Қазақша кітаптарды көбейтуіміз керек

Елімізде қазақ тілінің қолданыс аясы неліктен төмен екендігіне ой жүгіртсек, бұған қатысты біраз мәселелерді ортаға салуға болады. Біз сондай мәселелердің шешілу жолдарына көбірек ден қойып, нақты ұсыныстарды жүзеге асыруымыз керек сияқты.

Қоғамда «Қазіргі жастар кітап оқымайды» деген түсінік бар. Меніңше, олай емес, жастар оқиды, бірақ өкінішке орай, қазақ тілінде емес. Ол қазақтілді жаңа кітаптар таралымының аз болуына байланысты. Сондықтан қазақ тіліндегі кітаптар туралы көп жастарымыз біле бермейді. Өйткені жарнама жасалмайды, кітап дүкендерінде де аз. Ғылыми еңбектер туралы осыны айтуға болады.
Тағы бір мәселе ғаламтордағы қазақ­тілді сайттардың көп еместігі. Қазір адамдар ақпаратты негізінен ғаламтордан іздейді, бүкіл әлемнің жаңалықтарын да ғаламтор арқылы біліп отырады. Мысалы, шетелде жарық көрген кітаптарды да сонан табады. Ал қазақтілді шығармалар туралы ғаламтордан ақпарат табу қиын, бұл бағытта бір жүйелілік жетіспейді. Тек кітаптар мен кинолар емес, өмірдің басқа да салаларына байланысты арнайы сайттар жоқтың қасы. Балаларға арналған қазақтілді мультфильмдердің де аздығы өз әсерін тиігузеде. Мәселен, Ресей шетел мультфильмдері мен бағдарламаларын өз тілдеріне аударып алады. Ал біздің ел орыстілді аудармаларды пайдаланады. Қазақша да бар, әрине, бірақ аз. Осындай себептің салдарынан жас балалар қазақ тілін емес, орыс тілін үйреніп өседі.
Келесі маңызды мәселе – қазақ тілінде ғылыми еңбектердің, оқулықтардың аз болуы. Ол да орыс тілінде беріледі. Сондықтан, әрине, жаңа ғылым үйренгісі келетіндер орыс тілін немесе ағылшын тілін үйрене бастайды.
Қазақ тілінің дәрежесін көтергісі келетіндер тілді барынша қолданысқа енгізулері қажет. Әрине, кітап, ғылыми еңбек жазу, кино мен сериалдар, мульт­фильмдер түсіру көпшіліктің қолынан келмейді, бірақ ол туралы пікір айтып, рецензия жазуға кез келген адамның шамасы жетеді. Одан басқа, қазақтілді сайттар ашу, оларды арнайы бір тақырыпқа бағыттау, аударма ісін жақсартуды қолға алу қажет.

Шынар ДӘУЛЕТҒАЛИЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
журналистика факультетінің студенті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.