Өлмейтұғын артына сөз қалдырған…

Жетібай Жылқышыұлының  есімі Маңғыстау өлкесіне ғана емес, республикамызға, таяу шетел жұртшылығына да кеңінен  танымал. Ол 75 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Туған жері Таушық кенті. Әкесі  Жылқышы өмір бойы мал баққан қара шаруа болған. 1942 жылы Алматыдағы «еңбек армиясына» алынып, бір жыл өтпей   елу жасында өмірден өткен. Анасы ұлын  бағып-қағып өсірді. Жетібай өмір, тұрмыс тауқыметін жасынан көп көре жүріп, Шахта орта мектебін үздік бітіреді. Бұдан соң жоғары оқу орнына баруға жағдайы келмегендіктен әрқилы мекемелерде есеп қызметкері болды. Қоғамдық өмірге белсене араласып, орыс тіліне жетік білімдарлығымен де танылды. Оны өмір ағыны ілгері жетелей берді. 

Өнер-шырақ

Жетібай мектеп қабырғасында жү­ріп-ақ үлкен өнерге белсене аралас­ты. Ол көркемөнерпаздар, драма үйір­месінің белді мүшесі ретінде, аудандық байқауларда жүлделі орындарды иемденді. Мектептегі қабырға газеттерін шығарып тұрды.
Еңбекке араласқан сәтінен-ақ аудандық Мәдениет үйіне шақыртылып, ауыл сахнасында ән шырқап, спектакльдерде ойнады. Мандолинді шебер меңгерді. Оның құлаққа жағымды қоңыр даусы ән шырқағанда жібектей есіліп қоя беретін. 1965 жылдың желтоқсан айын­да Таушыққа Шәмші Қалдаяқов пен ақын Төлеген ­Айбергенов ат ізін салып, «Ақ ерке Жайық» атты әнін ала келді. Атырау өңірінде жаңадан туған сол әнді Жетібай үшеуі сахнада шырқады. «Ақ ерке Жайықты» Маңғыстауға тұңғыш таратқан Жетібай болды. Атақты композитор сахна төрінде ақ батасын беріп, оның талантына қатты риза болғаны бар. «Сандуғаш жігіт» атанған Жетібай ширек ғасыр бойы сахна сәніне айналды. Оның репертуарында қазақ әндерімен қоса үнді, өзбек, қарақалпақ, түркімен, орыс әндері болды. Ол жетпісінші жылдардың басында аудандық мәдениет үйі мен халық театрын басқаруға келді. Сол жылдары ауданның мәдени өмірінде бір сілкініс, ілгері ұмтылу үрдісі анық байқалды. Аудандық мәдениет үйі жанынан ауылдарға мәдени үгіт бригадалары үзбей шығып тұрды. Атағы республикаға дейін жеткен Маңғыстау халық театры тағылымды да, мазмұнды пьесаларды сахнаға шығарды. Актер­лердің шеберлігін арттыру жолында аянбай тер төкті. М.Әуезовтің «Түнгі сарын», Ә.Әбішевтің «Тамұқтағы таң», Т.Ах­тановтың «Жоғалған дос» тағы да басқа жиырмадан астам пьесалар сахнаға жолдама алды. Жетібай сол жылдарда көптеген басты кейіпкерлерді сомдады. «Біржан-Сара» музыкалы операсынан үзіндіні сахнаға шығарған да осы Жетібай. Сонда Естай әншінің ариясын шеберлікпен орындаған еді. Маңғыстау ауданының мәдени өмірінде Жетібай салған із, өзіндік өрнек мол. Оны көзкөргендер әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Аудандық халық театрының өнер жолы туралы Жетібайдың 2008 жылы «Дала сахнасындағы дүбір» атты кітабы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрді.
Уақыт алға қарай жылжи берді. Тәуелсіздік туын көтерген кезең де келді. Маңғыстаудың қиял жетпес жеті қат жер астында жатқан бай қазынасы өз алдына, оның әулие-әнбиелері мен от тілді, орақ ауызды би-шешендері, ақпа-төкпе ақын-жыраулары, көреген ойлы көріпкел-болжампаздары Жетібайдың жатса да, тұрса да бір сәт ойынан кетпей жүрген. Ақырында іске білек сыбана кірісті. Ол алдымен Адай елі ақын-жырауларының мұраларын ел аузынан тірнектеп жинады. Әрине, бұрынғы Кеңес заманында да Маңғыстау ақын-жыраулары туралы ептеп жазылды. Кітаптар да шықты. Алайда олардың негізгісі қаймақ емес, қаспағы болатын. Қашаған, Сәттіғұл тағы басқалардың шығармалары түпнұсқасынан күзеліп, қысқарып, дән емес қауызы ғана қалдырылды. Көп жылғы сарыла еңбектенуден кейін ол облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Ақтау қаласынан «Жыр-дария» атты Маңғыстаудың ең таңдаулы 25 ақын-жырауының шығармасын бұрынғы түпнұсқасынан өзгертпей 593 беттік бір том етіп шығарды.

Тегіңді білмеу – ұят

Жетібайды қатты толғандырған бір мәселе ол «Адай шежіресін» жазып шығу болды. Бұл айтуға ғана оңай шаруа болатын. Сонымен, 1995 жылдан бастап шамамен 500 жылдық тарихы бар Адай бабамыздың ұрпақтары, олардың өмірі туралы зерттеп қалам тартуға бел буды. Осы мақсатпен бүкіл Маңғыстау бойын ар жағы Қарақалпақстан мен Түркіменстанды, көршілес Атырау облысының бірқатар аймақтарын атпен жаяулап аралады. Мыңдаған шақырымдық жолды өз қаражатымен жүріп өтті. Оған сөз жүзінде тілеулестер көп болғанмен, іс жүзінде көмектескендер бола қойған жоқ. Бірақ ол ешкімге алақан жайып, жағдайын айтқан адам емес. Қайда барса да ел-жұрт құшақ жая қарсы алды. «Адай шежіресі» жөнінде жазбаша дерек некен-саяқ. Бұл шежірені жинақтау дәлірек айтқанда он жылға созылды. Бұл қыруар дүниені жарыққа шығаруға Жетібайда қаржы жоқ еді.Жетібайдың «жанайқайы» Алматыға жетіп, сол жақтағы жанашыр азаматтар көмек қолын созды. Сөйтіп «Болатхан Тайжан» атындағы қордың төрағасы, қазақтың елге белгілі азаматтарының бірі Мұхтар Болатханұлы Тайжан «Адай шежіресін» жарыққа шығаруды қолға алып, өткен жылы 9 том кітап етіп жариялады. Сондай-ақ осы томдықтарға қосымша Жетібайдың ел аузынан тырнақтап жинаған «Сөз мұрасы–халық қазынасы» атты кітабын да Мұхтар Тайжан шығарып берді.
Жетібай өмірінің жиырма жылын тек шығармашылық қызметке арнап келді. Оның артында қалған қолжазба қорында қазіргі кезде жариялануын күтіп жатқан «Тіл таңбалы Адайдың ақындары», «Мұхаммед пайғамбардың хадистері», «Рабгулзидің ізімен. Тіршіліктің басталуы» (Ұлы пайғамбарлар туралы аңыз-әфсаналар жинағы), «Ата көрген оқ жонар» (Маңғыстаудың майталман малшылары туралы), «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» (Маңғыстау ауданының Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтары туралы), «Өмірде қалған із бар, өнер» деген ғұмырнамалық кітабы баспаға сұранып тұрған дайын дүниелер. Барлығы да ақша-қаражатқа тіреліп тұр.

* * *

Жетібай өз ісіне аса ­жауапты, әділетшіл, арлы азамат болып өмірден өтті. Ол қанағатшылдығымен де белгілі еді. «Жоқпын» деп жасымай, «бармын» деп тасымай, «ақырын жүріп, анық басты». Өткен жылдың қыркүйек айында Ақтау қаласындағы «Түп-төркінін төрде оздырған – Маңғыстау» атты этнографиялық күндердің аясында ұйымдастырылған облыс ақсақалдарының байқауында Жетібай бас жүлдегер деген атақты иеленді. Ол Маңғыстау ауданының «Құрметті Азаматы», 2014 жылғы «Жылдың өлке зерттеушісі», яки «Жыл адамы» атанды.

Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.