Алматы ажарлана береді

Осы аптада Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев Алматы қаласында болып, шаһардың дамуы мен Универсиадаға дайындық барысымен таныс болып, бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Жұмыс сапарын Нұрсұлтан Назарбаев Grand Park Almatу сауда орталығының жаңа ғимаратында орналасқан гипермаркеттің халыққа қызмет көрсету сапасымен танысудан бастап, Қазақстанда жасалып, қалың тұтынушының көңілінен шығып үлгерген отандық өнімдердің өтімділігіне арнайы көңіл аударды. Мемлекет басшысын Алматы қаласында жаңадан ашылған сауда орталығының жұмысымен таныстырған сарапшы мамандар сауда саласы мен жалпы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты негізгі көрсеткіштер туралы баяндап берді.

Одан кейін Мемлекет басшысы Алатау ауданында орналасқан Мұз аренасы спорт кешені мен спортшыларға арналған тұрғын үй қалашығымен танысты. Бұл еліміздегі ең алып мұз аренасы екенін айта кеткен жөн. Мұнда 2017 жылы қысқы Универсиаданың ашылу және жабылу рәсімі, сондай-ақ мәнерлеп сырғанау мен керлингтен жарыстар өтетін мұз айдындарында болып, осы жылдың тамыз айында қолданысқа берілетін спорт нысандарының құрылысына өз бағасын берді. Елбасы қала әкімі мен Универсиада дирекциясының басшылығына бірқатар тапсырма беріп, аталған нысандарды Универсиа­дадан кейін халық игілігіне тиімді пайдалану жолдарын қарастыруды тапсырды.
Нысандардың салыну барысымен таныс болған соң Елбасы Алматы қаласын дамыту және 2017 жылғы XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға дайындық жұмыстары жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында Мемлекет басшысы қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Алматы облысындағы автомобиль жолдары желісін, инновациялық кластер және «Инновациялық технологиялар паркі» арнаулы экономикалық аймағын дамыту барысымен танысып шықты.
– Алматы ірі экономикалық орталық ретінде қалыптасты, ол республикалық бюджеттің доноры болып табылады және бүгінде ішкі жиынтық өнімнің бестен бірін қамтамасыз етіп отыр. Алматы жетекші білім орталығы, мұнда еліміздегі жоғары оқу орындарының 40 пайыздайы шоғырланған. Сондай-ақ қалада еліміздегі 86 ғылыми-зерттеу институты мен 11 мың ғылыми қызметкерлерді қамтитын, инновация мен экономиканың ғылыми қамтымды секторларын дамытуға қомақты үлес қосуы тиіс салмақты ғылыми әлеует бар. Бұған қоса, 17 республикалық мәдениет және өнер ұйымы жұмыс істейді. Халықаралық деңгейдегі қазіргі заманғы спорт нысандарының желісі құрылған, олар алматылықтарды ғана емес, өзге өңірлер мен елдерден айтарлықтай мөлшерде туристер тартып отыр. Тура бір жылдан кейін, осы уақытта өтетін дүбірлі дода – Универсиадаға деген дайындықты көріп, барлық спорт нысандарында болдым, дайындық жұмыстарына көңіл толарлық, алайда әлі де атқаратын жұмыстарымыз ұшан-теңіз, – дей келе, Мемлекет басшысы қала әкімдігінің атқарып отырған қызметі мен қала дамуына қосып отырған үлесіне оң баға берді.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан ­Байбек Мемлекет басшысына Универсиада нысан­дары құрылысы және халықаралық жарыс­тар ұйымдастыру мәселесі бойынша бүгінге дейін атқарылған жұмыс жөнінде есеп берді. XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиада дайындығына іс-шараның операциялық бюджеті екі есеге, яғни 17 миллиард теңгеге дейін оңтайландырылған. Дүниенің назары ауған дүбірлі дода өтетін 8 спорт нысанында қысқы спорттың 12 түрі бойынша өтетін жарыстарға әлемнің 55 елінен 2 мыңға жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Олар қысқы Универсиада тарихында бірінші рет Атлеттер мекенінде жайғасатын болады. Қазіргі таңда әлемнің 34 елі өз спортшыларының Қазақстанда өтетін аламанға қатысатындығын растап, онлайн-тіркеуден өткен.
Жарыс өткізу барысында 30 мыңға жуық турист пен шетелдік қонақтар келмек. Қысқы Универсиаданың күнделікті телекөрермендер аудиториясы әлемнің 80 мемлекетін қамтып, 1 миллиард адамға жетпек. Ал биылғы жылғы наурыз айынан бастап спорт нысандарының, қаладағы түрлі жауапты қызмет орындарының өкілдерін, туристер мен спортшыларға қызмет көрсететін ерікті жастардан құралған белсенді топ мүшелерін Алматы қаласында орналасқан 5 жоғары оқу орнында ағылшын тіліне оқыту, халықаралық дәрежеде қызмет көрсетуге дайындау бағдарламасы бойынша арнайы курстардан өткізу жұмыстары басталады. Жарысты ұйымдастыру ісіне 3 мыңға жуық ерікті жастар тартылмақ.
Халықтың әлеуметтік дамуы мен елдің халық­аралық беделін арттыру мәселесіне ай­рықша көңіл бөлген Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев Универсиадаға келетін шетелдік спорт­шылар мен қонақтарды күту, оларға қыз­мет көрсету, сондай-ақ Алматы қаласының жалпы ахуалына қатысты көптеген мәселелерді қозғап, қала басшылығы мен жекелеген халық­қа қызмет көрсету органдарының басшыларына арнайы тапсырма берді.
Алатау баурайындағы алып шаһарға жаса­ған өзінің жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Алатау ауданында салынатын 7 мың адамдық мешіт құрылысының жобасымен де танысты. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев қаладағы діни конфессия және шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.