Ұнамды қаһарман (эссе)

Өнеге мен өлшем

«Жұ­мекең істеген ісін тиянақтап,
үс­тінен біреу қарап жөндемей­тін­дей
етіп бітіруші еді. Қысылған кезде
оған елдің бәрі қолқа са­лып жататын».
Серік Қирабаев

Әдетте көпті көрген аға ұрпақ кейінгі буынға сынай қарап, қадамын бақылап, қарымын бағалап отырады. Сол сияқты бүгінгі жастар да алдыңғы толқын ағалардың өн бойынан өнеге іздейді. Әсіресе, Қасым ақын айтқандай, жер сарайын жаңғыртып келген, тектілігінен гөрі ептілігі басым осы күнгі жас перілер самайын қырау шалған салиқалы сардарлардың салақұлаш өмірбаянынан гөрі сындарлы тұлғасына көбірек көз салады. Қазіргі жастардың ақыл толған баста, селдіреген шашта шаруасы бола бермейді, олар: «Ағамыз ақсақалдықтың ауылына қалай, қайтіп бара жатыр?», – деп қарайды. Сосын әдемі қартайып келе жатқан аға буын туралы әдемі сөзін айтады.
Өмірден өткенше кейінгі толқын інілердің ықыласына бөленген, сынын бұзбаған, сырын жоғалтпаған абзал ағаларымыздың бірі Жұмағали Ысмағұлов деп ойлаймыз. Журналистика мен әдебиеттанудың, қоғам ісі мен аударманың қай-қайсысына да жаттығы жоқ Жұмағали ағаны саналы ғұмырында жолы болған адам десек, қателеспес едік. Әдепкіде ұстаздан жолы болып, уызында жарыды. Бастауыш мектепті бітіре сала аты аңызға айналған педагог ақын Бекет Өтетілеуовтің өзінен дәріс алды. Қазақ ұлтының марқасқалары Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсыновтың шарапаты тиген білім шаңырақтарында тәлімге қанықты. Республиканың маңдай алды басылымдарын басқарды. Жоғарғы Кеңестің депутаты болды. Талайлар қызмет істеп, бірі ар-намысын, бірі қадір-қасиетін саясаттың шоғына күйдіріп алған Орталық Комитеттің оты мен суынан аман шықты. Қайта ұлтқа пайдасын тигізіп, жазықсыз жазаланған Ғабит Мүсіреповтің партиялығын қайта қалпына келтіруге арналған анықтаманы әзірлеп, әйгілі жазушының толық ақталуына атсалысқан.
Қазақ телеграф агенттігін бес жыл басқарған Жұмағали Ысмағұловтың қызметтен түсуінің өзі – кісі қызығатын сәтсіздік. Желтоқсанның ызғарлы күні алаңға шыққан қазақтың қайсар ұландарының сот залында сүміреймей, қасқая қарап тұрған суретінің жарияланып кеткені үшін күйді. Ұзамай жеткен ақжарылқап заман ол күйініштің де орнын толтырды. Дау-дамай мен шырғалаңнан арылған соң алаңсыз ғылыммен айналыс­ты. Бұл жерден де бақ-несібе Жұмағаңды қайта тапты. Ғылымдағы жанкешті еңбегі докторлық дәреже, профессорлық атақ сыйлады. Өңіріне талайға арман болған тәуелсіз елдің мемлекеттік сыйлығының белгісі қонақтады. Егер сол кезге дейін қызметтің құлағын ұстап отырғанда бұл жетістіктер Жұмағали ағамызды жанап өтер ме еді, кім біледі?! Ырысқа құшақ жайған жеріне де, табаны тайған жеріне де бақ қонған, өмірде жолы болған адам дейтін себебіміз сол.
Ең алдымен жұрт Жұмағали Ысмағұлов­ты журналист-публицист ретінде таниды. Ол – қазақ баспасөзінің бар буынында қабілет-қарымын байқап көрген кісі. Аудандық газеттің баспаханасында құйылатын қорғасын әріптерді өз қолымен терген. Одан соң редакцияның жауапты хатшысы болып, газеттің макетін сызған. Сөйтіп, журналистиканың майданына техникалық дәліз арқылы келіп кірген. Әуелі әріп терген, сосын әрлеп макет сызған қол бірте-бірте салмақты сын, маңызды мақала, ойлы очерк жазуға машықтанған. Университет қабырғасында жүріп-ақ «Қазақстан коммунисі» (бүгінгі «Ақиқат») журналының бөлім меңгерушісі, кейін жауапты хатшысы болып қызмет атқарған. Ал оқу орнын бітіре сала бүгінде біреу біліп, біреу білмейтін, ал ол кезде атының өзінен ат үркетін «Үгітші блокноты» журналының бас редакторлығына тағайындалған. Әлі күнге дейін дәстүрін үзбей келе жатқан әдебиет пен өнердің қара шаңырағы – «Қазақ әдебиеті» газетін басқарған бас редакторлардың тізімінен Жұмағали Ысмағұловтың да есімін көреміз.
Он төрт жыл бойы Қазақ телеграф агенттігінде қызмет істеген кезеңі желтоқсаншылар суретінің жарияланған күні аяқталды. Егер Қайрат Рысқұлбеков бастаған бес жігіт суретке еңсесін тік ұстамай, бастарын төмен тұқыртып тұрып түскенде, Жұмағаңның Каз ТАГ-тағы жұмысы жалғаса бере ме еді, қайтер еді? Ұлт тарихында елеулі орны бар осы оқиғадан соң Каз ТАГ-тың директоры қызметінен босап, партиялық жазаға тартылды. Ал суретті жариялаған «Жетісу» газетінің бас редакторы Мамадияр Жақып Алматы облысындағы бір аудандық газеттің техникалық қызметіне кетті. Екеуі де қиын күндерде байсалды қалпын сақтады. Екеуі де желтоқсан желі жылымыққа ұласқанда базбіреулер секілді қаһарман кейіпкердің кейпіне енуге ұмтылған жоқ.
Журналист Жұмағали Ысмағұловтың қаламынан публицистикалық толғаулар, очерктер, эсселер, әдеби-сын мақалалар туды. Ұлт тарихындағы ұмытылмас тұлғалар Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Есенберлин, Ілияс Омаров, Тахауи Ахтанов, Ғафу Қайырбековтердің әдеби-шығармашылық портреттерін жасады. Ал аса көрнекті қоғам қайраткері, халқымыздың тұлғалы перзенті Бәйкен Әшімов туралы арнайы кітап жазды.
Біздіңше, аудармашы Ысмағұловтың салмағы публицист Ысмағұловтан ешқандай кем емес. Бұл кісі – көркем аударманың теңдессіз шебері. Қазіргі күні дәстүрі үзіліңкіреп қалғанымен, кезінде шығармашылық мектеп ретінде қанат жайған көркем аударманың арқасында шетел және орыс әдебиетінің классиктері мүлтіксіз қазақша сөйледі. Олардың құнын кемітпей, қаймағын бұзбай, сөлін сақтай отырып, ұлт тіліне тәржімалаған Мұхтар Жанғалин, Хасен Өзденбаев, Әбілмәжін Жұмабаев, Ісләм Жарылғаповтармен бірге Жұмағали Ысмағұлов есімі де қазақ аударма тәжірибесінің тарихында қалды. Бүгінгідей тілдік қолданыстар өрескел бұзылып, ақпарат құралдарының бірқатарының тілі жүгенсіз кеткен тұста енді бір заманда аудармашылардың дәл осындай талантты шоғыры қайта қалыптасады деп кесіп айтудың өзі қиын. Тілдің құдіретін таныта білген шебер тәржімашы мағынасын дәл жеткізбегені былай тұрсын, бір әрпін қисайтып алсаң басың пәлеге қалатын заманда марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын абыроймен аударып шықты. Көсемханада қызмет істеп, көсемдердің еңбектерін қазақша сөйлеткен Жұмағали Ысмағұлов әдебиетті сүйетін оқырмандар үшін де қыруар іс тындырды. Оның аудармасы арқылы қазақ жұрты М.Горькийдің, А.Чеховтің, И.Тургеневтің, Н.Добролюбовтің, А.Островскийдің, Бальзактің, Стендальдің, П.Коэльоның, В.Дальдің, Э.Казакевичтің, Ю.Бондаревтің шығармаларын ана тілінде оқыды. Тұшынды. Түйсінді. Сүйсінді. Өйткені, Жұмағаң мұның қай-қайсысын да жүрекке жеткізіп аударған болатын. Сондықтан оқырман түсініксіз ойлардың тұманында адасқан жоқ. Қисынсыз оралымдардың теңізіне де малтыққан жоқ. Еркін жүзді. Ғажайып дүниелерді қазақ жазушысы жазып шыққандай сезініп, рахаттанып оқыды. Жұмағали аға мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі ретінде ұғымға жеңіл, әрі өзге тілдегі сөздің мағынасын дәл танытатын атаулардың біразын айналымға қосты. Қазір жиырма бірінші ғасырдың қазақтары Жарылғапов енгізген терминдерге қоса, Ысмағұлов ұсынған сөздерді де жиі қолданып жүр. Бірақ сондай сәттерде Жұмағаңның «Мынау менің сөзім еді», – деп, кеуде керіп, төс қағып жатқанын көрген емеспіз.

«Зовут его Жумагали»

«Ол қазақ журналистерінің
ішіндегі бір сүбелісі еді».
Тұрсынбек Кәкішев

Оның аты Жұмағали екенін бәріміз де білеміз. Бірақ мұны айтқан әр сөзі алтынға бағаланатын Мұхтар Әуезовтің өзі еді… Сол айтылған күйінде тақырыпшаға пайдаланып отырмыз.
Парасатты публицист, алымды аудар­машы, әлеуетті әдебиеттанушы ретінде танылған Жұмағали Ысмағұловтың шығар­ма­шылық әлеміне келуінің өзі қызық. Ол кісі әдепкіде өзіне абырой әперген осы сала­лардың ешқайсысына да мойын бұрмапты. Кес­кілескен соғыс жүріп жатқан кезде Қостанай өңірінің Әулиекөл ауылында 8-класты бітіріп, одан арғы жоғары кластар жабылып қалған соң, облыс орталығындағы мұғалімдер институтының алты айлық дайындық курсына түседі. Бұдан кейін сол оқу орнының физика-математика факультетінің бірінші курсына студент болып қабылданады. Сол кезде оның жасы он төртте ғана. Егер таңдаған жолымен тура тартқанда осы саланың ғылымында айрықша із қалдырған майталман маманның бірі болар ма еді, кім білсін?! Бірақ оған журналистиканың наны бұйырып тұр екен. Бүкіл елдің басына ауыртпалық түскен кезеңде оқуын жалғастыруға мүмкіндігі болмай, күнкөріс үшін жұмысқа тұрады.
Дайындық курсында оқып жүрген ол кітап дүкенінен Ғабдол Слановтың «Дөң асқан» атты кітабын сатып алып, біразға дейін әсерінен айыға алмай қойған. Тағы бір соққанда, Мұхтар Әуезовтің жаңа ғана шыққан «Абай» романы сөреде тұр екен. Соны жатақханаға алып келіп, бас көтерместен қызыға оқып шығады. Оқып болған соң өзгеше әлемге енгенін байқайды. Бәлкім, болашақ математикті есеп-қисап дүниесімен ерте қоштастырған себептің бірі де осы шығар.
Соғыс біткеннен кейін Каз ГУ-дің журналистика бөліміне оқуға түседі. Іздегенге – сұраған, қазақ фольклоры пәнінен профессор Мұхтар Әуезовтің өзі дәріс береді екен. Ауылдан келген бала дананың дидарынан көз алмай, оның әр сөзін аузын ашып, тыңдаумен ғана отырады. Алғашқы сабақта ұстаздың әсерлі әңгімесіне әбден елтіп, лекцияны қағазға қаттауды естен шығарып алады. Бірте-бірте жазуға да жаттығады. Семестр соңындағы сынақ кезінде ұлы ұстаз оның зерделілігі мен тиянақтылығына тәнті болады.
Сөйтіп, Жұмағали Ысмағұлов студент кезінде «Әуезовтің өзінен бес алған» (Өтеген Оралбаев) алыптар тобының қатарын толықтырады. Оқу бітірген соң да тағдыр оны ұлы Мұхаңмен талай рет тоғыстырады. Бұлай болатын жөні де бар-ды. Жұмағали аға жас күнінен орысшаға өте жүйріктігімен көзге түседі. Қазақша ойлайтын, бірақ орысша оралымдары да ешкімнен кем соқпайтын ұланға ұстаздары үнемі үміт артатын. Университеттен кейін «Коммунист» журналының жауапты хатшысы қызметін атқарып жүргенде талайдың тісі батпайтын Добролюбовтің бір томдық жинағын қазақша сөйлетіп, кәсіби аудармашылардың жоғары бағасын алғаны бар. Сол тұста оған тағы бір аса жауапты міндет жүктеледі.
1954 жылы Қазақстан жазушыларының үшінші съезіне әзірлік жүріп жатады. Сондағы негізгі баяндамалар қазақша әзірленсін деген талап қойылыпты. Қазақ драматургиясы туралы баяндаманы Мұхтар Әуезовтің өзі жасайтын көрінеді. Ал Қазақстан Компартиясының екі тілде шығатын саяси журналы – «Үгітші блокнотының» басшысы Жұмағали Ысмағұлов сахна сыртындағы микрофон арқылы осы баяндаманың орысша нұсқасын қазақшаға ілесіп, шашау шығармай оқып шығуы керек. Бұл ұсыныс айтылғанда жас жігіт қатты қиналады. Бұл басқа емес, әйгілі Мұхаңның сөзі болған соң оны жаныңды салып, жүрегіңмен оқуға тиіссің. Ал жүрегің атқақтап, аузыңа тығылып отырғанда қайдағы тебіреніс… Оның үстіне, кейін әзірленген орыс тіліндегі мәтінді ұлы ұстаз әлі қарап үлгермеген сияқты. Сондықтан алдымен олпы-солпы тұстарын ретке келтіріп, мұртын басады. Қашаннан ұқыптылық қанына сіңген ол бұл тапсырманы да тиянақтылықпен орындап шығады. Басқа баяндаманы оқығандардың біразын жұрт тыңдамай қояды. Ал біздің кейіпкеріміздің шын ықыласы, қоңыр даусы, жағымды мәнері, оралымды орысшасы залдағыларды тыпыр еткізбейді. Сол жолы Мұхаң жас әріптесінің қолын қысып, қалың елдің көзінше ризалығын білдіреді. Кейін ағамыз өз естелігінде жазғандай, ертеңіне бір жиында жолыққан Мұхаң жанындағы зайы­бына: «Валя, вчера этот молодой ­человек мой доклад читал в переводе. Зовут его Жумагали. Ох, и здорово получилось!», – депті. Содан соң оны сол дәуірдегі кеңестің әйгілі жазушыларының бірі Леонид Леоновқа таныстырыпты.
Тоқтай тұрыңыз, ол бұдан кейін де Әуезовтен ажырай қоймайды. Үш-төрт жылдан кейін «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Ісләм Жарылғаповтың тапсырмасы бойынша, Мұхаңның «Абай жолы» эпопеясы туралы Ілияс Омаровтың орысша жазылған мақаласын қазақшаға аударады. Мақала басылып шыққан соң, ел-жұрт оның қазақша жазылғандай есіліп тұрғанын айтып, тамсанумен болады. Ол кезде Қызылжарда қызмет істейтін Ілияс Омаров арнайы телефон соғып, ризашылық танытып, кімнің аударғаны жөнінде мәлімет алады.
Ол ол ма, ұзамай Мұхаң оны үйіне шақырып, аудармасын мақтап, алғыс айтады. Жас жігіттің Мәскеуге Қоғамдық ғы­лымдар академиясына оқуға кетіп бара жатқанын естіп, «Жолың болсын, шырағым!», – деп тілегін арнайды. Сөйтіп, ол шығармашылықтың құтты мекені – Әуезовтің киелі шаңырағында болған зия­лылардың кейінгі толқынының қата­рына қосылады. Қосылып қана қоймай, бүкіл өмір жолына қара шалдан бата алып шығады.
Жоқ, оның Әуезовпен кездесетін күндері әлі де алда. Ол өзінің «Ұлының шарапаты – ұлтының нәсібі» деген естелігінде былай дейді: «Бір күні осындай қарбалас оқу кезінде Алматыдан жеделхат келе қалсын. Бір сөзіне дейін ұмытылмай, әлі көңілімде сайрап тұр: «Москва. Садово-Кудринская, 9, комната 640. Исмагулову Жумагали. Очень прошу взяться за подстрочный перевод «Караш-Караш». О подробностях договоритесь с Зоей Кедриной по адресу Новопесчаная, 16, кв 81, телефон 2572836. Ауэзов». Жұмағаң Алматыға арнайы келіп, қолжазбаны алып, жиырма бес бетін аударып, кейін Мәскеуге келген Мұхаңа ұсынады. Ол кісінің разылығын көргеннен кейін, бұл жұмысқа оқу бітірген соң жегілуге рұқсат сұрайды. Ұлы жазушысы сол жолы шәкіртін ресторанға ертіп барып, бірге тамақтанады. Ертеңіне Әуезов әйгілі Америка сапарына аттанады. Жас әдебиетші әуежайға дейін шығарып салуға үлкен ағалардан ыңғайсызданып, қонақ үйге арнайы келіп, тілек айтып шығады.
Біздің Жұмағали ағамыз осы бақыттың бәрін көтере білді.
Ақпарат пен аударма

«Сөйлем аударылған,
бәрі де дұп-дұрыс секілді,
бірақ оқысаң, кібіртіктеп қаласың,
бірдеңе жетпей тұрады.
Соның талайының сырын
Жұмекең үйретті»
Нұрмахан Оразбек

«Мәскеу» қонақ үйіндегі жүздесудің әр сәті жадында таңбаланып қалды. Бұл оның Әуезовпен соңғы рет тілдесуі екен. Одан соң Склифосовский атындағы орталық клиниканың жаназалық бөлмесіне Мұхаңмен қоштасуға келеді. Сол күнгі оқиғалардың бәрі оның көз алдында өтеді. Алматыдан арнайы келген Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаевтармен кездеседі. Жазушылар одағы ғимараты ауласында өткен шығарып салу рәсіміне қатысады. Леонид Соболевтің азасөзін тыңдайды. Жас Жұмағали осының бәрінен тағылым алады.
Сөзіміздің басында оның ұзақ жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істегенін айттық. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторлығынан босағаннан кейін Алматы облыстық «Жетісу», Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газеттеріне жіберіледі. Қызметтің үлкен-кішілігіне қарамай, бәрін де тиянақтылықпен атқарады. Бұдан соң Жұмағаңның қайта өрлеу дәуірі басталады. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік ақпарат агенттігі (Қаз ТАГ) директорының орынбасары болып тағайындалады. Бұл мекемеде басылымдар үшін ресми материал әзірлейтін аудармашылардың тұтас мектебін қалыптастырады.
Қазақтың қара сөзінің қадірін білетін адамның бірі – көрнекті көсемсөзші Нұрмахан Оразбек. Сол Нұрекеңнің өзі Жұмағали ағамызды өмір бойы ұстаз санап өтті. 1962 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы Жұмағали Ысмағұлов Әбіш Кекілбаевтың айтуымен Нұрмахан Оразбекті фототілші етіп жұмысқа алады. Елгезек фототілші сол газетке жарияланған Әнуар Әлімжановтың Мырзашөл туралы жазылған очеркін оқып сүйсініпті. Тілінің көркемдігіне таңдай қағады. Лездеме үстінде редактордың орынбасары Ғафу Қайырбековтың өзі «Аударма емес, қазақша жазылғандай болып шығыпты» деп ризалық танытады. Сөйтсе, жұрттың бәріне ұнаған очеркті аударған Жұмағали ағаның өзі көрінеді. «Е, бұл кісінің сондай өнері де бар екен ғой деп түйгем» деп еске алады Нұрағаң. Сол кезде жігерлі де жас фототілші Нұрмахан Оразбек бұл кісімен жолы әлі талай тоғысатынын, кейін бірі Каз ТАГ-тың директоры, екіншісі орынбасары болып бірге қызмет істейтінін қайдан білсін?!
Шығыс Қазақстаннан оралып, Партия тарихы институтының марксизм-ленинизм классиктері шығармаларын аудару секторының меңгерушілігіне тағайындалған Жұмағаң «Социалистік Қазақстанда» жүрген Нұрағаңды қарамағына қызметке шақырады. Шәкіртін саяси аударманың қазанында қайнатады. Тіл заңдылықтарын пайдаланып, түпнұсқа мен қазақшаның арасын жымдастыратын сан қырлы тәсілдерді үйретеді. Ұстаз ұлағатының арқасында қызметкерлердің бәрі аударма дегенге сенгің келмейтін қазақы сөйлемдерді құрауға машықтанады. Кейін Каз ТАГ директорының орынбасарлығына ауысқан Жұмағали Ысмағұлов көп ұзамай шеберлігі шыңдалған шәкіртін бас редакторлық қызметке қалап алады. Баспасөзге арналған аудармадағы тіл ұстарту сабақтары қайта басталады. Жұмағаң қыз-жігіттерге ресми мәтіндегі ілік септігінің, көптік жалғауының орны, қысқарған сөздерді аудару ерекшелігі жөнінде айтудан жалықпайды. Соның арқасында бұл саланың аузымен құс істеген мамандарының қатары көбейеді.
1982 жылы Каз ТАГ-тың директоры болып тағайындалған Жұмағали Ысмағұлов өзінің бұрынғы орнына Нұрмахан Оразбекті бекітіп алып, телеграф агенттігін компьютерлендірудің алғашқы қадамын бастайды. Компьютердің арғы атасы – ЭВМ, монитордың арғы атасы – добалдай қалың экран шетелден жеткізіледі. Сөйтіп, жанкешті жұмыс жүргізіледі. Агенттіктің жаңа директоры ұйымдастыру жұмыстарына аса епті екенін таныта біледі. Ол тұста компьютер атаулы еңселі кеңселердің өзінде де бола қоймапты. Мекеме басшысының алымдылығы мен шалымдылығын осыдан-ақ аңғаруға болады.
Жұмағаңның қызметтен кетуіне себеп болған әйгілі сурет оқиғасын Нұрмахан Оразбек былайша баяндайды: «Сексен жетінің жазы да кеп қалды. Желтоқсаншыларға сот болды. Мәскеудің шетелдерге хабар тарататын бас редакция­сы мен фотохроникасынан соттан хабар, сурет беріңіздер деген нұсқау түскен. Юра Беккер барып суретке түсірген. Таңертеңгі лездемеден кейін Жұмекең Орталық Комитетке кеткен. Содан күн ұзағына дейін сонда жүрді. Кешке қарай ТАСС-тан «керегі жоқ» деген хабар түсіпті. Фотохрониканың бас редакторының орынбасары Мечислав Венгловский күте-күте шаршаған болуы керек, кешкі сегізден кейін соттан түсірілген суреттерді Алматыдағы редакцияларға беріп жіберген де, үйіне қайтқан. «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» «суреттер кеш түсті, бермейміз» депті. Сол күні кезекті нөмірі шықпайтын газеттер «Жетісу», «Коммунизм туғи», ұмытпасам, «Огни Алатау» да бар, материалды да, фотосуреттерді де күн аралатып жариялап жіберген».
Бұл кезде біз жастар басылымында қызмет істейтін едік. Аға газеттерде басылмаған соң, үнемі соларға қарап бой түзейтін «Лениншіл жас» пен «Ленинская смена» сол күні дау-дамайға ұрынбай аман кетті. Жұмағали аға, суретті жариялаған газеттердің бас редакторлары, агенттіктің басқа да жауапты қызметкерлері қызметінен босатылып, партиядан шығарылды.
Ол тұста алпысқа да толмаған біздің кейіп­керіміздің бұқаралық ақпарат құрал­­дарындағы қызметі осы жерден тұйық­талады.

Абайтану мен  адамтану

«Біз журналистиканың
жуан тобық, еңбек торысы болсақ,
ол бәйгеге салар сәйгүлік сияқты
көрінген сонда маған».
Сарбас Ақтаев

Енді публицист және аудармашы Ысмағұловты қоя тұрып, әдебиетші-ғалым Ысмағұловтың тұлғасына көз салайық. Әдетте есік-терезесі қалың кеңселердің қызметінде істегендердің арасынан шығып, ғылыммен айналысқандарға жұрт күдіктене қарайды. Бұл күдікті көңілге терең ұялатқан шетінен ғылыми дәреже иеленген қазіргі бастықтар. Бір әйел тоғыз айда бір перзентті өмірге зорға әкелсе, бір шенеунік тоғыз айда екі рет толғатып, кандидаттық және докторлық диссертацияларын бірінен соң бірін ұсынады. Біздің кейіпкеріміз әдебиеттанумен айналыса бастағанда ғылымды әкімдер мен әкімқаралар қолжаулық қылатын заман қыр астында жатыр еді. Әрине, Жұмағали Ысмағұлов та ірі кеңседе қызмет істеді. Бірақ ол кеңсенің есігін нығыздап жау­ып барып, ғылымға кетті. Мәскеуге, талайдың қолы жете бермейтін Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасына түсті. Сол оқу ордасының әдебиет пен өнер теориясы кафедрасында зерттеу жүргізді. Зиялылардан тәлім, ғұламалардан білім алды. Даналық дариясында еркін жүзді. Кандидаттық диссертациясын адал еңбегімен, маңдай терімен қорғап шықты. Бірақ оны кеңсе қызметі қайтадан иіріміне тартып әкетті. Темірдей тәртіп пен сірескен жүйе әдебиеттанумен шындап айналысуына кедергі жасап бақты. Алайда жиырма жылдан соң төрткүл дүниеге танымал бес жігіттің суреті Жұмағаңды ғылымның ауы­лына қайта жетектеп әкелді. Ұлы Әуезов көзін ашқан қасиетті қайнар бұлақ – абайтанудың қақпасына кеп туын тікті. Тұғыр­лы тұлғалар түрен салған, талайлар шиырлаған соқпақтан шығып, тыңнан жол табу оңай болған жоқ. Тумысынан эстет Жұмағали Ысмағұлов ұлы ақынның болмыс-бітіміне көркемдік-эстетикалық көзқарастар арқылы зер салды. Ұзақ жылдық тынымсыз еңбегінің нәтижесінде «Абай: ақындық тағылымы» деп аталатын монографиясы дүниеге келді. Абай абайтанушының басына бақ қондырды. Әдебиет және өнер институтының бір топ ғалымдарымен бірге мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Күні кешеге дейін ғылыми элитаның көш басындағылардың қатарында жүрді.
Кейіпкеріміздің қабілет-қарымына белгілі журналист-жазушы Сарбас Ақтаев мынадай баға берді: «Жұмағали Ысмағұлов – білімге де, тілге де өте бай публицист. Оның қай шығармасының да тілі жібектей есіліп, төгіліп тұрады. Сол кестелі көркем тілді ол ғылымға да ала келді». Сол шұрайлы тіл зерделі зерттеушінің еңбектерін тезірек оқып шығуға жетелейді. Әр жылдарда әдебиеттанушы ғалымның «Маржан мен махаббат», «Адам мейірі», «Абай: даналық дәрістері», «Алтын ғасырдың ақ таңы» атты жинақтары жарық көрді. «Ғабит Мүсірепов туралы тоғыз толғам», «Бәйкен Әшімов» атты тұлғалық кітаптары да оқырманнан лайықты бағасын алды.
Мен Жұмағали ағамен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында үш жыл бірге қызмет істедім. Бүгінгі әңгімелердің біразы сол күндерде көңіл күнделігінде қатталған-ды. Көкірек кеніші бай әдебиеттанушы зиялылардың зиялысы екеніне сәт сайын көзімізді жеткізіп отыратын. Сол жылдарда сексенге бет бұрғанына қарамастан есте сақтау қабілеті ерекше еді. «Сен ана «Лениншіл жасқа» қызметке жаңа барған кезіңде маған телефон шалып, бауырымен жорғалаушыларды зерттейтін зоолог балам Елдос туралы сұрағаның есіңде ме?», – деп өзіміз ұмытып қалған нәрселерді қайта қозғап, жас болсақ та, жаңылып тұратын жадымызды жаңғыртып қоятын. Қазір қай салада қызмет істейтінін білмеймін, ол тұста Елдос Жұмағалиұлы Ысмағұлов қазақтан шыққан аз ғана герпетолог маманның бірі болатын. Іздеген кезімізде Елдос ағамыз жыланның тіршілігін зерттеу үшін Барса­келмеске ме, Бетпақдалаға ма, әйтеуір бір жаққа ұзақ сапарға кетіп, менің алдын ала жоспарланған «Герпетолог» деген мақалам жазылмай қалғаны бар. Оның есесіне, Жұмағаңның балаларының ілім-білімге бейімділігі жөнінде жеткілікті мәлімет алдық.
Қоғамның қайраткері ғана емес, сол қоғамның қатардағы қарапайым мүшесі, азамат Жұмағали Ысмағұловты да естен шығармағанымыз жөн болар. Ілгеріректе, кейіпкеріміз бір ғасырдың төрттен үшін артта қалдырған тұста: «Егер сіз жүріс-тұрысынан мәдениеттің лебі сезілетін, сөзі орнықты, уәдесінен айнымайтын, шаруасына ұқыпты, жалықтырмай әңгіме айтатын, шаршатпай доғара қоятын, не болса соны сұрап, жүйкеңді жұқартпайтын, көбінесе айтқысы келгенін көзімен ұқтыратын, сонысымен кірпияз кейінгі буынның алдында құрметі бар, қысқасы әдемі қартайған ақсақалды көргіңіз келсе, көп іздеп қиналып әуре болмай, Әдебиет және өнер институтына келіңіз. Абайтану бөлімінің есігін ашсаңыз, жетпіс бестегі жігіт ағасы жастарға ақыл-кеңес айтып отырады. Іздеген кісіңіз – сол!» деп жазған едік. Осы құндылық қазыналы қартпен бірге кетті. Бірақ соңынан ерген буынға өшпес өнегесін қалдырды.

* * *

Айтпақшы, ұмытып барады екенбіз, Жұмағали ағаның сонау алпысыншы жылдарда қорғаған кандидаттық диссертациясы «Қазақ әдебиетіндегі ұнамды қаһарман мәселесі» деп аталады екен. Ендеше, өмірден өткенше абырой-беделінен айрылмаған, қадір-қасиетін жоғалтпаған, сырбаз жүрісінен, салиқалы сөзінен жаңылмаған, бекзат болмысынан ажырамаған Жұмағали Ысмағұловтың өз бейнесі де «ұнамды қаһарман» деген ұғымның талассыз баламасы секілді көрінеді бізге…

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.