбір заңды өзгешеліктерін ескергенде сәйкес келетін мына сөздер мен олардың мағыналарының біразын әртүрлі дереккөздер бойынша атап өтейік:
1. Көне түркі жазба ескерткіштерде ачі//ачы//әчі//өчі тұлғасында «үлкен туыс», «үлкен аға», «туыс», «үлкен әже» «аға», «баба» мағыналарында кездеседі. Бір мысал: Äl äтміс Jабғу оқлы Сабра тамқан чур jоқа інісі Ыlдä Сабра тамқан таркан jумғылық бäс jäтміс äчім атым. Бұл ескерткіште äчім – «менің бабам» мағынасында (2, с. 9);
2. *Ажын атауы В.В.Радловтың еңбегінде: аjа (алтай тілі бойынша) – «әже», «әкемнің апайы» (3, І, с. 199), ачы (телеуіт тілі бойынша) – «кіші іні», «бауыр», «туыс», «кіші әпке» (3, І, с. 503) т.т.
3. Махмуд Қашғаридың «Дивану луғат-ит турк» сөздігінде: ﺎﺠﺍ [ача] – ‘үлкен әпке’, ﯽﺠﺍ [äже] – ‘әже’ мағынасында (4, 114 б.).
4. Бүгінгі ұйғыр тілінде: ағичә//егичә – ‘старшая сестра’; егичә-сиңил – ‘апалы-сіңлі’, келін-ағичә ‘келін’.
5. Қазақ тілінің өзінде: әже – ‘үлкен ана’, ‘әке-шешенің аналары’; ажа («қой!» дер қожа, «ай» дер ажа жоқ) – ‘әулеттің үлкені’ мағыналарында кездеседі.
6. Бұл сөз моңғол тілдерінде, диалектілерінде де жиі қолданылады екен. Мысалы: «Сокровенном сказании…» атты сөздікте: ejen (көпше түрі – ejed) – ‘хозяин’, ‘владыка’; ‘владелец’ (түбірі – ажа//еже). Бұл сөздің аči~oči – ‘внук, племянник’, esi~isi – ‘знатная дама, принцесса’ тұлғасында, ajai – ‘батюшка’, ‘старший’, ejei – ‘мать, матушка’ тұлғасында оңтүстік моңғол тілдерінде кездесетінін Б.Я.Владимирцов атап көрсетеді (5, с. 130-131, 146-150).
Бұл деректерге қарағанда, біріншіден, *ажы сөзі түркі тілдеріне тән атау екендігін аңғарамыз. Екіншіден, түркі тілдерімен қатар моңғол тілдерінде де кең тараған, шығу төркіні ортақ көне де байырғы сөз екенін көреміз. Үшіншіден, көнелігінің бір белгісі ретінде өте кең мағынада қолданылғандығы. Мысалы: 1) бабушка; 2) старшая сестра; 3) сестра; 4) сноха; 5) дядя; 6) старший брат; 7) дедушка; 8) предок; 9) племянник; 10) младший брат; 11) родственник; 12) внук; 13) знатная дама, принцесса; 14) хозяин, владыка, т.б. осы қатардағы туыстық, биліктік қатынасты білдіретін мағыналар. Төртіншіден, *ажаның тұлғалық варианттары – ажа~ежен~әже~ача~егичә~ачы… – бәрі түркі, моңғол тілдерінің дыбыс алмасуына тән фонетикалық модификациялар нәтижесі.
Бұдан шығатын қорытынды: қазақ тіліндегі қос сөз сыңары – *ажын бір заманда түркі-моңғол тілдерінде өте кең шеңбердегі мағыналарының ішінен *абысын деңгейдегі әйел қауымына тән мағынасында (ол «әже», не «апа/әпке», «сіңлі» мағыналарының бірі болуы мүмкін) абысын атауымен жұптасып, үй ішіндегі барша әйел қауымын білдіретін жалпылама мағынаға ие болған қос сөздің сыңарына айналған. Мыс.: Ұялмаған ажынын да жұмсай алады (Қытайдағы қазақтар мақалы). Сөз соңындағы -н (ажа+н) моңғол тілдеріне тән жекешелікті білдіретін жұрнақ. Қазақ тілінде бұл қос сөз жиі қолданылатын тұрмыстық лексемаға жатады.
ҚЫРҚЫН: қыз-қырқын – ‘қыз балалар тобы’; ‘жасөспірім, бойжеткен қыз балалар’. Мысалы: Үкісі бұлғақтаған қыз-қырқын, аттарын тайпалатып ерсілі-қарсылы жосылтып жүрген бозбалалар (С.Жүнісов).
*Қыз-қырқын қос сөзінің екінші сыңары – *қырқын сөзі қос сөз құрамында қаншама жиі қолданылса да, мағынасы бүгінде көмескеленіп кеткендіктен тілімізде жеке-дара қолданылмайды. Алайда бұл сөз көптеген түркі тілдерінде жалпы әйел қауымына қатысты әртүрлі мағынада жиі қолданғандығы айқындалып отыр.
Бұл қос сөз сыңарын зерттеуші ға­лым­дар оның көне жазба ескерткіш­терден тартып, бүгінгі тілдердің біра­зында кездесетіндігін айқындап отыр. Енді сол бұлақтардағы қолданысы мен мағыналарын санамалап шығайық:
1. ХІІІ ғасырдың жазба ескерткіші «Хұсрау-Шырын» поэмасында *қырқын сөзі «күң» (‘рабыня’) ма­ғынасында жеке-дара түрінде де, қыз-қырқын – ‘рабыни, невольницы’ қос сөз түрінде де қолданылғандығы айқындалған (6, 103 б.).
2. Б.Аталайдың аудармасында жа­рияланған Махмуд Қашғаридың «Сөздігінде» қыз-қырқын ﻦﻗﺮﻗ ﺯﻗ – ‘невольница; рабыни’ (өзбекшесінде – ‘чурилар’) (4, І, 274 б.).
3. Бүгінгі түркі тілдерінің кейбіреулерінде де қырқын сөзі ‘жас келіншек’ мағынасында (мыс., татар, т.б. тілдерде) кездесіп қалады.
Қалай болғанда да, қырқын сөзі бір кездерде түркі қауымында кең түрде болған, кең түрде қолданылған сөз екенінде ешбір дау жоқ. Ал бұл сөздің қыз түбірінен қырқын (<қыр+қын) болып өзгеруіне келетін болсақ, ол туралы мамандар тарапынан 2-3 түрлі пікір-жоба айтылып келеді.
Соның бірі – К.Гринбек тарапынан айтылған пікір. Ол қырқын сөзін қыз ‘девица’ сөзінің гÿн//кÿн көптік-жинақтау жалғауын қабылдау арқылы жасалған көптік тұлғасы (қыз>қыр+қын) – ‘девицы’ (7, с. 86) – деп қарайды. Ол көне түркі көптік жалғауының қолданысын дәлелдеу үшін төркін сөзін келтіріп, оның да төр+күн (‘родня жены’, ‘родители, все родственники жены’, ‘место, где собирается племя’, ‘отчий дом’) құрамынан тұратынын ескертеді.
Қырқын төркіні туралы екінші көзқарас – оның құрамындағы *қын<гÿні түрікмен тіліндегі «кіші әйел», «тоқал» (‘младшая жена’ или ‘молодая рабыня’) (8, с. 44).
Сонымен, қыз-қырқын қос сөзінің құрамындағы *қырқын сыңарының төркінін, біріншіден, қыз (‘девушка’) сөзінің бір замандарда (мәселен, шуаш тілінде қазір де) ротацизм заңдылығы бойынша [з~р] дыбыстарының ауысып айтылуына байланысты қыз>қыр+күң болып, одан түбір сөз ыңғайына қарай жалғау жуанданып, қыр+қын тұлғасында қалыптасқан.
Бірақ біз үшін қын<күн//күң компоненті жалғау ма, жоқ әлде «күң» деген (‘рабыня’) жеке сөз бе, осы жері әлі айқын емес. Егер көптік жалғау болса, онда *қырқын сөзінің мағынасы «қыздар», «жас қыздар» болуға тиіс. Ал, егер күң (‘рабыня’) болатын болса, онда тұрмысқа шықпаған «қыз күңдер» болып, өткен бір дәуірлердің жағдайын көз алдымызға елестетуі ықтимал.

Әдебиет:
1.Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Т. I. – Алматы: Ғылым, 1974.
2.Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности: Тексты и исследования. – М.: Академия наук СССР, 1951. – 447 с.
3.Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. – Т. І-ІІІ. – Спб., 1905.
4.Kaşgarlı Mahmut, Divanü Lugat-it Türk Tercümesi I, 2.b., Çev., Besim Atalay, Ankara: Türk Dil Kurumu Yay., 1985, 530 s.
5.Владирмирцов Б.Я. Сравнительная грамматика монгольского письменного языка и хакасского наречия. – Л.: Тип. АНСССР, 1929. – 223 с.
6.Ибатов Ә.М. Құтбтың «Хусрау уа Шірін» поэмасының сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1974. – 279 б.
7.Grönbech К. Der türkische Sprachbam…16. – Kopenhagen, 1936.
8.Кононов А.Н. Родословная Туркмен: Сочинение Абул-Гази Хана Хивинского / АН СССР Институт востоковедения. – М-Л: АН СССР, 1958.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Ілияс

    М қазақ сөздігін жазар адамда ойланып жазатын еді діймінда мына жерде қырғызша жазғандай қой дер қожа. ай дер ажа жоқ енді осы жерде былай жазылса қой дейтін қожа ай дейтін əже жоқ біз кəзіргі кезде сөзіміз ден сөйлемдерімізден де айырлып жатырмыз. …

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.