Ел тағдыры және жазушы

Ана тілі Қазақ әдебиетінде өз тақырыбын сәтті таба алған, сол арқылы өзіндік қолтаңбасын жарқырата көрсетіп, оқырмандар ықыласына бөленген қаламгерлер аса көп емес. Өз туындыларымен туған әдебиетіміздің төріне көтерілген, елге кеңінен танылған сондай жазушыларымыздың бірі Нағашыбек Қапалбекұлы екендігі даусыз. Ел тағдыры және жазушы Құнарлы топырақта дүниеге келіп, аузы дуалы ақын-жыраулардың, батырлар мен билердің ұлы өнегесін, тарихи тағылымын жас кезінен көкірегіне түйіп өскен болашақ дарынның қолына қалам ұстап, сөз өнеріне ат басын бұруы әдебиетіміздің игілігіне айналды. Шығармашылығын мектепте жүргенде өлең жазудан бастаған Нағашыбек Қапалбекұлы бүгінде 20-дан астам айтулы, әдебиет сынында өз бағасын алған кітаптардың авторы екендігі белгілі.
1980 жылы «Жалын» баспасынан оның «Еңлікгүл» атты тұңғыш жинағы жарық көрді. Сондай-ақ «Дос жүрегі», «Таудан түскен тұман», «Қызыл елік», «Махаббатсыз өмір жоқ», «Жерошақтың түтіні», «Біздің ауыл тау жақта», «Құт пен жұт», «Мақыш Балуан», «Аспанқора аңызы», «Ақ шымылдық» тағы басқа кітаптарына оның повестері мен әңгімелері, эсселері, ертегі, әфсана, аңыздары еніп, жеке-жеке еңбек ретінде жарыққа шықты. 2007 жылы «Махаббатсыз өмір жоқ» атты кітабы Бішкек қаласындағы «Бийиктик» баспасынан қырғыз тілінде жарық көрді.
Нағашыбек Қапалбекұлының қалам тартқан тақырыптарының ішінде ең басты орынды тарихи тұлғаларға арналған туындылары иеленеді. Қазақтың ұлы жырауы Жамбыл және оның ақындық төңірегі жөнінде көп ізденіп, терең зерттеп, жинаған деректерін ел мен жер, өткен мен бүгінгі оқиғалармен сабақтастыра отырып, танымдық тағылымы мол дүниелер жазды. Қаламгердің «Бала Жамбыл» атты повесі тартымды оқиғаларға, нақты деректерге табан тіреген шығарма. Жамбыл өмірінен жазылған жаңа, көркемдік бітім-болмысы бірден көзге түсетін тың туындының, әсіресе, тарихи тағылымы назар аудартады.
Жазушының басқа да туындыларының кейіпкерлері де қазақ елінің біртуар перзенттері. Атап айтсақ, олар: Қарасай, Шапырашты Наурызбай, Өтеген, Райымбек, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Бекболат секілді дулығалы батырлар, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі, Өтеп, Әбдіғали, Есдәулет секілді дуалы ауыз ақындар, Төле би, Балуан Шолақ, Сарыбай би, Назарбай би, Андас датқа, Медеу Пұсырманұлы, Құртқа тәуіп, Нұрғиса Тілендиев тағы да басқа тарихи тұлғалар. Сондай-ақ елге атағы кең жайылған біртуар тұлға Мақыш Балуанға арнап тұтас повесть жазып жарыққа шығарды.
Қарасай батыр жайлы «Қарасай, Қарасай», Жамбыл жайлы «Жамбыл ата», «Киесі – қызыл жолбарыс» атты туындылары, сондай-ақ Сарыбай би Айдосұлы, Мақыш балуан Райымбекұлы туралы жеке еңбектері қазақ оқырманының ықыласына бөленген, жоғары баға алған тың, өте тартымды туындылар десек қателеспейміз.
«Жамбыл әлемі» атты үш тілдегі фотоальбом, «Ата тағылымы», «Оспанханнан қалған сөз», «Іңкәр сезім – сырлы әуен», «Кітап әлеміне саяхат», «Батамен ел көгерер», Қазақстанның халық ақыны, Жамбылдың айтулы шәкірті Үмбетәлі Кәрібаевтың екі томдығы, тағы да бірнеше жинақтар құрастырды. Өзі зерттеп жүрген тақырыптар және тұлғалар бойынша телефильм мен бейнефильмдерге сценарийлер және драмалық шығармалар жазды.
Кейінгі жылдары жазған дүниелерімен оқырманын елең еткізген Н.Қапалбекұлының кітабы «Біздің ауыл тау жақта» деп аталады. Сол кітаптағы «Махаббатсыз өмір жоқ» деген әңгімесі Жомарт деген ақынжанды жігіт пен Гүлжан деген қыздың ортасындағы қасіретті тағдырға құрылған. Әңгіме оқырман жүрегіне терең әсер ететін, адам жанының нәзік пернесін қозғайтын тартымды туынды. Алғашқы махаббат сезімі, қызғаныш, күйініш, түңілу, бір сөзбен айтқанда өрімдей жастарға етене жақын ішкі сезім толқындарының барлығы өз арнасында терең көрініс табады. Екі жастың арасындағы қайғылы махаббат дерті, жүрегі жараланып, жан дүниесі тұйыққа тірелген, кейіпкер басынан өтетін ауыр қайғыны шығармаға арқау еткен. Гүлжан тағдыры, жаза басып, опық жеген ақынжанды Жомарт, тағы да басқа сюжеттік желілер арнасы осы жастар төңірегінде өрбіп, кейіннен олар әр түрлі, әркелкі бағыттағы авторлық мақсатқа сай тарамдалып кете барады. Қаламгердің тартымды, бейнелі тілмен, қызықты оқиғалармен кестелеп, астарлап отырып жеткізетін өмір шындығы, яғни жастар өмірі оқырманын жалықтырмайды.
Нағашыбек Қапалбекұлының «Үрей» әңгімесінде Шәрбәнкүл атты қыз баланың көрген зәбірі, қорғансыздың күйін кешкені, жас тағдырдың арқасына түскен тіршілік салмағы, барлығы өмірден алынған оқиғаларға құралған. Сонан кейін әлгі қыз бала тағдыр тауқыметіне төтеп бере алмай өмірден озады. Бұл әңгімеде де кеңес кезеңінде жетім-жесірдің ауыр тағдырындағы тарихи белестер, сол замандағы қиын-қыстау кезеңдер, барлығы кейіпкер тағдырымен сабақтасып, оқырманға әсер етеді. Толғандырады. Жан дүниесін қозғайды, тебірентеді. Жүректің түбінен бастау алған көңіл толқындары, кейіпкер тебіренісімен терең сабақтасып суреттеледі.
Нағашыбек Қапалбекұлы повестерінің ішінде ерекше көзге түсетіні «Мақыш Балуан» повесі. Бұл туынды өзі балуан, өзі әнші, өзі ақын Мақыш Балуанның тағдырынан сыр шертеді. Жазушы балуанның өмірі туралы ел аузынан естіген аңыз-әңгімелерден түйгенін көркем тілмен қағаз бетіне түсірген. Шығарманың жазылу тарихы жайлы автор кітаптың 99-бетінде: «Сіз түрмеден қайтпай, атылып кеткеніңізде, бұл фәни жалғаннан өтіп кеткеніңізде жалғыз бауырыңыз Ыбырайым қан құсып, оңашада ғана жылап алып, сіз жазған қоштасу хатыңызды көкірегіне тұмардай сақтап, бір уыс топырақ та бұйырмады-ау деп өле-өлгенше күйініші мен өкініші ішінде түйнек боп кетті. Сол қоштасу хатты Сарқытбай көшіріп алды, одан мен… Сарқытбай – мені бірінші сыныпта оқытқан ұстазым әрі өлең-қиссаларды жатқа айтатын жыршы еді, жарықтық!»,- деп ой толғайды.
Мақыштың балуандығын ел арасындағы аңыздардан жазушы көп естиді. Оның қырғыздың атақты батыры Тістеуікпен найзаласып, жеңгенін ауыл ақсақалдары тебірене айтып отырады екен. Повесте бұл оқиға да әсерлі берілген. Мақышты Қастек болысына атақты мемлекет қайраткері Ораз Жандосов ревком қылып тағайындаған. Колхоздастыру кезінде, «асығыстық жасамайық, артын күтейік, бәрі жақсы болып жатса көше жатармыз»,- деп қарсылық жасағаны үшін, Мақыш Балуанды абақтыға жауып, артынан ату жазасына кеседі. Жамбылдың үзеңгілес серігі, ақын, батыр, әрі балуан Мақыш Райымбекұлының қилы-қилы тағдыры әр қырынан әңгімеленеді. Бұрынғы Қастек болысы, қазіргі Жамбыл ауданының тұңғыш ревкомы болған, өнерімен қазақ-қырғызға аты кеңінен танылған, кейін репрессия құрбанына айналған Мақыш Балуанның өмір деректері повестің негізгі арқауын құрайды. Бір сөзбен айтқанда көркем туындыда осынау тарихи оқиғалар негізінде жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Мақыш Балуан» повесі жазылды. Сондықтан да бұл туынды тарихи сипатымен көзге түседі.
Жазушының кеңінен көсіліп, төгілте баяндауға табан тіреген күрделі туындысы, әрине – «Бала Жамбыл» повесі. Бұл шығарма тарихи оқиғаларға толы. Жамбылдың дүниеге келгенінен бастап жастық шағын кең қамтып суреттеуге арналған. Жамбылдың Жамбыл тауының баурайында дүниеге келгендіктен Жамбыл атануы, сол кездегі жаугершілік заман, одан кейінгі Жамбылдың өмірі тарихи оқиғалармен терең сабақтастықта өрнектелген. Шығармадағы Ұзынағаш, Шотай өзендері, Аюлы, Қақпатас, Майтөбе, Сұлутөр, Үлкенсаз, Көктөбе, Алаяқ-Сарысай таулары мен Әйтек сайы, Сәтімбай жазығы жазушының өзі туып-өсіп, табиғатын күнде сезініп өскендіктен шынайы, әрі тартымды суреттелген. Ал Сұраншы батыр, жыр дүлділі Сүйінбай ақын, Жамбылдың әкесі Жапа, Сарыбай би, Бөлтірік шешен, Тезек төре т.б. заманындағы елді бірлікте ұстаған тарихи тұлғалар да повесть ішінде бой көтереді. Сол кездегі барымта, түрлі дау-дамайлар, қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты қарым-қатынастар, ұлттық салт-дәстүр, т.б. барлығы да әсерлі бейнеленген. Шығармада ел аузында аңызға айналған Жамбылдың «қызыл жолбарысы», Жамбылдың ұлы ұстазы Сүйінбайдан, аузы дуалы, қара қылды қақ жарған әйгілі Бөлтірік шешеннен бата алуы тарихи оқиғалармен астас, нақты кейіпкерлердің іс-әрекеттері арқылы терең ашылады.
Нағашыбек Қапалбекұлы – қазақ әдебиеті мен қазақ мәдениетін насихаттау, ұлттық мұраларымыздың қадір-қасиетін ел санасына жеткізу мақсатында қыруар шаруаларға ұйытқы болып, қайраткерлік танытып жүрген біртуар азамат. Республикалық кітап музейінің директоры ретінде де қаламгер Нағашыбек Қапалбекұлы елдік, ұлттық құндылықтарымызды жарқыратып көрсетіп, соларды жастарға үлгі ету, тәлім-тәрбие көзі ретінде іске жарату мақсатында көптеген игі бастамалардың бел ортасынан көрінді. Мысалы, тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына арналған «Әлем таныған Қазақстан» атты көрмеге де ерекше көңіл бөліп, шетелде біздің еліміз және тұңғыш Президентіміз туралы басылған кітаптарды сол елдегі елшілеріміз арқылы алғызды. Астана қаласында тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына орай «Ғасырлардың асыл мұрасы» атты аса құнды, сирек кітаптардың көрмесін ұйымдастырды. Бұл көрмеде әсіресе Алаш құндылығын терең танытатын жарияланымдарға көрермен риза болды.
Нағашыбек Қапалбекұлының қаламгерлік еңбектің сыртында, туған жердің үлкен жанашыры, насихатшысы екенін баса айту қажет. Ақындар мен батырлар елі саналатын Жамбыл ауданының әйгілі тарихи тұлғалары жайлы ғылыми зерттеулері, сол жерде ғұмыр кешкен ақындар мен жыраулар, олардың қаламынан қалған мол мұрасы туралы үнемі қалам тербеп жүреді. Ақын Саяділ Керімбековтың елге кең тараған атақты туындыларының құндылығын тарата жазып, жалпы Жетісу өңірі мен көрші қырғыз еліне даңқы тараған әйгілі дүлдүл жүйріктер, сөз саңлақтары туралы эсселері де газет беттерінде жарық көрді. Әсіресе, қаламгердің суырып салма, жезтаңдай ақын Саяділ Керімбековтың атақты Көкбайтал жайлы жазып қалдырған «Көксағым» атты поэмасын оқырманға Ғылым Академиясының қолжазба қорынан тауып, қолжазбаны араб тілінен аудартып, келер ұрпаққа өнеге-үлгі ретінде ұсынуын атап өтуге тұрады.
Танымал азамат, қажырлы қайраткер ретінде Нағашыбек Қапалбекұлы бүгінгі күні де сандаған игі іс-шаралардың басы қасында жүр. Азаматтықтың биік белесіне абыроймен көтеріліп отырған қаламдас достың тынымсыз ізденісі тағы да біздерге жақсы кітаптар болып оралатынына бек сенеміз.

Қансейіт Әбдезұлы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
профессоры, филология ғылымдарының докторы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.